Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің көлік саласындағы уәкілетті органдары басшыларының кеңесі туралы

Жаңа

Жоғары Еуразиялық экономикалық Кеңестің 2018 жылғы 14 мамырдағы № 13 шешімі

      2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 12-бабы 2-тармағының 22-тармақшасына сәйкес Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес шешті:

      1. Көмекші орган – Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің көлік саласындағы уәкілетті органдары басшыларының кеңесі құрылсын.

      2. Қоса беріліп отырған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің көлік саласындағы уәкілетті органдары басшыларының кеңесі туралы ереже бекітілсін.

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес мүшелері:

Армения Республикасынан

Беларусь Республикасынан

Қазақстан Республикасынан

Қырғыз Республикасынан

Ресей Федерациясынан

  Жоғары Еуразиялық
экономикалық кеңестің
2018 жылғы 14 мамырдағы
№ 13 шешімімен
БЕКІТІЛГЕН

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің көлік саласындағы уәкілетті органдары басшыларының кеңесі туралы ЕРЕЖЕ

І. Жалпы ережелер

      1. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің көлік саласындағы уәкілетті органдары басшыларының кеңесі (бұдан әрі тиісінше – Басшылар кеңесі, уәкілетті органдар, мүше мемлекеттер) 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа (бұдан әрі – Шарт) сәйкес мүше мемлекеттердің үйлестірілген (келісілген) көлік саясатын (бұдан әрі – көлік саясаты) іске асыруы үшін көмекші орган ретінде құрылады.

      2. Басшылар кеңесі өз қызметінде Шартты, Еуразиялық экономикалық одақтың (бұдан әрі – Одақ) құқығын құрайтын басқа да халықаралық шарттар мен актілерді, Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2014 жылғы 23 желтоқсандағы № 98 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық комиссияның Жұмыс регламентін, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

ІІ. Басшылар кеңесінің негізгі міндеттері, функциялары және өкілеттіктері

      3.Басшылар кеңесінің негізгі міндеттері:

      а) көлік саясатын және Одақтың көлік саласындағы актілерін іске асыруды қамтамасыз ету бойынша уәкілетті органдар мен ұйымдардың өзара іс-қимылын үйлестіру;

      б) мүше мемлекеттердің мүдделерін ескере отырып, көлік мәселелері бойынша халықаралық ұйымдармен және үшінші елдермен өзара іс-қимыл жөніндегі келісілген тәсілдер туралы ұсыныстар мен ұсынымдарды қарау;

      в) мүше мемлекеттердің уағдаластықтарын ескере отырып, көлік саласында интеграцияны дамытудың бағыттары мен перспективалары жөніндегі тәсілдерді келісу болып табылады.

      4. Басшылар кеңесі өзіне жүктелген міндеттерді іске асыру үшін мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      а) Одақ органдарының актілерінің іске асырылуы туралы, соның ішінде, көлік саясатын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының ("жол карталарының") орындалу барысы туралы және оны іске асырудың кейінгі кезеңдеріне іс-шаралар жоспарларының жобаларын ("жол карталарын") әзірлеу туралы ақпаратты қарайды;

      б) мына мәселелер:

      көлік саясатын іске асырудың тиімді тетіктері мен құралдарын қалыптастыру;

      Одақ құқығына сәйкес мүше мемлекеттердің көлік саласындағы заңнамасын жетілдіру және үндестіру;

      Одақ құқығына сәйкес, соның ішінде, көлік түрлері бойынша қызметтер көрсетудің тәртібін, шарттарын және ырықтандыру кезеңдерін айқындайтын халықаралық шарттар мен актілердің жобаларын дайындаудың орындылығы;

      көліктік қызметтер көрсетуді кезең-кезеңмен ырықтандыруды жүргізу кезінде көліктік қызметтер көрсету нарығын дамыту;

      көлік саласында Одақтың ішкі нарығының жұмыс істеуіне әсер ететін кедергілерді (тосқауылдарды, шектеулерді, алып қоюларды) жою;

      мүше мемлекеттердің кадр әлеуетін тарту және пайдалану;

      көлік саласындағы уәкілетті органдардың өзара іс-қимылын (соның ішінде, ақпараттық) жетілдіру;

      мүше мемлекеттерде көлік және инфрақұрылым саласындағы интеграциялық жобаларды іске асыру бойынша ұсыныстарды қарайды және қажет болған кезде дайындайды;

      в) көлік саясатын іске асыру кезінде туындайтын даулы мәселелерді шешуде, сондай-ақ үшінші елдермен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл кезінде уәкілетті органдардың көлік мәселелері бойынша келісілген ұстанымдарын әзірлеуінде жәрдем көрсетеді;

      г) Еуразиялық экономикалық комиссияның (бұдан әрі – Комиссия) ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін қарайды;

      д) Одақ құқығына сәйкес мүше мемлекеттердің көлік саясатын іске асыруы шеңберінде өзге де функцияларды жүзеге асырады.

      5. Басшылар кеңесі мынадай өкілеттіктерді жүзеге асырады:

      а) Одақ органдары үшін көлік саясатын іске асыруды қамтамасыз етуге бағытталған шешімдер қабылдайды, ұсыныстар мен ұсынымдар дайындайды;

      б) қажет болған кезде Басшылар кеңесінің қызмет бағыттары бойынша мәселелерді шешу үшін жұмыс (сарапшылар) топтарын құрады.

ІІІ. Басшылар кеңесінің құрамы

      6. Басшылар кеңесінің құрамы уәкілетті органдардың басшыларынан құралады. Көлік және инфрақұрылым мәселелері құзыретіне жататын Комиссия Алқасының мүшесі Басшылар кеңесінің құрамына кіреді.

      7. Көлік және инфрақұрылым мәселелері құзыретіне жататын Комиссия Алқасының мүшесі Басшылар кеңесінің басшысы болып табылады.

      8. Басшылар кеңесінің басшысы:

      а) Басшылар кеңесінің қызметін ұйымдастыруды қамтамасыз етеді;

      б) Басшылар кеңесі мүшелерінің ұсыныстарын ескере отырып, Басшылар кеңесі отырысының күн тәртібін қалыптастырады;

      в) мүше мемлекеттердің мемлекеттік билік органдарымен, ғылым және білім мекемелерімен, қоғамдық ұйымдарымен, бизнес-қоғамдастықтарымен, халықаралық ұйымдармен және тәуелсіз сарапшылармен өзара іс-қимыл жасайды.

      9. Шарттың 8-бабының 4-тармағына сәйкес Басшылар кеңесінің отырыстарында Одақ органдарында төрағалық ететін мүше мемлекеттің өкілі – Басшылар кеңесінің мүшесі төрағалық етеді.

      10. Басшылар кеңесінде төрағалық етуші:

      а) Басшылар кеңесі отырысының күн тәртібін бекітеді, оның өткізілетін күнін, уақытын және орнын айқындайды;

      б) Басшылар кеңесінің отырысын жүргізеді;

      в) Басшылар кеңесі отырыстарының хаттамаларына қол қояды.

      11. Басшылар кеңесінің мүшелерімен келісу бойынша Басшылар кеңесінің отырыстарына Комиссияның Басшылар кеңесінің отырысында қаралатын мәселелер құзыретіне жататын лауазымды адамдары мен қызметкерлері, мүше мемлекеттердің уәкілетті және өзге де мемлекеттік органдарының, ғылым және білім мекемелерінің, бизнес-қоғамдастықтарының, халықаралық ұйымдардың өкілдері және тәуелсіз сарапшылар (бұдан әрі – қатысушылар) қатысуы мүмкін.

      12. Уәкілетті органдар өз басшыларының құрамындағы өзгерістер туралы Басшылар кеңесін және Комиссияны уақытылы хабардар етеді.

IV. Басшылар кеңесінің жұмыс тәртібі

      13. Басшылар кеңесінің мүшелері Басшылар кеңесінің отырыстарына алмастыру құқығынсыз өздері қатысады.

      Басшылар кеңесінің отырысы Басшылар кеңесінің әр мүше мемлекеттен кемінде 1 мүшесі қатысқан жағдайда құқылы болып есептеледі.

      14. Басшылар кеңесінің отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ жылына 2 реттен сиретпей, әдетте, Комиссияның үй-жайларында өткізіледі.

      Басшылар кеңесінің отырысы Басшылар кеңесінің барлық мүшелерімен келісу бойынша мүше мемлекеттердің кез келгенінде де өткізілуі мүмкін. Бұл жағдайда, қабылдаушы мүше мемлекет Басшылар кеңесінің отырысын ұйымдастыруда және өткізуде жәрдем көрсетеді.

      15. Басшылар кеңесі отырысының күн тәртібіне материалдар:

      қаралатын мәселелер бойынша анықтамалар мен хаттамалық шешімдердің жобаларын;

      қарауға ұсынылатын құжаттардың жобаларын (бар болған кезде);

      қажетті анықтамалық және талдамалық материалдарды қамтиды.

      Көрсетілген материалдар уәкілетті органдар басшылары орынбасарларының кеңестерінде немесе Көлік және инфрақұрылым жөніндегі консультативтік комитеттің отырысында алдын ала қаралуға тиіс.

      16. Басшылар кеңесінің отырысында мәселелерді талқылау кезінде Басшылар кеңесі мүшелерінің құқықтары тең болады.

      17. Басшылар кеңесі шешімдерді консенсуспен қабылдайды.

      18. Басшылар кеңесі отырысының нәтижелері хаттамамен ресімделеді, оған отырыс барысында Басшылар кеңесінің барлық мүшелері қол қояды.

      Басшылар кеңесі отырыстарының хаттамалары Комиссияның көлік және инфрақұрылым саласындағы мәселелерге жауапты құрылымдық бөлімшесінде сақталады.

      19. Басшылар кеңесінің қызметін ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз етуді Комиссияның көлік және инфрақұрылым саласындағы мәселелерге жауапты құрылымдық бөлімшесі жүзеге асырады, ол:

      а) Басшылар кеңесінің күн тәртібінің жобасын және оның материалдарын әзірлейді;

      б) Басшылар кеңесінің отырысы өткізілетін күнге дейін күнтізбелік 15 күннен кешіктірмей Басшылар кеңесінің мүшелеріне және отырысқа қатысушыларға Басшылар кеңесінің күн тәртібінің жобасын және оның материалдарын жібереді;

      в) Басшылар кеңесінің кезекті отырысының өткізілетін күні, уақыты және орны туралы Басшылар кеңесінің мүшелерін және отырысқа қатысушыларды хабардар етеді;

      г) Басшылар кеңесі отырысының хаттамасын жүргізеді.

      д) Басшылар кеңесінің мүшелеріне Басшылар кеңесінің отырыстары хаттамаларының көшірмелерін жібереді;

      е) Басшылар кеңесі отырысының хаттамасында көзделген іс-шараларды іске асыру мониторингін жүзеге асырады және Басшылар кеңесінің мүшелерін оның нәтижелері туралы хабардар етеді.

      20. Басшылар кеңесі мүшелерінің және уәкілетті органдар өкілдерінің Басшылар кеңесінің қызметіне қатысуына байланысты шығыстарын оларды жіберетін мүше мемлекеттер көтереді.

      Комиссия Алқасы мүшесінің, Комиссияның лауазымды адамдары мен қызметкерлерінің Басшылар кеңесінің қызметіне қатысуына байланысты шығыстарын Комиссия көтереді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады