Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері офицер құрамының әскери қызметшілеріне жеке куәлік беру қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2023 жылғы 13 қарашадағы № 1152 бұйрығы

      "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 5-бабының 5-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері офицер құрамының әскери қызметшілеріне жеке куәлік беру қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Кадрлар департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2023 жылғы 11 шiлдедегi № 472 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актілерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiн, Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актілерiнiң эталондық бақылау банкiн жүргiзу қағидалары 10-тармағының талаптарына сәйкес (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33059 болып тіркелген) осы бұйрықты қол қойылған күнінен бастап бес жұмыс күн ішінде қазақ және орыс тілдерінде электрондық түрде Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;

      2) осы бұйрықты ресми жарияланғанынан кейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларының орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Заң департаментіне жолдауды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Кадрлар департаментінің бастығына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық мүдделі лауазымды адамдарға және құрылымдық бөлімшелерге жеткізілсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қорғаныс министрі
генерал-полковник
Р. Жақсылықов

  Қазақстан Республикасы
Қорғаныс министрінің
2023 жылғы 13 қарашадағы
№ 1152 бұйрығымен
бекітілген

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері офицер құрамының әскери қызметшілеріне жеке куәлік беру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері офицер құрамының әскери қызметшілеріне жеке куәлік беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері (бұдан әрі – ҚР ҚК) офицер құрамының әскери қызметшілеріне жеке куәлік беру тәртібін айқындайды.

      2. Офицер құрамы әскери қызметшісінің жеке куәлігі (бұдан әрі – куәлік) офицер құрамы әскери қызметшісінің мәртебесін және ҚР ҚК-ге тиесілігін куәландыратын ресми құжат болып табылады. Әскери қызмет міндеттерін орындау кезінде әскери қызметшінің жеке куәлігі өзінде болады және оның сақталуын қамтамасыз етеді.

      3. Куәлік осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысанға сәйкес келеді.

      4. Жарамдылық мерзімі өткен, түзетілген және (немесе) тазартылған куәлікті қолдануға жол берілмейді.

      5. Куәлікті басқа адамға беруге, арналуы бойынша, қызметтен тыс уақытта, пайдакүнемдік мақсатта, жеке және әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін шешу үшін қолдануға жол берілмейді.

2-тарау. Куәлікті беру тәртібі

      6. Куәлік офицер құрамының әскери қызметшісіне осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес адамдардың қолы қойылып беріледі.

      7. Аға және кіші офицер құрамының әскери қызметшісі куәлігінің жарамдылық мерзімі жеті жылды, жоғары офицер құрамының әскери қызметшісі куәлігінің жарамдылық мерзімі бес жылды құрайды.

      8. Куәлік бланкісін беруді, есепке алуды, сақтауды, куәлікті беру тәртібін, оның болуын тексеруді бақылауды кадр органы (ол болмаған жағдайда – кадр жұмысын жүргізу жүктелген лауазымды адам) жүзеге асырады.

      9. Куәлік бланкісін беру осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ҚР ҚК офицер құрамының әскери қызметшісіне жеке куәлік беруді және тапсыруды есепке алу журналында көрсетіледі.

      10. Куәлік офицер құрамының "лейтенант" алғашқы әскери атағы, офицер құрамының кезекті әскери атағы берілген, офицер құрамының лауазымына келісімшарт бойынша әскери қызметке кірген, офицер құрамының лауазымына әскери қызметке шақырылған, офицер құрамының жоғары әскери атағы берілген, тегін, атын, әкесінің атын (бар болған кезде), ұлтын немесе туған күнін өзгерткен кезде, запасқа немесе отставкаға шығару алдында (тек жоғары офицер құрамы үшін), жарамдылық мерзімі аяқталғаннан кейін, жоғалған, бүлінген кезде беріледі.

      11. Жаңа куәлікті берген кезде алдыңғы куәлік жою үшін алынады.

      12. Әскери қызметтен шығарылған, сондай-ақ басқа мемлекеттік органға ауыстырылған офицер құрамының әскери қызметшісі куәлігін 7 жұмыс күні ішінде әскери бөлімнің (мекеменің) кадр органына тапсырады. Шығарылған және басқа мемлекеттік органға ауыстырылған офицер құрамы әскери қызметшісінің куәлігі 5 жұмыс күні ішінде акт жасаумен жойылады.

      13. Запасқа немесе отставкаға шығарылатын жоғары офицер құрамы әскери қызметшісінің куәлігінде "Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің запасында" немесе "отставкада" деп көрсетіледі.

      14. Куәлікті жоғалтқан немесе жарамсыз қылған жағдайда әскери қызметші бұл туралы білген күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірмей, әскери бөлім (мекеме) командирінің атына жазбаша баянатпен баяндайды.

      15. Куәлікті жоғалтқан әскери қызметші он жұмыс күні ішінде мерзімді бұқаралық ақпарат баспасөз құралдарына куәліктің жоғалғаны туралы жариялауға шаралар қабылдайды.

      16. Куәлікті жоғалтудың, бүлдірудің, берудің және жеке мақсатта пайдаланудың әрбір фактісі бойынша қызметтік тергеп-тексеру жүргізіледі.

      17. Қызметтік тергеп-тексеру аяқталған күннен бастап 3 жұмыс күнінен кешіктірмей, жоғалған немесе бүлінген куәліктің орнына жаңасы беріледі.

3-тарау. Куәлік бланкілерін есепке алу, сақтау және онымен жабдықтау тәртібі

      18. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Кадрлар департаменті (бұдан әрі – Кадрлар департаменті) бағынысты әскери бөлімге (мекемеге) куәлік беруді жүзеге асыратын кадр органын өтінім бойынша қажетті мөлшерде куәлік бланкісімен қамтамасыз етеді.

      19. Жоғары офицер құрамының әскери қызметшілеріне куәлік беру және есепке алу Кадрлар департаментінде жүзеге асырылады.

      20. Куәлік бланкісіне өтініммен бірге осы Қағидалардың 10-тармағына сәйкес есепті кезеңде куәліктің кімге берілгені, сериясы, нөмірі және негіз көрсетіліп, бланкінің жұмсалуы туралы есеп қоса беріледі. Бланкілерді есепке алу осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ҚР ҚК офицер құрамы әскери қызметшісінің жеке куәлігі бланкісін беруді есепке алу журналында жүргізіледі.

      21. Куәлік бланкісін жоюды комиссия осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес акт жасап жүргізеді. Жою актісінің көшірмесі тоқсан сайын куәлік бланкісімен қамтамасыз етуді жүзеге асыратын кадр органына жолданады.

      22. Куәлік бланкісі кадр органының металл сейфінде сақталады.

      23. Куәлік бланкісі толтыру және ламинирлеу әскери қызметшінің жеке ісі (есептік-қызметтік картасы) негізінде куәлікті беруді жүзеге асыратын кадр органында жүргізіледі.

      24. Куәлікке барлық дерек компьютерлік техниканы пайдаланумен енгізіледі, ал лауазымды адамдардың қолтаңбасы сиямен немесе қара немесе күлгін көк түсті шарикті қаламмен қойылады.

      25. Куәлік бланкісіне жапсырылатын түрлі-түсті фотосуреттің (бюст, анфас) өлшемі 3х4 см болады. Фотосуретке ақ түсті негізде оқу орнын бітіргені туралы және сыныптық төсбелгісі, ордендер мен медальдар планкасы бар күнделікті әскери киім нысанында (кительде), бас киімсіз түседі.

  Қазақстан Республикасы
Қарулы Күштері офицер
құрамының әскери
қызметшілеріне жеке
куәлік беру қағидаларына
1-қосымша

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері офицер құрамының әскери қызметшісі жеке куәлігінің нысаны

      1. Жоғары офицер құрамы әскери қызметшісінің жеке куәлігі

      Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жоғары офицер құрамы әскери қызметшісінің жеке куәлігі (бұдан әрі – куәлік) өнімділігі жоғары компьютерлік техниканы, арнайы компьютерлік бағдарламаны, мүмкіндігі жоғары фотожасау жабдығын (дюймге 3000 нүктеден жоғары, сызық жуандығы 0,03 – 0,1 миллиметр) пайдаланып, баспаханалық тәсілмен жасалады және жоғары сапалы офсеттік техникада басып шығарылады.

      Куәлік сол және оң жақ екі жарты беттен тұрады, ол мемлекеттік және орыс тілдерінде толтырылады. Әрбір жарты беттің көлемі: ұзындығы – 90 миллиметр, ені – 65 миллиметр.

      Сол жақ жартысының жоғарғы бөлігінде "ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІ" деген жазу орналасқан, оның астында қызыл түсті кіші қаріппен "ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ" деген жазу басылған жолақ бар.

      Сол жақ бөлігінде өлшемі 3х4 сантиметр фотосурет үшін орын болады.

      Куәліктің сол жақ жартысының сол жақ жиегіне алтын түстес "ҚОШҚАР МҮЙІЗ" ою-өрнегі салынған.

      Сол жақ жартысының оң жақ бөлігінде шеңберге салынған Қарулы Күштер нышаны бейнеленген, оның бойымен "ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҚАРУЛЫ КҮШТЕРІ. ВООРУЖЕННЫЕ СИЛЫ РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН" деген жазу орналасқан. Оның үстінде куәлік сериясы мен нөмірі, сондай-ақ қызыл түспен жазылған "ЖЕКЕ КУӘЛІК" деген жазу орналасқан.

      Сол жақ жартысының он жақ төменгі бөлігінде Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің қолтаңбасы болады, ол мөрмен бекітіледі.

      Оң жақ жартысының жоғарғы бөлігінде "МИНИСТЕРСТВО ОБОРОНЫ РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН" деген жазу орналасқан, оның астында қызыл түсті кіші қаріппен "ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ" деген жазу басылған жолақ бар.

      Оң жақ жартысының сол жағында көк түсті "QAZAQSTAN" деген жазу және "ҚОШҚАР МҮЙІЗ" ою-өрнегі бар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген жақтау орналасқан. Жақтаудан төмен куәліктің жарамдылық мерзімі туралы белгі орналасқан. Сол жақ жартысының оң жақ бөлігінде шеңберге салынған Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің нышаны бейнеленген, оның бойына "ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҚАРУЛЫ КҮШТЕРІ. ВООРУЖЕННЫЕ СИЛЫ РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН" деген жазу орналасқан. Оның үстінде куәлік сериясы мен нөмірі сондай-ақ қызыл түспен жазылған "УДОСТОВЕРЕНИЕ ЛИЧНОСТИ" деген жазу орналасқан. Куәліктің төрт таңбалы нөмірі және QM сериясы болады. Бұл ретте сериясы қызыл түспен, ал нөмірі қара түспен жазылады.

      Куәліктің оң жақ жартысының оң жақ жиегіне алтын түстес "ҚОШҚАР МҮЙІЗ" ою-өрнегі салынған.

      Куәліктің сол жақ жартысы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің нышаны бар шеңберден тарайтын сәуле түріндегі күрделі салынған тангирлі тордан тұрады. Негізгі тангирлі тор ашық көгілдір түсті.

      Куәліктің оң жақ жартысы жұлдыз жасайтын күрделі салынған тангирлі тордан тұрады.

      Куәлікке мемлекеттік және орыс тілдерінде мынадай мәліметтер жазылады:

      әскери атағы;

      тегі, аты және әкесінің аты;

      берілген күні – жарамдылық мерзімі.

      Куәліктің сол жақ жартысының төменгі бөлігінде жоғары офицер құрамының әрекеттегі әскери қызметшілері үшін "Қаруды алып жүруге құқығы бар" деген жазу жазылады.

      Куәліктің сол жақ жартысы мемлекеттік тілде, оң жақ жартысы орыс тілінде толтырылады. Толтыру компьютерлік техниканың көмегімен жүргізіледі.

      Куәлік толтырылғаннан кейін ламинирлеу үлдірімен қапталады және көк түсті мұқабаға жапсырылады. Мұқабаның алдыңғы бетінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген және ыстықтай бедерлеу әдісімен алтын түстес бояумен жазылған "ЖЕКЕ КУӘЛІК. УДОСТОВЕРЕНИЕ ЛИЧНОСТИ" деген жазу болады.





      2. Аға және кіші офицер құрамы әскери қызметшісінің жеке куәлігі

      Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері аға және кіші офицер құрамы әскери қызметшісінің жеке куәлігі (бұдан әрі – куәлік) өнімділігі жоғары компьютерлік техниканы, арнайы компьютерлік бағдарламаны, мүмкіндігі жоғары фотожасау жабдығын (дюймге 3000 нүктеден жоғары, сызық жуандығы 0,03 – 0,1 миллиметр) пайдаланып, баспаханалық тәсілмен жасалады және жоғары сапалы офсеттік техникада басып шығарылады.

      Куәлік мемлекеттік тілде толтырылатын беткі және сыртқы жақ екі жартыдан тұрады. Әрбір жартысының көлемі: ұзындығы – 100 миллиметр, ені – 70 миллиметр.

      Куәліктің беткі бөлігі күрделі салынған екі түсті тангирлі тордан тұрады, оның негізгісі – ашық көгілдір, екіншісі – күміс металл түстес. Оның ортаңғы бөлігінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің нышаны бейнеленген.

      Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің нышаны жұлдызының қарсы жақ ұштарының арасындағы өлшемі 38 миллиметр, нышан ортасы куәліктің оң жағынан 30 миллиметр және төменгі жиегінен 35 миллиметр аралықта орналасқан. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері нышанының үстіне қызыл түспен "ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҚАРУЛЫ КҮШТЕРІНІҢ ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТІ ЕСЕБІНДЕ" деген жазу жазылған.

      Куәліктің беткі бөлігі сол жақ жиегінің бойымен алтын түстес "ҚОШҚАР МҮЙІЗ" ою-өрнегі салынған. Ою-өрнектің жанында өлшемі 3х4 сантиметр фотосурет үшін орын болады. Көк түспен жазылған "УДОСТОВЕРЕНИЕ ЛИЧНОСТИ" деген сөздерден бөлек куәліктің жоғарғы жиегінен 5 миллиметр және сол жақ жиегінен 15 миллиметр аралықта қызыл түспен жазылған "ЖЕКЕ КУӘЛІК" деген сөздер болады.

      Куәліктің алты таңбалы нөмірі және БА сериясы болады. Нөмір офсеттік машинада үлкен қаріппен басылады. Бұл ретте сериясы көк түспен, нөмірі қызыл түспен салынады.

      Сонымен қатар, мынадай бағандар болады:

      1. Тегі, аты, әкесінің аты

      2. Әскери атағы

      3. Жеке нөмірі

      Сол жақ жартысының төменгі бөлігінде куәлікке қол қойған лауазымды адамның лауазымы, әскери атағы, тегі және инициалы көрсетіледі. Қолтаңбасы мөрмен бекітіледі.

      Куәліктің сыртқы жағы жұлдыз жасайтын күрделі салынған тангирлі тордан тұрады. Ортасында негізгі тангирлі тор түсті Қазақстан Республикасының Елтаңбасы суреті (күрделі растрлаумен) бейнеленген. Куәліктің оң жақ жиегіне алтын түстес "ҚОШҚАР МҮЙІЗ" ою-өрнегі салынған. Куәліктің жоғарғы жиегінен 5 миллиметр аралықта қызыл түспен мемлекеттік тілде "ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҚАРУЛЫ КҮШТЕРІ" деген жазу болады.

      Сонымен қатар, мынадай бағандар болады:

      4. Туған жылы, күні, айы

      5. Туған жері

      6. Ұлты

      6. Берілген күні – жарамдылық мерзімі

      Куәліктің сыртқы жағының ортасында елтаңбаның астында қызыл түсті жақтауда "Қаруды алып жүруге құқығы бар" деген жазу жазылған.



  Қазақстан Республикасы
Қарулы Күштері офицер
құрамының әскери
қызметшілеріне жеке
куәлік беру қағидаларына
2-қосымша

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері офицер құрамы әскери қызметшісінің жеке куәлігіне қол қою құқығы бар лауазымды адамдар тізбесі

Р/с №

Куәлік кімге беріледі немесе ауыстырылады

Куәлікке кім қол қояды

Куәлікті кім береді және есепке алуды жүргізеді

1

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің орталық аппараты және ҚР ҚК Бас штабы құрылымдық бөлімшелері, жергілікті әскери басқару органдары, ҚР ҚК жеке құрамының тізімінде қалдырып, басқа мемлекеттік органдарға іссапарға жіберілген, орталық бағыныстағы бөлімдер офицер құрамының әскери қызметшілері

Кадрлар департаментінің бастығы немесе орынбасары

Кадрлар департаменті

2

ҚР ҚК түрлері бас қолбасшыларының орынбасарлары, ӨңҚ әскерлері мен әскер тектерінің қолбасшылары

ҚР ҚК түрінің бас қолбасшысы

ҚР ҚК түрінің кадр органы

3

ҚР ҚК бас басқармалары мен басқармалары офицер құрамының әскери қызметшілері

бас басқарма мен басқарма кадр органының бастығы

бас басқарма мен басқарма кадр органы

4

әскер түрлері, өңірлік қолбасшылық, әскер тектері офицер құрамының әскери қызметшілері

әскер түрі, өңірлік қолбасшылық, әскер тегі кадр органының бастығы

әскер түрінің, өңірлік қолбасшылықтың, әскер тегінің кадр органы

5

Қорғаныс министрлігі жоғары әскери оқу орындарының тұрақты және ауыспалы құрамы, офицер құрамының алғашқы әскери атағын алған әскери оқу орындарын бітіруші офицерлер

жоғары әскери оқу орны кадр органының бастығы

жоғары әскери оқу орнының кадр органы

6

жоғары офицер құрамының әскери қызметшілері

Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі

Кадрлар департаменті

  Қазақстан Республикасы
Қарулы Күштері офицер
құрамының әскери
қызметшілеріне жеке
куәлік беру қағидаларына
3-қосымша

      нысан

ҚР ҚК офицер құрамының әскери қызметшісіне жеке куәлік беруді және тапсыруды есепке алу
ЖУРНАЛЫ

Р/с №

Берілген күні – жарамдылық мерзімі

Кімге берілді, әскери атағы, Т.А.Ә. (бар болған кезде)

Әскери қызметшінің қызмет орны

Жеке куәлік сериясы мен нөмірі

Қайда жолданды, құжат № мен күні немесе алғаны туралы қолтаңба

Жою туралы белгі (акт нөмірі мен күні)

Ескертпе

1 2 3 4 5 6 7 8








  Қазақстан Республикасы
Қарулы Күштері офицер
құрамының әскери
қызметшілеріне жеке
куәлік беру қағидаларына
4-қосымша

      нысан

ҚР ҚК офицер құрамы әскери қызметшісінің жеке куәлігі бланкісін беруді есепке алу
ЖУРНАЛЫ

      Кіріс

Р/с №

Операция күні

Куәлік бланкісі және құжат (негіздеме) бойынша мәлімет қайдан алынды

Алынған куәлік бланкісінің сериясы мен диапазоны

Алынған куәлік бланкісінің саны

Куәлік бланкісінің жалпы қалдығы

Ескертпе

1

2

3

4

5

6

8








      Шығыс

Р/с №

Операция күні

Куәлік бланкісі және құжат (негіздеме) бойынша мәлімет қайда берілді

Берілген куәлік бланкісінің сериясы мен диапазоны

Берілген куәлік бланкісінің саны

Куәлік бланкісінің жалпы қалдығы

Ескертпе

1

2

3

4

5

7

8








  Қазақстан Республикасы
Қарулы Күштері офицер
құрамының әскери
қызметшілеріне жеке
куәлік беру қағидаларына
5-қосымша

      нысан

  Жоюға рұқсат етемін
______________________________________
(әскери бөлімнің (мекеменің) командирі (бастығы))
______________________________________
(әскери атағы, тегі және инициалы)
20___ ж. "____" _______________

ҚР ҚК офицер құрамы әскери қызметшісінің жеке куәлігін жою
АКТІСІ

      20__ ж. "___" _____________                                     Астана қ.

      Мынадай құрамдағы комиссия _______________________________________________

      (комиссия төрағасы мен мүшелерінің

      __________________________________________________________________________

      әскери атағы, тегі және инициалы)

      ғылыми, тарихи құндылығы және іс жүзінде қажеттілігі жоқ офицерлердің жеке куәлігін жою үшін іріктеу жүргізді:

Р/с

Жеке куәлік сериясы

Жеке куәлік нөмірі

Әскери қызметшінің әскери атағы, тегі және инициалы

Жоюға негіздеме

1

2

3

4

6






      Барлығы __________________ атау жойылуға жатады.

      (жазумен)

      Актідегі жазба есепке алу деректерімен салыстырып тексерілді.

      Комиссия төрағасы ____________________________________________________

      (әскери атағы, қолы, тегі және инициалы)

      Комиссия мүшелері ___________________________________________________

      ___________________________________________________

      (әскери атағы, қолы, тегі және инициалы)

      Жоюға рұқсат алынғаннан кейін атап көрсетілген офицерлердің жеке куәлігін есепке алу

      журналындағы жазбамен салыстырып тексердік және _____________________

      (жою тәсілін көрсету)

      толық жойдық.

      Комиссия төрағасы ___________________________________________________________

      (әскери атағы, қолы, тегі және инициалы)

      Комиссия мүшелері ___________________________________________________

      (әскери атағы, қолы, тегі және инициалы)

      Офицерлердің жойылған жеке куәлігі есепке алу журналынан есептен шығарылды.

      20___ ж. "___" _____________

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады