Мұнай және газ жөніндегі консультативтік комитет туралы ереже туралы

Жаңа

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2019 жылғы 11 қарашадағы № 194 шешімі

      Еуразиялық экономикалық комиссия туралы ереженің (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 1 қосымша) 7 және 44-тармақтарына сәйкес Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы шешті:

      1. Қоса беріліп отырған Мұнай және газ жөніндегі консультативтік комитет туралы ереже бекітілсін.

      2. Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2012 жылғы 28 маусымдағы "Мұнай және газ жөніндегі консультативтік комитет туралы" № 195 шешімінің 2-тармағының күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      Евразиялық экономикалық комиссия
Алқасының Төрағасы
Т. Саркисян

  Еуразиялық экономикалық
комиссия Алқасының
2019 жылғы 11 қарашадағы
№ 194 шешімімен
БЕКІТІЛГЕН

Мұнай және газ жөніндегі консультативтік комитет туралы ЕРЕЖЕ

І. Жалпы ережелер

      1. Мұнай және газ жөніндегі консультативтік комитет (бұдан әрі - Комитет) Еуразиялық экономикалық комиссия туралы ереженің (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ (бұдан әрі - Одақ) туралы шартқа № 1 қосымша) 7 және 44-тармақтарына сәйкес Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының жанынан құрылады.

      Комитет Комиссияның Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің (бұдан әрі – тиісінше Одақ, мүше мемлекеттер) мұнай және газ саласындағы интеграциясы мәселелері бойынша консультативтік органы болып табылады.

      2. Комитет өз қызметінде 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты, Еуразиялық экономикалық одақтың құқығын құрайтын басқа да халықаралық шарттар мен актілерді, Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2014 жылғы 23 желтоқсандағы № 98 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық комиссияның Жұмыс регламентін, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

ІІ. Комитеттің негізгі міндеттері мен функциялары

      3. Комитеттің негізгі міндеттері мен функциялары:

      а) мүше мемлекеттердің мұнай және газ саласындағы ынтымақтастығы мәселелері бойынша Комиссияға ұсынымдар әзірлеу;

      б) мүше мемлекеттердің мемлекеттік билік органдарының, мемлекеттік ұйымдарының өкілдерімен Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарды және Одақ органдарының мұнай және газ саласындағы актілерін, соның ішінде Одақтың газ, мұнай және мұнай өнімдерінің жалпы нарықтарын қалыптастыру және олардың жұмыс істеуі бөлігіндегі актілерін әзірлеу және жетілдіру мәселелері бойынша консультациялар жүргізу;

      в) Шарттың ережелерін және Одақ органдарының мұнай және газ саласындағы актілерін іске асыру мәселелерін қарау;

      г) Одақтың газ, мұнай және мұнай өнімдерінің жалпы нарықтарын қалыптастыру, олардың жұмыс істеуін қамтамасыз ету және дамыту бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар дайындау;

      д) мыналарды:

      Одақтың газ, мұнай және мұнай өнімдерінің жалпы нарықтарының жұмыс істеуіне және реттеуге;

      Шарттың ережелері мен Одақ органдарының мұнайгаз саласындағы актілерінің іске асырылуына мониторингтің нәтижелерін қарау;

      е) осы тармақтың "д" тармақшасына сәйкес мониторинг нәтижелерін қараудың қорытындылары бойынша тиісті ұсынымдар дайындау;

      ж) мұнайгаз саласындағы ғылыми зерттеу жұмыстары әзірлемесіне жоспарланып отырған ұсыныстарды қарау және мақұлдау, көрсетілген жұмыстардың алдын ала нәтижелерін қарау және қажет болған кезде оларды пысықтау бойынша ұсынымдар әзірлеу;

      з) өз құзыреті шегінде өзге де функцияларды жүзеге асыру болып табылады.

ІІІ. Комитеттің құрамы

      4. Комитеттің құрамы мүше мемлекеттердің мемлекеттік билік органдарының өкілдерінен, соның ішінде осы органдардың басшыларынан (басшыларының орынбасарларынан) (бұдан әрі – уәкілетті өкілдер) қалыптастырылады.

      Мүше мемлекеттердің ұсыныстары бойынша Комитеттің құрамына бизнес-қауымдастықтардың, ғылыми және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, мүше мемлекеттердің өзге де тәуелсіз сарапшылары кіруі мүмкін.

      Мүше мемлекеттер Комитеттегі өздерінің өкілдерін ауыстыру қажеттігі туралы Комиссияны уақытында хабардар етеді, сондай-ақ оның құрамына өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар береді.

      Комитеттің құрамы Комиссия Алқасының өкімімен бекітіледі.

      5. Комитеттің отырыстарына төрағалық етуді және оның жұмысына жалпы басшылықты мұнай және газ саласындағы мәселелер құзыретіне жататын Алқа мүшесі (бұдан әрі – Комитет төрағасы) жүзеге асырады.

      6. Комитеттің төрағасы:

      а) Комитеттің қызметіне басшылық етеді және Комитетке жүктелген міндеттерді орындау бойынша жұмысты ұйымдастырады;

      б) Комитет отырысының күн тәртібін келіседі және бекітеді, Комитеттің отырысы өткізелетін күнді, уақытты, өткізілетін орынды айқындайды;

      в) Комитеттің отырысын жүргізеді;

      г) Комитет отырыстарының хаттамаларына қол қояды;

      д) Комитеттің құзыретіне жататын мәселелер бойынша Комитет әзірлеген ұсыныстар мен ұсынымдар туралы Комиссия Алқасын хабардар етеді;

      е) кіші комитеттер және (немесе) жұмыс (сарапшы) топтары туралы ережелерді бекітеді;

      ж) Комиссия Алқасы мен Кеңесінде, сондай-ақ мүше мемлекеттердің мемлекеттік билік органдарымен және ұйымдарымен өзара қарым-қатынастарда Комитеттің мүддесін білдіреді;

      з) Комитеттің құзыреті шегінде өзге де функцияларды жүзеге асырады.

      7. Комитет жұмысының бағыттары бойынша мәселелер құзыретіне жататын Комиссияның Энергетика департаментінің лауазымды адамы Комитет төрағасының орынбасары болып тағайындалады.

      8. Комитет төрағасының орынбасары Комитет төрағасы уақытша еңбекке қабілетсіз, демалыста немесе іссапарда болған жағдайда Комитет төрағасының функциясын орындайды.

      9. Комитет төрағасының шақыруы бойынша немесе уәкілетті өкілдердің ұсыныстары бойынша Комитеттің отырыстарына мемлекеттік билік органдарының, бизнес-қауымдастықтардың, ғылыми және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, мүше мемлекеттердің өзге де тәуелсіз сарапшылары, сондай-ақ Комиссияның лауазымды адамдары мен қызметкерлері қатысуы мүмкін.

      10. Комитеттің жанынан Комитет қызметінің бағыты бойынша мәселелерді шешу үшін кіші комитеттер және (немесе) жұмыс (сарапшы) топтары құрылуы мүмкін.

      Кіші комитеттердің және (немесе) жұмыс (сарапшы) топтарының құрамы мүше мемлекеттердің ұсыныстары бойынша мемлекеттік билік органдарының, бизнес-қауымдастықтардың, ғылыми және қоғамдық ұйымдардың өкілдерінен, сондай-ақ мүше мемлекеттердің өзге де тәуелсіз сарапшыларынан қалыптастырылады.

ІV. Комитет жұмысының тәртібі

      11. Комитеттің отырысы қажетіне қарай өткізіледі.

      Комитет отырысын өткізу туралы шешімді Комитет төрағасы қабылдайды.

      12. Комитет отырысының күн тәртібінің жобасы мен оның материалдары, сондай-ақ Комитет отырысы өткізілетін күн мен орны туралы ақпарат Комитет отырысы өткізілетін күннен бұрын күнтізбелік 15 күннен кешіктірілмей Комитет мүшелеріне жіберіледі.

      13. Комитет отырысының күн тәртібіне арналған материалдар:

      а) қаралатын мәселелер бойынша анықтаманы қоса алғанда, қажетті анықтамалықтар мен талдау материалдарын;

      б) қаралуға ұсынылып отырған құжаттардың жобаларын (болған кезде) қамтиды.

      14. Комитет мүшелері Комитет отырысының күн тәртібіне қосымша мәселелерді енгізу туралы немесе Комитет отырысының күн тәртібінен мәселелерді алып тастау (егер қосымша пысықтау талап етілетін болса) туралы ұсыныстарды (тиісті негіздемені келтіре отырып) Комитет отырысы өткізілетін күннен бұрын күнтізбелік 10 күннен кешіктірмей беруге құқылы. Көрсетілген мерзімнен кеш келіп түскен ұсыныстар барлық мүше мемлекеттердің уәкілетті өкілдерінің келісімі болған кезде Комитет отырысының күн тәртібіне енгізіледі.

      Комитет отырысының күн тәртібіне енгізу үшін мәселелерді ұсынған Комитет мүшелері тиісті ақпарат пен материалдардың Комитет төрағасына берілуін қамтамасыз етеді.

      15. Комитеттің отырысы, әдетте, Комиссияның үй-жайында өткізіледі.

      Комитеттің отырысын мүше мемлекеттердің мемлекеттік билік органдарының ұсыныстары негізінде қабылданатын Комитет төрағасының шешімі бойынша кез келген мүше мемлекетте өткізуге болады. Бұл жағдайда қабылдаушы мүше мемлекет Комитет отырысын ұйымдастыруға және өткізуге жәрдемдеседі.

      Комитет төрағасының шешімі бойынша Комитет отырысы бейнеконференция режимінде өткізілуі мүмкін.

      16. Егер Комитеттің отырысына Комитеттің әрбір мүше мемлекеттен кемінде бір өкілі қатысатын болса, отырыс заңды деп танылады.

      Комитет мүшесі отырысқа қатыса алмайтын жағдайда, оның орнына Комитеттің осы мүшесіне өкілеттік берген мүше мемлекеттің сол мемлекеттік билік органының немесе ұйымының өкілі қатыса алады.

      Комитет мүшелері Комитет отырысында мәселелерді талқылаған кезде тең құқыққа ие болады.

      Комитеттің шешімі ұсынымдық сипатта болады.

      Шешім қабылдау кезінде Комитеттің әрбір мүше мемлекеттен келген мүшелері жиынтығында 1 дауысқа ие болады.

      Комитеттің шешімі бәтуаластықпен қабылданады. Бұл ретте Комитет отырысының хаттамасында барлық мүше мемлекеттің позициясы көрсетіледі.

      17. Комитет отырысының қорытындылары хаттамамен ресімделеді, онда Комитет мүшелерінің қол жеткізген уағдаластықтары мен позициялары көрсетіліп жазылады.

      Хаттаманың жобасы Комитет отырысы өткізілген күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде Комитет отырысына қатысқан Комитет мүшелерімен келісіледі.

      Егер Комитет мүшесінің Комитет қарап отырған мәселе бойынша ерекше пікірі болса, ол жазбаша түрде беріледі және Комитет отырысы өткізілген күннен бастап 2 жұмыс күнінен кешіктірілмей Комитет отырысының хаттамасына қосу үшін Комиссияның Энергетика департаментіне беріледі.

      Қаралатын құжаттардың жобалары, анықтамалық және талдамалық материалдар бойынша ұсыныстар және тиісті негіздемелер де Комитет отырысының хаттамасына қоса беріледі.

      Энергетика департаменті Комитет отырысы хаттамасының көшірмесін оны Комитет төрағасы бекіткен күннен бастап 3 жұмыс күнінен кешіктірмей Комитет мүшелеріне жібереді.

      Комитет отырыстарының хаттамалары Комиссияның Энергетика департаментінде сақталады.

      18. Комитет мүшелерінің Комитет отырыстарына ұсынған ұсыныстары мүше мемлекеттердің түпкілікті позициясы ретінде қаралмауы мүмкін.

      19. Уәкілетті өкілдердің Комитеттің (кіші комитеттің, жұмыс (сарапшы) топтарының) жұмысына қатысуымен байланысты шығындарды оларды жіберуші мүше мемлекет көтереді.

      Бизнес-қауымдастықтардың, ғылыми және қоғамдық ұйымдардың өкілдерінің, мүше мемлекеттердің өзге де тәуелсіз сарапшыларының Комитеттің, Комитет жанынан құрылған кіші комитеттердің және (немесе) жұмыс (сарапшы) топтарының жұмысына қатысумен байланысты шығындарын көрсетілген тұлғалар өздері көтереді.

      20. Комитеттің қызметін ұйымдастырушылық-техникалық жағынан қамтамасыз етуді Комиссия жүзеге асырады.

      21. Комиссия Алқасының тиісті шешімі Комитет қызметін тоқтату үшін негіз болады.

      22. Комитеттің тиісті шешімі кіші комитеттердің және (немесе) жұмыс (сарапшы) топтарының қызметін тоқтату үшін негіз болады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады