"Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің дін істері басқармасы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы

Жаңа

Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің 2022 жылғы 18 сәуірдегі № 81 қаулысы

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 27-бабына және "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 қаулысына сәйкес Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған "Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің дін істері басқармасы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі туралы ереже бекітілсін.

      2. "Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің дін істері басқармасы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте қамтамасыз етсін:

      1) осы қаулыға қол қойылған күннен бастап күнтізбелік жиырма күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі электрондық түрдегі көшірмесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жолдауды;

      2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) жоғарыда көрсетілген Ережені заңнамада белгіленген тәртіпте әділет органдарында мемлекеттік тіркеуді;

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ. Ақсақалов

  Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің
  2022 жылғы 18 сәуірдегі
  № 81 қаулысына
  қосымша

"Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің дін істері басқармасы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі туралы ЕРЕЖЕ

Петропавл қаласы

1 тарау. Жалпы ережелер

      1. "Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің дін істері басқармасы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) Солтүстік Қазақстан облысы аумағында дін саласындағы басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Басқарманың ведомстволары жоқ.

      3. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. Басқарма мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрі және мемлекеттік тілде жазылған мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.

      5. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

      6. Басқармаға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.

      7. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      8. Басқарманың құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.

      9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: индексі 150007, Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласы Парковая көшесі, 57В.

      10. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Басқарманың қызметін қаржыландыру облыстық бюджеттен жүзеге асырылады.

      12. Басқармаға кәсіпкерлік субъектілерімен басқарманың өкілеттігі болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қарым-қатынас жасуға тыйым салынады.

      Егер Басқармаға заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

2-тарау. Мемлекеттік органның мақсаттары мен өкілеттіктері

      13. Мақсаттары:

      1) өңірде дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

      2) азаматтардың діни сенім және діни бірлестіктермен өзара іс-қимыл бостандығына құқықтарын іске асыруды қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын қалыптастыру жөнінде ұсыныс жасау;

      3) азаматтардың діни сенім, діни бірлестіктер мен миссионерлердің қызметі бостандығына құқықтарын іске асыру саласында орын алатын үдерістерді жан-жақты әрі шынайы зерделеу, жалпылау және талдау.

      14. Өкілеттіктер:

      1) құқықтары:

      белгіленген тәртіпте мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардан, өзге де ұйымдар мен азаматтардан өз функциясын атқару үшін қажет ақпаратты сұратуға, мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың қызметкерлерін Басқарма құзыретіне жататын мәселелерді пысықтауға қатысуға тарту, тиісті ұсыныстар жасау үшін уақытша жұмыс топтарын құру;

      Басқарманың қызметі саласына жататын мәселелер бойынша тапсырма беру, олардың орындалуын бақылау, сондай-ақ орталық және жергілікті атқарушы органдар өткізетін іс-шараларға қатысу.

      2) міндеттері:

      құқық қорғау, арнайы және өзге де мемлекеттік органдармен өз құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша өзара іс-қимыл жасау;

      Басқарманың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша лауазымды тұлғаларға және мемлекеттік органдарға консультативтік-әдістемелік, ақпараттық, ұйымдастырушылық-техникалық және өзге де көмек көрсету;

      Басқарманың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша кеңестер, семинарлар, конференциялар, дөңгелек үстелдер және өзге де мәжілістер өткізу;

      мемлекеттік орган қызметінің ашықтығы, оның ішінде "Ашық деректер", "Ашық бюджет", "Ашық НҚА", "Ашық диалог" порталдарын толықтыру және сүйемелдеу жөніндегі жұмысты жүзеге асырсын.

      15. Функциялары:

      1) өңірдегі діни ахуалды зерделеп, оған талдау жүргізеді;

      2) уәкілетті органға Қазақстан Республикасының Дін қызметі және діни бірлестіктер туралы заңнамасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізеді;

      3) өңірде дін қызметі саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;

      4) құқық қорғау органдарына Қазақстан Республикасының Дін қызметі және діни бірлестіктер туралы заңнамасын бұзатын жеке және заңды тұлғалардың қызметіне тыйым салу жөнінде ұсыныстар енгізеді;

      5) Қазақстан Республикасының дін қызметі және діни бірлестіктер туралы заңнамасын бұзуға қатысты жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарайды;

      6) өз құзыретіне жататын мәселелер бойынша атаулы ақпараттық-түсіндіру, қарсы насихат және оңалту жұмыстарын жүргізеді;

      7) ғибадат үйлерін (ғимараттарын) салу, олардың орналасатын жерін айқындау, сондай-ақ үйлерді (ғимараттарды) ғибадат үйлері (ғимараттары) етіп қайта бейіндеу (функционалдық мақсатын өзгерту) туралы шешімге ұсыныстар әзірлейді және енгізеді;

      8) діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тарату үшін арнайы тұрақты үй-жайларды әзірлеуге және бекітуге ұсыныстар енгізеді, сондай-ақ ғибадат үйлерінен (ғимараттарынан) тыс жерлерде діни іс-шаралар өткізуге арналған үй-жайлардың орналастырылуын келіседі;

      9) діни бірлестіктерді құруға бастамашы азаматтардың тізімдеріне тексеру жүргізуді қамтамасыз етеді;

      10) миссионерлік қызметті жүзеге асыратын адамдарды тіркеуді жүргізеді;

      11) Басқарманың құзыретіне жататын мәселелер бойынша ақпараттық деректер базасын қалыптастыру, жинақтау, жалпылау және жіктеу.

      12) діни экстремизм мен терроризм профилактикасы шеңберінде профилактикалық және оңалту жұмысын ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі қызметті үйлестіруді жүзеге асырады;

      13) экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл бойынша шаралар қабылдайды.

      14) экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған алдын алу шараларын іске асырады;

      15) діни бірлестіктермен өзара іс-қимыл жасайды.

3 тарау. Мемлекеттік органның бірінші басшысының мәртебесі мен өкілеттіктері

      16. Басқармаға басшылықты Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруға дербес жауапты болатын бірінші басшы жүзеге асырады.

      17. Басқарманың бірінші басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.

      18. Басқарманың бірінші басшысының орынбасарлары жоқ.

      19. Басқарманың бірінші басшысының өкілеттіктері:

      1) Басқарманың құрылымдық бөлімшелері басшыларының міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды;

      2) заңнамада белгіленген тәртіпте Басқарма қызметкерлерін қызметке тағайындауды және босатуды жүзеге асырады;

      3) заңнамада белгіленген тәртіпте Басқарма қызметкерлерін ынталандыруды жүзеге асырады;

      4) заңнамада белгіленген тәртіпте Басқарма қызметкерлеріне тәртіптік жаза қолданады;

      5) өз құзыреті шегінде бұйрықтар шығарады, нұсқау береді, қызметтік құжаттамаға қол қояды;

      6) Басқарманың құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерді бекітеді;

      7) мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдарда басқарма атынан өкілеттік етеді;

      8) Басқарма құзыретіне кіретін мәселелер бойынша нормативтік құқықтық актілер, бағдарлама жобалары мен басқа да құжаттарды әзірлеу барысын бақылайды;

      9) Басқарма құзыретіне кіретін мәселелер бойынша есептік материалдар дайындауға қатысады және жұмысты бақылайды;

      10) ерлер мен әйелдердің тең құқықтары және тең мүмкіндіктеріне мемлекеттік кепілдік туралы заңнаманың сақталуын қамтамасыз етеді;

      11) басқарма қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы сақтауына дербес жауапты болады;

      12) заңнамада белгіленген тәртіпте қаржы-экономикалық және шаруашылық қызмет мәселелерін шешеді, бюджет қаражаты ұтымды және мақсатқа сай пайдаланылуын бақылауда ұстайды;

      13) Басқарма қызметінде заңдылықтың, шарттық және қаржылық тәртіптің сақталуын қамтамасыз етеді.

      Басқарманың бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.

4 тарау. Мемлекеттік органның мүлкі

      20. Басқарманың заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болады.

      Басқарманың мүлкі оған құрылтайшы берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      21. Басқармаға бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.

      22. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарма өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне берілген қаражатын есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5 тарау. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату

      23. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады