Агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі консультативтік комитет туралы ереже туралы

Жаңа

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2015 жылғы 19 мамырдағы № 58 шешімі

      Еуразиялық экономикалық комиссия туралы ереженің 7 және 44-тармақтарына сәйкес (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 1 қосымша) Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы шешті:

      1. Агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі консультативтік комитет туралы қоса беріліп отырған Ереже бекітілсін.

      2. Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының "Агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі консультативтік комитет туралы" 2012 жылғы 19 шілдедегі № 13 шешімінің 2-тармағы екінші абзацының күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      Еуразиялық экономикалық комиссия
Алқасының Төрағасы
В. Христенко

  Еуразиялық экономикалық комиссия
Алқасының 2015 жылғы 19 мамырдағы
№ 58 шешімімен
БЕКІТІЛГЕН

Агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі консультативтік комитет туралы
ЕРЕЖЕ

І. Жалпы ережелер

      1. Агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі консультативтік комитет (бұдан әрі – Комитет) Еуразиялық экономикалық комиссия туралы ереженің 7 және 44-тармақтарына сәйкес (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 1 қосымша) Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының (бұдан әрі тиісінше – Алқа, Комиссия) жанынан құрылады.

      Комитет Комиссияның 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 94 және 95-баптарына сәйкес келісілген (үйлестірілген) агроөнеркәсіптік саясат жүргізу, ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің (бұдан әрі тиісінше – мүше мемлекеттер, Одақ) агроөнеркәсіптік кешені саласындағы бағдарламалары мен жобаларын әзірлеу және іске асыру барысы жөніндегі консультативтік орган болып табылады.

      2. Комитет өз қызметінде 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты, Одақ құқығын құрайтын басқа да халықаралық шарттар мен актілерді, Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2014 жылғы 23 желтоқсандағы № 98 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық комиссияның Жұмыс регламентін, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

ІІ. Комитеттің негізгі міндеттері мен функциялары

      3. Комитеттің негізгі міндеттері:

      а) Комиссия үшін келісілген (үйлестірілген) агроөнеркәсіптік саясат мәселелері бойынша ұсынымдар әзірлеу;

      б) мүше мемлекеттердің өкілдерімен келісілген (үйлестірілген) агроөнеркәсіптік саясат мәселелері бойынша консультациялар жүргізу;

      в) Одақ шеңберінде келісілген (үйлестірілген) агроөнеркәсіптік саясат жүргізуде бірыңғай тәсілдемелер қалыптастыру мәселелері бойынша Комиссия үшін ұсыныстар тұжырымдау болып табылады.

      4. Өзіне жүктелген міндеттерді іске асыру үшін Комитет мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      а) Комиссия үшін мынадай мәселелер бойынша ұсыныстар дайындайды:

      агроөнеркәсіптік кешенді Одақ шеңберінде дамытудың басымдықтарын айқындау;

      Дүниежүзілік сауда ұйымының талаптарына сай келетін келісілген (үйлестірілген) агроөнеркәсіптік саясаттың тиімді тетіктері мен құралдарын қалыптастыру;

      Одақ шеңберінде агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекетаралық бағдарламалар мен жобаларды әзірлеу және іске асыру;

      агроөнеркәсіптік саясат саласында Одақ құқығына кіретін халықаралық шарттар мен актілердің жобаларын әзірлеу және мүше мемлекеттердің ауыл шаруашылығын мемлекет қолдауына ұсыну;

      агроөнеркәсіптік кешен саласында өндірістік-техникалық кооперацияның және өндірістік интеграцияның нарықтық нысандарының дамуына жәрдемдесу;

      мүше мемлекеттердің ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдауын Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау шаралары туралы хаттамаға (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 29 қосымша) сәйкес ұсыну;

      агроөнеркәсіптік кешеннің бәсекеге қабілеттілігін және инновациялық және экспорттық әлеуетін арттыру мақсатында ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамытуға жәрдемдесу;

      б) Одақ шеңберінде ауыл шаруашылық өнімдері мен азық-түліктің негізгі түрлері бойынша сұраныс пен ұсыныстың болжамдық баланстарын қалыптастырудың бірыңғай қағидасын қарайды;

      в) өзге де функцияларды жүзеге асырады.

ІІІ. Комитет құрамы

      5. Комитет құрамы мүше мемлекеттердің атқарушы билік органдарының басшыларынан (басшылардың орынбасарларынан) және уәкілетті өкілдерінен қалыптастырылады.

      Алқа Комитет құрамын қалыптастыру үшін мүше мемлекеттерден мүше мемлекеттердің атқарушы билік органдарының уәкілетті өкілдерінің кандидатуралары бойынша ұсыныстар сұратады.

      Мүше мемлекеттердің ұсыныстары бойынша Комитет құрамына бизнес-қоғамдастықтың, ғылыми және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, өзге де тәуелсіз сарапшылар кіруі мүмкін.

      Мүше мемлекеттер мүше мемлекеттердің атқарушы билік органдарының Комитеттегі уәкілетті өкілдерін ауыстырудың қажеттігі туралы Алқаға уақытылы хабарлайды, сондай-ақ оның құрамына өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныс береді.

      Комитет құрамы Алқаның өкімімен бекітіледі.

      6. Комитеттің отырыстарында Алқа мүшесі төрағалық етеді және ол құзыретіне өнеркәсіптің және агроөнеркәсіптік кешеннің мәселелері жататындықтан Комитет жұмысына жалпы басшылықты (бұдан әрі - Комитет төрағасы) жүзеге асырады.

      7. Комитет төрағасы:

      а) Комитет қызметіне басшылық жасайды және Комитетке жүктелген міндеттердің орындалуы жөніндегі жұмысты ұйымдастырады;

      б) Комитет отырысының күн тәртібін келіседі және бекітеді, оны өткізудің күнін, уақыты мен орнын айқындайды.

      в) Комитет отырысын жүргізеді;

      г) Комитет отырысының хаттамаларын бекітеді;

      д) Комиссия Алқасы мен Кеңесін Комитет тұжырымдаған ұсынымдар жөнінде хабардар етеді;

      е) жұмыс (сараптама) топтары және олардың құрамы туралы ережені бекітеді;

      ж) Комиссия Алқасы мен Кеңесінің отырыстарында және өзге де органдармен және ұйымдармен өзара қатынастарда Комитет атынан өкілдік етеді;

      з) Комитет төрағасының орынбасарын тағайындайды;

      и) Комитет құзыретінің шегінде өзге де функцияларды жүзеге асырады.

      8. Комитет төрағасының орынбасары болып құзыретіне Комитет қызметінің бағыттары жөніндегі мәселелер кіретін Комиссия департаментінің басшысы тағайындалады.

      9. Комитет төрағасының орынбасары Комитет төрағасы жоқ болған жағдайда немесе оның тапсырмасы бойынша осы Ереженің 7-тармағында көзделген Комитет төрағасының функцияларын орындайды.

      10. Комитеттің жауапты хатшысын Комитет төрағасы Комиссияның құзыреттеріне Комитет қызметінің бағыттары жөніндегі мәселелер кіретін лауазымды адамдарының немесе қызметкерлерінің арасынан тағайындайды.

      11. Комитеттің жауапты хатшысы:

      а) Комитет төрағасының және Комитет мүшелерінің ұсыныстары бойынша Комитет отырысының күн тәртібі жобасын дайындайды және оны Комитет төрағасына бекітуге береді;

      б) Комитет отырысының күн тәртібі жобасына материалдардың дайындалуы мен ұсынылуына бақылауды жүзеге асырады;

      в) Комитет отырысының бекітілген күн тәртібін және олардың материалдарын даярлап, Комитет мүшелеріне жібереді;

      г) Комитет мүшелерімен Комитеттің кезекті отырысының өткізілетін күні, уақыты және орны туралы келіседі және хабардар етеді;

      д) Комитет отырысының хаттамасын жүргізеді және оны Комитет төрағасына бекітуге береді.

      е) Комитет отырыстарының жоспарын жасайды және оны Комитет мүшелерінің назарына жеткізеді;

      ж) Комитет отырыстарының нәтижелері бойынша әзірленген қорытынды құжаттардың дайындалуын және Комитет мүшелерінің назарына жеткізілуін ұйымдастырады;

      з) Комитеттің хаттамалық шешімдерінің орындалуын бақылауды жүзеге асырады.

      12. Комитет төрағасының шақыруымен Комитет отырысына мүше мемлекеттерден қажетті біліктілігі бар тәуелсіз сарапшылар қатысуы мүмкін.

      Комитет төрағасының шақыруымен Комиссияның Комитет отырысында қаралатын мәселелер құзыреттеріне жататын лауазымды адамдары мен қызметкерлері Комитет отырысына қатысуы мүмкін.

      13. Комитет қызметінің бағыттары бойынша мәселелерді шешу үшін Комитет жанынан жұмыс (сараптама) топтары құрылуы мүмкін.

      Жұмыс (сараптама) топтарының құрамы құзыреттеріне агроөнеркәсіп кешенінің мәселелері жататын мүше мемлекеттер атқарушы билік органдарының, салалық қоғамдық бірлестіктердің, ұйымдардың уәкілетті өкілдері арасынан қалыптастырылады.

ІV. Комитеттің жұмыс тәртібі

      14. Комитет отырысы қажеттілігіне қарай өткізіледі.

      15. Комитет отырысын өткізу туралы шешімді Комитет төрағасы қабылдайды.

      16. Комитет отырысы күн тәртібінің жобасын қалыптастыру жөніндегі ұсыныстарды Комитет мүшелері Комитет төрағасына жібереді.

      Комитет отырысының күн тәртібіне енгізуге мәселелер ұсынған Комитет мүшелері Комитеттің жауапты хатшысына ұсынылған мәселелер бойынша ақпараттар мен материалдардың берілуін қамтамасыз етеді.

      17. Комитет төрағасы мүше мемлекеттердің атқарушы билігінің уәкілетті органдарынан және Комитет мүшелерінен Комитеттің құзыретіне жататын мәселелер бойынша материалдар мен ақпараттарды белгіленген тәртіппен сұратуға құқылы.

      18. Комитет отырысының күн тәртібіне қатысты материалдар мыналарды қамтиды:

      а) қаралатын мәселелер жөнінде анықтамалар;

      б) қарауға ұсынылатын құжаттардың жобалары (бар болған кезде);

      в) хаттамалық шешімдердің жобалары;

      г) Комиссияға арналған ұсынымдардың жобалары;

      д) қажетті анықтамалық және талдамалық материалдар.

      19. Комитеттің жауапты хатшысы Комитет мүшелеріне Комитет отырысының күн тәртібін және оның материалдарын, соның ішінде электрондық түрдегі материалдарды Комитет отырысы өткізілетін күнге дейін 15 жұмыс күнінен кешіктірмей жібереді.

      20. Комитет отырысы, әдетте, Комиссияның үй-жайларында өткізіледі.

      Агроөнеркәсіп саласындағы уәкілетті органдардың ұсыныстары негізінде Комитет төрағасы қабылдайтын шешім бойынша Комитет отырысы кез келген мүше мемлекетте өткізілуі мүмкін. Бұл жағдайда қабылдаушы мүше мемлекет Комитет отырысын ұйымдастыруға және өткізуге жәрдемдеседі.

      Комитет төрағасының шешімімен Комитет отырысы бейнеконференция режимінде өткізілуі мүмкін.

      21. Әрбір мүше мемлекеттен кем дегенде бір Комитет мүшесінің өкілдік етуі қамтамасыз етілсе, Комитет отырысы құқылы деп танылады.

      Комитет мүшелері Комитет отырыстарына ауыстыру құқығынсыз жеке өздері қатысады.

      Комитет мүшесінің отырысқа қатысуы мүмкін болмаған жағдайда ол қаралатын мәселе бойынша өз пікірін Комитет төрағасына жазбаша нысанда күні бұрын беруге құқылы.

      22. Егер олардың пікірінше, аталған мәселе қосымша пысықтауды талап етсе, Комитет мүшелері мәселені Комитеттің қарауынан алып тастауды ұсына алады.

      23. Комитет мүшелері Комитет отырысында мәселелерді талқылау кезінде тең құқыққа ие.

      Комитет шешімі отырысқа қатысушы Комитет мүшелерінің жай көпшілік даусымен қабылданады. Мүше мемлекеттердің Комитет мүшелері жиынтығында 1 дауысты иеленеді.

      "Жақтап" және "қарсы" дауыс беру саны бірдей болған жағдайда мәселе пысықтауға жіберіледі.

      Комитет отырысының нәтижелері хаттамамен ресімделеді, онда Комитет мүшелерінің ұстанымдары тіркеледі.

      Егер Комитетте қаралған мәселе бойынша Комитет мүшесінің ерекше пікірі болса, ол жазбаша нысанда мазмұндалып, Комитет отырысының хаттамасына қоса тіркеледі. Комитет отырысының хаттамасына, сондай-ақ қарастырылып отырған құжаттардың жобалары бойынша ұсыныстар, анықтамалық және талдамалық материалдар және тиісті негіздемелер қоса тіркелуі мүмкін.

      Комитет мүшелерінің Комитет отырыстарында берген ұсыныстары мүше мемлекеттердің түпкілікті ұстанымы ретінде қарастырылмайды.

      Комитет отырысының хаттамасына Комитеттің жауапты хатшысы қол қояды, оны Комитет төрағасы Комитет отырысы өткен күннен бастап 3 жұмыс күнінен кешіктірмей бекітеді.

      Комитет төрағасының шешімімен Комитет отырысының хаттамасы немесе оның үзінді-көшірмесі Комитет отырысына шақыру бойынша қатысқан адамдарға жіберіледі.

      Комитет отырысының хаттамалары Комитеттің жауапты хатшысында сақталады.

      24. Мүше мемлекеттердің мемлекеттік билік органдары уәкілетті өкілдерінің Комитет отырысына қатысуына байланысты шығындарын оларды жіберген мүше мемлекеттер көтереді.

      Бизнес-қоғамдастық, ғылыми және қоғамдық ұйымдар өкілдерінің, өзге де тәуелсіз сарапшылардың Комитет отырысына қатысуына байланысты шығындарын көрсетілген адамдар дербес көтереді.

      25. Комитет қызметін ұйымдық-техникалық қамтамасыз етуді Комиссия жүзеге асырады.


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады