"Астана қаласының Сәулет және қала құрылысы басқармасы" мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Астана қаласы әкімдігінің 2017 жылғы 1 тамыздағы № 120-1574 қаулысы. Күші жойылды - Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің 2021 жылғы 16 наурыздағы № 510-899 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің 16.03.2021 № 510-899 қаулысымен.

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына, "Қазақстан Республикасы мемлекеттік органының үлгі ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 29 қазандағы № 410 Жарлығына сәйкес Астана қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Астана қаласының Сәулет және қала құрылысы басқармасы" мемлекеттік мекемесінің ережесі 1-қосымшаға сәйкес бекітілсін.

      2. Астана қаласы әкімдігінің кейбір қаулыларының күші 2-қосымшаға сәйкес жойылды деп танылсын.

      3. "Астана қаласының Сәулет және қала құрылысы басқармасы" мемлекеттік мекемесінің басшысына осы қаулының көшірмесін мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялау, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жазба және электрондық түрде жолдау және Астана қаласы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастыру жүктелсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары С.М. Хорошунға жүктелсін.

      5. Осы қаулы қол қойылған күннен бастап күшіне енеді.

      Әкім Ә. Исекешев

  Астана қаласы әкімдігінің
2017 жылғы 1 тамыздағы
№ 120-1574 қаулысына
1-қосымша

"Астана қаласының Сәулет және қала құрылысы басқармасы" мемлекеттік мекемесі
туралы ереже

1. Жалпы ережелер

      1. "Астана қаласының Сәулет және қала құрылысы басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Басқарма) Астана қаласының аумағында сәулет және қала құрылысы қызметі саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Басқарманың ведомстволары жоқ.

      3. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. Басқарма мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.

      5. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

      6. Басқарманың егер заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.

      7. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен, Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      8. Басқарманың құрылымы және штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.

      9. Басқарманың орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, 010000, Астана қаласы, "Сарыарқа" ауданы, М. Әуезов көшесі, № 6 үй.

      10. Мемлекеттік органның толық атауы: "Астана қаласының Сәулет және қала құрылысы басқармасы" мемлекеттік мекемесі.

      11. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.

      12. Басқарма қызметін қаржыландыру жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.

      13. Басқармаға кәсіпкерлік субъектілерімен, Басқарманың функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

      Егер Басқармаға заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер мемлекеттік бюджеттің кірісіне жіберіледі.

2. Мемлекеттік органның миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен
міндеттері

      14. Басқарманың миссиясы: сапалы қалалық ортасы, дамыған инфрақұрылымы және өзіндік сәулеті бар елорда ретінде Астана қаласын дамытуды қамтамасыз ету.

      15. Міндеттері:

      1) Астана қаласының аумағы мен қала маңындағы аймақтарда сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы мемлекеттің мүддесін қамтамасыз ету;

      2) сәулет-қала құрылысы қызметі саласындағы мемлекеттік, қоғамдық және жеке мүдделерді ескере отырып, тұрғындардың тыныс-тіршілігіне толыққанды қолайлы ортаны қалыптастыру мен дамыту;

      3) аумақтық және ауыларалық маңызы бар қалалық аумақтар мен табиғи ресурстарды қала құрылысында игеру, дамыту, құрылыс салу негізінде оңтайлы және мақсатты пайдалану жөніндегі іс-шараларды орындау;

      4) экологиялық қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау талаптарына сәйкес құрылыстарды, көліктік, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымдарды кешенді қалыптастыру, қаланы абаттандыру және көгалдандыру;

      5) Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген шектерінде сәулет-қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы заңнаманың нормаларын, мемлекеттік нормативтердің және қала аумағын және қала маңындағы аймақты игеру кезінде белгіленген тәртіппен бекітілген сәулет, қала құрылысы, құрылыс және өзге де жобалық құжаттаманың сақталуын мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;

      6) Астана қаласын дамытудың бас жоспарын, елорданың қала маңындағы аймағына жатқызылған іргелес аумақтардың қала құрылысы жоспарлаудың кешенді сызбаларын (аудандық жоспарлау жобасын) және әзірленіп, бекітілген өзге де қала құрылысын реттейтін және жобалау-жоспарлау құжаттамаларын іске асыру бойынша қызметті үйлестіру;

      7) бекітілген жобалау құжаттамасына сәйкес құрылыс жобаларын іске асыруға, қала құрылысы тәртібінің сақталуына мониторингті жүзеге асыру;

      8) сәулет-қала құрылысы саласында мемлекеттік тапсырысты әзірлеу жөнінде ұсыныстарды қалыптастыру бойынша жұмыстарды үйлестіру;

      9) сәулет-қала құрылысы қызметі саласында, соның ішінде сәулет және қала құрылысының талаптары бөлігінде Астана қаласы аумағындағы инвестициялық құрылыс қызметі саласында нормативтік-құқықтық және ғылыми-әдістемелік базасын құруға қатысу;

      10) белгіленген тәртіпте Астана қаласының әкіміне объектілер мен кешендерді орналастыру, қала құрылысы мақсаты үшін жер учаскелерін беру және оларды Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда мемлекеттік қажеттіліктер үшін алып қою бойынша ұсыныстарды дайындау;

      11) Басқарманың құзыретіне кіретін, Астана қаласының аумағында жүзеге асырылатын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі мәселелері бойынша республикалық және өзге аумақтық органдармен өзара әрекет ету;

      12) халықты және инвесторларды аумақтың дамуы және құрылыс салу келешегі немесе өзге де қала құрылысы өзгерістері туралы хабардар ету.

      16. Функциялары:

      1) ведомстволық бағыныстағы аумақта сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастырады және жүргізеді;

      2) ведомстволық бағыныстағы аумақта сәулет-қала құрылысы қызметі саласында мемлекеттік реттеу және басқару ұсыныстарын әзірлейді;

      3) Астана қаласы мен қала маңы аумақтарды игеру мен салудың басым бағыттары бойынша қаланы әлеуметтік-экономикалық дамытудың аумақтық бағдарламалары мен кешенді жоспарларын әзірлеу мен келісуге қатысады;

      4) Астана қаласының бас жоспарын және өзге де қала құрылысы құжаттамаларын әзірлеуге тапсырыс берушінің функцияларын орындайды;

      5) жобалық құжаттама шегінде:

      а) Астана қаласы бас жоспарының бекітілген ережелерінің, қала құрылысын жоспарлау туралы өзге де құжаттамалардың;

      б) қала құрылысы нормативтерінің талаптарының;

      в) қала құрылысы қызметін реттейтін регламент талаптарының;

      г) жобалық құжаттамаларды дайындау, құрылысты жүргізу, реконструкциялау, қала құрылысы объектілерін қалпына келтіру мен күрделі жөндеу, аумақты абаттандыру мен көгалдандыру, қала ортасының дизайнін әзірлеу кезінде бастапқы рұқсат беру құжаттамалары талаптарының сақталуына мониторингті жүзеге асырады.

      6) мыналарға:

      а) елорда мен қала маңындағы аумақтарында қолданылатын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы мемлекеттік нормативтердің (мемлекеттік нормативтік құжаттардың) жобаларын келісуден өткізеді;

      7) Астана қаласының әкіміне Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жобалау-жоспарлау құжаттамасының негізінде қала жерлерін нысаналы пайдалану талаптары бойынша ұсыныстар әзірлейді;

      8) жерді орналастыру органдарымен бірлесе отырып қала жерлерін түгендеу, нысаналы пайдалану жөнінде материалдарды дайындауға және қарауға қатысады;

      9) уақытша ғимараттар мен құрылыстарды орналастыру, аумақты абаттандыру мен қалалық ортаны сәулет-көркемдік ресімдеу және дизайн жөніндегі ұсыныстарды қарайды және келісуден өткізеді;

      10) тұрғын және тұрғын емес үй-жайларды, ғимараттарды, жеке тұрғын үйлерді реконструкциялауды, ішкі қайта жоспарлауды және қайта жабдықтауды, қасбеттерді реконструкциялауды және тіреу конструкцияларды өзгертуді және қосымша жер учаскесін қосуды талап етпейтін құрылымдарды, ғимараттарды, құрылыстарды қайта жаңартуды орындау туралы шешімдерді қабылдауды жүзеге асырады;

      11) ғибадат үйлерін (ғимараттарын) салу, олардың орналасатын жерін айқындау туралы шешім қабылдауды жүзеге асырады;

      12) үйлерді (ғимараттарды) ғибадат үйлері (ғимараттары) етіп қайта бейіндеу (функционалдық мақсатын өзгерту) туралы шешім қабылдауды жүзеге асырады;

      13) объектілерді пайдалануға қабылдау актілерін, сондай-ақ мүгедектер үшін қолжетімділікті қамтамасыз етуді міндетті ескере отырып, пайдалануға берілетін объектілерді (кешендерді) есепке алуды жүргізеді;

      14) "Мекенжай тіркелімі" ақпараттық жүйесін жүргізу мен толтыруды қамтамасыз етеді;

      15) Басқарманың қарамындағы ведомстволық бағынысты кәсіпорындарға қатынасты мемлекеттік басқару органының функциясын жүзеге асырады;

      16) сәулет және қала құрылысы саласында елорданы дамыту мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;

      17) Астана қаласының қала құрылысы кеңесінің жұмыс органының функциясын жүзеге асырады;

      18) гендерлік және отбасы-демографиялық саясатты жүзеге асырады;

      19) Астана қаласының жобаланып жатқан инженерлік желілері мен құрылыстары туралы деректерді базаға енгізуді жүзеге асырады;

      20) Астана қаласында сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастыруға рұқсат береді;

      21) сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастыру бойынша жұмыстарды жалпы үйлестіруді жүзеге асырады;

      22) Астана қаласының сыртқы (көрнекі) жарнама объектілеріне мониторинг және көзбен шолып тексеруді жүргізеді;

      23) "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 455-бабында (бірінші, үшінші және төртінші бөлімдерімен) көзделген әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаларды жасайды.

      24) жарнама саласында әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы қаулының орындалуына бақылауды жүзеге асырады;

      25) үлескерлердің ақшаларын тартуға рұқсатты дайындайды;

      26) үлескерлердің ақшаларын тартуға берілген рұқсаттарды есепке алуды жүргізеді;

      27) тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттарды, олар бойынша талап ету құқықтарын басқаға беру туралы шарттарды есепке алуды жүргізеді;

      28) тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттың есептік жазбасы бойынша көшірме беруді жүзеге асырады;

      29) абаттандыру элементтерін бұзумен байланысты жер жұмыстарын жүргізу учаскелерін, оларды аудандарға және кәсіпорындарға сыныптай отырып, кейіннен қалпына келтіре отырып есепке алуды және мониторингті жүргізеді;

      30) құрылыс салу және реконструкциялау (қайта жоспарлау және қайта жабдықтау) жобаларын іске асыру кезінде бастапқы материалдарды дайындайды;

      31) эскизді (эскиздік жобаны) келісуден өткізуді жүзеге асырады;

      32) жаңа объектілерді салуға немесе жылжымайтын мүліктің қолданыстағы объектілерін, уақытша құрылыстарды, жеке меншіктегі немесе жер пайдалануындағы жер учаскелеріндегі инженерлік және көліктік коммуникацияларды өзгертуге (қайта бейіндеу, қайта жабдықтау, реконструкциялау, күрделі жөндеу) Астана қаласы әкімдігінің қаулысын дайындайды.

      17. Мыналарға:

      1) Астана қаласының аумағында барлық заңды және жеке тұлғалардың орындауы үшін міндетті шешімдерді қабылдауға;

      2) халықаралық және өзге де ұйымдарда сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі бойынша Астана қаласы әкімдігінің мүддесін білдіруге;

      3) сәулет, қала құрылысы, құрылыс және жер пайдалану мәселелері бойынша жергілікті органдар әзірлеген заңнамалық және өзге де нормативтік актілер жобалары жөнінде ұсыныстар енгізуге;

      4) Астана қаласының сәулет және қала құрылысы органдары келіскен және бекіткен белгіленген нормативтік, сәулет-қала құрылысы, экологиялық немесе өзге де талаптарға, сәулеттік-жобалау тапсырмаларына және бастапқы рұқсат беру құжаттарына сәйкес келмейтін жобаларға келісім беруден бас тартуға;

      5) сәулет-қала құрылысы қызметі саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзған кінәлі тұлғаларды тәртіптік, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін материалдар жіберуге;

      6) сәулет және қала құрылысы бөлігінде нормативтік құқықтық актілер жобаларына келісуді жүзеге асыруға;

      7) сәулет және қала құрылысы саласындағы Астана қаласының проблемалары мен мәселелерін зерттеу мен шешу үшін келісім негізінде жетекші отандық және шетелдік мамандарды тартуға;

      8) ведомстволық бағынысты және басқа да жетекші жобалау, іздестіру және ғылыми-зерттеу ұйымдарымен, сондай-ақ жергілікті сәулет және қала құрылысы органдарымен, Қазақстан Республикасының шығармашылық одақтарымен шығармашылық іс-әрекетті жүзеге асыруға;

      9) ведомствоаралық комиссия жұмысына қатысуға, ғылыми-әдістемелік, сараптамалық және өзге де кеңестер, Астана қаласының сәулет және қала құрылысы мәселелері жөніндегі жұмыс топтарын құруға;

      10) сәулеттік конкурстарды өткізуге;

      11) рұқсат беру талаптары мен бекітілген жобалық құжаттамаларынан табылған қателіктерді және/немесе ауытқушылықтарға жол бермеу жөнінде шара қолдануға;

      12) бұзу фактілері бойынша материалдарды тиісті органдарға шаралар қолдану үшін беруге құқылы және міндетті.

3. Мемлекеттік органның қызметін ұйымдастыру

      18. Басқармаға басшылықты Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруына дербес жауапты болатын бірінші басшы жүзеге асырады.

      19. Басқарманың бірінші басшысын Астана қаласының әкімі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.

      20. Басқарманың бірінші басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары болады.

      21. Басқарманың бірінші басшысының өкілеттігі:

      1) өзінің орынбасарлары мен ведомствоға бағынысты мекемелер басшыларының міндеттері мен жауапкершілік дәрежесін белгілейді;

      2) Басқарма қызметкерлерін қызметке тағайындайды және оларды қызметтен босатады;

      3) Басқарма қызметкерлеріне, Басқарманың құрылымдық бөлімшелерінің басшыларына тәртіптік жаза қолданады;

      4) ол үшін жеке жауапкершілікті белгілей отырып, Басқармада сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет етеді;

      5) өз құзыреті шегінде Басқарма қызметкерлері үшін орындауға міндетті бұйрықтар шығарады;

      6) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік ұйымдар мен органдарда Басқарма мүддесін білдіреді;

      7) әкімшісі Басқарма болып табылатын төлемдер мен міндеттемелер бойынша бюджеттік бағдарламалардың (кіші бағдарламалардың) қаржыландыру жоспарын бекітеді;

      8) Басқарманың ведомствоға бағынысты мекемелерінде болатын тұлғаларды ұстау нормаларын бекітеді;

      9) өзінің өкілеттіліктеріне сәйкес өзге де мәселелер бойынша шешімдер қабылдайды.

      Басқарманың бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіліктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.

      22. Бірінші басшы өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгілейді.

4. Мемлекеттік органның мүлкі

      23. Басқармада заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болу мүмкін.

      Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      24. Басқармаға бекітілген мүлік, коммуналдық меншікке жатады.

      25. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарма өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату

      26. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Басқарманың қарамағындағы кәсіпорындардың тізбесі:

      "Астана қаласының Сәулет және қала құрылысы басқармасы" мемлекеттік мекемесінің "Көркем-құйма комбинаты" шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны.

  Астана қаласы әкімдігінің
2017 жылғы 1 тамыздағы
№ 120-1574 қаулысына
2-қосымша

Астана қаласы әкімдігінің күші жойылған кейбір қаулыларының тізімі

      1. "Астана қаласы Сәулет және қала құрылысы департаменті" мемлекеттік мекемесінің атауын өзгерту туралы" Астана қаласы әкімдігінің 2008 жылғы 28 сәуірдегі № 20-488қ қаулысы.

      2. "Астана қаласы Сәулет және қала құрылысы департаменті" мемлекеттік мекемесінің атауын өзгерту туралы" Астана қаласы әкімдігінің 2008 жылғы 28 сәуірдегі № 20-488қ қаулысына толықтырулар енгізу туралы" Астана қаласы әкімдігінің 2011 жылғы 20 маусымдағы № 20-560қ қаулысы.

      3. "Астана қаласы Сәулет және қала құрылысы департаменті" мемлекеттік мекемесінің атауын өзгерту туралы" Астана қаласы әкімдігінің 2008 жылғы 28 сәуірдегі № 20-488қ қаулысына толықтырулар енгізу туралы" Астана қаласы әкімдігінің 2011 жылғы 28 шілдедегі № 20-706қ қаулысы.

      4. "Астана қаласы Сәулет және қала құрылысы департаменті" мемлекеттік мекемесінің атауын өзгерту туралы" Астана қаласы әкімдігінің 2008 жылғы 28 сәуірдегі № 20-488қ қаулысына толықтыру енгізу туралы" Астана қаласы әкімдігінің 2012 жылғы 27 ақпандағы № 120-221 қаулысы.

      5. "Астана қаласы Сәулет және қала құрылысы департаменті" мемлекеттік мекемесінің атауын өзгерту туралы" Астана қаласы әкімдігінің 2008 жылғы 28 сәуірдегі № 20-488қ қаулысына өзгеріс енгізу туралы" Астана қаласы әкімдігінің 2012 жылғы 29 желтоқсандағы № 120-1927 қаулысы.

      6. "Астана қаласының Сәулет және қала құрылысы департаменті" мемлекеттік мекемесінің атауын өзгерту туралы" Астана қаласы әкімдігінің 2008 жылғы 28 сәуірдегі № 20-488қ қаулысына толықтырулар енгізу туралы" Астана қаласы әкімдігінің 2013 жылғы 19 желтоқсандағы № 120-2163 қаулысы.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады