Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің агроөнеркәсіп кешені саласындағы бірлескен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды ұйымдастыру тәртібі туралы

Жаңа

Еуразиялық үкіметаралық кеңестің 2017 жылғы 26 мамырдағы № 1 шешімі.

      2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 95-бабы 1-тармағының 6-тармақшасы мен 7-тармағының 11-тармақшасына сәйкес, Еуразиялық үкіметаралық кеңестің 2016 жылғы 13 сәуірдегі № 5 өкімін орындау үшін, ғылыми және инновациялық әлеуетті тиімді пайдалану, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің агроөнеркәсіп кешені саласындағы ынтымақтастығын дамыту мен тереңдету мақсатында Еуразиялық үкіметаралық кеңес ш е ш т і:

      Қоса беріліп отырған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің агроөнеркәсіп кешені саласындағы бірлескен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды ұйымдастыру тәртібі бекітілсін.

     

Еуразиялық үкіметаралық кеңес мүшелері:


Армения
Республикасынан
 

Беларусь
Республикасынан
 

Қазақстан
Республикасынан
 

Қырғыз
Республикасынан
 

Ресей
Федерациясынан
 

  Еуразиялық үкіметаралық
кеңестің
2017 жылғы 26 мамырдағы
№ 1 шешімімен
БЕКІТІЛГЕН

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің агроөнеркәсіп кешені саласындағы бірлескен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды ұйымдастыру
Т Ә Р Т І Б І

І. Жалпы ережелер

      1. Осы Тәртіп:

      Еуразиялық үкіметаралық кеңестің "Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің агроөнеркәсіп кешені саласындағы бірлескен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды ұйымдастыру тәртібі туралы" 2016 жылғы 13 сәуірдегі № 5 өкімін орындау мақсатында;

      2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта, Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2013 жылғы 29 мамырдағы № 35 шешімімен мақұлданған Кеден одағына және Бірыңғай экономикалық кеңістікке мүше мемлекеттердің келісілген (үйлестірілген) агроөнеркәсіптік саясатының тұжырымдамасында айқындалған келісілген (үйлестірілген) агроөнеркәсіптік саясат шараларын іске асыруды қамтамасыз ету үшін;

      ғылыми және инновациялық әлеуетті тиімді пайдалану, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің (бұдан әрі тиісінше – Одақ, мүше мемлекеттер) агроөнеркәсіп кешені саласындағы ынтымақтастығын дамыту мен тереңдету үшін әзірленді.

      2. Осы Тәртіп мүше мемлекеттердің агроөнеркәсіп кешені саласындағы бірлескен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды (бұдан әрі – бірлескен ҒЗТКЖ) әзірлеу және іске асыру кезінде мүше мемлекеттер мен Еуразиялық экономикалық комиссияның (бұдан әрі – Комиссия) өзара іс-қимыл жасау механизмін айқындайды.

      3. Бірлескен ҒЗТКЖ деп азық-түлік қауіпсіздігін, азық-түлік нарықтарының теңгерімділігін қамтамасыз ету, мүше мемлекеттердің агроөнеркәсіп кешенінің тиімділігі мен бәсекеге қабілеттігін арттыру, биологиялық алуантүрлілікті және экологиялық тепе-теңдікті сақтау мақсатында мүше мемлекеттердің агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін мүдделілікті білдіретін, келісілген тақырыптаманың негізінде жүзеге асырылатын және өндірісті инновациялық дамытуға және тауарлар мен қызмет көрсетулерді іске асыруға бағытталған ғылыми зерттеулер және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар түсініледі.

      4. Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыс оған кемінде 2 мүше мемлекет қатысқан кезде бірлескен ҒЗТКЖ болып табылады.

      Мүше мемлекеттердің бірлескен ҒЗТКЖ-ны орындауға қатысуы ерікті негізде жүзеге асырылады.

      5. Комиссия мүше мемлекеттердің үкіметтеріне немесе олар уәкілеттік берген органдарға бірлескен ҒЗТКЖ-ны орындауға қатысу туралы сұрау салуды жолдайды.

      Мүше мемлекеттердің үкіметтері немесе олар уәкілеттік берген органдар аталған сұрау салуды алған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде Комиссияға өздерінің қатысу мүмкіндіктері туралы не бірлескен ҒЗТКЖ-ны орындауға өзінің мүдделі еместігі туралы хабарлайды.

      6. Бірлескен ҒЗТКЖ тізбесін Комиссия мүше мемлекеттердің ұсыныстары негізінде 5 жылдық кезеңге жасап, бекітеді.

      7. Бірлескен ҒЗТКЖ тізбесін қалыптастыру кезінде ауыл шаруашылығы саласын дамытудың ұлттық басымдықтары, Одақтың агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі мақсаттары мен міндеттері, сондай-ақ мүше мемлекеттердің агроөнеркәсіп кешені саласындағы мемлекетаралық ғылыми-техникалық және инновациялық саясаттың басымдықтары ескеріледі.

      8. Бірлескен ҒЗТКЖ-мен жұмыс мынадай негізгі кезеңдерден тұрады:

      а) бірлескен ҒЗТКЖ-ға тапсырыс берушіні – үйлестірушіні (бұдан әрі – тапсырыс беруші-үйлестіруші) және бірлескен ҒЗТКЖ-ға тапсырыс берушілерді (бұдан әрі – тапсырыс берушілер) айқындау;

      б) техникалық-экономикалық негіздеменің жобасын әзірлеу;

      в) бірлескен ҒЗТКЖ-ның техникалық-экономикалық негіздемесінің бірлескен ҒЗТКЖ-ға қатысушы мүше мемлекеттермен (бұдан әрі – қатысушы мемлекеттер) келісілуі және олардың мақұлдауы және оны Комиссияға жіберу;

      г) бірлескен ҒЗТКЖ-ны орындау нәтижесінде құрылған зияткерлік меншікті бөлу туралы шарт жасасу;

      д) бірлескен ҒЗТКЖ-ны орындаушыларды (бұдан әрі – орындаушылар) айқындау;

      е) бірлескен ҒЗТКЖ-ны орындау;

      ж) бірлескен ҒЗТКЖ-ны орындау барысын бақылау;

      з) бірлескен ҒЗТКЖ-ның нәтижелерін қорыту және бағалау.

      9. Мүше мемлекеттердің мемлекеттік билік органдары, ғылым академиялары тапсырыс берушілер болып табылады.

      10. Мүше мемлекеттер бірлескен ҒЗТКЖ үшін мүше мемлекеттерден тапсырыс беруші-үйлестірушіні және тапсырыс берушілерді айқындайды.

      Тапсырыс беруші-үйлестіруші бірлескен ҒЗТКЖ-ға барлық қатысушы мемлекеттермен келісілу бойынша айқындалады.

      Тапсырыс беруші-үйлестіруші бірлескен ҒЗТКЖ шеңберінде тапсырыс берушілердің қызметтерін үйлестіруді жүзеге асырады.

      11. Орындаушыларды тапсырыс беруші-үйлестіруші мен тапсырыс берушілер мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес конкурстық негізде айқындайды.

      12. Мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес айқындалатын, бірлескен ҒЗТКЖ-ны уақтылы әзірлеу және орындау үшін жауапкершілік тапсырыс беруші-үйлестіруші мен тапсырыс берушілерге жүктеледі.

      13. Тапсырыс беруші-үйлестіруші бірлескен ҒЗТКЖ-ны белгіленген мерзімдерде әзірлеу мен іске асыруға бөлінген қаржы қаражатының нысаналы пайдаланылуы үшін мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес жауапты болады.

      Тапсырыс берушілер бірлескен ҒЗТКЖ-ның өз бөлігін уақтылы орындау үшін тапсырыс беруші-үйлестірушінің алдында жауапты болады.

      Орындаушылар жұмыстардың тиісті түрде орындалуы үшін тапсырыс беруші-үйлестірушінің немесе тапсырыс берушілердің алдында жауапты болады.

      14. Бірлескен ҒЗТКЖ-ны орындау мерзімі 5 жылдан аспауға тиіс.

      15. Бірлескен ҒЗТКЖ-ны орындау нәтижесінде құрылған зияткерлік меншікті бөлудің қағидаттары және тәртібі тапсырыс беруші-үйлестіруші мен тапсырыс берушілердің арасындағы шартта айқындалады.

ІІ. Бірлескен ҒЗТКЖ-ның техникалық-экономикалық негіздемесінің жобасын әзірлеу

      16. Бірлескен ҒЗТКЖ-ның техникалық-экономикалық негіздемесінің жобасы мынадай ақпаратты қамтиды:

      а) бірлескен ҒЗТКЖ-ның атауы;

      б) бірлескен ҒЗТКЖ-ны орындау үшін негіз;

      в) бірлескен ҒЗТКЖ-ның орындалу мерзімдері;

      г) проблеманың мазмұны, оның өзектілігінің, проблеманы шешу үшін бірлескен ҒЗТКЖ-ны әзірлеудің және жүргізудің мақсатқа сай болуының негіздемесі;

      д) бірлескен ҒЗТКЖ-ның мақсаттары, міндеттері және орындалу кезеңдері;

      е) бірлескен ҒЗТКЖ-дан күтілетін нәтижелер;

      ж) тапсырыс беруші-үйлестіруші және тапсырыс берушілер туралы мәліметтер;

      з) мүше-мемлекеттердің ұқсас тақырып бойынша ұлттық ғылыми бағдарламаларының болуы және оларды қаржыландыру көлемдері;

      и) бірлескен ҒЗТКЖ-ның нысаналы индикаторлары мен көрсеткіштері;

      к) бірлескен ҒЗТКЖ іс-шараларының тізбесі;

      л) бірлескен ҒЗТКЖ-ны басқару механизмінің қысқаша сипаттамасы;

      м) бірлескен ҒЗТКЖ-ны орындаудан күтілетін тиімділік пен нәтижелілікті бағалау;

      н) бірлескен ҒЗТКЖ-ны орындаудың және оның орындалу барысын бақылаудың тетіктері;

      о) бірлескен ҒЗТКЖ-ны қаржыландыру механизмі;     

      п) бірлескен ҒЗТКЖ-ны жалпы іске асыру үшін орындалу жылдары бойынша, қаражатты жұмсау бағыты бойынша (күрделі қаржы жұмсалымы, ҒЗТКЖ, өзгелері), негізгі іс-шаралар бойынша (мәлімделген қаражат көлемінің қажетті есептеулері мен негіздемелері қоса беріле отырып) бөліне отырып, қаражат ресурстарына қажеттілік (оның ішінде әрбір қатысушы мемлекет орындайтын бірлескен ҒЗТКЖ бөлігін іске асыру үшін қажетті қаражат көрсетіле отырып);

      р) бірлескен ҒЗТКЖ-ның нәтижелерін енгізу ықтималдығы туралы ақпарат, оның ішінде қатысушы мемлекеттердің тиісті мемлекеттік бағдарламаларының іске асырылуы шеңберінде оларды пайдалану тетіктері;

      с) қосымшаға сәйкес нысан бойынша бірлескен ҒЗТКЖ-ның паспорты.

      17. Тапсырыс беруші-үйлестіруші тапсырыс берушілермен бірлесе отырып, бірлескен ҒЗТКЖ-ның техникалық-экономикалық негіздемесінің жобасын әзірлеуді және оның мүдделі мемлекеттік органдармен келісілуін қамтамасыз етеді.

      18. Бірлескен ҒЗТКЖ-ның техникалық-экономикалық негіздемесінің жобасын дайындау барысында тапсырыс беруші-үйлестіруші мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      а) техникалық-экономикалық негіздеме жобасының уақтылы әрі сапалы әзірленуін ұйымдастырады;

      б) техникалық-экономикалық негіздеменің жобасын әзірлеу, келісу және оның сараптамаларын жүргізу процесіндегі іс-әрекеттерді үйлестіреді;

      в) техникалық-экономикалық негіздеме жобасының келісілу барысын бақылайды;

      г) қатысушы мемлекеттердің уәкілетті органдарымен және орындаушылармен бірлесе отырып, қажет болған жағдайда техникалық-экономикалық негіздеме жобасының кешенді сараптамасының жүргізілуін қамтамасыз етеді және оның келісу және сараптама нәтижелері бойынша пысықталуын ұйымдастырады.

      19. Тапсырыс берушілер:

      а) бірлескен ҒЗТКЖ-ның техникалық-экономикалық негіздемесінің жобасын дайындауды және оның қатысушы мемлекеттердің мүдделі мемлекеттік органдарымен келісілуін қамтамасыз етеді;

      б) бірлескен ҒЗТКЖ-ның техникалық-экономикалық негіздемесі жобасының қажетті сараптамаларының жүргізілуін және олардың жүргізілу нәтижелері бойынша оның пысықталуын қамтамасыз етеді.

      20. Тапсырыс беруші-үйлестіруші және тапсырыс берушілер бірлескен ҒЗТКЖ-ның орындаушыларымен жұмыстарды (қызмет көрсетулерді) ресурстық қамтамасыз етудің жоспарланған нысаналы индикаторларын және (немесе) көрсеткіштерін, көлемдері мен көздерін, бірлескен ҒЗТКЖ-ның белгіленген орындалу мерзімдерімен байластыру тұрғысынан жұмыстардың (қызмет көрсетулердің) орындалу мерзімдері көрсетіле отырып, бірлескен ҒЗТКЖ-ның тиісті іс-шараларын іске асыру жөніндегі жұмыстарды орындауға (қызметтер көрсетуге) арналған келісімшарттар (шарттар) жасасады.

      21. Бірлескен ҒЗТКЖ-ның техникалық-экономикалық негіздемесінің жобасын дайындауға қатысатын орындаушылардың шығыстарын қаржыландыруды қатысушы мемлекеттер дербес жүзеге асырады.

ІІІ. Бірлескен ҒЗТКЖ-ны қаржыландырудың көздері мен схемалары

      22. Қатысушы мемлекеттердің бюджеттері және бюджеттен тыс қаражат бірлескен ҒЗТКЖ-ны қаржыландырудың көздері бола алады.

      23. Қаражаты бірлескен ҒЗТКЖ-ны қаржыландыру үшін тартылатын бюджеттен тыс көздерге бірлескен ҒЗТКЖ-ның орындалуына мүдделі ұйымдардың жеке қаражаты, банктердің кредиттері, бірлескен ҒЗТКЖ-ның (немесе оның жекелеген іс-шараларының) іске асырылуына мүдделі қорлар мен қоғамдық ұйымдардың, инвесторлардың қаражаты жатады.

      24. Бірлескен ҒЗТКЖ-ның іске асырылуын қаржыландыру мынадай схемалар (олардың үйлесуі) бойынша жүзеге асырылуы мүмкін:

      а) бөлек қаржыландыру, бұл ретте әрбір қатысушы мемлекет бірлескен ҒЗТКЖ-ның өзі орындайтын бөлігінің, оның ішінде тиісті мемлекеттік бағдарламаны іске асыру шеңберінде қаржыландырылуын қамтамасыз етеді;

      б) бюджеттен тыс қаражат есебінен қаржыландыру.

      25. Бірлескен ҒЗТКЖ-ны әзірлеу мен іске асыруға арналған қаржы қаражатының нысаналы пайдаланылуы үшін жауапкершілік тапсырыс беруші-үйлестірушіге және тапсырыс берушілерге жүктеледі.

      Нысаналы мақсат бойынша пайдаланылмаған қаражат қатысушы мемлекеттердің заңнамасында белгіленген тәртіппен өтелуге жатады.

IV. Бірлескен ҒЗТКЖ-ның орындалуы және оны орындау барысын бақылау

      26. Бірлескен ҒЗТКЖ-ны орындаудың нысандарын және әдістерін тапсырыс беруші-үйлестіруші тапсырыс берушілермен бірлесіп айқындайды.

      Бірлескен ҒЗТКЖ-ны іске асыру бірлескен ҒЗТКЖ-ның тапсырыс берушілері мен орындаушылары қатысушы мемлекеттердің заңнамасында белгіленген тәртіппен жасаған тиісті келісімшарттардың (шарттардың) негізінде жүзеге асырылады.

      27. Тапсырыс беруші-үйлестіруші (тапсырыс берушілер):

      а) қатысушы мемлекеттердің үкіметтеріне және Комиссияға есептік жылдан кейінгі жылдың 1 наурызына дейін, егер бірлескен ҒЗТКЖ-ны іске асыру мерзімі есептік жылда аяқталатын болса, бірлескен ҒЗТКЖ-ның орындалуы туралы қорытынды есепті;

      б) қатысушы мемлекеттердің үкіметтеріне жыл сайын, 1 сәуірге дейін есептік жылдағы жұмыстардың барысы туралы есепті ұсынады.

      28. Бірлескен ҒЗТКЖ-ның орындалуы туралы қорытынды есеп:

      бірлескен ҒЗТКЖ-ның орындалу нәтижелері туралы мәліметтерді;

      бірлескен ҒЗТКЖ-ны қаржыландыруға бағытталған бюджет қаражатының және бюджеттен тыс көздер қаражатының мөлшерлері туралы деректерді;

      бірлескен ҒЗТКЖ-ның техникалық-экономикалық негіздемеде көзделген нысаналы индикаторлары мен көрсеткіштеріне қол жеткізу дәрежесі туралы мәліметтерді;

      бірлескен ҒЗТКЖ іс-шараларының орындалу барысы және толық орындалуы туралы ақпаратты;

      бірлескен ҒЗТКЖ-ны орындаудың тиімділігі мен нәтижелілігін бағалауды қамтиды.

      Бірлескен ҒЗТКЖ-ның орындалуы туралы қорытынды есепті Комиссияның Кеңесі қарайды.

      29. Егер бірлескен ҒЗТКЖ белгіленген мерзімдерде орындалмаса, тапсырыс беруші-үйлестіруші, тапсырыс берушілер және орындаушылар қатысушы мемлекеттердің заңнамасында көзделген жауапкершілікте болады.

  Еуразиялық экономикалық
одаққа мүше мемлекеттердің
агроөнеркәсіп кешені
саласындағы бірлескен ғылыми-
зерттеу және тәжірибелік-
конструкторлық жұмыстарды
ұйымдастыру тәртібіне
ҚОСЫМША

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің агроөнеркәсіп кешені саласындағы бірлескен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыс
П А С П О Р Т Ы

      Бірлескен ҒЗТКЖ-ның атауы ________________________

      Бірлескен ҒЗТКЖ-ның мақсаты мен міндеттері ________________________

      Бірлескен ҒЗТКЖ-ның тапсырыс

      беруші-үйлестірушісі ________________________

      Бірлескен ҒЗТКЖ-ның тапсырыс берушілері ________________________

      Бірлескен ҒЗТКЖ-ны іске асыру мерзімдері ________________________

      Бірлескен ҒЗТКЖ-ны қаржыландырудың

      көлемдері мен көздері ________________________

      Бірлескен ҒЗТКЖ-ның нысаналы

      индикаторлары мен көрсеткіштері ________________________

      Бірлескен ҒЗТКЖ-ның орындалу

      барысын бақылау ________________________

      Бірлескен ҒЗТКЖ-ны орындау

      нәтижесінде құрылған зияткерлік

      меншікті бөлу ________________________




Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады