"Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы" мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы" Шымкент қаласы әкімдігінің 2021 жылғы 29 қарашадағы № 1509 қаулысына өзгеріс енгізу туралы

Жаңа

Шымкент қаласы әкімдігінің 2023 жылғы 30 қарашадағы № 2707 қаулысы

      Шымкент қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы" мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы" Шымкент қаласы әкімдігінің 2021 жылғы 29 қарашадағы № 1509 қаулысына мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген қаулыға қосымша осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. "Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте осы қаулыдан туындайтын барлық шараларды атқарсын.

      2. Осы қаулының орындалуын бақылау Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қ. Асыловқа жүктелсін.

      3. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Шымкент қаласының әкiмi Ғ. Сыздықбеков

  Шымкент қаласы әкімдігінің
"___" ________2023 жылғы
№ ____ қаулысына қосымша
  Шымкент қаласы әкімдігінің
2021 жылғы 29 қарашадағы
№ 1509 қаулысымен бекітілген

"Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ереже

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. "Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Басқарма) жұмыспен қамту, әлеуметтік қорғау, халықтың көші-қоны, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы (салаларындағы) басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Басқарманың ведомстволары жоқ.

      3. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне (бұдан әрі – Кодекс), Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне, Қазақстан Республикасының өзге де заңдары мен нормативтік құқықтық актілерге, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілеріне, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. Басқарма мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оның рәміздері мен айырым белгілері (бар болса), Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген қазақ және орыс тілдеріндегі атауы бар мөрлері мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының банк ісі туралы заңнамасына сәйкес қазынашылықта шоттары болады.

      5. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.

      6. Басқарма Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.

      7. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      8. Басқарманың құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.

      9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, С.Бәйтереков көшесі, 89, индексі 160023.

      10. Осы ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Басқарма қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес республикалық және жергілікті бюджеттерден, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бюджетінен (шығыстар сметасынан) жүзеге асырылады.

      12. Басқарма кәсіпкерлік субъектілерімен Басқарманың өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады.

      Егер Басқармаға заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

2-тарау. Басқарманың мақсаттары мен өкілеттіктері

      13. Мақсаттары: өз құзыреті шегінде жұмыспен қамту, әлеуметтік қорғау, халықтың көші-қон, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру.

      14. Өкілеттіктері:

      1) құқықтары:

      Басқарма қызметкерлеріне және Басқарма қарамағындағы мекемелерге орындауға мiндеттi бұйрықтар шығаруға және тапсырмалар беруге;

      Басқарманың құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша үйлестiру мен бақылауды жүзеге асыру;

      қағаз және (немесе) электрондық жеткізгіштердегі қажетті ақпаратты және материалдарды Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен сұрату және алу;

      өздерiне берiлген мүлiктi басқаруды жүзеге асыру;

      Басқарма қарамағындағы ұйымдарды құру, қайта ұйымдастыру және тарату мәселелерi бойынша ұсыныстар енгiзуге;

      Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасына сәйкес, ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып, электрондық қызметтер көрсету;

      осы Ережеде, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру;

      Басқарма қарамағындағы мекемелердің қызметін бақылауға, өз бастамасымен мекемелердің қызметіне мониторинг жұмыстарын жүргізуге құқылы.

      2) міндеттері:

      - еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсынысты талдауға, болжауға және бұл туралы халыққа, орталық және жергілікті атқарушы органдарға ақпарат беру;

      - құзыреті шегінде халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясатты және жұмыспен қамтуға жәрдемдесуді қамтамасыз ететін іс-шараларды іске асыру;

      - әлеуметтік қорғауды жүзеге асыру;

      - өз құзыретi шегiнде халықтың көшi-қоны саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыру;

      - арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету.

      15. Функциялары:

      1) Шымкент қаласындағы жұмыс күшіне деген сұраныс пен ұсынысты талдау, болжау және уәкілетті мемлекеттік органға хабарлайды;

      2) өңірлік жұмыспен қамту карталарын бекітеді және іске асырады;

      3) халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесуді қамтамасыз ететін іс-шараларды өткізеді;

      4) жұмыс орындарының босау және қысқару тәуекелдері бар ұйымдарды мониторинг жүргізеді;

      5) кәсіпкерлік бастамаға жәрдемдесуді жүзеге асырады;

      6) жұмыссыздарға, жұмыс іздеуші адамдарға әлеуметтік көмек көрсетуге мониторинг жүргізеді;

      7) мүгедектігі бар адамдар үшін ауыр жұмыстардағы, еңбек жағдайлары зиянды, қауіпті жұмыстардағы жұмыс орындарын есептемегенде, жұмыс орындары санының екіден төрт пайызына дейінгі мөлшерде жұмыс орындарына квота белгілеуді ұйымдастырады;

      8) халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі қалалық және өңірлік комиссиялар туралы ережелерді бекітеді;

      9) ұлттық жобалар, Шымкент қаласының даму жоспарлары, өңірлік жұмыспен қамту карталары шеңберінде жұмыс орындарының құрылуын мониторингтеуді жүзеге асырады;

      10) "Еңбек мобильдігі орталығы" жарғысын әкімдікке бекітуге ұсынады;

      11) "Еңбек мобильдігі орталығының" директорын лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;

      12) пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс орындарына квота белгілеуді ұйымдастырады;

      13) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс орындарына квота белгілеуді ұйымдастырады;

      14) он сегіз жасқа толғанға дейін ата-анасынан айырылған немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, білім беру ұйымдарының түлектері болып табылатын жастар қатарындағы азаматтарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс орындарына квоталар белгілеуді ұйымдастырады;

      15) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғалармен және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасайды;

      16) арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсететін, өз қарамағындағы субъектілерді құруды және олардың қызметін қамтамасыз етеді;

      17) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсынатын субъектілердің арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтердің кепілдік берілген көлемін ұсынуын қамтамасыз етеді;

      18) халықтың арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге деген қажеттілігіне талдау жүргізеді;

      19) халықтың арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге деген қажеттілігіне статистикалық талдау, болжау жүргізуді қамтамасыз етеді;

      20) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсынатын субъектілерді кадрмен қамтамасыз етуді, әлеуметтік жұмыскерлерді кәсіптік даярлауды, қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды ұйымдастырады;

      21) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну жүйесін дамыту жөнінде шаралар қабылдайды;

      22) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтердің кепілдік берілгеннен тыс көлемінің тізбесін және оларды ұсыну тәртібін әзірлейді және Шымкент қаласының мәслихатына бекітуге ұсынады;

      23) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну және арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге деген қажеттілікті бағалау мен айқындау жөніндегі көрсетілетін қызметтер бойынша мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырады, сондай-ақ мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орналастырады;

      24) мүгедектігі бар адамдарды оңалтуды жүзеге асыратын мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындарды құруды ұйымдастырады;

      25) мүгедектігі бар адамдарға Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген қосымша әлеуметтік қорғау шараларын ұсынады;

      26) мүгедектігі бар адамдарды оңалтуды жүзеге асыратын ұйымдарды құруға ықпал етеді;

      27) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мүгедектігі бар адамдарды кәсіптік оқытуды (қайта оқытуды) ұйымдастырады;

      28) мүгедектігі бар адамдарды оңалту жөніндегі мамандарды, оның ішінде ымдау тілі мамандарын, Брайльдің бедерлі-нүктелік қарпімен оқу және жазу жөніндегі мамандарды даярлауды, қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды ұйымдастырады;

      29) Кодекске сәйкес тиісті аумақта әлеуметтік, медициналық, кәсіптік оңалтудың орындалуын ұйымдастырады;

      30) мүгедектігі бар адамдарды және мүгедектігі бар балаларды жеке бағдарламаға сәйкес санаторийлік-курорттық емдеуді қамтамасыз етеді;

      31) мүгедектігі бар адамдарды жеке бағдарламаға сәйкес техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдармен және (немесе) арнаулы жүріп-тұру құралдарымен қамтамасыз етеді;

      32) мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы арқылы ұсынылатын тауарларды және (немесе) көрсетілетін қызметтерді берушілер мәлімдеген олардың сипаттамаларының мүгедектігі бар адамдарға ұсынылатын техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдардың, арнаулы жүріп-тұру құралдарының және көрсетілетін қызметтердің сыныптауышына сәйкестігіне мониторинг жүргізеді;

      33) мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктерімен бірлесіп, мәдени, ағарту және өзге де іс-шараларын ұйымдастырады;

      34) мүгедектігі бар адамдарға қайырымдылық және әлеуметтік көмек көрсетуді үйлестіреді;

      35) мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы өңірлік үйлестіру кеңесінің қызметін қамтамасыз етеді;

      36) Кодекске сәйкес атаулы әлеуметтiк көмек тағайындауды жүзеге асырады;

      37) тұрғын үй көмегін көрсетеді;

      38) мүгедектігі бар балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу бойынша әлеуметтік көмек көрсетуді жүргізеді;

      39) жергілікті өкілді органдардың шешімдері бойынша әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындайды және әлеуметтік көмектерді көрсетеді;

      40) әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке қабілеті шектеулі кәмелетке толған адамдарға қатысты қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларын жүзеге асырады және қорғаншылық немесе қамқоршылық белгілеу туралы шешім қабылдайды;

      41) халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкілетті орган бөлген квота шегiнде, өз аумағы және (немесе) басқа да әкiмшiлiк-аумақтық бірліктер шегінде не квотадан тыс корпоративішілік ауыстыру шеңберінде еңбек қызметiн жүзеге асыру үшiн жұмыс берушiлерге шетелдiк жұмыс күшiн тартуға арналған рұқсаттарды бередi немесе ұзартады, сондай-ақ көрсетiлген рұқсаттарды тоқтата тұрады және кері қайтарып алады;

      42) этникалық қазақтардан қандас мәртебесiн беруге өтiнiштерiн қажеттi құжаттарымен қоса қабылдайды;

      43) қандас мәртебесiн беру туралы шешiм қабылдайды;

      44) қандас куәлiгiн бередi;

      45) Қазақстан Республикасы азаматтарының шетелдерде тұратын этникалық қазақтардың арасынан туыстарын Қазақстан Республикасына отбасын бiрiктiру мақсатында қоныстандыру үшiн шақыруларын халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi орган айқындайтын тәртiппен қарайды және куәландырады;

      46) өз құзыретінің шегінде халықтың этникалық көші-қоны мәселелері бойынша басқа мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасайды;

      47) "Босқындар туралы" Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 4 желтоқсандағы Заңына сәйкес өз құзыреті шегінде босқындар мәселелері бойынша мемлекеттік саясатты іске асырады;

      48) пана іздеген адамның куәлігін береді;

      49) босқын мәртебесін беру, ұзарту, одан айыру және оны тоқтату рәсімдерін жүзеге асырады;

      50) босқын куәлігін береді;

      51) босқын мәртебесін беру, ұзарту, одан айыру және оны тоқтату рәсімдерін жүзеге асыру жөніндегі комиссияларды құрады;

      52) пана іздеген адамдар мен босқындар құқықтарының сақталуын қамтамасыз етеді;

      53) Қазақстан Республикасының заңнамасында Шымкент қаласының жергілікті атқарушы органдарына жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде жүзеге асыру арқылы қамтамасыз етеді.

3-тарау. Басқарманың бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері

      16. Басқарманы басқаруды бірінші басшы жүзеге асырады, ол Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.

      17. Басқарманың бірінші басшысы Шымкент қаласының әкімімен лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.

      18. Басқарманың бірінші басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын орынбасарлары болады.

      19. Басқарманың бірінші басшысының өкілеттіктері:

      1) Басқарманың жұмыс жоспарларын бекітеді;

      2) Басқарманың атынан әрекет етеді;

      3) сенімхаттар береді;

      4) заңнамамен белгіленген тәртіпте Басқарманың қызметкерлерін көтермелейді және оларға тәртіптік жаза береді;

      5) өз құзыреті шегінде бұйрықтар шығарады, қызметтік құжаттарға қол қояды;

      6) Басқарманың ішкі еңбек тәртібін бекітеді;

      7) Басқармада "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының сақталуын бақылауды жүзеге асырады;

      8) азаматтарды жеке қабылдауды жүзеге асырады;

      9) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерде көзделген өкілеттіктерді жүзеге асырады;

      10) Басқармада сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимылды күшейтуге бағытталған шараларды қабылдайды және жемқорлыққа қарсы тұру жұмыстарының жай-күйіне жауапты болады.

      11) Басқарма қарамағындағы орталықтардың (мекемелердің) директорларының, олардың орынбасарларының құқықтарын, міндеттерін, жауапкершілігін айқындап лауазымға тағайындайды және лауазымынан босатады ("Еңбек мобильдігі орталығының" орынбасарларын қоспағанда).

      Басқарманың бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.

      12) Басқарма қарамағындағы орталықтардың (мекемелердің):

      - мүлкін бекітіп береді;

      - жеке қаржыландыру жоспарын бекітеді;

      - мүлкінің сақталуына бақылауды жүзеге асырады;

      - мемлекеттік мекеме жарғысын (ережесін) бекітуге әкімдікке ұсынады, оған өзгерістар мен толықтырулар енгізеді;

      - директорлардың, олардың орынбасарларының құқықтарын, міндеттері мен жауапкершілігін, оны лауазымынан босату негіздерін айқындайды;

      - директор мен орынбасардан (орынбасарларынан) төмен лауазымдағы орталықтардың (мекемелердің) қызметкерлерінің тағайындалуы мен босатылуына келісім береді ("Еңбек мобильдігі орталығының" қызметкерлерін қоспағанда);

      - құрылымы мен шекті штаттық санын бекітеді;

      - жылдық қаржы есептілікті бекітеді;

      - мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органға, мемлекеттік мекемеге берілген немесе өзінің шаруашылық қызметінің нәтижесінде олар сатып алған мүлікті алып қоюға немесе қайта бөлуге келісімін береді;

      - филиалдар мен өкілдер құруына келісімін береді;

      - мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның келісімі бойынша қайта ұйымдастыруды және таратуды жүзеге асырады (жергілікті атқарушы орган коммуналдық мемлекеттік мекемені қайта ұйымдастыру және тарату туралы шешім қабылдайды);

      20. Бірінші басшы өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес айқындайды.

4-тарау. Басқарманың мүлкі

      21. Басқарманың заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі өзіне бекітіліп берілген, өзінің балансында тұрған мүлікті иелену, пайдалану және оған билік ету құқығын Қазақстан Республикасының атынан дербес жүзеге асырады.

      22. Басқармаға бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.

      23. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарма өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5-тарау. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату

      24. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      25. Басқарманың қарамағындағы ұйымдардың тізбесі:

      1) Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының "№1 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;

      2) Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының "№2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;

      3) Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының "№3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;

      4) Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының "№4 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;

      5) Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының "Аялы алақан №5 балалар арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;

      6) Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының "№6 балалар арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;

      7) Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының "№7 үйде қызметтер көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;

      8) Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының "Қамқорлық" №8 балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;

      9) Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының "№9 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;

      10) Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының "№10 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі.

      11) Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының "Өмірлік қиын жағдайға түскен адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;

      12) Шымкент қаласы әкімдігінің "Еңбек мобильдігі орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;

      13) Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының "Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі";

      14) Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының "Белсенді ұзақ өмір орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;

      15) Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының "Бақытты жанұя" орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;

      16) Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының "ТEN QOGAM" әлеуметтік қолдау орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;

      17) Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының "Ізетті зейнеткер" коммуналдық мемлекеттік мекемесі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады