Электр энергетикасы жөніндегі консультативтік комитет туралы ереже туралы

Жаңа

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2019 жылғы 11 қарашадағы № 193 шешімі

      Еуразиялық экономикалық комиссия туралы ереженің (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 1 қосымша) 7 және 44-тармақтарына сәйкес Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы шешті:

      1. Қоса беріліп отырған Электр энергетикасы жөніндегі консультативтік комитет туралы ереже бекітілсін.

      2. Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2012 жылғы 28 маусымдағы "Электр энергетикасы жөніндегі консультативтік комитет туралы" № 194 шешімінің 2-тармағының күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      Евразиялық экономикалық комиссия
Алқасының Төрағасы
Т. Саркисян

  Еуразиялық экономикалық
комиссия Алқасының
2019 жылғы 11 қарашадағы
№ 193 шешімімен
БЕКІТІЛГЕН

Электр энергетикасы жөніндегі консультативтік комитет туралы ЕРЕЖЕ

І. Жалпы ережелер

      1. Электр энергетикасы жөніндегі консультативтік комитет (бұдан әрі - Комитет) консультациялар жүргізу, сондай-ақ Комиссияның құзыретіне жататын электр энергетикасы саласындағы мәселелер бойынша Комиссия үшін ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу мақсатында Еуразиялық экономикалық комиссия туралы ереженің (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 1 қосымша) 7 және 44-тармақтарына сәйкес Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының жанынан құрылады.

      2. Комитет өз қызметінде 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты, Еуразиялық экономикалық одақтың (бұдан әрі - Одақ) құқығын құрайтын басқа да халықаралық шарттар мен актілерді, Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2014 жылғы 23 желтоқсандағы № 98 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық комиссияның Жұмыс регламентін, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

ІІ. Комитеттің функциясы

      3. Комитет өз құзыреті шегінде мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      а) Комиссия мәселелер бойынша Комитет шеңберінде шешім қабылдағанға дейін Алқа консультация өткізуге міндетті болатын мәселелерді қарайды;

      б) Комиссия үшін мына мәселелер:

      Одақ аясындағы халықаралық шарттар мен Одақтың электр энергетикасы саласындағы актілерді (соның ішінде Одақтың жалпы электр энергетикасы нарығын қалыптстыруға, оның жұмыс істеуіне және дамытуға қатысты) жетілдіру;

      Одаққа мүше мемлекеттердің электр энергетикасы саласындағы заңнамасын 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың ХХ бөлімінде көзделген актілерге үйлестіру;

      Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын қалыптастыру және оның жұмыс істеу мониторингі бойынша ұсыныстар мен ұсынымдарды әзірлеуді жүзеге асырады;

      в) Комиссияның Комитет қызметінің бағыттары бойынша мәселелер құзыретіне жататын департаментінің (бұдан әрі – жауапты департамент) электр энергетикасы саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстары әзірлемесіне жоспарланып отырған жұмыстары бойынша ұсыныстарын қарап, мақұлдайды, көрсетілген жұмыстардың алдын ала нәтижелерін қарайды және қажет болған кезде оларды пысықтау жөнінде ұсынымдар әзірлейді;

      г) өзінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша қорытынды әзірлейді;

      д) өз құзыреті шегінде өзге де функцияларды жүзеге асырады.

ІІІ. Комитеттің құрамы

      4. Комитеттің құрамы мүше мемлекеттердің мемлекеттік билік органдарының өкілдерінен, соның ішінде осы органдардың басшыларынан (басшыларының орынбасарларынан) бұдан әрі – уәкілетті өкілдер) қалыптастырылады.

      Мүше мемлекеттердің ұсыныстары бойынша Комитеттің құрамына бизнес-қауымдастықтардың, ғылыми және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, мүше мемлекеттердің өзге де тәуелсіз сарапшылары кіруі мүмкін.

      Мүше мемлекеттер Комитеттегі өздерінің өкілдерін ауыстыру қажеттігі туралы Алқаны уақытында хабардар етеді, сондай-ақ оның құрамына өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар береді.

      Комитеттің құрамы Алқаның өкімімен бекітіледі.

      5. Комитеттің отырыстарына төрағалық етуді және оның жұмысына жалпы басшылықты электр энергетикасы саласындағы мәселелер құзыретіне жататын Алқа мүшесі (бұдан әрі – Комитет төрағасы) жүзеге асырады.

      6. Комитет төрағасының шақыруы бойынша немесе уәкілетті өкілдердің ұсыныстары бойынша Комитеттің отырыстарына мемлекеттік билік органдарының, бизнес-қауымдастықтардың, ғылыми және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, мүше мемлекеттердің өзге де тәуелсіз сарапшылары, сондай-ақ Комиссияның лауазымды адамдары мен қызметкерлері қатысуы мүмкін.

      7. Комитеттің жанынан Комитет қызметінің бағыты бойынша мәселелерді шешу үшін кіші комитеттер және (немесе) жұмыс (сарапшы) топтары құрылуы мүмкін.

      Кіші комитеттердің және (немесе) жұмыс (сарапшы) топтарының құрамы мүше мемлекеттердің ұсыныстары бойынша мемлекеттік билік органдарының, бизнес-қауымдастықтардың, ғылыми және қоғамдық ұйымдардың өкілдерінен, мүше мемлекеттердің өзге де тәуелсіз сарапшыларынан қалыптастырылады.

      8. Комитеттің төрағасы:

      а) Комитеттің қызметіне басшылық етеді және Комитетке жүктелген міндеттерді орындау бойынша жұмысты ұйымдастырады;

      б) Комитет отырысының күн тәртібін келіседі және бекітеді, Комитет мүшелерінің осы Ереженің 14-тармағына сәйкес жіберген ұсыныстары негізінде көрсетілген күн тәртібіне өзгерістер енгізеді, сондай-ақ Комитеттің отырысы өткізелетін күнді, уақытты, өткізілетін орынды айқындайды;

      в) Комитеттің отырысын жүргізеді;

      г) Комитет отырыстарының хаттамаларын бекітеді;

      д) Комитеттің құзыретіне жататын мәселелер бойынша Комитет әзірлеген ұсыныстар мен ұсынымдар туралы Комиссия Алқасына хабарлайды;

      е) кіші комитеттер және (немесе) жұмыс (сарапшы) топтары туралы ережелерді бекітеді;

      ж) Комиссия Алқасы мен Кеңесінде, сондай-ақ мүше мемлекеттердің мемлекеттік билік органдарымен және ұйымдарымен өзара қарым-қатынастарда Комитеттің мүддесін білдіреді;

      з) Комитеттің құзыреті шегінде өзге де функцияларды жүзеге асырады.

      9. Комитет төрағасының орынбасары болып жауапты департаменттің басшысы тағайындалады.

      10. Комитет төрағасының орынбасары Комитет төрағасы уақытша еңбекке қабілетсіз, демалыста немесе іссапарда болған жағдайда Комитет төрағасының функциясын орындайды.

ІV. Комитет жұмысының тәртібі

      11. Комитеттің отырысы қажетіне қарай өткізіледі.

      Комитет отырысын өткізу туралы шешімді Комитет төрағасы қабылдайды.

      12. Комитет отырысының күн тәртібінің жобасы мен оның материалдары Комитет отырысы өткізілетін күннен бұрын 15 күннен кешіктірілмей Комитет мүшелеріне жіберіледі.

      13. Комитет отырысының күн тәртібіне арналған материалдар:

      а) қаралатын мәселелер бойынша анықтаманы;

      б) қаралуға ұсынылып отырған құжаттардың жобаларын (болған кезде);

      в) қажетті анықтамалық және талдамалық материалдарды қамтиды.

      14. Комитет мүшелері Комитет отырысының күн тәртібіне қосымша мәселелерді енгізу туралы ұсыныстарды Комитет отырысы өткізілетін күннен бұрын күнтізбелік 10 күннен кешіктірмей беруге құқылы. Көрсетілген мерзімнен кеш келіп түскен ұсыныстар барлық мүше мемлекеттердің уәкілетті өкілдерінің келісімі болған кезде Комитет отырысының күн тәртібіне енгізіледі.

      Комитеттің мүшелері мәселені Комитет отырысының қарауынан алып тастау туралы ұсынысты, егер бұл мәселе олардың пайымдауы бойынша қосымша пысықтауды қажет ететін болса (тиісті негіздемені келтіре отырып), Комитет отырысы өткізілетін күннен бұрын күнтізбелік 5 күннен кешіктірмей бере алады.

      15. Комитеттің отырысы, әдетте, Комиссияның үй-жайында өткізіледі.

      Комитеттің отырысын мүше мемлекеттердің мемлекеттік билік органдарының ұсыныстары негізінде қабылданатын Комитет төрағасының шешімі бойынша кез келген мүше мемлекетте өткізуге болады. Бұл жағдайда қабылдаушы мүше мемлекет Комитет отырысын ұйымдастыруға және өткізуге жәрдемдеседі.

      Комитет төрағасының шешімі бойынша Комитет отырысы бейне- конференция режимінде өткізілуі мүмкін.

      16. Комитет мүшелері Комитет отырыстарына өздері жеке немесе өздерінің өкілдері арқылы қатысады.

      Комитет мүшесі отырысқа қатыса алмайтын жағдайда, оның орнына Комитеттің осы мүшесіне өкілеттік берген мүше мемлекеттің сол мемлекеттік билік органының немесе ұйымының өкілі қатыса алады.

      17. Комитет мүшелері Комитет отырысында мәселелерді талқылаған кезде тең құқыққа ие болады.

      Комитеттің шешімі бәтуаластықпен қабылданады.

      Шешім қабылдау кезінде Комитеттің әрбір мүше мемлекеттен келген мүшелері жиынтығында 1 дауысқа ие болады.

      18. Комитет отырысының қорытындылары хаттамамен ресімделеді.

      Егер Комитет мүшесінің Комитет қарап отырған мәселе бойынша ерекше пікірі болса, ол жазбаша түрде беріледі және ол Комитет отырысының хаттамасына қоса тіркеледі.

      Комитет отырысының хаттамасын Комитет төрағасы Комитет отырысы өткізілген күннен бастап 10 жұмыс күнінен кешіктірмей бекітеді.

      Жауапты департамент Комитет отырысы хаттамасының көшірмесін оны Комитет төрағасы бекіткен күннен бастап 3 жұмыс күнінен кешіктірмей Комитет мүшелеріне жібереді.

      Мүше мемлекеттің өкілдері дәлелді себептермен Комитет отырысында болмаған жағдайда, жауапты департамент Комитет отырысы өткізілген күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде Комитет отырысы хаттамасының көшірмесін осы мүше мемлекеттің энергетика саласындағы уәкілетті органына жібереді.

      Мүше мемлекеттің энергетика саласындағы уәкілетті органы Комитет отырысы хаттамасының көшірмесін алған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде Комитеттің осы мүше мемлекеттің атынан өкілеттік берілген мүшелері қабылдайтын шешімге ұсынатын жинақталған позицияны жібереді.

      Қабылданатын шешімге қарсылықтар болмаған жағдайда Комитеттің тиісті шешімі бәтуаластықпен қабылданды деп есептеледі.

      Комитет отырысының хаттамалары жауапты департаментте сақталады.

      19. Комитет мүшелерінің Комитет отырыстарына ұсынған ұсыныстары мүше мемлекеттердің түпкілікті позициясы ретінде қаралмауы мүмкін.

      20. Комитет шешімі ұсынымдық сипатта болады және ол Комитет жанынан құрылған кіші комитеттер және (немесе) жұмыс (сарапшы) топтары үшін орындалуға міндетті болып саналады.

      21. Уәкілетті өкілдердің Комитеттің (кіші комитеттің, жұмыс (сарапшы) топтарының) жұмысына қатысуымен байланысты шығындарды оларды жіберуші мүше мемлекет көтереді.

      Бизнес-қауымдастықтар, ғылыми және қоғамдық ұйымдар өкілдерінің, мүше мемлекеттердің өзге де тәуелсіз сарапшыларының Комитеттің (кіші комитеттің, жұмыс (сарапшы) топтарының жұмысына қатысуымен байланысты шығындарын көрсетілген тұлғалар өздері көтереді.

      Комиссияның лауазымды адамдары мен қызметкерлерінің Комиссия жұмысына қатысуымен байланысты шығындарды Комиссия көтереді.

      22. Комитеттің қызметін ұйымдастырушылық-техникалық жағынан қамтамасыз етуді Комиссия жүзеге асырады.

      23. Комитет қызметін тоқтату үшін Алқа шешімі негіз болады.

      24. Кіші комитеттердің және (немесе) жұмыс (сарапшы) топтарының қызметін тоқтату үшін Комитеттің шешімі негіз болады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады