Ветеринариялық бақылауға (қадағалауға) жататын тауарларға қойылатын бірыңғай ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптарға өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2016 жылғы 2 ақпандағы № 14 шешімі

      2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 58-бабының 2-тармағына және Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2014 жылғы 23 желтоқсандағы № 98 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық комиссияның Жұмыс регламентіне № 2 қосымшаның 22-тармағына сәйкес Еуразиялық экономикалық комиссияның Алқасы шешті:

      1. Қосымшаға сәйкес Кеден одағы Комиссиясының 2010 жылғы 18 маусымдағы № 317 шешімімен бекітілген Ветеринариялық бақылауға (қадағалауға) жататын тауарларға қойылатын бірыңғай ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптарға өзгерістер енгізілсін.

      2. Осы Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      Еуразиялық экономикалық комиссия
Алқасының Төрағасы
Т. Саркисян

  Еуразиялық экономикалық
комиссия Алқасының
2016 жылғы 2 ақпандағы
№ 14 шешіміне
ҚОСЫМША

Ветеринариялық бақылауға (қадағалауға) жататын тауарларға қойылатын бірыңғай

ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптарға енгізілетін

ӨЗГЕРІСТЕР

      1. "Жалпы ережелер" деген бөлім үшінші абзацтан кейін мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:

      "Мүше мемлекеттер арасында жеке пайдалану үшін саны 2 бастан аспайтын жануарларды алып өтетін тұлғалар Еуразиялық экономикалық одақтың Кәсіпорындар тізіліміне енгізілуге жатпайды.".

      2. 35-тараудың он бесінші абзацында және 37-тараудың сегізінші абзацында "Шикізат" деген сөз "Жем-шөп және жем-шөп қоспаларын өндіру процесінде пайдаланылатын шикізат" деген сөздермен ауыстырылсын.

      3. Мынадай мазмұндағы 43-тараумен толықтырылсын:

"43-тарау

Шошқа эмбриондарын Еуразиялық экономикалық одақтың
кедендік аумағына әкелу және (немесе) мүше мемлекеттер
арасында алып өту кезіндегі

ВЕТЕРИНАРИЯЛЫҚ-САНИТАРИЯЛЫҚ ТАЛАПТАР

      Асыл тұқымды сау жануарлардан алынған эмбриондарды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелуге және (немесе) мүше мемлекеттер арасында алып өтуге жол беріледі.

      Аталық шошқалар соңғы 40 күн бойы сперма іріктеу орталықтарында және (немесе) жасанды ұрықтандыру орталықтарында, ал эмбриондардардың донорлары – аналық шошқалар жануарлардың жұқпалы ауруларынан таза жасанды ұрықтандыру шаруашылықтарында және (немесе) орталықтарында ұсталуға, туғанынан бастап немесе сперма немесе эмбриондар алынғанға дейін кемінде 6 ай экспорттаушы елде болуға тиіс және соңғы 12 ай ішінде елге әкелінген жануарлармен байланысқа түспеген болуға тиіс.

      Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінетін және мүше мемлекеттер арасында алып өткізілетін шошқаның эмбриондары регионализацияға сәйкес жануарлардың мынадай жұқпалы ауруларынан таза елдерден немесе әкімшілік аумақтардан шығуға тиіс:

      - шошқаның африкалық обасы – соңғы 36 ай бойы;

      - аусыл, шошқаның классикалық обасы – соңғы 12 ай бойы;

      - шошқаның везикулярлық ауруы – соңғы 24 ай бойы.

      Эмбриондардың донорлары – аналық шошқаларды ұрықтандыруға арналған сперма осы Талаптардың 8-тарауының талаптарына сәйкес келуге тиіс.

      Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінетін және мүше мемлекеттер арасында алып өткізілетін шошқаның эмбриондары жануарлардың мынадай жұқпалы ауруларынан таза шошқа эмбриондарын алу жөніндегі шаруашылықтардан және (немесе) жасанды ұрықтандыру орталықтарынан алынуға тиіс:

      - туберкулез, бруцеллез, шошқаның репродуктивтік-респираторлық синдромы, шошқаның тексовирусты энцефаломиелиті (Тешен ауруы немесе шошқаның энтеровирусты энцефаломиелиті) – соңғы 6 ай бойы;

      - Ауески ауруы (жалған құтыру) – соңғы 12 ай бойы;

      - лептоспироз – соңғы 3 ай бойы;

      - күйдіргі – соңғы 20 күн бойы.

      Эмбриондардың донорлары – аналық шошқалар 12 ай ішінде 1 реттен сиретпей зертханада (белгіленген тәртіппен аккредиттелген немесе сертификатталған) ХЭБ ұсынған әдістермен (болған кезде) мынадай ауруларға теріс нәтижесі бар тестілеуден өтуге тиіс: шошқаның классикалық обасы, Ауески ауруы, шошқаның репродуктивтік-респираторлық синдромы, вирустық трансмиссивтік гастроэнтерит, шошқаның везикулярлы ауруы, туберкулез, бруцеллез, лептоспироз, хламидиоз.

      Эмбриондардың донорлары – аналық шошқалардан эмбриондар алынғаннан кейін олар кемінде 30 күн ветеринариялық дәрігердің қадағалауында болуға тиіс.

      Осы тарауда көрсетілген жануарлардың жұқпалы аурулары анықталған жағдайда шошқа эмбриондарын Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік одағына әкелуге және (немесе) оларды мүше мемлекеттер арасында алып өтуге тыйым салынуға тиіс.

      Егер сұрау салушы мүше мемлекеттің аумағында осы аурулардың профилактикасы және (немесе) оларды жою жөніндегі бағдарлама жүргізіліп жатқан жағдайда ғана мүше мемлекеттің уәкілетті органы ХЭБ-тың басқа тізімдік ауруларына зерттеуді сұрата алады.

      Шошқа эмбриондары ХЭБ кодексінің ұсынымдарына сәйкес іріктеліп, сақталуға және тасымалдануға тиіс.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады