Техникалық реттеу, санитариялық, ветеринариялық және фитосанитариялық шараларды қолдану жөніндегі консультативтік комитет туралы

Жаңа

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2017 жылғы 24 сәуірдегі № 37 шешімі

      Еуразиялық экономикалық комиссия туралы ереженің (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 1 қосымша) 7 және 44-тармақтарына сәйкес Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы шешті:

      1. Қоса беріліп отырған Техникалық реттеу, санитариялық, ветеринариялық және фитосанитариялық шараларды қолдану жөніндегі консультативтік комитет туралы ереже бекітілсін.

      2. Мыналардың:

      Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2012 жылғы 18 қыркүйектегі "Техникалық реттеу, санитариялық, ветеринариялық және фитосанитариялық шараларды қолдану жөніндегі консультативтік комитет туралы" № 161 шешімінің 1-тармағы екінші абзацының;

      Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2013 жылғы 26 наурыздағы "Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2012 жылғы 18 қыркүйектегі № 161 шешіміне өзгерістер енгізу туралы" № 56 шешімінің 1-тармағы "а" тармақшасының күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      Еуразиялық экономикалық комиссия
Алқасының Төрағасы
Т. Саркисян

  Еуразиялық экономикалық
комиссия Алқасының
2017 жылғы 24 сәуірдегі
№ 37 шешімімен
БЕКІТІЛГЕН

Техникалық реттеу, санитариялық, ветеринариялық және фитосанитариялық
шараларды қолдану жөніндегі консультативтік комитет туралы
ЕРЕЖЕ

І. Жалпы ережелер

      1. Техникалық реттеу, санитариялық, ветеринариялық және фитосанитариялық шараларды қолдану жөніндегі консультативтік комитет (бұдан әрі – Комитет) Еуразиялық экономикалық комиссия туралы ереженің (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 1 қосымша) 7 және 44-тармақтарына сәйкес Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы (бұдан әрі тиісінше – Комиссия, Алқа) жанында құрылады.

      Комитет Комиссияның техникалық реттеу, стандарттау, сәйкестікті бағалау жөніндегі органдарды аккредиттеу, өлшем бірлігін қамтамасыз ету және Одақ шеңберінде санитариялық, ветеринариялық-санитариялық және карантиндік фитосанитариялық шараларды қолдану мәселелері бойынша ұсыныстар, ұсынымдар әзірлеуді және консультациялар өткізуді қамтамасыз ететін консультативтік органы болып табылады.

      2. Комитет өз қызметінде 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты, Еуразиялық экономикалық одақ (бұдан әрі – Одақ) құқығын құрайтын басқа да халықаралық шарттар мен актілерді, Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2014 жылғы 23 желтоқсандағы № 98 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық комиссияның Жұмыс регламентін, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

ІІ. Комитеттің негізгі міндеттері

      3. Комитеттің негізгі міндеттері:

      а) Комиссия үшін мынадай:

      техникалық реттеу, стандарттау, сәйкестікті бағалау жөніндегі органдарды аккредиттеу, өлшем бірлігін қамтамасыз ету және Одақ шеңберінде санитариялық, ветеринариялық-санитариялық және карантиндік фитосанитариялық шараларды қолдану салаларындағы Одақ құқығына кіретін актілерді жетілдіру;

      2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты, техникалық реттеу, стандарттау, сәйкестікті бағалау жөніндегі органдарды аккредиттеу, өлшем бірлігін қамтамасыз ету және Одақ шеңберінде санитариялық, ветеринариялық-санитариялық және карантиндік фитосанитариялық шараларды қолдану салаларындағы Одақ құқығын құрайтын халықаралық шарттар мен актілерді іске асыру кезінде техникалық реттеу, стандарттау, денсаулық сақтау, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы, ветеринария, өсімдіктер карантині, ауыл шаруашылығы, Одақ шеңберінде өлшем бірлігін қамтамасыз ету, Одақтың техникалық регламенттері талаптарын сақтауға мемлекеттік бақылауды (қадағалауды) жүзеге асыруға уәкілетті сәйкестікті бағалау жөніндегі органдарды тіркеу салаларындағы уәкілетті, сондай-ақ Комиссиямен өзара іс-қимыл жасауға уәкілетті Одаққа мүше мемлекеттердің мемлекеттік билік органдарының (бұдан әрі тиісінше – уәкілетті органдар) келісілген іс-қимылын қамтамасыз ету;

      техникалық реттеу, стандарттау, сәйкестікті бағалау жөніндегі органдарды аккредиттеу, өлшем бірлігін қамтамасыз ету және Одақ шеңберінде санитариялық, ветеринариялық-санитариялық және карантиндік фитосанитариялық шараларды қолдану салаларындағы нормативтік құқықтық реттеуді жетілдірудің жай-күйі мен бағыттарын бағалау мәселелері бойынша ұсыныстар дайындау;

      б) техникалық реттеу, стандарттау, сәйкестікті бағалау жөніндегі органдарды аккредиттеу, өлшем бірлігін қамтамасыз ету және Одақ шеңберінде санитариялық, ветеринариялық-санитариялық және карантиндік фитосанитариялық шараларды қолдану салаларындағы талаптарды енгізу, қолдану, өзгерту немесе олардың қолданысын тоқтату мәселелері жөніндегі актілердің жобалары бойынша ұсыныстар дайындау, соның ішінде Комиссия ұсынымдарының тиісті жобаларын дайындау;

      в) Комиссия үшін Одақтың техникалық регламенттерінің жобалары (оларға өзгерістер енгізу) және техникалық реттеу, стандарттау, сәйкестікті бағалау жөніндегі органдарды аккредиттеу, өлшем бірлігін қамтамасыз ету және Одақ шеңберінде санитариялық, ветеринариялық-санитариялық және карантиндік фитосанитариялық шараларды қолдану салаларындағы актілердің жобалары бойынша ұсыныстар дайындау, соның ішінде көрсетілген жобалар бойынша уәкілетті органдар арасында келіспеушіліктер тудырған мәселелерді талқылау;

      г) уәкілетті органдармен консультациялар өткізу және Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2016 жылғы 17 наурыздағы № 7 өкімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының немесе Кеңесінің шешімін қабылдар алдында Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы Техникалық реттеу, санитариялық, ветеринариялық-санитариялық және карантиндік фитосанитариялық шараларды қолдану жөніндегі консультативтік комитет шеңберінде консультациялар өткізуге міндетті мәселелердің тізбесіне (бұдан әрі - мәселелердің тізбесі) енгізілген мәселелер бойынша Комиссия үшін ұсынымдар дайындау;

      д) Одақ шеңберінде санитариялық, ветеринариялық-санитариялық және карантиндік фитосанитариялық шараларды қолдану саласындағы Одақ органдары актілерінің халықаралық стандарттарға, Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2012 жылғы 6 қарашадағы № 212 шешімімен бекітілген Санитариялық, ветеринариялық және фитосанитариялық шараларды қолдану саласында нормативтік құқықтық актілерге сараптама жүргізудің бірыңғай тәртібі туралы ережеге сәйкес шешімдер мен ұсынымдарға сәйкес келуіне сараптаманы жүзеге асыру;

      е) техникалық реттеу, стандарттау, сәйкестікті бағалау жөніндегі органдарды аккредиттеу, өлшем бірлігін қамтамасыз ету және Одақ шеңберінде санитариялық, ветеринариялық-санитариялық және карантиндік фитосанитариялық шараларды қолдану салаларындағы өзге де мәселелерді қарау болып табылады.

ІІІ. Комитеттің құрамы

      4. Комитеттің құрамы мүше мемлекеттердің ұсыныстары негізінде уәкілетті органдардың басшыларынан (басшыларының орынбасарларынан) қалыптастырылады.

      5. Мүше мемлекеттердің ұсынысы бойынша Комитет құрамына бизнес-қоғамдастықтардың, ғылыми және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, өзге де тәуелсіз сарапшылар (әр мүше мемлекеттен 3 адамнан аспайтын) кіргізілуі мүмкін.

      Комитет құрамы Комиссия Алқасының өкімімен бекітіледі.

      6. Уәкілетті органдардың және Комитет мүшелерінің ұсыныстары бойынша Комитет отырыстарына Комитет қызметінің бағыттары жөніндегі мәселелер құзыреттеріне жатқызылған мүше мемлекеттердің сарапшылары қатыса алады.

      Комитет төрағасының шақыруы бойынша Комитет отырыстарына Комитет отырысында қаралатын мәселелер құзыреттеріне жатқызылған Комиссияның лауазымды адамдары мен қызметкерлері қатыса алады.

      Комитет отырыстарына Комитет отырысында қарау үшін жоспарланған Комиссия актілерінің жобаларына қатысты реттеуші әсерді бағалау жүргізген Комиссияның лауазымды адамдары мен қызметкерлерінің өкілдері де қатыса алады.

      7. Техникалық реттеу, санитариялық, ветеринариялық-санитариялық және карантиндік фитосанитариялық шараларды қолдану мәселелері құзыретіне жатқызылған Алқа мүшесі Комитет отырыстарына төрағалық етеді (бұдан әрі – Комитет төрағасы) және Комитет жұмысына жалпы басшылықты жүзеге асырады.

      8. Комитет төрағасы:

      а) Комитет қызметіне басшылық жасайды және Комитетке жүктелген міндеттерді орындау жөніндегі жұмысты ұйымдастырады;

      б) Комитет отырысына қатысатын Комитет мүшелерімен келісу бойынша Комитет отырысының күн тәртібін бекітеді және оны өткізу күнін, уақытын және орнын айқындайды;

      в) Комитет отырысын жүргізеді;

      г) Комитет отырыстарының хаттамаларына қол қояды;

      д) Комиссия Алқасы мен Кеңесін Комитет тұжырымдаған ұсынымдар туралы хабардар етеді;

      е) Комиссия Алқасының отырыстарында және өзге де органдармен және ұйымдармен өзара қарым-қатынастарда Комитетті білдіре алады;

      ж) Комитеттің жауапты хатшысын тағайындайды;

      9. Комитеттің жауапты хатшысы Комитеттің шешімі бойынша, Комитет қызметінің бағыттары бойынша мәселелер құзыретіне кіретін Комиссияның лауазымды адамдарының арасынан тағайындалады.

      Комитеттің жауапты хатшысын тағайындау туралы ақпарат Комитет отырысының хаттамасына енгізіледі.

      10. Комитеттің жауапты хатшысы:

      а) Комитет отырысы күн тәртібінің жобасын дайындауды және оны Комитет төрағасына бекітуге беруді қамтамасыз етеді;

      б) Комитет мүшелеріне Комитет отырысы күн тәртібінің жобасын және оған қатысты материалдарды жібереді;

      в) Комитет мүшелерін Комитет отырысының өткізілетін күні, уақыты және орны туралы хабардар етеді;

      г) Комитеттің отырысына және күн тәртібі жобасына қатысты материалдардың дайындалуы мен берілуін бақылауды жүзеге асырады;

      д) ) Комитет отырысының хаттамасын жүргізуді қамтамасыз етеді және оны Комитет төрағасының қол қоюы үшін береді;

      е) Комитет отырысының нәтижелері бойынша дайындалған Комитеттің қорытынды құжаттардын дайындауды және Комитет мүшелеріне жіберуді ұйымдастырады;

      ж) Комитеттің хаттамалық шешімдерінің орындалуын бақылауды жүзеге асырады.

      з) Комитет төрағасының тапсыруы бойынша осы Ереженің 8-тармағының "а" - "е" тармақшаларында көзделген функцияларды орындайды.

ІV. Комитеттің кіші комитеттері, сарапшы және жұмыс топтары

      11. Комитетте Комитет шешімі бойынша Комитет қызметінің 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қайшы келмейтін бөлігінде мынадай бағыттар:

      а) техникалық регламенттер және стандарттар;

      б) өлшеу бірлігін қамтамасыз ету;

      в) аккредиттеу және сәйкестікті бағалау;

      г) Одақтың техникалық регламенттерінің талаптарын сақтауды мемлекеттік бақылау (қадағалау);

      д) санитариялық шаралар;

      е) ветеринариялық-санитариялық шаралар;

      ж) карантиндік фитосанитариялық шаралар;

      з) құрылыстағы техникалық реттеу;

      и) Комитет қызметінің өзге де бағыттары бойынша кіші комитеттер құрылуы мүмкін.

      12. Қажет болған кезде Комитет шешімі бойынша Комитет жанында нақты міндеттерді шешу үшін сарапшы және жұмыс топтары құрылуы мүмкін.

      13. Кіші комитеттер, сарапшы және жұмыс топтары туралы ережелер, олардың құрамы мен төрағалары мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары мен сарапшыларының ұсыныстары негізінде Комитет шешімі бойынша бекітіледі.

V. Комитеттің жұмыс тәртібі

      14. Комитет отырысы қажет болған кезде сирек дегенде тоқсанына 1 рет өткізіледі.

      15. Комитет отырысын өткізу туралы шешімді Комитет төрағасы қабылдайды.

      16. Комитет отырысы күн тәртібінің жобасы тақырыптық блоктар бойынша Комитет төрағасы ұсыныстарының, сондай-ақ уәкілетті органдардан түскен ұсыныстардың негізінде қалыптастырылады және әдетте 10 мәселеден аспайды. Комитет отырысы күн тәртібінің жобасында Комитет отырысының өткізілетін күні, уақыты және орны көрсетіледі.

      17. Комитет отырысының күн тәртібіне берілетін материалдар:

      а) қаралатын мәселелер бойынша анықтамаларды;

      б) қарауға ұсынылатын құжаттардың жобаларын (бар болған кезде);

      в) хаттамалық шешімдердің жобаларын;

      г) Одақ органдары актілерінің жобаларын (қажет болған кезде);

      д) қажетті анықтамалық және талдамалық материалдар мен болжамдарды қамтиды.

      18. Комитеттің жауапты хатшысы Комитет отырысы өткізілетін күнге дейін күнтізбелік 30 күннен кешіктірмей (соның ішінде электрондық пошта мекенжайына электрондық жіберілім арқылы электрондық түрде (бұған мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес мемлекеттік құпияға (мемлекеттік құпияларға) немесе таратылуы шектеулі мәліметтерге жатқызылған мәліметтерді қамтитын құжаттар қосылмайды):

      Комитет мүшелеріне - Комитет отырысы күн тәртібінің жобасын (Комитет отырысы күн тәртібінің жобасына берілетін материалдар Одақтың ресми сайтында Комитет мүшелерінің жеке кабинеттерінде орналастырылады);

      мүше мемлекеттердің үкіметтеріне - Комитет отырысы күн тәртібінің жобасын және оған берілетін материалдарды;

      басшысы (басшысының орынбасары) Комитет мүшесі болып табылмайтын, егер Комитет отырысы күн тәртібінің жобасына енгізілген мәселелер олардың құзыретіне жатқызылған болса, бұл жағдайда мүше мемлекеттердің мемлекеттік билік органдарына - Комитет отырысы күн тәртібінің жобасы мен оған берілетін материалдарды осы органдардың құзыреттеріне жатқызылған мәселелер бөлігінде жібереді.

      Комитеттің жауапты хатшысы Одақтың ресми сайтында Комитет отырысы күн тәртібінің жобасы мен қаралатын мәселелер бойынша анықтамаларды орналастыруды қамтамасыз етеді.

      19. Комитет мүшелері Комитет отырысы өткізілетін күнге дейін күнтізбелік 15 күннен кешіктірмей Комитет отырысы күн тәртібінің жобасына қосымша мәселелерді енгізу туралы (осы Ереженің 17-тармағында көрсетілген материалдарды қоса бере отырып) ұсыныстар беруге құқылы. Аталған мерзімнен кеш түскен ұсыныстар Комитеттің келесі отырысының күн тәртібі жобасына қосылады. Комитеттің жауапты хатшысы Комитет отырысы күн тәртібінің жобасына қосымша мәселелер енгізу туралы ақпаратты Комитет отырысы өткізілетін күнге дейін күнтізбелік 10 күннен кешіктірмей Комитет мүшелеріне жібереді.

      20. Комитет мүшелері, егер олардың пікірі бойынша, аталған мәселе қосымша пысықтауды талап етсе, тиісті негіздемелер келтіре отырып, мәселені Комитеттің қарауынан алып тастауды ұсына алады.

      21. Комитет отырыстары әдетте Комиссияның үй-жайларында өткізіледі. Комиссияның үй-жайларында өткізілетін Комитет отырыстары қызметін ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз етуді Комиссия жүзеге асырады.

      Комитет отырысы мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының ұсыныстары негізінде қабылданатын Комитет төрағасының шешімі бойынша кез келген мүше мемлекеттің бірінде өткізілуі мүмкін. Бұл жағдайда қабылдаушы мүше мемлекет Комитет отырысын ұйымдастыруға және өткізуге жәрдем көрсетеді.

      Комитет төрағасының және Комитет мүшелерінің ұсыныстары бойынша Комитет отырысы бейнеконференция режимінде өткізілуі мүмкін.

      22. Егер Комитет мүшелерінің жалпы санының кем дегенде жартысы қатысса, бұл ретте әрбір мүше мемлекеттің өкілдігі қамтамасыз етілсе, Комитет отырысы құқылы болып танылады.

      Комитет мүшелері Комитет отырыстарына жеке өздері қатысады.

      Айрықша жағдайда, егер Комитет мүшесінің Комитет отырысына қатысуы мүмкін болмаса, ол Комитет отырысы өткізілетін күнге дейін 2 жұмыс күнінен кешіктірмей Комитет төрағасына қаралатын мәселелер бойынша өз позициясын жазбаша нысанда ұсынуға және (немесе) уәкілетті органның уәкілетті адамын дауыс беру құқығынсыз Комитет отырысына қатысуға жіберуге құқылы.

      23. Комитет төрағасының шешімі бойынша жедел қарауды талап ететін жекелеген мәселелер бойынша дауыс беру сырттай нысанда өткізілуі мүмкін. Бұл жағдайда Комитеттің жауапты хатшысы осы Ереженің 17-тармағында көзделген материалдарды Комитет мүшелеріне электрондық түрде жібереді. Комитет мүшелерінің қаралатын мәселелер бойынша позициялары аталған материалдарды алған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде Комитет төрағасына жазбаша нысанда беріледі.

      Сырттай нысанда өткізілген дауыс беру нәтижелері хаттамамен ресімделеді, онда Комитет төрағасы Комитет мүшесінің қаралатын мәселелер бойынша позициясы туралы ақпарат бар соңғы хатты алған күннен бастап 10 жұмыс күнінен кешіктірмей Комитет мүшелерінің позициялары жазылып қойылады.

      24. Комитет шешімдері отырысқа қатысқан Комитет мүшелерінің қарапайым көпшілік дауысымен қаьылданады. Дауыс беру кезінде әрбір мүше мемлекеттен Комитет мүшесінің санына қарамастан әрбір мүше мемлекет 1 дауысқа ие болады.

      Комитет мүшелері Комитет отырысында мәселелерді талқылау кезінде тең құқықтарға ие болады.

      Комитет отырыстарының нәтижелері хаттамамен ресімделеді, онда Комитет мүшелерінің ұстанымдары жазылып қойылады.

      Хаттамаға Комитет отырысына қатысқан Комитет мүшелері виза қойғаннан кейін Комитет төрағасы Комитет отырысы аяқталған күні қол қояды.Бұл ретте қол қойылған хаттаманың көшірмесі Комитет отырысына қатысқан Комитет мүшелеріне сол күні беріледі.

      Комитет отырысы бейнеконференция режимінде өткізілген жағдайда Комитеттің жауапты хатшысы Комитет отырысына қатысқан Комитет мүшелеріне Комитет отырысы хаттамасының көшірмесін электрондық пошта арқылы жіберуді қамтамасыз етеді.

      Комитет мүшелері Комитеттің жауапты хатшысы Комитет отырысы хаттамасының көшірмесін жіберген күннен бастап 2 жұмыс күні ішінде жоба бойынша өз ұсыныстарын Комитеттің жауапты хатшысына электрондық пошта арқылы жіберуге құқылы.

      Комитеттің жауапты хатшысы Комитет мүшелерінің ұсыныстарын алған күннен бастап 2 жұмыс күні ішінде түскен ұсыныстарды ескере отырып Комитет отырысының хаттамасын пысықтауды және оны Комитет төрағасының қол қоюына беруді қамтамасыз етеді.

      Комитет отырысы бейнеконференция режимінде өткізілген жағдайда Комитет төрағасы Комитет отырысының хаттамасына Комитет отырысы өткізілген күннен бастап 7 жұмыс күні ішінде қол қояды.

      25. Егер Комитет мүшесінің Комиссия қарайтын мәселе бойынша айрықша пікірі бар болса, бұл жағдайда ол жазбаша нысанда баяндалады және Комитет отырысының хаттамасына қоса беріледі.

      Комитет мүшелерінің ұсыныстары мүше мемлекеттердің түпкілікті позициясы ретінде қарала алмайды.

      Комитет отырысының хаттамасына Комиссия актілерінің жобалары бойынша ұсыныстар, анықтамалық және талдамалық материалдар мен тиісті негіздемелер де қоса беріледі.

      26. Комитеттің жауапты хатшысы Комитет отырысы хаттамасының көшірмесін мүше мемлекеттердің үкіметтеріне, сондай-ақ Комитет мүшелеріне (хаттамаға Комитет отырысы өткізілген күні қол қойылған жағдайда) Комитет төрағасы хаттамаға қол қойған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде және (Комитет отырысы бейнеконференция режимінде өткізілген жағдайда) Комитет төрағасы хаттамаға қол қойған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде жіберуді қамтамасыз етеді. Комитет төрағасының ұсынысы бойынша Комитет отырысына қатысуға шақырылған адамдарға Комитет отырысы хаттамасының көшірмесі немесе одан үзінді көшірме жіберілуі мүмкін.

      Жауапты хатшы Комитет отырысы хаттамасының Одақтың ресми сайтында орналасуын қамтамасыз етеді.

      Комитет отырыстарының хаттамалары Комитеттің жауапты хатшысында сақталады.

      27. Комитет мәселені Комиссия Алқасының қарауынан тиісті негіздемелер келтіре отырып, соның ішінде оны одан әрі пысықтау рәсімін көрсете отырып алып тастауды ұсына алады.

      28. Комитет мүшелерінің және уәкілетті органдардың Комитет отырыстарына қатысуына байланысты шығыстарын оларды жіберген уәкілетті органдар көтереді.

      Бизнес-қоғамдастықтың, ғылыми және қоғамдық ұйымдар өкілдерінің, өзге де тәуелсіз сарапшылардың Комитет отырыстарына қатысуына байланысты шығыстарын аталған адамдар өз бетінше көтереді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады