Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің құс етін және оны қайта өңдеу өнімдерін өндіру саласындағы ынтымақтастығын дамыту туралы

Жаңа

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2018 жылғы 28 қарашадағы № 26 ұсынымы.

      Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 95-бабының 2-тармағына сәйкес,

      Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің (бұдан әрі – мүше мемлекеттер) құс еті нарығын талдау нәтижелерін назарға ала отырып,

      мүше мемлекеттерде құс шаруашылығы саласының тұрақты жұмыс істеуін, мүше мемлекеттердің аумақтарында құс етін және құс шаруашылығының бәсекеге қабілетті өнімдерін өндіруді дамытуды, мүше мемлекеттердің ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерінің генетикалық материалдың, шикізаттың, құс өсіру және оны қайта өңдеу кезіндегі өндіріс құралдарының импортына тәуелділігін азайтуды, мүше мемлекеттердің аумақтарында өндірілген жоғары қосылған құны бар құс еті мен оны қайта өңдеу өнімдерінің үшінші елдердің нарықтарына экспортын ынталандыруды, сондай-ақ мүше мемлекеттердің құс етін және оны қайта өңдеу өнімдерін өндіру саласындағы кооперациясын дамыту үшін жағдайлар жасауды қамтамасыз ету мақсатында

      мүше мемлекеттерге осы Ұсыным Еуразиялық экономикалық одақтың ресми сайтында жарияланған күннен бастап Еуразиялық экономикалық комиссияның үйлестіруімен қосымшаға сай тізбеге сәйкес құс етін және оны қайта өңдеу өнімдерін өндіру саласындағы ынтымақтастықты жүзеге асыруды ұсынады.

      Еуразиялық экономикалық комиссия
Алқасының Төрағасы
Т. Саркисян

  Еуразиялық экономикалық
комиссия Алқасының
2018 жылғы 28 қарашадағы
№ 26 ұсынымына
ҚОСЫМША

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің құс етін және оны қайта өңдеу өнімдерін өндіру саласындағы ынтымақтастығын дамыту жөніндегі шаралардың ТІЗБЕСІ

І. Ортақ аграрлық нарықтың жұмыс істеуі саласындағы шаралар

      1. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде (бұдан әрі тиісінше – Одақ, мүше мемлекеттер) құс етін және оны қайта өңдеу өнімдерін өндіру кезінде мемлекетаралық өзара іс-қимыл механизмдерінің тиімділігін арттыру мақсатында мүше мемлекеттердің салалық құс өсірушілер одақтарының қатысуымен Одақтың құс өсірушілер қауымдастығын құруға жәрдемдесу ұсынылады.

ІІ. Ресурстық қамтамасыз ету саласындағы шаралар

      2. Мүше мемлекеттерде асыл тұқымды құс шаруашылығын, азық және азықтық қоспалар өндіруді дамыту, сондай-ақ құс шаруашылығы саласына арналған ресурстық база жасау мақсатында:

      а) асыл тұқымды құс шаруашылығы жүйесін, оның ішінде құс өсіру жөніндегі селекциялық-генетикалық орталықтар құруға және дамытуға;

      б) азықтар, амин қышқылдарын, дәрумендер мен олардың негізіндегі премикстерді, макро және микроэлементтер өндіру жөніндегі, сондай-ақ құс фабрикалары үшін жабдықтар жасау жөніндегі кәсіпорындарды құруға;

      в) құрама азықтар дайындауға арналған белоктық өсімдік компоненттерін өндіру көлемін ұлғайтуға;

      г) ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық салалардағы кооперацияны дамытуға жәрдем көрсету ұсынылады.

ІІІ. Құс еті мен оны қайта өңдеу өнімдерін өндіру және олардың айналысы аясында бірыңғай талаптар белгілеу саласындағы шаралар

      3. Құс еті мен оны қайта өңдеу өнімдерінің өзара саудасын және экспортын дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында:

      а) санитариялық, ветеринариялық-санитариялық шаралар мен техникалық реттеу саласындағы мүше мемлекеттердің нормативтік құқықтық актілерін және Одақтың құқығына кіретін актілерді үшінші елдердің және сауда-экономикалық ынтымақтастық және еркін сауда аймақтарын қалыптастыру туралы келісімдер жасасқан және оларды жасасу жоспарланып отырған халықаралық интеграциялық бірлестіктердің – мүше мемлекеттердің негізгі сауда әріптестерінің заңнамасын ескере отырып, халықаралық стандарттармен үйлестіруді;

      б) құс шаруашылығы және құс етін қайта өңдеу өнеркәсібі саласындағы мемлекетаралық және ұлттық (мемлекеттік) стандарттарды өзекті етуді;

      в) "Құс шаруашылығы және құс етін қайта өңдеу өнеркәсібі. Өнімді сыныптау" МЕМСТ әзірлеуді қамтамасыз ету ұсынылады.

ІV. Құс еті мен оны қайта өңдеу өнімдерін өндіру саласындағы шаралар

      4. Мүше мемлекеттердің құс шаруашылығы саласын теңгерімді дамыту мақсатында:

      а) мүше мемлекеттердің құс шаруашылығы саласына тікелей инвестициялар, оның ішінде асыл тұқымды құс шаруашылығын, азықтар мен азықтық қоспалар өндірісін дамыту мемлекеттік бағдарламаларын қабылдау жолымен тартуға;

      б) Еуразиялық даму банкінің, Еуразиялық тұрақтандыру және дамыту қорының және басқа да халықаралық қаржы институттарының қаражатын тарту есебінен қаржыландыру мүмкіндігімен интеграциялық әлеуеті бар кооперациялық жобаларды әзірлеуге және іске асыруға;

      в) мүше мемлекеттердің құс шаруашылығы саласы үшін кадрлар даярлау және қайта даярлау саласындағы бірлескен жобаларды іске асыруға;

      г) заманауи технологиялар мен жабдықтарды (физикалық және биотехнологиялық тәсілдер пайдаланылатын ресурс үнемдеуші технологиялардың негізінде), оның ішінде мүше мемлекеттердің құс шаруашылығы саласының қосалқы шикізатын (құрамында кератин бар және ет-сүйек шикізатын, құстың ішек-қарны өнімдерін қоса алғанда) қайта өңдеуге арналған еуразиялық технологиялық платформалар шеңберінде әзірлеуге және енгізуге;

      д) құстың салқындатылған етін тұтыну мәдениетін ілгерілетуге және жоғары қосылған құны бар құс етін тереңдетіп қайта өңдеудің озық технологияларын енгізуді ынталандыруға жәрдемдесу ұсынылады.

V. Құс етінің және оны қайта өңдеу өнімдерінің экспортын дамыту саласындағы шаралар

      5. Одақтың аумағында өндірілген жоғары қосылған құны бар құс етінің және оны қайта өңдеу өнімдерінің үшінші елдердің нарықтарына экспортын арттыру мақсатында мыналарды:

      а) маркетинг, қаржыландыру, сақтандыру және ақпараттық-консультациялық қызмет көрсету саласындағы құралдарды қамтитын мемлекеттік қолдау механизмдерін жетілдіруді;

      б) жетекші сауда әріптестерімен және олардың құзыретті органдарымен келіссөздер және консультациялар жүргізу арқылы Одақтың аумағында өндірілген құс еті мен оны қайта өңдеу өнімдерін үшінші елдердің нарықтарына ілгерілету үшін қолайлы жағдайлар жасауды;

      в) Одақтың аумағында өндірілген құс еті мен оны қайта өңдеу өнімдерінің сәйкестігін бағалау (растау) нәтижелерін тану мақсатында мүше мемлекеттердің сертификаттау жөніндегі органдарын және сынақ зертханаларын (орталықтарын) үшінші елдердің және халықаралық интеграциялық бірлестіктердің – мүше мемлекеттердің негізгі сауда әріптестерінің аккредиттеу жүйелерінде аккредиттеуге (қажет болған жағдайда) жәрдемдесуді;

      г) құс еті мен оны қайта өңдеу өнімдерін өндіру кезінде сапаны және қауіпсіздікті басқару жүйелерінің халықаралық стандарттарына негізделген сертификаттауды енгізуді;

      д) Одақ аумағын құстың қауіпті аурулары бойынша өңірлендіруді жүргізуге және оның нәтижелерін үшінші елдердің – мүше мемлекеттердің негізгі сауда әріптестері құзыретті органдарының тануы бойынша шаралар қабылдауды;

      е) мүше мемлекеттердің экспорттық комплаенстің халықаралық жүйесіне қосылуын;

      ж) құс еті мен оны қайта өңдеу өнімдерін дайындаушылардың көрме-жәрмеңке қызметін үйлестіруді қамтамасыз ету ұсынылады.

VІ. Интеграцияланған ақпараттық қамтамасыз ету саласындағы шаралар

      6. Мүше мемлекеттерде құс еті мен оны қайта өңдеу өнімдерін өндіруді ақпараттандырудың, сондай-ақ оны инновациялық дамыту үшін жағдайлар жасаудың өзекті міндеттерін шешу мақсатында:

      а) келісілген тәсілдемелерді ескере отырып, құсты, құс етін және оны қайта өңдеу өнімдерін сәйкестендірудің, тіркеудің және бақылануының ұлттық ақпараттық жүйелерін құруды;

      б) құсты, құс етін және оны қайта өңдеу өнімдерін сәйкестендіруді, тіркеуді және бақылауды жүргізу кезінде келісілген тәсілдемелердің шеңберінде жалпы деректер базасын қалыптастыруды, жүргізуді және пайдалануды;

      в) Одақ шеңберінде асыл тұқымды құстарды автоматтандырылған есепке алу жүйесін әзірлеуді және енгізуді;

      г) құс етін және оны қайта өңдеу өнімдерін өндіруді ерікті негізде басқаруға ақпараттық жүйелерді енгізуді;

      д) мүше мемлекеттердің құс шаруашылығы саласын сипаттайтын көрсеткіштер мониторингіне және талдау ақпаратын дайындауға жалпы тәсілдемелер әзірлеуді қамтамасыз ету ұсынылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады