Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ қаржы нарығын қалыптастыру тұжырымдамасы туралы

Жаңа

Жоғары Еуразиялық экономикалық Кеңестің 2019 жылғы 1 қазандағы № 20 шешімі

      2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 70-бабының 2-тармағының 1-тармақшасын және 1-тармағының 1-тармақшасын басшылыққа ала отырып, Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес шешті:

      1. Қоса беріліп отырған Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ қаржы нарығын қалыптастыру тұжырымдамасы бекітілсін.

      2. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің үкіметтері мен ұлттық (орталық) банктері осы Шешіммен бекітілген Тұжырымдаманы іске асыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы Шешім қабылданған күнінен бастап күшіне енеді.

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес мүшелері:

Армения Республикасынан

Беларусь Республикасынан

Қазақстан Республикасынан

Қырғыз Республикасынан

Ресей Федерациясынан

  Жоғары Еуразиялық
экономикалық кеңестің
2019 жылғы 1 қазандағы
№ 20 шешімімен
БЕКІТІЛГЕН

Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ қаржы нарығын қалыптастыру ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ

I. Жалпы ережелер

      Осы Тұжырымдама 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты (бұдан әрі – Шарт) және Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2016 жылғы 26 желтоқсандағы № 6 өкімін іске асыру мақсатында әзірленді және Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ қаржы нарығын (бұдан әрі тиісінше – ортақ қаржы нарығы, Одақ) қалыптастырудың мақсатын, қағидаттарын, сатыларын, критерийлері мен негізгі бағыттарын айқындайды.

      Ортақ қаржы нарығы қаржы нарығы субъектілерінің бір бірінің нарығына жеңілдетілген және кемсітусіз қол жеткізуі мүмкіндігін беретін Одаққа мүше мемлекеттердің (бұдан әрі – мүше мемлекеттер) қаржы нарығын білдіреді. Ортақ қаржы нарығы әрбір мүше мемлекеттің банк секторын, бағалы қағаздар нарығының секторын және сақтандыру секторын, сондай-ақ қаржы нарығы секторларының арасындағы өзара іс-қимылды реттейтін қарым-қатынастардың жиынтығын қамтиды.

      Ортақ қаржы нарығы еуразиялық интеграцияның ажырамас бөлігі және Одақтың негізгі мақсаттарын іске асырудың қамтамасыз ететін шарты болып табылады.

      Ортақ нарықты қалыптастыру процесі цифрлық экономиканы қалыптастыру процесімен ұштасқан және қаржы технологияларының дамуы мен қаржы нарығында инновацияларды, оның ішінде қаржы ұйымдары үшін шығасыларды төмендетуге, қаржылық қызмет көрсетулердің қол жетімділігін кеңейтуге, құнын азайтуға және тұтынушылар үшін қаржылық қызмет көрсетулердің киберқауіпсіздігін қамтамасыз ету мен тәуекелдерді төмендетуге бағытталғандарын қолдау үшін жағдай жасау қажеттілігін ескереді.

      Ортақ қаржы нарығын қалыптастыру кезінде реттеушілік төрелігі үшін мүмкіндіктерді азайтуға және жекелеген елдердің деңгейінде де, жалпы ортақ қаржы нарығында да қаржы тұрақтылығының тәуекелдерін шоғырландыруға ерекше назар аударылады. Қаржылық қызмет көрсетулерді тұтынушылардың және инвесторлардың құқықтарын қолдау және қорғау деңгейін жақсарту ортақ қаржы нарығын қалыптастыру критерийлерінің бірі болып табылады.

      Мүше мемлекеттер қаржы ұйымдары капиталының шығу тегінің ашықтығын қалыптастыру жөніндегі келісілген саясатты жүргізуге ұмтылады.

      Осы Тұжырымдамада пайдаланылатын ұғымдар Шартта және Одақтың құқығына енетін актілерде айқындалған мәндерде қолданылады.

II. Ортақ қаржы нарығын қалыптастыру мақсаты

      Ортақ қаржы нарығын қалыптастырудың негізгі мақсаты:

      мүше мемлекеттердің компаниялары мен азаматтары үшін қаржылық қызмет көрсетулердің қол жетімділігінің деңгейін, сапасын және жинағын арттыру;

      мүше мемлекеттердің қаржы секторының өсуін және тиімділігін арттыруды қамтамасыз ету, осы нарықта бәсекелестікті дамыту болып табылады.

      Аталған мақсатқа қол жеткізу Одақ құрудағы мынадай ортақ мақсатты шешуге үлес қосуға мүмкіндік береді:

      мүше мемлекеттердің экономикасын нығайту және олардың тұрақты әрі үйлесімді дамуын қамтамасыз ету, халықтың өмір сүру деңгейін арттыру мүддесіне орай жақындасу, сондай-ақ іскерлік белсенділіктің орнықты өсуіне, теңдестірілген сауда мен адал бәсекелестікке кепілдік беру;

      Одақ шеңберінде тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің, капиталдың және еңбек күшінің бірыңғай нарығын қалыптастыруға ұмтылу;

      мүше мемлекеттердің алдында тұрған, жаһандық экономика шеңберінде орнықты экономикалық даму, ұлттық экономикаларды жан-жақты жаңғырту, кооперациялау және бәсекеге қабілеттілігін күшейту жөніндегі ортақ міндеттерді шешу;

      басқа елдермен, сондай-ақ халықаралық интеграциялық бірлестіктермен және халықаралық ұйымдармен экономикалық өзара тиімді және тең құқылы ынтымақтастықты нығайту.

      Осы Тұжырымдамада оларды іске асыру ортақ қаржы нарығын қалыптастыру мен оның жұмыс істеуінің екі кезеңі ішінде (2025 жылға дейін және 2025 жылдан кейін) жүзеге асыру болжанатын қаржы нарығының үш секторына (банк секторы, бағалы қағаздар нарығы және сақтандыру нарығы) қатысты ортақ қаржы нарығын қалыптастырудың бағыттары жазылған.

III. Ортақ қаржы нарығын қалыптастырудың және оның жұмыс істеуінің құқықтық негізі

      Ортақ қаржы нарығын құру Шартта бекітілген қаржы саласында интеграциялаудың басымды мақсатының бірі болып табылады. Аталған мақсатты іске асыру үшін мүше мемлекеттер:

      қаржы нарықтарындағы тәуекелдерді реттеу тәсілдерін;

      ортақ қаржы нарығында қызметке қойылатын талаптарды;

      қаржы нарығына қатысушылардың қызметін реттеуді және қадағалауды жүзеге асыру тәртібін;

      мүше мемлекеттер заңнамасына үйлестіру  жүргізу арқылы қаржы нарығында лицензиялардың өзара мойындалуы үшін шарттарды;

      ұлттық төлем жүйелерінің тәуелсіздігі принципінде ортақ төлем кеңiстiгiн дамыту үшін шарттарды;

      ортақ қаржы нарығын реттеу жөніндегі ұлттықтан жоғары органның жұмыс істеуі үшін шарттарды;

      қаржы технологияларын дамыту үшін шарттарды айқындайды.

      Осы Тұжырымдама Шарттың осы ережелерін дамытады және егжей-тегжейлі қарастырады, ортақ қаржы нарығын қалыптастырудың критерийлерін, кезеңділігін, қағидаттарын және бағыттарын айқындайды.

      Осы Тұжырымдама мүше мемлекеттердің қаржы саласындағы интеграцияны тереңдету процесінің бағыттары мен үрдісін жалпы түсінуін бекітеді. Мүше мемлекеттердің құқықтары мен міндеттері осы Тұжырымдаманы дамытуға орай жасалуға жататын халықаралық шарттарда айқындалатын болады.

      Ортақ қаржы нарығының құқықтық негізі ортақ қаржы нарығын реттейтін нормативтік құқықтық актілердің жүйесін білдіреді және мүше мемлекеттердің заңнамасынан, Шарттан, Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттардан және Одақ органдарының актілерінен тұрады.

IV. Ортақ қаржы нарығының даму кезеңдері

      Мүше мемлекеттер 2025 жылға дейінгі кезеңде банк және сақтандыру секторында заңды тұлғаны құру үшін стандартталған лицензия тетігін іске асыру арқылы лицензияларды өзара мойындауға, сондай-ақ ортақ қаржы нарығы шеңберінде бағалы қағаздар нарығы секторында қаржы қызметтерін трансшекаралық жеткізуге келісілген тәсілдерді айқындайды.

      Стандартталған лицензиялау тетігі осы Тұжырымдаманың V бөлімінің 3-кіші бөлімінде көрсетілген, қаржы нарықтарына өзара рұқсат берудің бастапқы кезеңі болып табылады және мүше мемлекеттер заңнамасына үйлестіру  жүргізу процесімен ұштасқан.

      Көрсетілген кезеңде қаржы нарықтарына рұқсат беруді, мүше мемлекеттердің қаржы нарықтарын реттеуді және қадағалауды бұрынғыдай ұлттық реттегіштер жүзеге асыратын болады.

      Бұдан басқа, мүше мемлекеттер реттеушілік төрелігін азайту мақсатында банк, сақтандыру нарығы және бағалы қағаздар нарығы саласында реттеуді, сондай-ақ мүше мемлекеттердің қаржы саласындағы заңнамасын үйлестіру жоспарына (бұдан әрі – үйлестіру жоспары) сәйкес ортақ қаржы нарығының жекелеген элементтерін ішінара үйлестіруді жүзеге асырады.

      Мүше мемлекеттердің заңнамасына үйлестіру жүргізу процесі осы Тұжырымдаманың V бөлімінің 2 кіші бөлімінде көрсетілген.

      2025 жылдан кейін мүше мемлекеттер Шартта көзделген критерийлерге сәйкес үйлестіру бойынша, сондай-ақ ортақ қаржы нарығын қалыптастыру бойынша жұмысты жалғастырады, оның ішінде имплементациялау қаржылық интеграциялаудың тереңдеуіне және ортақ қаржы нарығын қалыптастыру мен мүше мемлекеттердің заңнамасын үйлестірудің озық сатыларына өтуге қарай жүзеге асырылатын заңды тұлға ретінде қосымша құрусыз (лицензиялау) қаржылық көрсетілетін қызметтерді ұсыну бойынша қызметті жүзеге асырудың келісілген тәсілдерін айқындайды.

      Осы Тұжырымдаманың ережелерін кезең-кезеңмен іске асыру мүше мемлекеттердің қаржы нарықтарын интеграциялауды тереңдету бойынша міндеттерді шешуге, бәсекелестіктің өсуі есебінен олардың тиімділігін арттыруға, қаржылық қызмет көрсетулердің қол жетімділігін, сапасын және әр түрлілігін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл ретте қаржы нарықтарының жаңа деңгейге өтуі реттеушілік төрелігін азайту, қаржы реттегіштерінің өзара іс-қимылы мен ақпарат алмасуды жетілдіру есебінен қаржылық тұрақтылық үшін тәуекелдердің азаюына ықпал етеді.

      Қаржы нарығына өзара рұқсат беруді және реттеу мен қадағалаудың ұлттық жүйелерін үйлестіруді дәйекті ырықтандыру бойынша іс-шараларды іске асыру кезінде ақпараттық қаржы технологияларын қарқынды дамыту ескерілуі тиіс. Осы мақсатта мүше мемлекеттер қаржы технологияларын реттеу мен дамыту тәсілдерін келіседі.

V. Ортақ қаржы нарығын қалыптастырудың негізгі бағыттары

      1. Ортақ қаржы нарығын реттеу

      Ортақ қаржы нарығының Одақ шеңберінде тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету, реттеушілік төрелігін және қаржылық тұрақтылық үшін тәуекелдерді азайту ортақ қаржы нарығын реттеудің міндеті болып табылады. Осы Тұжырымдаманың мақсаты үшін реттеушілік төрелігі деп түрлі ұлттық юрисдикцияларда нормативтік реттеудегі айырмашылық есебінен мүше мемлекеттердің бірінің қаржы нарығының субъектілері үшін мүмкін болатын бәсекелестік басымдылықтарын туындататын қызметтің тең емес жағдайлары түсініледі.

      Реттеу мынадай қағидаттарға сәйкес жүзеге асырылады:

      реттеу мен қадағалаудың жалпы қағидаларының түсінікті болуы және қолжетімділігі;

      қаржы нарығын реттегіштер мен қатысушылар қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету;

      халықаралық қағидаттарға және ортақ қағидаттарға (ұсынымдарға) сәйкес реттеу мен қадағалауды үйлестіру.

      Мыналар:

      мүше мемлекеттердің қаржы нарығын реттеу саласында ұлттық саясатты іске асыруды жүзеге асыруға уәкілетті ұлттық реттегіштері;

      Шартпен және Одақ шеңберінде өзге халықаралық шарттармен айқындалған өкілеттіктер шегінде Одақ органдары;

      Одақ шеңберінде халықаралық шартпен айқындалатын құзыреті шегінде ортақ қаржы нарығын реттеу жөніндегі ұлттықтан жоғары орган ортақ қаржы нарығын реттеу органдары болып табылады.

      Ортақ қаржы нарығын реттеу үшін ұсынымдар әзірлеу мақсатында консультациялық кеңесу органдары мен жұмыс топтары құрылуы мүмкін.

      Мүше мемлекеттер Одақ шеңберінде қаржы нарығын реттеу жөніндегі ұлттықтан жоғары органның өкілеттіктері мен функциялары туралы халықаралық шарт жасайды. Бұл ретте мемлекеттік тіркеу, лицензиялау, қызметті реттеу және қадағалау ден қою шараларын қолдану функциялары ұлттық органдарда сақталады.

      Мүше мемлекеттер жүйелік тәуекелдердің ұлттық ерекшелігіне қарай айырмашылығы болатын және сондықтан үйлестіруге жатпайтын макропруденциалдық реттеу құралдарын қолданады.

      2. Мүше мемлекеттердің қаржы саласындағы заңнамасын үйлестіру

      Сақталатын айырмашылықтар ортақ қаржы нарығының тиімді жұмыс істеуіне кедергі келтірмейтін жағдайларда, ортақ қаржы нарығын құқықтық реттеудің ұқсас (салыстырмалы) қағидаларын бекіту мүше мемлекеттердің заңнамасын үйлестірудің міндеті болып табылады.

      Мүше мемлекеттердің заңнамасын үйлестіру Шартта, 2018 жылғы
6 қарашадағы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің қаржы нарығы саласындағы заңнамасын үйлестіру туралы келісімде (бұдан әрі – Үйлестіру туралы келісім) және үйлестіру жоспарында айқындалған бағыттар бойынша жүргізіледі.

      Үйлестіру үш сектор бойынша бір мезгілде (қатар) негізгі кезеңдерге бөле отырып, бірақ мүше мемлекеттердің қаржы нарықтарын құқықтық реттеудің моделдері мен ерекшеліктерін және халықаралық стандарттардың имплементациясының дәрежесі мен ең жақсы тәжірибені ескеретін әр түрлі жылдамдықпен, сондай-ақ ұлттық нарықтардың және ортақ қаржы нарығының қаржылық тұрақтылығы үшін тәуекелдерді азайтудың қажеттілігін ескере отырып, жүргізіледі.

      Мүше мемлекеттердің заңнамасын үйлестіру қаржы саласында және аралас облыстарда қазір белгіленбеген, ортақ қаржы нарығын қалыптастыру жөніндегі одан арғы жұмыс шеңберінде мүше мемлекеттердің арасында келісім бойынша талап етілуі мүмкін өзге бағыттар бойынша да жүргізілуі мүмкін.

      Заңнаманы үйлестіру кезінде мүше мемлекеттер халықаралық қағидаттар мен Үйлестіру туралы келісімде белгіленген стандарттарды басшылыққа алады.

      Үйлестіру жеткіліктілігінің критерийлері болып мыналар табылады:

      мүше мемлекеттердің өздерінің ішкі нарықтарына кіруге қаржы нарығына қатысушыларға өзара рұқсат беру жөніндегі міндеттемелерді қабылдауы үшін жеткілікті үйлестіру деңгейіне жету;

      қаржы нарығына қатысушылар үшін ортақ қаржы нарығында реттеушілік төрелігін азайту;

      өтімділік немесе төлем қабілеттілігі проблемалары кездескен қаржы институттарын сауықтандырудың немесе жоюдың үйлестірілген құралдарының болуы;

      ұлттық құқықтық режимдерді мемлекеттердің қадағалау органдары ұлттық қаржы нарықтарымен бірге ортақ қаржы нарығында да тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін өте қиын деп қарайтын реттеудің халықаралық қағидаттарын сақтау бөлігінде үйлестіру деңгейіне және қаржылық қызмет көрсетулерді тұтынушылар тарапынан қаржы ұйымдарына сенім білдіруге жету.

      3. Мүше мемлекеттердің қаржы нарықтарына қатысушыларға өзара рұқсат беруді қамтамасыз ету

      Мыналар:

      еншілес ұйым құру;

      трансшекаралық филиал ашу;

      мүше мемлекеттің аумағында коммерциялық түрде қатыспастан (қызметтерді трансшекаралық ұсыну) қаржылық қызмет көрсету арқылы бір мүше мемлекет резиденттерінің екінші мүше мемлекеттердің аумақтарында қаржылық қызмет көрсетуі мүмкіндігін қамтамасыз ету (мүше мемлекеттермен жасалған халықаралық шарттарға сәйкес) мүше мемлекеттердің қаржы нарықтарына қатысушыларға өзара рұқсат берудің мақсаты болып табылады.

      Еншілес ұйымдар құру арқылы рұқсат беру

      Қаржылық қызмет көрсетулерді жеткізушілердің еншілес ұйымдары –банктер мен сақтандыру ұйымдары нысанындағы өзара рұқсат беруді (коммерциялық қатысу) қамтамасыз ету үшін – стандартталған лицензия тетігі енгізіледі.

      Стандартталған лицензия негізгі ұйымның шыққан елінің реттегіші беретін арнайы рұқсатты (лицензия) білдіреді. Мұндай лицензияны беруге қойылатын талаптар барлық мүше мемлекеттер үшін бірыңғай және мүше мемлекеттерде қолданылатын ең жоғары талаптарға қарай мүше мемлекеттердің консенсусының негізінде белгіленеді.

      Стандартталған лицензияны беру және кері шақырып алу (тоқтата тұру) тәртібі мен шарттары, стандартталған лицензияны ізденушіге қойылатын талаптар және оларды қайта қарау тәртібі, еншілес ұйымдарға рұқсат беруді оңайлату тәсілдері Одақ шеңберінде халықаралық шартта бекітілетін болады.

      Стандартталған лицензия тетігін енгізу мерзімі көрсетілген халықаралық шарттың күшіне енуіне байланысты, бірақ ерте дегенде 2025 жылғы 1 қаңтарда және Үйлестіру туралы келісімге сәйкес мүше мемлекеттердің заңнамасын үйлестіруге орай айқындалады.

      Стандартталған лицензия беру туралы шешімді барлық мүше мемлекеттердің стандартталған лицензияларын ізденушілер үшін міндетті талаптарға сәйкес аналық ұйымның шыққан елінің ұлттық реттегіші қабылдайды.

      Стандартталған лицензияны ізденушіге (иегерге) қойылатын сандық талаптар мүше мемлекеттерде қолданылатын ең жоғары талаптарға қарай белгіленеді және стандартталған лицензия қолданысының барлық мерзімі ішінде көрсетіледі.

      Стандартталған лицензияны ізденуші – банкке және сақтандыру ұйымына – мынадай бірыңғай сандық талаптар қойылады:

      банктің нормативтік капиталының (өз қаражаты) мөлшері – 60 млн АҚШ долларынан кем емес балама (Қырғыз Республикасы үшін – өтпелі кезең ішінде және шартымен 50 млн АҚШ долларынан кем емес балама);

      сақтандыру ұйымының нормативтік капиталының (өз қаражаты) мөлшері – "өмір"/"өмір емес" сақтандыру түрлерінің санаттары үшін 10,4 млн АҚШ долларынан кем емес балама (Қырғыз Республикасы үшін – өтпелі кезең ішінде және шартымен 5 млн АҚШ долларынан кем емес балама);

      банк капиталының жеткіліктілігі нормативінің ең аз мәні – 12,5 пайыздан кем емес;

      сақтандыру ұйымы капиталының (төлем қабілеттілігі маржасы) жеткіліктілігі нормативінің ең аз мәні – 1,2 пайыздан кем емес.

      Стандартталған лицензияны ізденушіге (иесіне) қойылатын сандық талаптардың параметрлері қажеттілігіне қарай Одақ шеңберінде халықаралық шартпен белгіленген тәртіппен қайта қаралуы мүмкін.

      Стандартталған лицензияны ізденушінің (иесінің) іскерлік беделіне қатысты талаптар белгілеу кезінде барлық мүше мемлекеттерде қолданылатын талаптардың ең көп деңгейі және ең жақсы халықаралық тәжірибе қолданылады.

      Стандартталған лицензияны ізденушінің (иесінің) негізгі лауазымдары бойынша функцияларды жүзеге асыратын тұлғалардың, көрсетілген лауазымдарға үміткерлердің, сондай-ақ стандартталған лицензияны ізденушінің (иесінің) 10 пайыздан астам акциясына (үлесіне) ие акционерлерді (қатысушыларды) және мұндай акционерлерге (қатысушыларға) қатысты бақылауды жүзеге асыратын тұлғаларды қоса алғанда, дербес немесе тапсырма беру және (немесе) стандартталған лицензияны ізденушінің (иесінің) шешімдерін өзге жолмен айқындауға құқығы бар тұлғалар тобының құрамындағы өзге жеке және (немесе) заңды тұлғалардың іскерлік беделіне қойылатын талаптар Одақ шеңберінде халықаралық шартпен (тұлғалардың құрамы мен талаптардың тізбесін қоса алғанда) белгіленеді және стандартталған лицензия қолданысының барлық мерзімі ішінде сақталады.

      Стандартталған лицензияны ізденушінің шыққан елінің реттегіші қаржылық тұрақтылық үшін әлеуетті тәуекелдерді бағалауды және мүмкін болатын салдарларды ескере отырып, біржақты тәртіппен стандартталған лицензияны ізденушіге қосымша талаптар енгізуі мүмкін.

      Негізгі ұйымда стандартталған лицензия болған кезде оған басқа мүше мемлекеттердің қаржы нарығына рұқсат беру оңайлатылған рәсім бойынша жүзеге асырылады.

      Негізгі ұйымның 100 пайыз үлеспен, ал сатып алған жағдайда 75 пайыз + 1 акциямен қатысуымен еншілес заңды тұлға құру стандартталған лицензия шеңберінде оңайлатылған рұқсат беру шарты болып табылады.

      Стандартталған лицензияның болуы немесе болмауы мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес ұлттық нарықта заңды тұлғаның қызметін, сондай-ақ басқа мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес сол мүше мемлекеттің нарығына рұқсат беруді шектемейді.

      Қырғыз Республикасы үшін стандартталған лицензия тетігін қолдануға қатысты өтпелі кезең Одақ шеңберінде халықаралық шартқа сәйкес белгіленеді, стандартталған лицензия тетігін енгізген күннен бастап қолданылады және мыналарға:

      егер, олар басқа мүше мемлекеттердің стандартталған лицензиясын ізденуші (иесі) үшін белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін жағдайда, Қырғыз Республикасының аумағында өтпелі кезеңнің қолданылуы басталғаннан кейін жаңадан құрылатын несиелік (сақтандыру) ұйымдарға;

      егер, ізденушінің бизнес жоспарында Одақ шеңберінде халықаралық шартта белгіленген мерзімде талаптарға қол жеткізу көзделмесе, өтпелі кезеңнің қолданылуы басталғаннан кейін көрсетілген кезең ішінде стандартталған лицензия алуға тапсырыс берген Қырғыз Республикасының аумағында жұмыс істейтін несиелік (сақтандыру) ұйымдарға қатысты қолданылмайды.

      Бұл ретте стандартталған лицензияны ізденуші Қырғыз Республикасының реттеушісіне белгіленген өтпелі кезең аяқталған уақыттан кешіктірмей стандартталған лицензия тетігі шеңберінде нормативтік (өз) капиталдың белгіленген мөлшеріне дейін нормативтік (өз) капиталын ұлғайтуға жазбаша міндеттеме беруі тиіс.

      Өтпелі кезең шеңберінде реттеушілік төрелігінің тәуекелін азайту мақсатында Қырғыз Республикасының реттеушілері Одақ шеңберінде халықаралық шартқа сәйкес мүше мемлекеттердің реттеушілерімен консультациялар жүргізеді.

      Өтпелі кезең шеңберінде Қырғыз Республикасы үшін стандартталған лицензияны ізденуші банктің нормативтік капиталының (өз қаражаты) мөлшеріне, стандартталған лицензияны ізденуші сақтандыру ұйымының "өмір"/"өмір емес" сақтандыру түрлерінің санаттары үшін нормативтік капиталының (өз қаражаты) мөлшеріне қойылатын ең аз талаптарға 2030 жылғы 1 қаңтардан кешіктірмей қол жеткізу көзделеді.

      Стандартталған лицензиясы бар банктің немесе сақтандыру ұйымының еншілес ұйымын құрған (лицензиялаған) немесе жұмыс істейтін банк (жұмыс істейтін сақтандыру ұйымы) акциясының (үлесінің) 75 пайыздан астамын сатып алу бойынша мәміле (мәмілелер) немесе жұмыс істейтін банк (жұмыс істейтін сақтандыру ұйымы) 75 пайыздан астам акциясын (үлесін) иеленген банк (сақтандыру ұйымы) акционерлеріне (қатысушыларына) қатысты бақылауды белгілеу жөніндегі мәміле (мәмілелер) жасаған кезде (бұдан әрі – құру және (немесе) сатып алу) оңайлатудың мынадай түрлері қолданылады:

      құру және (немесе) сатып алу жүзеге асырылатын мүше мемлекеттің аумағында:

      банктердің жиынтық жарғылық капиталына және (немесе) сақтандыру ұйымдарының жиынтық жарғылық капиталына резидент еместердің қатысуына;

      мүше мемлекеттер азаматтарының банк және (немесе) сақтандыру ұйымының басқару органдарына қатысуына;

      мүше мемлекеттер азаматтарының банк және (немесе) сақтандыру ұйымдарында жұмыс істеуіне мүше мемлекеттің банк және (немесе) сақтандыру қызметі саласындағы заңнамасымен белгіленген шектеулер қолданылмайды;

      аумағында құру және (немесе) сатып алу жүзеге асырылатын мүше мемлекеттің заңнамасымен белгіленген құжаттарды қарау мерзімі, бірақ банк үшін 3 айдан аспайтын және сақтандыру ұйымы үшін 30 күнтізбелік күннен аспайтын мерзім қолданылады;

      құру және (немесе) сатып алу туралы, сондай-ақ мұндай құру және (немесе) сатып алуды келісу туралы қолдаухатпен берілетін құжаттардың құрамы бойынша алу мыналарды:

      егер, қарауға ұсынылған құжаттардың құрамында болатын елдің ұлттық реттегішіне қаржылық жағдайы мен іскерлік беделінің қанағаттанарлық деңгейде екендігі, қолдаухатпен жүгінген банктің (сақтандыру ұйымының) қаржылық жағдайы қанағаттанарлық деңгейде екендігі мен меншік құрылымының ашықтығы туралы бірмәнді қорытынды жасауға мүмкіндік беретін шыққан елінің ұлттық реттегішінің онда өзекті, дұрыс және заңды күші бар құжаттардың бар екендігін жазбаша растауы (бұдан әрі – шыққан елінің ұлттық реттегішінің жазбаша растауы) болса, стандартталған лицензиясы бар банктің (сақтандыру ұйымының) қаржылық жағдайы және меншік құрылымының ашықтығы туралы құжаттар, стандартталған лицензиясы бар банктің (сақтандыру ұйымының) 10 пайыздан астам акциясын (үлесін) иеленген құрылтайшылардың (акционерлердің, қатысушылардың), мұндай құрылтайшыларға (акционерлерге, қатысушыларға) қатысты бақылауды жүзеге асыратын тұлғалардың және негізгі ұйымның штатынан еншілес банктің (сақтандыру ұйымының) басқару органдарына, сондай-ақ іскерлік беделіне талаптар қойылатын өзге лауазымдарға сайланатын (тағайындалатын) лауазымды адамдардың қаржылық жағдайы және іскерлік беделі туралы құжаттар. Көрсетілген құжаттарды болатын елдің ұлттық реттегішіне шыққан елінің ұлттық реттегіші ұсынады;

      егер, қарауға ұсынылған құжаттардың құрамында шыққан елінің ұлттық реттегішінің жазбаша растауы болса, стандартталған лицензиясы бар банктің (сақтандыру ұйымының) үлестес тұлғалары туралы мәліметтер, ақпарат беру бөлігінде қолданылады.

      Оффшорлық елдерде (аумақтарда) тіркелген тұлғалардың қатысуымен банктер мен сақтандыру ұйымдарын құруға қатысты мүше мемлекеттердің заңнамасы қолданылады. Стандартталған лицензиялау тетігі шеңберінде алу қолданылмайды.

      Трансшекаралық филиалдарды ашу арқылы рұқсат беру

      Филиалдарға рұқсат беру ДСҰ шеңберінде мүше мемлекеттердің міндеттемелеріне сәйкес жүзеге асырылады.

      Мүше мемлекеттің аумағында коммерциялық түрде қатыспастан

      қаржылық қызмет көрсету (қызметтерді трансшекаралық ұсыну)

      арқылы рұқсат беру

      Ортақ қаржы нарығының тиісті түрде, оның ішінде қаржылық қызмет көрсетулерді трансшекаралық ұсыну арқылы өзара рұқсат беру бөлігінде жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында, мүше мемлекеттер Одақ шеңберінде халықаралық шарттармен бекітілетін мүше мемлекеттің аумағында коммерциялық түрде қатыспастан қаржылық қызмет көрсету тәртібіне және шарттарына оның ішінде:

      тұтынушылардың құқықтарын қорғау;

      трансшекаралық дауларды реттеу;

      дербес деректерді трансшекаралық беру және қорғау мәселелері бойынша келісілген тәсілдерді айқындайды.

      Мүше мемлекеттің аумағында коммерциялық түрде қатыспастан қаржылық қызмет көрсету (қызметтерді трансшекаралық ұсыну) арқылы рұқсат беру мақсатында мүше мемлекеттер осындай рұқсат берудің параметрлерін айқындайтын Одақ шеңберінде тиісті халықаралық шарттар әзірлейді және жасасады.

      Бағалы қағаздар нарығында қызметті трансшекаралық жүзеге асыру бөлігінде мүше мемлекеттер бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушыларына (делдалдарға, дилерлерге, сенімгерлік басқарушыларға (ұжымдық инвестициялар мен зейнеткерлік қорларды қоспағанда, бағалы қағаздарды басқарушыларға)) қолда бар ұлттық лицензиялардың, қадағалау, бақылау тетіктерінің және реттеушілердің өзара іс-қимылы шеңберінде ұйымдастырылған нарықтарға өзара рұқсат беруді ықпалдасудың бастапқы кезеңі ретінде қарауға келісті. Аталған кезеңде шараларды іске асыру мақсатында мүше мемлекеттер бағалы қағаздар нарығында Одақ шеңберінде тиісті халықаралық шартты қабылдайды. Мүше мемлекеттердің заңнамасын үйлестіруге орай бағалы қағаздар нарығында ықпалдастырудың нысандарын кеңейту тетіктері дайындалатын болады.

      4. Ортақ қаржы нарығына қатысушылардың қызметін қадағалау

      Стандартталған лицензиясы бар негізгі ұйымды қадағалауды оның шыққан елінің реттеуіші жүзеге асырады.

      Еншілес ұйымдарды қадағалауды олар болатын елдің реттеуіші жүзеге асырады.

      Филиалдардың қызметін қадағалау олар болатын елдің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Қызметтерді трансшекаралық көрсетуді қадағалауды қаржылық қызметті жеткізушінің шыққан елінің реттеушісі жүзеге асырады.

      Болатын елдің реттеушісі шыққан елінің реттеушісіне шоғырландырылған негізде қадағалауды жүзеге асыру мақсатында соңғысына ақпарат алуға көмек көрсетеді.

      Шыққан елдің және болатын елдің реттеушілері ортақ қаржы нарығына қатысушылардың қызметін қадағалауды іске асыру мақсатында ынтымақтастықтың қажеттілігін растайды.

      Қадағалау тетігі мен ынтымақтастық нысаны (қадағалау алқасын құру, тиісті ақпаратпен алмасу, ынтымақтастық туралы халықаралық шарттар жасау және басқа да нысандар) Одақ шеңберінде жекелеген халықаралық шартпен айқындалады.

      Қадағалау алқасы дегеніміз жеке қадағалау өкілеттіктері берілмеген консультативтік орган.

      Ортақ қаржы нарығына қатысушылардың қызметін қадағалауды дамыту мақсатында мүше мемлекеттер:

      осы Тұжырымдаманың V бөлімінің 2 кіші бөліміне сәйкес өз заңнамасын үйлестіреді;

      қаржы саласындағы әкімшілік ынтымақтастық пен ақпарат алмасуды (оның ішінде құпия) қоса алғанда мүше мемлекеттердің қадағалау органдарының өзара іс-қимыл тетігін жасайды;

      қаржылық қызмет көрсетулердің тұтынушыларының құқықтарын қорғауды қамтамасыз етудің трансшекаралық тетігін қалыптастырады.

      Жекелеген бағыттар бойынша мүше мемлекеттердің қаржы нарығын реттеу және қадағалау жөніндегі ұлттық талаптар сақталуы мүмкін.

      5. Ортақ қаржы нарығының инфрақұрылымын дамыту

      Ортақ қаржы нарығының инфрақұрылымы оның жұмыс істеуін қамтамасыз ететін қаржы институттарының жиынтығын білдіреді.

      Қаржылық қызмет көрсетулерді қамтамасыз ететін және қаржы нарығына қатысушылардың қаржылық қызмет көрсетуге байланысты тәуекелдерін азайтуға ықпал ететін орта қалыптастыру ортақ қаржы нарығының инфрақұрылымын дамыту мақсаты болып табылады.

      Ортақ қаржы нарығының инфрақұрылымын дамыту мынадай міндеттерді шешуді білдіреді:

      қаржылық қызмет көрсетулердің үздіксіз болуын қамтамасыз ету;

      қаржы нарығына қатысушылар үшін қаржылық қызмет көрсетулердің қолжетімділігін арттыру;

      ортақ қаржы нарығына қатысушылардың қаржылық қызмет көрсетуге байланысты тәуекелдерін, сондай-ақ жалпы ортақ қаржы нарығында жүйелі болатын тәуекелдерді азайту;

      қаржылық қызмет көрсету бөлігінде, оның ішінде қаржылық қызмет көрсетуді қамтамасыз ететін цифрлық технологиялық платформаларды жетілдіру мақсатында ең үздік халықаралық тәжірибені іске асыру;

      ақша қаражатына және қаржы құралдарына меншік құқықтарына кепілдік беру.

      6. Ортақ биржа кеңістігін қалыптастыру

      Ортақ биржа кеңістігі шеңберінде мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары жүзеге асыратын реттеу және қадағалау тәртібін мүше мемлекеттер консенсустың негізінде айқындайды және Одақ шеңберінде халықаралық шартта бекітілуі мүмкін.

      Ортақ биржалық кеңістік құру үшін мүше мемлекеттер Еуразиялық экономикалық комиссиямен бірлесіп іс-шаралар жоспарын ("жол картасын") әзірлейді.

      Мүше мемлекеттер бір мүше мемлекеттің делдалдары мен дилерлеріне екінші мүше мемлекеттің биржаларында (сауданы ұйымдастырушылардың) ұйымдастырылған сауда-саттыққа қатысуға өзара рұқсат, оның ішінде трансшекаралық рұқсат берудің дұрыс екендігімен келісті. Ұйымдастырылған сауда-саттыққа қатысуға өзара рұқсат беруді ұжымдық инвестициялар мен зейнеткерлік қорларды қоспағанда, мұндай рұқсат беру заңнамаға сәйкес берілетін мүше мемлекеттер мынадай талаптарды сақтаған кезде:

      оның шыққан елінің заңнамасына сәйкес басқарушы ұйымдастырылған сауда-саттыққа қатысуға құқылы болған кезде;

      басқарушыға оның шыққан елінің биржасына мұндай биржаның қағидасына сәйкес сауда-саттыққа қатысушы ретінде іс жүзінде рұқсат берілген кезде бағалы қағаздарды басқарушыларға да береді.

      2025 жылға және мүше мемлекеттердің қаржы саласындағы заңнамасын үйлестіру процесі аяқталғанға дейін ұжымдық инвестициялар мен зейнеткерлік қорларды қоспағанда, делдалдар мен бағалы қағаздарды басқарушыларға рұқсат беру тек өздерінің ұлттық клиенттерімен және Одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттердің клиенттерімен ғана жұмыс істеу үшін беріледі.

      Мүше мемлекеттердің қаржы саласындағы заңнамасын үйлестіру процесі аяқталғаннан кейін мүше мемлекеттер, оның ішінде биржаны тіркеген елде тіркелген клиенттермен жұмыс істеу мүмкіндігін көздейтін ұлттық режимді, сондай-ақ нарыққа қатысушыларға коммерциялық түрде қатыспастан және биржаның болатын елі реттеушісінің қосымша лицензиялауы қажетінсіз операцияларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін рұқсат берудің өзге нысандарын қолданудың дұрыстығын қарайды.

      7. Инвесторлар мен ортақ қаржы нарығында қаржылық қызмет көрсетулерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау

      Инвесторлар мен қаржылық қызмет көрсетулерді тұтынушылардың құқықтарын және заңды мүдделерін қорғау тетігін жасауды мынадай бағыттар бойынша жүзеге асыру жоспарланады:

      оларға қатысты мүше мемлекеттер тұтынушылар мен инвесторлардың құқығын қорғауды реттеу саясатын үйлестіруді жүзеге асыратын қаржылық қызмет көрсетулерді анықтау және тізбесін жасау;

      қаржылық қызмет көрсетулерді тұтынушылар мен жеткізушілердің:

      қаржылық қызмет көрсетулерді ұсынуды мемлекеттік реттеу ерекшеліктері, мекеме және қызметі туралы;

      ортақ қаржы нарығының мүмкіндіктері мен оны реттеу тәртібі туралы;

      ортақ қаржы нарығының шеңберінде инвестициялық өнімдер туралы;

      өз құқықтары мен мүдделерін қорғау мүмкіндіктері туралы хабардар болу деңгейін арттыру;

      мүше мемлекеттердің ұлттық реттеушілерінің, бизнес-қоғамдастықтарының және қаржы омбудсмендерінің өзара іс-қимылы, оның ішінде тұтынушылармен, инвесторлармен жұмыс істеу, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау және дауларды шешу (мүше мемлекеттерде дауларды сотқа дейінгі реттеу институттарын, оның ішінде қаржы омбудсмені институты арқылы құруды қоса алғанда) практикасы туралы ақпарат алмасу арқылы;

      ортақ қаржы нарығының субъектілері туралы;

      қаржылық қызмет көрсетулерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында мүше мемлекеттердің заңнамасын үйлестіру және жетілдіру;

      мүше мемлекеттердің қаржылық қызмет көрсетулерін тұтынушылардың қаржылық сауаттылығын арттыру;

      ұлттық реттеушілер өкілеттіктерінің шеңберінде қаржылық алаяқтықтың түрлі нысандарына, оның ішінде "қаржы пирамидаларына" қарсы іс-қимылға келісілген тәсілдерді дайындау;

      қаржылық өнімдер мен қызмет көрсетулер туралы ақпаратты ашуға келісілген тәсілдерді дайындау.

      Мүше мемлекеттерге инвесторлар мен ортақ қаржы нарығында қаржылық қызмет көрсетулерді тұтынушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау тетігінің мынадай негізгі элементтерін басшылыққа алу ұсынылады:

      мүше мемлекеттердің қаржы нарықтарының ашықтығын арттыру және ақпараттық қолжетімділікті қамтамасыз ету;

      мүше мемлекеттер тарапынан қаржылық қызмет көрсетулерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау бөлігінде олардың заңнамасын бұзушылыққа заманауи және барабар қадағалаушылық ден қоюды жүзеге асыру;

      қаржылық қызмет көрсетулерді тұтынушылардың өтініштерін (шағымдарын) қарау тәсілдерін үйлестіру;

      қаржылық қызмет көрсетулерді тұтынушылар мен жеткізушілердің дауларын соттан тыс реттеу тетігінің болуы;

      қаржылық қызмет көрсетулердің қолжетімділігін қамтамасыз ету саясаты мен тетіктерін үйлестіру және мүше мемлекеттердің қаржылық қызмет көрсетулерін тұтынушылардың қаржылық сауаттылығын арттыру.

      Ортақ қаржы нарығын құру бойынша жұмыстың алға жылжуына қарай мүше мемлекеттердің қаржылық реттеушілері арасында қадағалаушылық ынтымақтастық тетіктері әзірленуі тиіс.

      Мүше мемлекеттер ең үздік халықаралық практикаға негізделген мінез-құлықты қадағалау жүйесін құру мүмкіндігін қарайды. Мінез-құлықты қадағалау – қаржылық қызмет көрсетулерді жеткізушілер мен сатушылардың өз клиенттеріне қатысты мінез-құлқының қағидасын әзірлеуді білдіретін қаржылық қызмет көрсетулерді тұтынушылар тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында қолданылатын қадағалау саласы және аталған қағидалардың орындалуын бақылау.

      Инвесторлар мен ортақ қаржы нарығында қаржылық қызмет көрсетулерді тұтынушылардың құқықтарын және мүдделерін қорғау саласындағы үйлестіруге жататын нормалар мен талаптардың (бағыттардың) тізбесі Одақ шеңберінде жеке халықаралық шартпен белгіленеді.

      8. Киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету

      Киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеттері:

      ортақ қаржы нарығында қаржылық ақпараттың құпиялылығын, тұтастығын және қолжетімділігін қамтамасыз ету;

      ортақ қаржы нарығының инфрақұрылымының тұрақты және үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету;

      қаржылық қызмет көрсетулерді ақпараттық технологияларды пайдалана отырып алған кезде бұл қызмет көрсетулерді тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың кепілдікті және тиімді жүйесін қамтамасыз ету;

      ортақ қаржы нарығы шеңберінде берілетін ақпараттың тұтастығын бақылау және түпнұсқалылығын растау мақсатында сенім ортасын құру болып табылады.

      Киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаттары:

      ортақ қаржы нарығының киберқауіпсіздігін қамтамасыз етудің және оны басқарудың, оның ішінде аталған саладағы халықаралық стандарттардың негізінде стандартталған тәсілдерін қолдану;

      ұлттық реттеушілердің және ортақ қаржы нарығына қатысушылардың киберқауіпсіздікті және кибертұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі ортақ қағидаларының болуы және қызметінің транспаренттілігі;

      кибершабуылды жетістікті түрде іске асырған жағдайда қаржылық қызмет көрсетулерді тұтынушылардың құқықтарын және мүдделерін қорғау жүйесін құру;

      алдын алу шараларын әзірлеу үшін ұлттық реттеушілердің және ортақ қаржы нарығына қатысушылардың кибершабуылдарға қарсы іс-қимыл жөніндегі, сондай-ақ оқиғалар туралы ақпарат алмасу тетігін құру жөніндегі қызметін ықпалдастыруды және үйлестіруді тереңдету болып табылады.

      Мүше мемлекеттер мынадай негізгі бағыттар бойынша киберқауіпсіздікті қамтамасыз етуге ұмтылады:

      реттеушілер мен ортақ қаржы нарығына қатысушылардың киберқауіптерді талдау және киберқауіпсіздік оқиғалары туындаған кезде ден қою жөніндегі жедел өзара іс-қимылын ұйымдастыру бойынша ұйымдастыру-техникалық жағдайларын қалыптастыру;

      цифрлық трансформация жағдайында ортақ қаржы нарығында қауіпсіз электрондық өзара іс-қимыл үшін жағдай жасау;

      киберқауіпсіздікті, кибертөзімділікті қамтамасыз ету мәселелерінде және тиісті тәуекелдерді қадағалауға бірыңғай стандартталған тәсілдерді қалыптастыру;

      саясатты үйлестіру және қаржы операцияларын және ақша қаражатын аударуды жүзеге асыру кезінде клиенттерді қатаң сәйкестендіруді қамтамасыз ету тетіктерін біріздендіру;

      кибершабуыл нәтижесінде рұқсат етілмеген қаржылық операцияларды және ақша қаражатын аударуды жасаған жағдайда қаржылық қызмет көрсетулерді тұтынушылардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету саласындағы саясатты үйлестіру;

      қаржылық қызмет көрсетулерді тұтынушылардың сауаттылығын арттыру;

      ақпарат саласындағы негізгі қауіптерден жеке тұлғалардың өзін өзі қорғау тәсілдері мен әдістеріне оқытуды ұйымдастыру.

      9. Ортақ төлем кеңістігін дамыту

      Қызмет көрсетулердің қолжетімділігін, сапасын, қауіпсіздігін және сенімділігін арттыру, шығасыларды төмендету, қаржы саласында ықпалдасқан процестерге көмек көрсету ортақ төлем кеңістігін дамытудың негізгі мақсаты болып табылады.

      Ортақ төлем кеңістігін дамыту мәселесі бойынша ынтымақтастық ұлттық қауіпсіздік, ұлттық төлем жүйелерінің тәуелсіздігі және теңдігі қағидаттарына негізделеді.

      Заманауи қаржылық технологияларды пайдалана отырып ортақ есептеу инфрақұрылымын (ортақ төлем кеңістігі) құру экономикалық егемендікті арттыруды қамтамасыз ете отырып, ЕуЭО мүше мемлекеттердің ұлттық төлем жүйелерінің тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді.

      Мүше мемлекеттердің ұлттық (орталық) банктері трансшекаралық төлемдер мен есептеулерді жүргізу мәселесі бойынша жұмысты, оның ішінде ортақ төлем кеңістігін дамыту шеңберінде үйлестіруді қамтамасыз ете отырып, ұлттық төлем жүйелерін дербес реттейді.

      Ортақ төлем кеңістігін дамыту мүше мемлекеттердің ұлттық (орталық) банктері құрған ұлттық төлем жүйелерін дамытуды үйлестіру жөніндегі жұмыс тобының қызметі шеңберінде мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады:

      төлем карталар ұлттық жүйелерінің өзара іс-қимылы;

      қаржылық хабарламалар мен есептеулерді беру жүйелерінің өзара іс-қимылы;

      ISO 20022 халықаралық қаржылық хабарламалар стандартын енгізу;

      жылдам төлемдер жүйесінің өзара іс-қимылы;

      цифрлық аккредитивтер және салымды іске асыру мәселелері бойынша өзара іс-қимыл;

      қаржылық технологияларды, оның ішінде бөлінген тізілімдер технологиясын, биометрикалықты, ашық API қоса алғанда цифрлық сәйкестендіруді қолдану саласында, сондай-ақ өзге перспективалық бағыттарда дамыту;

      киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету;

      мүше мемлекеттердің орталық (ұлттық) банктері айқындаған мақсаттарға жету үшін өзге де бағыттар.

VI. Әкімшілік ынтымақтастық және ақпараттық өзара іс-қимыл

      Мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының әрекетін үйлестіру мына бағыттар бойынша жүзеге асырылады:

      мүше мемлекеттердің заңнамасын жетілдіруді, құқықты қолдану практикасы мен қаржы операцияларын жүзеге асыру кезінде мүше мемлекеттердің заңнамасын бұзушылықтардың алдын алу, анықтау және жолын кесу тетігін жетілдіруді, сондай-ақ ағымдағы және мүмкін болатын проблемаларды шешуді қоса алғанда, қаржы нарықтарындағы лицензиялау, реттеу, дамыту, бақылау және қадағалау мәселелері бойынша өзара іс-қимыл;

      екі жақты келісімдердің (өзара түсіністік туралы меморандумдардың) және 2014 жылғы 23 желтоқсандағы Қаржы нарықтарында капиталдың еркін қозғалысын қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасау мақсатында қаржы саласында ақпарат, оның ішінде құпия ақпарат алмасу туралы келісімнің негізінде мүше мемлекеттердің қадағалау органдарының арасындағы ынтымақтастықты және ақпарат алмасуды қоса алғанда, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау саласындағы өзара іс-қимыл;

      қаржылық қызмет көрсетулерді тұтынушылардың және инвесторлардың құқықтарын және заңды мүдделерін қорғау мәселелері бойынша өзара іс-қимыл;

      киберқауіпсіздік саласындағы өзара іс-қимыл;

      қаржы технологияларын дамыту мәселелері бойынша өзара іс-қимыл.

      Мыналар:

      ақпараттың құпиялылығы, тұтастығы және қолжетімділігі;

      ақпарат алмасудың уақтылы болуы (жеделдігі);

      ақпараттың өзектілігі, толықтығы, барабарлығы, дұрыстығы және транспаренттілігі (ақпараттық ашықтық);

      кеңістікті ақпараттандыру (ақпаратты берудің біріздендірілген нысандары және өзара танылатын арналары);

      ақпаратты қорғаудың баламалылығы (өзара іс-қимыл арналарын, ақпаратты сақтау және өңдеу жүйелерін қорғау);

      ақпаратты беретін және қабылдайтын тараптардың оның тұтастығы, дәл келуі, сақталуы және таралмауы үшін жауапкершілігі ақпараттық өзара іс-қимылдың қағидаттары болып табылады.

      Мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының арасында, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссиямен өзара іс-қимылда әкімшілік ынтымақтастықты қамтамасыз ету үшін мүше мемлекеттер Одақтың құқығына кіретін халықаралық шарттар мен актілерді әзірлейді.

VII. Ортақ қаржы нарығын реттеу жөніндегі ұлттықтан жоғары органның міндеттері мен өкілеттіктері

      Шартқа сәйкес қаржы нарығын реттеу жөніндегі ұлттықтан жоғары орган (бұдан әрі – ұлттықтан жоғары орган) құрылуы тиіс.

      Ұлттықтан жоғары органды құру мүше мемлекеттердің реттеушілерінің және мүше мемлекеттердің ұлттық (орталық) банктерінің рөлін төмендетуді болжамайды. Мүше мемлекеттердің қаржы нарығын реттеушілердің мандаты және ақша-несие саясаты, қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету, қаржы нарығына қатысушыларға рұқсат беру, мүше мемлекеттердің қаржы нарығының субъектілерін қадағалау мәселелеріндегі олардың тәуелсіздігі сақталады.

      Ұлттықтан жоғары орган Одақтың басқа органдарынан және мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдарынан тәуелсіз қаржы нарықтарын реттеу жөніндегі өкілеттіктерді және оған берілген басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Ұлттықтан жоғары орган Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңеске есеп береді.

      Ұлттықтан жоғары органның нақты өкілеттіктері мен функциялары, оны қаржыландыру тәсілдері, квоталау тетігі, Ұлттықтан жоғары органның шешімдерін қабылдау рәсімдері, ұйымдастыру құрылымы, сондай-ақ оның қызметкерлерінің қажетті біліктілігі және Ұлттықтан жоғары органның өзге де мәселелері Одақ шеңберіндегі жекелеген халықаралық шартпен айқындалады.

      Ортақ қаржы нарығын дамыту және мүше мемлекеттердің қаржы нарықтарына кемсітпеушілікпен қол жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында мүше мемлекеттердің экономикалық интеграциясын тереңдету ұлттықтан жоғары органның негізгі міндеттері болып табылады.

      Ұлттықтан жоғары орган мынадай өкілеттіктерге ие болады:

      мүше мемлекеттердің қаржы секторы саласындағы заңнамасын халықаралық стандарттарға сәйкес келуі мәніне талдау;

      қаржы нарығы саласында, оның ішінде мүше мемлекеттердің қаржы саласындағы заңнамасын үйлестіру мақсатында халықаралық стандарттарды және қағидаттарды енгізу жөніндегі ұсынымдарды әзірлеу, оларды имплементациялаудың мониторингі;

      халықаралық ұйымдармен және қаржы нарығын реттеушілермен ынтымақтастық;

      мүше мемлекеттердің қаржы нарығын реттеушілерде халықаралық ұйымдармен және қаржы нарығының басқа да реттеушілерімен ынтымақтастықты жүзеге асыру үшін өкілеттіктерді сақтай отырып, қаржы нарығы саласында халықаралық алаңдарда мүше мемлекеттердің мүдделерін білдіру;

      мүше мемлекеттердің қаржы нарықтарының ағымдағы жай-күйіне талдау жасау;

      мүше мемлекеттердің қаржы нарығын реттеушілерінен алынған мәліметтердің негізінде ортақ қаржы нарығы субъектілерінің (банк және сақтандыру ұйымдарының, бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушыларының және мүше мемлекеттердің өзге қаржы ұйымдарының, оның ішінде стандартталған лицензиясы бар) бірыңғай ақпараттық тізілімін жүргізу.

      Алдағы уақытта қаржылық интеграцияның тереңдеуіне және ортақ қаржы нарығын қалыптастырудың барынша дамыған сатыларына көшуге байланысты мүше мемлекеттер ұлттықтан жоғары органның өкілеттіктерін кеңейту туралы мәселені қарайтын болады.

VIII. Қорытынды ережелер

      Осы Тұжырымдаманы іске асыру ортақ қаржы нарығының жұмыс істеуін реттейтін Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарға, сондай-ақ реттеушілер арасында жасалған өзге де актілерге және келісімдерге сәйкес жүзеге асырылатын болады.

      Мәлімделген бағдарларға қол жеткізу және ортақ қаржы нарығын қалыптастырудың негізгі бағыттарын іске асыру үшін Шартқа өзгерістер енгізілуі және Одақ шеңберінде халықаралық шарттар жасалуы мүмкін, сондай-ақ реттеушілер арасында өзге де актілер және келісімдер қабылдануы мүмкін.

      Осы Тұжырымдаманың, сондай-ақ қаржы нарығын қалыптастыру шеңберіндегі келісімдердің ережелері ортақ қаржы нарығы саласында ерекше құқықтық режимі бар мүше мемлекеттердің юрисдикциясына (аумағына) таралмайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады