"Қарқаралы ауданының жер қатынастары бөлімі" мемлекеттік мекемесінің Ережесін бекіту туралы

Жаңа

Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының әкімдігінің 2023 жылғы 23 мамырдағы № 127 қаулысы

      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңына және "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 қаулысына сәйкес, Қарқаралы ауданының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Осы қаулының қосымшасына сәйкес "Қарқаралы ауданының жер қатынастары бөлімі" мемлекеттік мекемесінің Ережесі бекітілсін.

      2. Қарқаралы ауданы әкімдігінің 2015 жылғы 12 наурыздағы №79 "Қарқаралы ауданының жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі" мемлекеттік мекемесінің Ережесін бекіту туралы" қаулысы жойылсын.

      3. "Қарқаралы ауданының жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен осы қаулыдан туындайтын барлық қажетті шараларды қабылдасын.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қарқаралы ауданы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Аудан әкімі Е.Құсайын

  Қарқаралы ауданының
әкімдігінің
2023 жылғы "23" мамырдағы
№ 127 қаулысымен бекітілген

"Қарқаралы ауданының жер қатынастары бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы Ереже

1. Жалпы ережелер

      1. "Қарқаралы ауданының жер қатынастары бөлімі" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі-бөлім) ауданның атқарушы органдарының бірыңғай жүйесіне енеді және аудан шегіндегі, заңнамаларда қарастырылған жер қатынастары салаларында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органы болып табылады.

      2. Бөлім өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенттінің және Республикасының заңдарына, басқа да нормативті құқықтық актілерге, сондай- ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      3. Бөлім ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттiк тiлде өз атауы бар мөрi мен мөртаңбалары, белгiленген үлгiдегi бланкiлерi, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.

      4. Бөлім азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседi.

      5. Бөлім егер заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.

      6. Бөлім өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      7. Бөлім құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.

      8. Бөлімнің заңды мекен-жайы: 100800, Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Қарқаралы қаласы, Ә. Бөкейханов көшесі 40.

      9. Мемлекеттік органның толық атауы-"Қарқаралы ауданының жер қатынастары бөлімі" мемлекеттік мекемесі.

      10. Осы Ереже бөлімнің құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Бөлім қызметі аудандық бюджеттің қаражаты есебінен қаржыландырылады.

2. Мемлекеттік органның миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері

      12. Бөлімнің миссиясы:

      экономикалық даму және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің сапалық көрсеткіштерін арттыруға және ауданның азық- түлік қауіпсіздігін нығайтуға септігін тигізетін жерлерді қорғау және тиімді пайдалануға жағдай жасау, ауданның жер қатынастары салаларының дамуы бойынша мемлекеттік саясатты жүргізу.

      13. Міндеттері:

      1) жер ресурстарын, жер қатынастарын реттеу саласында біртұтас мемлекеттік саясатты жүргізу;

      2) жер қатынастарын реттеу саласындағы жұмыстарды ұйымдастыру мен орындау, жерге орналастыру жөніндегі шараларды дайындау мен жүзеге асыру;

      3) жер қатынастарын реттеу саласындағы шешімдерінің әлеуметтік-экономикалық тиімділігін арттыру;

      4) ретке келтіріліп отырған нарық экономикасы жағдайындағы жөндеу жер қатынастарын реттеу саласындағы әдістемелерін және әрқилы прогрессивті формаларға ықпал ету;

      5) аудан көлеміндегі елді-мекендерде барлық жер қатынастарын реттеу саласындағы жүргізу және жобалау жоспарларын дайындап, келісу үшін оларды Қарқаралы ауданы әкіміне бекітуге тапсыру;

      6) тағы басқа заңдармен жүктелген міндеттерін орындау.

      14. Функциялары:

      1) жер учаскелерін жеке меншікке және Жер Кодексінде қарастырылған жағдайларды қоспағанда жер пайдалануға беру туралы әкімият қаулыларының жобаларын және ұсыныстар әзірлеу;

      2) иесіз мүлік ретіндегі жер учаскелерін есепке қою;

      3) Жер Кодексінде қарастырылған жағдайларды қоспағанда мемлекет қажеттілігі үшін жер учаскелерін алу, оның ішінде сатып алу жолымен алу туралы ұсыныстар енгізу;

      4) жер учаскелерінің бөлінетіндігі мен бөлінбейтіндігін айқындау;

      5) мемлекет жеке меншікке сататын немесе жер пайдалануға беретін нақты жер учаскелерінің бағалау құнын бекіту;

      6) жерге орналастыруды жүргізуді ұйымдастыру және жер учаскелерін қалыптастыру жөніндегі жерге орналастыру жобаларын бекіту;

      7) басқа да табиғатты қорғау шаралары кешенінде жер ресурстарын қорғау, топырақ құнарлылығын арттыру, жерлерді тиімді пайдалану бойынша аудандық бағдарламаларды әзірлеу жөніндегі ұсыныстарды дайындау және олардың орындалуын қамтамасыз ету;

      8) аудан аумағындағы елді мекендердің жер шаруашылық орналастыру жоспарларын әзірлеу бойынша ұсыныстар дайындау;

      9) ауылшаруашылық танаптарын бір түрден екінші түрге ауыстыру жөнінде ұсыныстар дайындау;

      10) жер учаскелерін немесе мемлекет меншігіндегі және жер пайдалануға берілмейтін жер учаскелерінің құқығын сату жөнінде саудалар (конкурстар, аукциондар) ұйымдастыру және өткізу туралы ұсыныстар енгізу;

      11) жерді пайдалану мен қорғау мәселелеріне қатысты аудандық бағдарламаларға, схемалар мен жобаларға сараптама жүргізу;

      12) ауданның жер балансын (есебін) әзірлеу;

      13) жер иелерінің және жер пайдаланушылардың, сол сияқты жер құқығы қатынастары субъектілерінің есебін жүргізу;

      14) аудан көлемінде жер кадастрын жүргізуді ұйымдастыру;

      15) ауылшаруашылығы мақсатындағы жер учаскелеріне паспорттар беру;

      16) жер учаскелерін жалға алу және сатып алу-сату шарттарын жасау;

      17) зерттеу жұмыстарына арналған жер учаскелерін пайдалануға рұқсат беру туралы ұсыныстар әзірлеу;

      18) елді-мекендерде көгалдандыру, абаттандыру Ережелері және басқа да мәселерін реттейтін құжаттарды дайындау;

      19) аудан әкімінің шешімдеріне сәйкес бекітілген жобалық құжаттар негізінде жер учаскелерін бөлу;

      20) оның құзырына Қазақстан Республикасының заң актілерімен енгізілген басқа да мәселелер жатады.

      15. Құқықтары мен міндеттері:

      1) заңды және жеке тұлғалармен азаматтық-құқықтық қатынастарға енуге, шарт жасасуға және заңға қайшы келмейтін басқа да қызметтерді жүзеге асыруға;

      2) құрылымдық бөлімшелерден, аудандар селолық округ, қала, поселке әкімдері аппараттарынан қажетті ақпараттарды алуға, сондай-ақ оларға орындауға міндетті тапсырмаларды беруге;

      3) барлық меншік түріндегі кәсіпорындардан, мекемелерден және ұйымдардан аудан әкімиятының құзырына енетін мәселелер бойынша қажетті ақпараттарды, құжаттарды және басқа да материалдарды, лауазымды адамдардан ауызша және жазбаша түсініктемелерді алуға және сұратуға;

      4) ақпараттық мәліметтердің барлық түрлерін, соның ішінде селолық округ, қала, поселке, аудан әкімдері аппараттарының иелігінде бар құпиялықтарды пайдалануға;

      5) аудан әкімінің тапсырмасы бойынша проблемалық мәселелермен айналысуға және шешуге, аудан әкімияты мәжілістерінде қаралатын мәселелерге байланысты аудан әкіміне бағынатын мемлекеттік кәсіпорындар, атқарушы органдар, селолық округ, қала, поселке әкімдері аппараттарының құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлерін шақыруға;

      6) бөлім жүргізетін мәселелер бойынша мекемелермен, мемлекеттік және мемлекеттік емес органдармен қызметтік хат алысуға құқығы бар;

      7) өзіне жүктелген заңдылыктармен, осы Ережемен және өкілетті органмен белгіленген басқа да құқықтарды жүзеге асырады.

3. Мемлекеттік органның қызметін ұйымдастыру

      16. Бөлімдегі басшылықты, бөлімге жүктелген мiндеттердiң орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын бірінші басшы жүзеге асырады.

      17. Бөлімінің бірінші басшысын аудан әкімі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.

      18. Осы мақсатта бөлімнің бірінші басшысы:

      1) өзінің мамандарының міндеттерінің өкілеттілігін белгілейді;

      2) қолданыстағы заңдарға сәйкес бөлімнің мамандарын қызметтерге тағайындайды және қызметтерден босатады;

      3) бөлімнің қызметкерлеріне қолданыстағы заңдарға сәйкес тәртіптік шаралар қолданады;

      4) бөлімнің бұйрықтарына қол қояды;

      5) қолданыстағы заңдарға сәйкес мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдарда өз қызметтерін ұсынады;

      6) сенімхаттар береді;

      7) бөлімдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл үшін дербес жауапты және тікелей міндетті болады;

      8) қолданыстағы заңдарға сәйкес басқа да өкілеттіліктерді жүзеге асырады.

4. Мемлекеттік органның мүлкі

      19. Бөлім жедел басқару құқымен оқшауландырылған мүлкіне ие. Бөлімнің мүлкі оған мемлекеттен берілген мүліктер есебінен қалыптасады, негізгі және айналымдағы құралдардан, сондай- ақ бағасы бөлімнің балансында көрсетілген басқа да мүліктерден тұрады.

      20. Бөлімге бекітіліп берілген мүлік мемлекеттік меншікке жатады.

      21. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, бөлім, өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату

      22. Бөлімді қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады