"Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының аппараты" коммуналдық мемлекеттік мекемесі туралы Ережені бекіту туралы

Жаңа

Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының 2023 жылғы 19 қаңтардағы № 24/4 шешімі

      Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі 40-бабының 2-тармағына, Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 25-бабына, "Мәслихаттың үлгілік регламентін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 3 желтоқсандағы № 704 Жарлығымен бекітілген Мәслихаттың үлгілік регламентінің 79-тармағына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" қаулысымен бекітілген Мемлекеттік орган туралы Үлгілік ережеге сәйкес, Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихаты ШЕШТІ:

      1. "Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының аппараты" коммуналдык мемлекеттік мекемесі туралы Ереже осы шешімнің қосымшасына сәйкес бекітілсін.

      2. Осы шешімнің орындалуын бақылау Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихаты аппаратының басшысына жүктелсін.

      3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.

      Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының төрағасы В. Бубенко

  Солтүстік Қазақстан облыстық
  мәслихатының 2023 жылғы
  17 қаңтардағы № 24/4
  шешіміне қосымша

1. Жалпы ережелер

      1. "Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының аппараты" коммуналдык мемлекеттік мекемесі Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатын ұйымдастыру, құқықтық, материалдық-техникалық және басқа қамтамасыз етуді жүзеге асыратын, депутаттарға олардың өкілеттігін жүзеге асыруға көмек көрсететін Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. "Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының аппараты" коммуналдык мемлекеттік мекемесінің ведомстволары жоқ.

      3. "Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының аппараты" коммуналдык мемлекеттік мекемесі (әрі қарай - мәслихат аппараты) өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. Мәслихат аппараты мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.

      5. Мәслихат аппараты мекемесі азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

      6. Мәслихат аппараты, егер оған заңнамаға сәйкес уәкілеттік берілген болса, мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.

      7. Мәслихат аппараты өз құзыретіндегі мәселелер бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихаты төрағасының өкімдерімен, сонымен қатар Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      8. Мәслихат аппаратының құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.

      9. Мәслихат аппаратының орналасқан жері: индексі 150008, Солтүстік Қазақстан облысы, Петропавл қаласы, Қазақстан Конституциясы көшесі, 38.

      10. Осы Ереже мәслихат аппаратының құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Мәслихат аппаратының қызметін қаржыландыру жергілікті бюджет қаражатынан жүзеге асырылады.

      12. Мәслихат аппаратына кәсіпкерлік субъектілерімен мәслихат аппаратының функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

      Егер мәслихат аппаратына заңнамалық актілермен табыс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілген болса, мұндай қызметтен түскен табыс мемлекеттік бюджет кірісіне жіберіледі.

2. Мәслихат аппаратының міндеттері мен өкілеттіктері

      13. Мақсаттары:

      1) Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының сессиялардағы қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тұрақты комиссиялар және өзге де органдар мен депутаттар арқылы қамтамасыз ету;

      2) облыстық мәслихаттың және оның органдарының ұйымдастыру, құқықтық, материалдық-техникалық және ақпараттық-сараптаушылық қызметін қамтамасыз етуді, депутаттардың өз құзыретін іске асыруына көмек көрсетуді жүзеге асыру.

      14. Құқықтары:

      1) облыстық мәслихат, тұрақты комиссиялар қызметінің мәселелері бойынша мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардан, өзге де ұйымдардан белгіленген тәртіппен ақпарат сұратуға және алуға;

      2) депутаттардың сауалдары мен депутаттық ұсыныстарды уақтылы қарауды және іске асыруды қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік органдарға, мекемелерге және өзге де ұйымдарға сауалдар жолдау;

      3) облыстық мәслихаттың қарауына енгізілетін мәселелерді дайындауға және оның тұрақты (уақытша) комиссияларының жұмысына қатысу үшін мемлекеттік органдардың, ұйымдардың өкілдерін тарту;

      4) облыстық мәслихат және оның тұрақты (уақытша) комиссиялары актілерінің орындалу мерзімдері мен нәти желерін бақылауды жүзеге асыру;

      5) облыстық мәслихатқа жіберілген заңды және жеке тұлғалардың өтініштерін орындау мерзімдері мен нәтижелерін бақылауды жүзеге асыру;

      6) облыстық мәслихат пен мәслихат аппаратының мүдделерін білдіру.

      15. Міндеттері:

      1) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларының нормаларын сақтау;

      2) азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету;

      3) облыстық мәслихаттың, тұрақты комиссиялардың, мәслихат аппаратының атына келіп түскен азаматтар мен ұйымдардың шағымдарын мүдделі органдар мен ұйымдарға жіберу.

      16. Функциялары:

      1) облыстық мәслихаттың регламентіне сәйкес сессияларды, облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының отырыстарын өткізуді әзілеу және ұйымдастыру-техникалық жұмыстарын қамтамасыз етеді;

      2) депутаттарды сессиялардың, тұрақты комиссиялардың қарауына енгізілетін мәселелер бойынша шешімдер жобаларымен және басқа да материалдармен қамтамасыз ету;

      3) тұрақты комиссиялардың ұсыныстары негізінде облыстық мәслихаттың жұмыс жоспарларын құру, қызметтері туралы есептерді әзірлеу;

      4) мәслихат депутаттарына өздерінің өкілеттіктерін жүзеге асыруға ықпал ету, кеңестік және әдістемелік көмек көрсету, депутаттардың сұрауларын, ұсыныстарын және ескертпелерін қараудың және іске асырудың уақыттылығын бақылау;

      5) депутаттардың өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде енгізген ұсыныстары мен ескертулерінің есебін жүргізу және жинақтау, оларды іске асыру жөніндегі іс-шаралардың орындалуын ұйымдастыру және бақылау;

      6) сессияларда қаралатын мәселелерді тұрақты комиссиялардың отырыстарында алдын ала талқылауды ұйымдастыру, депутаттарға шешімдер мен қорытындылардың жобаларын сапалы дайындау мәселелеріне көмек көрсету;

      7) облыстық мәслихаттың нормативтік құқықтық шешімдерін әзірлеуге қатысу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген жағдайларда оларды әділет органдарына мемлекеттік тіркеуге жіберу;

      8) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда және тәртіппен облыстық мәслихат шешімдерінің бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануын қамтамасыз етеді;

      9) облыстық мәслихаттың қызметін бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауды қамтамасыз ету;

      10) Қазақстан Республикасы Заңдарының, Қазақстан Республикасы Президенті Жарлықтары мен Үкіметі қаулыларының, облыстық мәслихат шешімдерінің орындалуын бақылау жөніндегі жұмысты ұйымдастыру;

      11) облыстық мәслихат шешімдері жобаларының заңнама талаптарына сәйкестігін тексеру, норма шығаруды жетілдіру, мәслихат төрағасының басқару қызметін заңмен қамтамасыз ету;

      12) облыстық мәслихаттың нормативтік құқықтық актілерінің жобасын әзірлеу;

      13) заңнамаға қайшы келетін және ескірген құқық нормаларын анықтау, оларды іске асырудың тиімділігін бағалау, оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу немесе олардың күші жойылды деп тану жөнінде уақтылы шаралар қабылдау үшін облыстық мәслихаттың қабылданған шешімдеріне құқықтық мониторингті жүзеге асыру;

      14) мәслихат төрағасының облыс әкімдігімен өзара қарым-қатынасын қамтамасыз ету;

      15) облыстық мәслихат актілерінің атқарылуын бақылау;

      16) нормативтік талаптарға сәйкес қызметтік кабинеттерді, отырыс залдарын материалдық-техникалық жарақтандыру;

      17) жеке және заңды тұлғалардың қызметтік құжаттары мен өтініштерін есепке алуды және қарауды қамтамасыз ету, жеке қабылдау жүргізуді ұйымдастыру, олардың өтініштері бойынша талдау жүргізу;

      18) облыстық мәслихат қабылдаған актілерді есепке алу және тіркеу;

      19) іс жүргізудің бірыңғай тәртібін, құжаттармен жұмысты ұйымдастыруды, олардың орындалуын бақылауды және ведомстволық мұрағатқа тапсыру үшін дайындықты қамтамасыз ету;

      20) электрондық құжат айналымы жүйесінің жұмыс істеуі және құжат айналымы көлемінің қысқаруы;

      21) облыстық мәслихаттың және оның органдарының актілерін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мәслихаттың интернет-ресурсында жариялауды қамтамасыз ету;

      22) облыстық мәслихат пен мәслихат аппаратының мүліктік және өзге де заңды құқықтары мен мүдделерін құқықтық құралдармен қорғау;

      23) мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және өткізу рәсімдерін орындау;

      24) облыстық мәслихаттың шешімдері мен басқа да құжаттарының тиісті органдарға таратылуын қамтамасыз ету;

      25) Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес мәслихат депутаттарының біліктілігін арттыруға арналған шығыстарды жоспарлау;

      26) облыстық мәслихаттың сессияларын және оның басқа органдарының отырыстарын хаттамалауды қамтамасыз ету.

3. Мәслихат аппаратының бірінші басшының өкілеттігі, мәртебесі

      17. Мәслихат аппаратына басшылықты облыстық мәслихаттың төрағасы жүзеге асырады, ол мәслихат аппаратына жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауап береді.

      18. Облыстық мәслихаттың төрағасын депутаттар арасынан ашық немесе жасырын дауыс беру арқылы депутаттардың жалпы санының көпшілік даусымен сайлайды және мәслихат сессияда қызметінен босатады. Облыстық мәслихат төрағасы тұрақты негізде жұмыс істейтін лауазымды адам болып табылады.

      19. Облыстық мәслихат төрағасының орынбасары жоқ.

      20. Облыстық мәслихат төрағасының өкілеттіктері:

      1) мемлекеттік органдармен, ұйымдармен, жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен және қоғамдық бірлестіктермен қатынастарда мәслихат атынан өкілдік етеді;

      2) шарттар жасасады;

      3) сенімхаттар береді;

      4) мемлекеттік мекеменің іссапарлар, тағылымдамалар, қызметкерлерді қазақстандық және шетелдік оқу орталықтарында оқыту және қызметкерлердің біліктілігін арттырудың өзге де түрлері бойынша тәртібі мен жоспарларын бекітеді;

      5) банктік есеп-шоттар ашады;

      6) өз құзыретіндегі мәселелер бойынша барлық қызметкерлер үшін міндетті өкімдер шығарады және нұсқаулар береді;

      7) мәслихат аппаратының қызметіне басшылық жасайды, мәслихат аппаратының қызметшілерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

      8) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мәслихат аппаратының қызметшілерін көтермелеу шараларын қолданады және оларға тәртіптік жаза қолданады;

      9) облыстық мәслихат сессиясын және оның қарауына енгізілетін мәселелерді дайындауды ұйымдастырады, сессияның күн тәртібін қалыптастырады, хаттама жасауды қамтамасыз етеді, мәслихат сессиясында қабылданған немесе бекітілген шешімдерге, өзге де құжаттарға қол қояды;

      10) облыстық мәслихат сессиясын шақыру туралы шешім қабылдайды;

      11) облыстық мәслихат сессиясының отырысын жүргізеді, мәслихат регламентінің сақталуын қамтамасыз етеді;

      12) облыстық мәслихат депутаттарының өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына жәрдемдеседі, оларды қажетті ақпаратпен қамтамасыз етеді, депутаттарды мәслихат сессияларына, оның тұрақты комиссиялары мен өзге де органдарының жұмысына қатысу үшін қызметтік міндеттерін орындаудан босатуға байланысты мәселелерді қарайды;

      13) депутаттардың сауалдары мен депутаттық өтініштердің қаралуын бақылайды;

      14) облыстық мәслихатқа сайлаушылардың өтініштері және олар бойынша қабылданған шаралар туралы ақпаратты үзбей ұсынады;

      15) облыстық мәслихаттың өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен өзара іс-қимылын ұйымдастырады;

      16) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі-заң) 24-бабына сәйкес әкімге сенімсіздік білдіру туралы мәселеге бастамашы болған облыстық мәслихат депутаттарының жиналған қолдарының түпнұсқалығын тексеруді ұйымдастырады;

      17) тұрақты комиссиялардың, мәслихаттың өзге де органдарының және депутаттық топтардың қызметін үйлестіреді;

      18) облыстық мәслихат шешімдерінің жариялануын қамтамасыз етеді, олардың орындалуын бақылау жөніндегі шараларды айқындайды;

      19) облыстық мәслихаттың қарауына облыстың тексеру комиссиясы төрағасының лауазымына тағайындауға кандидатураларды, сондай-ақ оларды лауазымнан босату туралы ұсыныс енгізеді;

      20) мәслихат сессиясында дауыс беру кезінде депутаттардың дауыстары тең бөлінген жағдайда шешуші дауыс құқығын пайдаланады;

      21) мәслихат аппаратында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға бағытталған шараларды қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды қабылдауға дербес жауап береді;

      22) Заңда, Қазақстан Республикасының заңнамасында, мәслихаттың регламенті мен шешімдерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді орындайды.

      21. Облыстық мәслихат төрағасының өкілеттігін ол болмаған кезеңде мәслихаттың шешімі бойынша тұрақты негізде жұмыс істейтін тұрақты комиссиялардың бірінің төрағасы жүзеге асырады.

      22. Облыстық мәслихаттың төрағасы қолданыстағы заңнамаға сәйкес облыстық мәслихат аппараты басшысының және оның орынбасарының өкілеттіктерін айқындайды.

      23. Мәслихат аппаратын Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын аппарат басшысы басқарады.

4. Мәслихат аппаратының мүлкі

      24. Мәслихат аппаратының заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      Мәслихат аппаратының мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      25. Мәслихат аппаратына бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.

      26. Егер заңнамада өзгеше белгіленбесе, мәслихат аппаратының өзіне бекітілген мүлікті және оған қаржыландыру жоспары бойынша берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті дербес иеліктен шығаруға немесе оған өзге тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5. Мәслихат аппаратын қайта ұйымдастыру және тарату

      27. Мәслихат аппаратын қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады