Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2012 жылғы 11 желтоқсандағы № 269 шешіміне өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2015 жылғы 10 ақпандағы № 12 шешімі

      Келісілген макроэкономикалық саясатты жүргізу туралы хаттамаға (2014 жылғы 24 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа №14 қосымша) сәйкес Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы шешті:

      1. Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының "Кеден одағына және Бірыңғай экономикалық кеңістікке мүше мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық дамуының ресми болжамдарын әзірлеу кезінде пайдаланылатын сыртқы параметрлердің аралық сандық мәндерін келісу тәртібі туралы" 2012 жылғы 11 желтоқсандағы № 269 шешіміне қосымшаға сәйкес өзгерістер енгізілсін.

      2. Осы Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      Еуразиялық экономикалық комиссия
      Алқасының Төрағасы В.Христенко

  Еуразиялық экономикалық комиссия
  Алқасының 2015 жылғы 10 ақпандағы
  № 12 шешіміне
  ҚОСЫМША

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2012 жылғы 11 желтоқсандағы № 269 шешіміне енгізілетін ӨЗГЕРІСТЕР

      1. Атауындағы және 1-тармақтағы "Кеден одағына және Бірыңғай экономикалық кеңістікке" деген сөздер "Еуразиялық экономикалық одаққа" деген сөздермен ауыстырылсын.

      2. Осы Шешіммен бекітілген Кеден одағына және Бірыңғай экономикалық кеңістікке мүше мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық дамуының ресми болжамдарын әзірлеу кезінде пайдаланылатын сыртқы параметрлердің аралық сандық мәндерін келісу тәртібі және осы Тәртіпке қосымша мынадай редакцияда жазылсын:

  "Еуразиялық экономикалық комиссия
Алқасының 2012 жылғы 11
желтоқсандағы № 269 шешімімен
(Еуразиялық экономикалық
комиссия Алқасының 2015
жылғы 10 ақпандағы
№ 12 шешімінің редакциясында)
  БЕКІТІЛГЕН

Кеден одағына және Бірыңғай экономикалық кеңістікке мүше мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық дамуының ресми болжамдарын әзірлеу кезінде пайдаланылатын сыртқы параметрлердің аралық сандық мәндерін келісу ТӘРТІБІ

      1. Осы Тәртіп Келісілген макроэкономикалық саясат жүргізу туралы хаттаманы (2014 жылғы 24 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа №14 қосымша) іске асыру мақсатында әзірленді және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің (бұдан әрі – мүше мемлекеттер) әлеуметтік-экономикалық дамуының ресми болжамдарын әзірлеу кезінде пайдаланылатын сыртқы параметрлердің аралық сандық мәндерінің ағымдағы жылды (болжамды қалыптастыру жылын) ескермей, кемінде 3 жылға арналған кезеңге болжамын әзірлеген кезінде мүше мемлекеттер мен Еуразиялық экономикалық комиссия (бұдан әрі – Комиссия) іс-қимылдарының дәйектілігін айқындайды.

      2. Осы Тәртіпте мыналарды білдіретін ұғымдар пайдаланылады:

      "аралық сандық мәндер" – мүше мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық дамуының ресми болжамдарын әзірлеу кезінде пайдаланылатын Brent маркалы мұнай бағасының жоғары және төменгі мәндері, әлемдік экономиканың даму қарқындары;

      "болжамды әзірлеудің бірінші кезеңі" - мүше мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуының алдын ала болжамын әзірлеу кезеңі (Армения Республикасы үшін – орта мерзімді перспективаға Армения Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуы болжамының жобасы; Беларусь Республикасы үшін – қысқа мерзімді перспективаға Беларусь Республикасының әлеуметтік – экономикалық дамуы болжамының жоспары, Қазақстан Республикасы үшін 5 жылдық кезеңге Қазақстан Республикасының әлеуметтік – экономикалық дамуы болжамының жоспары, Ресей Федерациясы үшін – Ресей Федерациясы экономикасы жұмыс жасауының сценарийлік шарттары және кезекті қаржы жылына және жоспарлы кезеңге арналған Ресей Федерациясының әлеуметтік-экономикалық дамуы болжамының негізгі параметрлері);

      "болжам әзірлеудің екінші кезеңі" – мүше мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуының болжамын әзірлеу кезеңі (Армения Республикасы үшін – кезекті қаржы жылына Армения Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуы болжамының жобасы, Беларусь Республикасы үшін – қысқа мерзімді перспективаға Беларусь Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуы болжамының жобасы, Қазақстан Республикасы үшін – 5 жылдық кезеңге Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуы болжамының жобасы, Ресей Федерациясы үшін – кезекті қаржы жылына және жоспарлы кезеңге арналған Ресей Федерациясының әлеуметтік-экономикалық дамуының болжамы);

      "уәкілетті органдар" – құзыретіне әлеуметтік-экономикалық дамудың ресми болжамдарын әзірлеу және (немесе) Комиссиямен өзара іс-қимыл жасау кіретін мүше мемлекеттердің атқарушы билік органдары;

      3. Комиссия ұйымдар (органдар) ұсынған, Brent маркалы мұнай бағасының болжамдарына және әлемдік экономиканың даму қарқындарының болжамдарына қатысты бөлігінде ашық қолжетімділіктегі ақпарат мониторингін жүзеге асырады.

      Уәкілетті органдар Комиссияға көрсетілген болжамдарды қалыптастыратын ұйымдар (органдар) туралы ұсыныс жіберуге құқылы.

      4. Комиссия жыл сайын 1 сәуірге дейін Brent маркалы мұнай бағасының аралық сандық мәндері және әлемдік экономиканың даму қарқындары жөніндегі бастапқы ұсыныстарды қалыптастырады және осы ұсыныстарды уәкілетті органдарға жібереді.

      5. Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының уәкілетті органдары болжам әзірлеудің бірінші кезеңінде, 15 сәуірге дейін Комиссияға және Беларусь Республикасының уәкілетті органдарына аралық сандық мәндер жөніндегі ұсыныстарды (негіздемелермен бірге) жібереді. Ресей Федерациясының уәкілетті органдары көрсетілген мерзімде Комиссияға және басқа мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарына ішкі тұтыну үшін жеткізілетін табиғи газдың болжамдық бағасы өзгерісінің бағдарланған аралығы туралы ақпарат жібереді. Макроэкономикалық болжамдау мақсатында Ресей Федерациясының уәкілетті органдары ұсынатын көрсетілген ақпарат мүше мемлекеттерге болжанатын кезеңге табиғи газ жеткізу бағасы бойынша Ресей Федерациясының міндеттемесі болып табылмайды.

      Беларусь Республикасының уәкілетті органдары жыл сайын 15 мамырға дейін Комиссияға және басқа мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарына аралық сандық мәндер жөніндегі ұсыныстарды (негіздемелермен бірге) жібереді.

      6. Уәкілетті органдар осы Тәртіптің 5-тармағында белгіленген мерзімдерде сыртқы сауда операциялардың, оның ішінде өзара сауда жай-күйі туралы ақпаратпен алмасады.

      7. Аралық сандық мәндерді айқындау қосымшаға сай талаптарға сәйкес жүзеге асырылады.

      8. Комиссия үшін тиісті ұсынымдар дайындау мақсатында жыл сайын 15 маусымға дейін уәкілетті органдардың ұсыныстары негізінде әзірленген, осы Тәртіптің 5-тармағына сәйкес Комиссияға ұсынылған аралық сандық мәндер туралы ұсыныстарды Макроэкономикалық саясат жөніндегі консультативтік комитет қарайды.

      Комиссия көрсетілген ұсынымдарды ескере отырып,мүше мемлекеттермен аралық сандық мәндерді келісуді жүзеге асырады.

      9. Комиссия Алқасы жыл сайын 25 шілдеге дейін аралық сандық мәндерді бекітеді.

      10. Комиссия Алқасы бекіткен аралық сандық мәндер туралы ақпарат Комиссия Алқасының отырысын өткізген күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде уәкілетті органдарға жіберіледі.

      11. Уәкілетті органдар болжам әзірлеудің екінші кезеңінде Комиссия Алқасы бекіткен аралық сандық мәндерді ескере отырып, әлеуметтік-экономикалық дамудың болжамдарын қалыптастырады және Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2012 жылғы 11 желтоқсандағы № 270 шешімімен бекітілген Келісілген макроэкономикалық саясат жүргізу мақсатында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер мен Еуразиялық экономикалық комиссия арасында ақпарат алмасу тәртібіне сәйкес оларды Комиссияға жібереді.

  Кеден одағына және Бірыңғай экономикалық кеңістікке мүше мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық дамуының ресми болжамдарын әзірлеу кезінде пайдаланылатын сыртқы параметрлердің аралық сандық мәндерін келісу тәртібіне (Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2015 жылғы 10 ақпандағы № 12 шешімінің редакциясында)
  ҚОСЫМША

Brent маркалы мұнай бағасының аралық сандық мәндері мен әлемдік экономиканың даму қарқындарын айқындауға қойылатын ТАЛАПТАР

І. Мұнай бағасының болжамы

      1. Brent эталондық маркалы мұнайдың орташа жылдық бағасы болжанады.

      2. Болжам кезеңінің әрбір жылына көрсеткіш мәндерінің жоғарғы және төменгі шектері болжанады.

      3.136,4 кг мұнайға тең американдық мұнай баррелі Brent маркалы мұнай көлемін өлшеу бірлігі болып табылады.

      4. Мұнай бағасы баррелге АҚШ долларында (доллар/баррель) белгіленеді.

      5. Көрсеткіш мәндері аралығының жоғарғы және төменгі шектері 1 АҚШ долларына дейін айналдырылып белгіленеді. Ағымдағы жылға шектер 0,1 АҚШ долларына дейін дәлдікпен айқындалуы мүмкін.

      6. Қажет кезде уәкілетті органдар мен Еуразиялық экономикалық комиссия Brent маркалы мұнай бағасын басқа маркалардағы (маркалар кәрзеңкесі) мұнай бағасына қайта есептеуі, сондай-ақ бағаны басқа валюталар мен метрикалық өлшемдерде айқындауы мүмкін.

ІІ. Әлемдік экономиканың даму қарқындарының болжамы

      7. Әлемдік экономиканың даму қарқындары болжамының сыртқы параметрлерінің аралық сандық мәндері алдыңғы жылмен салыстырғанда бір жылға орта есеппен пайыздармен айқындалады.

      8. Әлемдік экономиканың даму қарқындары болжамының сыртқы параметрлерінің аралық сандық мәндері болжамдық кезеңнің әрбір жылына көрсеткіштер мәндерінің жоғарғы және төменгі шектерін айқындау арқылы белгіленеді.

      9. Әлемдік экономика өсуінің болжамдық қарқындарының аралық шектері 0,1 пайызға дейінгі дәлдікпен айқындалады. Ағымдағы жылға шектер 0,01 пайызға дейінгі дәлдікпен айқындалуы мүмкін.

      10. Әлемдік экономиканың өсу қарқыны сатып алу қабілетінің негізінде есептеледі.".


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады