Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау мәселелерін қоса алғанда, келісімді (үйлесімді) агроөнеркәсіптік саясатты іске асыруға байланысты даулар бойынша келіссөздер мен консультациялар ұйымдастыру және жүргізу тәртібі туралы

Жаңа

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2017 жылғы 28 ақпандағы № 6 ұсынымы.

      Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 18-бабына, 95-бабының 6-тармағына және 7-бабының 6) тармақшасына сәйкес ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау мәселелерін қоса алғанда, келісімді (үйлесімді) агроөнеркәсіптік саясатты іске асыруға байланысты дауларды сотқа дейін реттеу мақсатында,

      қосымшаға сәйкес Еуразиялық экономикалық одақтың ресми сайтында осы Ұсыным жарияланған күннен бастап, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау мәселелерін қоса алғанда, келісімді (үйлесімді) агроөнеркәсіптік саясатты іске асыруға байланысты даулар бойынша келіссөздер мен консультациялар ұйымдастыру және жүргізу тәртібін басшылыққа алуды ұсынады.

      Еуразиялық экономикалық комиссия
Алқасының Төрағасы
Т. Саркисян

  Еуразиялық экономикалық
комиссия Алқасының
2017 жылғы 28 ақпандағы
№ 6 ұсынымына
ҚОСЫМША

Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау мәселелерін қоса алғанда, келісімді (үйлесімді) агроөнеркәсіптік саясатты іске асыруға байланысты даулар бойынша келіссөздер мен консультацияларды ұйымдастыру және жүргізу ТӘРТІБІ

      1. Осы Тәртіп Еуразиялық экономикалық одақ туралы 2014 жылғы 29 мамырдағы шарттың 95-бабының 6-тармағын және Еуразиялық экономикалық комиссия туралы ереженің (Еуразиялық экономикалық одақ туралы 2014 жылғы 29 мамырдағы шартқа № 1 қосымша) 43-бабының 8) тармақшасын іске асыру мақсаттарында әзірленді және ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау мәселелерін қоса алғанда, келісімді (үйлесімді) агроөнеркәсіптік саясатты іске асыруға байланысты дауларды (бұдан әрі, тиісінше - келіссөздер мен консультациялар, даулар) сотқа дейін реттеу мақсатында, Еуразиялық экономикалық комиссияның (бұдан әрі - Комиссия) қатысуымен Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің (бұдан әрі, тиісінше – мүше мемлекеттер, Одақ) келіссөздер мен консультацияларды ұйымдастыру және жүргізу рәсімін айқындайды.

      2. Келіссөздер мен консультациялар рәсіміне бастамашылық жасаған мүше мемлекет (бұдан әрі - бастамашы) өзге мүше мемлекетке (бұдан әрі-жауапкер) келіссөздер мен консультациялар жүргізу туралы ресми жазбаша өтініш (бұдан әрі - өтініш) жібереді және өтініш жіберілген күннен бастап, күнтізбелік 10 күннен кешікпей, бұл туралы Комиссияны хабардар етеді. Бастамашы мен жауапкер даудың тараптары болып табылады.

      3. Өтініште мүше мемлекеттердің заңнамасына және (немесе) Одақтың құқығына сілтеме жасала отырып, келіссөздер мен консультацияларға бастамашылықтың себебі болған фактілер, сондай-ақ, келіссөздер мен консультацияларды жүргізуді ұйымдастыру жөніндегі ұсыныстар көрсетілуге тиіс.

      4. Жауапкер өтінішті алған күннен бастап, күнтізбелік 10 күн ішінде бастамашымен келіссөздер мен консультацияларды өткізудің күні мен орынын келіседі және Комиссияға тиісті ақпарат жібереді. Өтініштің алынған күні, соның ішінде электронды почта бойынша түскен күні, оның тіркелген күні болып табылады.

      5. Комиссия жауапкерден тиісті ақпаратты алған күннен бастап, 5 жұмыс күнінен кешікпей, келіссөздер мен консультациялардың тақырыбы, өткізілетін күні мен орыны туралы мүше мемлекеттерді жазбаша хабардар етеді.

      6. Даудың тараптары болып табылмайтын мүше мемлекеттер келіссөздер мен консультациялар жүргізу туралы Комиссиядан ақпарат алған күннен бастап, күнтізбелік 10 күннен кешікпей, дау жөніндегі өз ұстанымын бастамашыға, жауапкерге және Комиссияға хабарлай отырып, келіссөздер мен консультацияларға қатысуға құқылы.

      7. Келіссөздер мен консультацияларға қатысатын мүше мемлекеттер келіссөздер мен консультациялардың шеңберінде мүше мемлекеттердің ұстанымдарын қалыптастыруға жауапты атқарушы өкіметтің уәкілетті мемлекеттік органдарын айқындайды және бұл туралы Комиссияны хабардар етеді.

      8. Келіссөздер мен консультацияларды жүргізу жұмыс кездесулері ауқымында, Агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі консультативтік комитет (бұдан әрі - Консультативтік комитет) ауқымында, сондай-ақ, даудың тараптары айқындайтын өзге де ауқымда жүзеге асырылуы мүмкін.

      9. Келіссөздер мен консультациялардың барысы мен нәтижелері, сондай-ақ, дауды шешу үшін елеулі маңызы бар жағдайлар мүше мемлекеттер айқындайтын ресми өкілдер қол қоятын, келіссөздер мен консультацияларға қатысушылардың санына тең ресімделген хаттама данасының санымен тіркеледі.

      10. Егер келіссөздер мен консультацияларға қатысушы мүше мемлекеттер өзгеше келіспесе, келіссөздер мен консультациялардың барысында алынған ақпарат жариялауға және жария етуге жатпайды.

      11. Бастамашы Одақтың Сотына жүгінуге шешім қабылдаған жағдайда, ол өз шешімі туралы мүше мемлекеттерді және Комиссияны хабардар етеді.

      12. Мүше мемлекеттердің және Комиссияның өкілдерінің келіссөздер мен консультацияларға қатысуға байланысты шығыстарды, тиісінше, оларды жіберген мүше мемлекеттер және Комиссия көтереді.

      13. Келіссөздер мен консультацияларды ұйымдастыру-техникалық қамтамасыз ету қабылдаушы тараптың есебінен, соның ішінде Комиссияның есебінен (егер келіссөздер мен консультациялар Комиссияның алаңында жүргізілген жағдайда) жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады