"Еуразиялық өнеркәсіптік кооперация, субконтрактация және технологиялар трансфері желісі" жобасының паспорты туралы

Жаңа

Еуразиялық үкіметаралық кеңестің 2019 жылғы 9 тамыздағы № 8 шешімі.

      Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2017 жылғы 11 қазандағы № 12 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық одақтың 2025 жылға дейінгі цифрлық күн тәртібін іске асырудың негізгі бағыттарын іске асыру мақсатында, Еуразиялық үкіметаралық кеңестің 2019 жылғы 1 ақпандағы № 1 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық одақтың цифрлық күн тәртібі шеңберіндегі жобаларды іске асыру механизмдеріне сәйкес Еуразиялық үкіметаралық кеңес ш е ш т і:

      1. Қоса беріліп отырған "Еуразиялық өнеркәсіптік кооперация, субконтрактация және технологиялар трансфері желісі" жобасының паспорты бекітілсін.

      2. Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі қажет болған жағдайда осы Шешіммен бекітілген "Еуразиялық өнеркәсіптік кооперация, субконтрактация және технологиялар трансфері желісі" жобасының паспортына қаржыландыру көздері мен көлеміне, соның ішінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру шеңберіндегілерге қатысты өзгерістерді қоспағанда, өзгерістер енгізсін.

      3. Еуразиялық үкіметаралық кеңестің 2019 жылғы 30 сәуірдегі № 2 шешімімен бекітілген "Еуразиялық өнеркәсіптік кооперация, субконтрактация және технологиялар трансфері желісі" жобасы паспортының күші жойылды деп танылсын.


Еуразиялық үкіметаралық кеңес мүшелері:


Армения
Республикасынан
 
 
 
 

Беларусь
Республикасынан
 

Қазақстан
Республикасынан
 

Қырғыз
Республикасынан
 

Ресей
Федерациясынан
 
 

  Еуразиялық үкіметаралық
кеңестің
2019 жылғы 9 тамыздағы
№ 8 шешімімен
БЕКІТІЛГЕН

"Еуразиялық өнеркәсіптік кооперация, субконтрактация және технологиялар трансфері желісі" жобасының
ПАСПОРТЫ

Бөлім

Мазмұны

1. Жобаның атауы

Өнеркәсіптік кооперацияның, субконтрактацияның және технологиялар трансферінің Еуразиялық желісі (бұдан әрі – Еуразиялық желі)

2. Жобаның мақсаттары мен негізгі нәтижелері

жобаның мақсаттары:
өнеркәсіптік кооперация, субконтрактация және технологиялар трансфері мақсатында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің шаруашылық жүргізуші субъектілерінің (бұдан әрі тиісінше – Одақ, мүше мемлекеттер, шаруашылық жүргізуші субъектілер) өзара іс-қимылын қамтамасыз ету үшін цифрлық экожүйе құру;
ірі өндірушілердің өндірістік тізбегіне шағын және орта кәсіпорындарды тарту;
мемлекеттік билік органдарының "толассыз" процестері мен цифрлық сервистеріне шаруашылық жүргізуші субъектілердің және мүше мемлекеттердің мұқтаждарын қанағаттандыру үшін жағдайлар жасау;
өндірістік тізбектерді модельдеу және өндірістік қуаттарды оңтайлы жүктеу;
технологиялар трансфері жолымен инновациялық процестерді ынталандыру;
мүше мемлекеттер мен үшінші елдердің халықаралық цифрлық экожүйелерін пайдаланып, шаруашылық жүргізуші субъектілердің өнімін ілгерілету мүмкіндігі болып табылады.
Жобаны іске асыру нәтижесінде мүше мемлекеттер сервистерінің аумақ бойынша бөлінген жиынтығына, оның ішінде Еуразиялық желі ұлттық компоненттерінің (бұдан әрі – ұлттық компонент) өнеркәсіптік кооперация, субконтрактация және технологиялар трансфері сервистерін енгізу есебінен және шаруашылық қызметін жүргізу үшін қажетті және өнеркәсіптік кооперацияны, субконтрактацияны және технологиялар трансферін қолдауды қамтамасыз ететін шоғырландырылған ақпараттың ауқымды көлеміне қол жетімділік қамтамасыз етілетін болады.
Еуразиялық желіні құру мүше мемлекеттер мен Еуразиялық экономикалық комиссияның кросс-салалық процестерді жүргізу және мүше мемлекеттердің аумақтарында шаруашылық жүргізуші субъектілердің цифрлық кооперациясын қолдау құралдарын пайдалану кезінде бірлескен міндеттерді шешу процесінде синергетикалық тиімділікке қол жеткізуді, бизнестің цифрлық күн тәртібіне енгізуді кеңейтуді және цифрлық алшақтықты жеңуді, сондай-ақ қолайлы іскерлік ортаны дамытуды болжайды.
Жобаның негізгі нәтижелері:
жобаны іске асыру жөніндегі жоғары деңгейлі іс-шаралар жоспарын орындау;
Еуразиялық желінің базалық және интеграциялық компоненттерін (бұдан әрі – интеграциялық компонент) құру болып табылады.
Еуразиялық желінің мынадай сервистері қосылуға тиіс.
Шаруашылық жүргізуші субъектілердің жұмысы жөніндегі базалық сервистер:
Еуразиялық желінің шаруашылық жүргізуші субъектілерінің тізіліміндегі шаруашылық жүргізуші субъектілер туралы мәліметтерді енгізу, верификациялау және іздестіру;
өндірілетін өнім, көрсетілетін қызметтер, технологиялар туралы, сондай-ақ оларға сұраныс туралы мәліметтердің ақпараттық ресурстарына енгізу, верификациялау және іздестіру.
Базалық аналитикалық сервистер:
мүше мемлекеттерде көп өлшемді талдау мүмкіндігімен өнеркәсіптік кооперацияны, субконтрактацияны және технологиялар трансферін талдау және мониторингтеу сернвистері;
индустриялық-инновациялық объектілер мен олардың инфрақұрылымы туралы мәліметтерге қол жетімділікті қамтамасыз ету ("Өнеркәсіп атласы" геоақпараттық сервисі);
өнеркәсіптік кооперация, субконтрактация және технологиялар трансфері туралы білімдер базасы (wiki).
Ұлттық сервистер:
технологиялық сұрау салулар мен технологиялық ұсыныстар қалыптастыру жөніндегі технологиялар трансферінің сервистері;
өнеркәсіптік кәсіпорындарды қолдау шараларының сервис-навигаторы;
өнеркәсіптік өнімді сертификаттау, омологациялау жөніндегі қызметтерді, соның ішінде өндірістік объектілерді және олардың қызметін стандарттау жөніндегі қызметтерді іздестіру және оларға тапсырыс беру сервисі.
Сервис-провайдерлердің сервистері:
субконтрактацияның таңдап алынған тізбегі бойынша келісімшарттар жасасу сервисі;
кооперациялық тізбектер құру сервисі;
келісімшарттың орындалуын бақылау сервисі;
көлік-логистикалық сүйемелдеу сервистері;
қаржы қызметтиері мен сақтандыру қызметтерінің маркетплейсі;
салалық және халықаралық бенчмаркинг;
заңдық маңызы бар құжат айналымы, шаруашылық жүргізуші субъектілердің арасында деректер алмасу (EDI);
қоржындық инвесторды сүйемелдеу, контрагентті іздестіру және индустриялық жобаларға инвестиция салу туралы шарттар жасасу сервисі;
смарт-келісімшарттар жасасу мүмкіндігін беру жөніндегі сервис;
кепілдік берілген тапсырысты қамтамасыз ету сервисі;
өндірістік алаңды, жабдықты және мүлікті жалдау сервисі.
Нақты сервисті ұсыну туралы шешімді ұлттық компоненттің операторы және/немесе ұлттық сервис-провайдер ұлттық деңгейде қабылдайды.
 

3. Жобаның нысаналы индикаторлары және нәтижелілігінің көрсеткіштері

базалық сценарий бойынша жобаның мынадай нысаналы индикаторлары мен нәтижелілік көрсеткіштеріне қол жеткізілуге тиіс.
 
Еуразиялық желінің шаруашылық жүргізуші субъектілерінің тізіліміне енгізілген шаруашылық жүргізуші субъектілердің саны (базалық сценарий):
I кезең (2019 ж. II – IV тоқсандар) – нысаналы индикаторлар мен нәтижелілік көрсеткіштер белгіленбейді;
II кезең (2020 ж. I – IV тоқсандар) – 50 мың шаруашылық жүргізуші субъект;
2024 жылы – 124,4 мың шаруашылық жүргізуші субъект.
Ақпараттық ресурстардағы өнім, көрсетілетін қызметтер, технологиялар бірліктерінің саны (өнім, қызметтер, технологиялар, сондай-ақ оларға сұраныс туралы мәліметтер) (базалық сценарий):
I кезең (2019 ж. II – IV тоқсандар) – нысаналы индикаторлар мен нәтижелілік көрсеткіштер белгіленбейді;
II кезең (2020 ж. I – IV тоқсандар) – 100 мың бірлік;
2024 жылы – 239,1 мың бірлік.
Мүше мемлекеттердің арасындағы, мүше мемлекеттер мен Еуразиялық желіге кіру перспективасы бар үшінші елдердің – Германия, Қытай, Сингапур арасындағы трансшекаралық сауда шеңберінде жасалған келісімшарттардың саны:

Сценарий

Келісімшарттардың саны (дана)

I кезең

II кезең

2024 жыл

Базалық

366

3 566

Оптимистік

733

7 132

 
Мүше мемлекеттердің арасындағы, мүше мемлекеттер мен Еуразиялық желіге кіру перспективасы бар үшінші елдердің – Германия, Қытай, Сингапур арасындағы трансшекаралық сауда шеңберіндегі мәмілелер көлемі (Еуразиялық желіге қосылу есебінен айналым өсімін ескергенде):
 

Сценарий

Мәмілелер көлемі (млн. рубль)

I кезең

II кезең

2024 жыл

Базалық

9 729,1

110 844,9

Оптимистік

19 458,1

221 689,7

 

4. Жобаның шеңберлері

жоба шеңберінде құрылатын Еуразиялық желі шаруашылық жүргізуші субъектілердің өнеркәсіптік кооперацияны, субконтрактацияны және технологиялар трансферін жүзеге асыруы кезіндегі өзара іс-қимылын қамтамасыз етуге арналған.
Осы мақсаттармен:
шаруашылық жүргізуші субъектілердің тізілімін, сондай-ақ өндірілетін өнім, көрсетілетін қызметтер, технологиялар туралы, сондай-ақ оларға сұраныс туралы мәліметтері бар ақпараттық ресурстарды қамтитын Еуразиялық желінің бірыңғай тізілімін қалыптастыру;
цифрландыру және қажет болған жағдайда шаруашылық жүргізуші субъектілердің өнеркәсіптік кооперация мен субконтрактация шеңберіндегі өзара іс-қимылы процестерін реинжинирингтеу;
цифрландыру және қажет болған жағдайда технолгиялар трансфері процестерін реинжинирингтеу;
өнеркәсіптік кооперацияға, субконтрактацияға және технологиялар трансферіне сәйкес келетін (атап айтқанда, қаржылық) процестерді цифрландыру;
шаруашылық жүргізуші субъектілердің өнеркәсіптік кооперация, субконтрактация және технологиялар трансфері шеңберіндегі өзара іс-қимылы туралы ақпаратты мониторингтеу және талдау құралдарын жасау көзделген.
Еуразиялық желі, соның ішінде, өнеркәсіптік кооперация, субконтрактация және технологиялар трансфері процестерін цифрландыруды қамтамасыз ететін ұлттық компоненттердің функционалдық сервистеріне қол жетімділік беретін болады. Кейіннен Еуразиялық желі өнеркәсіптік кооперация, субконтрактация және технологиялар трансфері процестерімен байланысты қызметті жүзеге асыру кезінде қажетті қаржылық, логистикалық, кедендік және өзге де қызметтерді көрсететін сервистерді қосу арқылы кеңейтілуі және жетілдірілуі мүмкін.
Еуразиялық желі үшінші елдердің қатысушыларымен үшінші мемлекеттердің сервистері, сервис-провайдерлері, ұлттық компоненттері деңгейлерінде өзара іс-қимыл жасау және ықпалдасу механизмдерін, сондай-ақ үшінші елдердің цифрлық платформаларымен өзара іс-қимыл механизмдерін көздейтін болады.
Жоба шеңберінде:
үшінші елдердің қатысушыларымен үшінші елдердің сервистері, сервис-провайдерлері, ұлттық компоненттері деңгейіндегі өзара іс-қимылды практикалық іске асыру;
әскери-техникалық ынтымақтастыққа, мемлекеттік құпияға немесе таралуы шектеулі мәліметтерге жататын мәселелер бойынша кооперация;
Еуразиялық желінің интеграциялық компонентіндегі дербес деректерді өңдеу және сақтау;
ұлттық деңгейдегі сервистерді қосу кезінде ұлттық компоненттер операторларының қызметін регламенттеу көзделмеген.
Электрондық құжаттардың заңдық маңыздылығын қамтамасыз етуді мүше мемлекеттердің заңнамасы мен Одақ құқығы шеңберінде сервис-провайдерлер іске асырады

 
5. Жол берілімдер, шектеулер, тәуекелдер

тәуекелдер:
Еуразиялық желінің экожүйелік байланыстарының тұрақсыздығы;
бағдарламалық-техникалық құралдардың және инфрақұрылым объектілерін сатып алудың (жалдаудың) қымбаттауына байланысты экономикалық (коммерциялық) тәуекелдер;
мүше мемлекеттердің электрондық-цифрлық қолтаңбаларды өзара тануы туралы шешімдердің ұзақ уақыт болмауы тәуекелдері;
қаржылық тәуекелдер;
салық тәуекелдері;
кедендік-тарифтік реттеу тәуекелдері;
саяси тәуекелдер.
Шектеулер:
мүше мемлекеттердің тарапынан қаржылық және әкімшілік қолдау қажеттігі;
басқа да Еуразиялық цифрлық бастамалармен және Одақ шеңберіндегі жалпы процестерді оларды іске асыруда синхрондау қажеттігін және кешігу мүмкіндігін ескере отырып іске асырумен байланыстылық.

6. Жобаны іске асыру мерзімдері

бірінші кезең: 2019 ж. II – IV тоқсандар;
екінші кезең: 2020 ж. I – IV тоқсандар

7. Жобаға қатысушылардың рөлдерін және жауапкершілігін бөлу

Еуразиялық желінің қатысушылары:
Комиссия;
желі операторы;
мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары;
Еуразиялық желінің ұлттық компоненттерінің операторлары;
сервис-провайдерлер;
субконтрактация және технологиялар трансфері орталықтары;
шаруашылық жүргізуші субъектілер.
Мүше мемлекеттердің өнеркәсіптік кооперация, субконтрактация және технологиялар трансфері саласындағы уәкілетті органдары;
Армения Республикасы – Армения Республикасының Экономика министрлігі;
Беларусь Республикасы – Беларусь Республикасының Экономика министрлігі;
Қазақстан Республикасы – Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі;
Қырғыз Республикасы – Қырғыз Республикасының Өнеркәсіп, энергетика және жер қойнауын пайдалану мемлекеттік комитеті;
Ресей Федерациясы – Ресей Федерациясының Өнеркәсіп және сауда министрлігі.
 
Ұлттық компоненттердің операторлары:
Армения Республикасы – "Арменияның шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту ұлттық орталығы" қоры;
Беларусь Республикасы – Белоруссияның кәсіпкерлерді қаржылық қолдау қоры;
Қазақстан Республикасы – "Қазақстан индустрия және экспорт орталығы" акционерлік қоғамы;
Ресей Федерациясы – "Ресей технологиялық даму қоры" федералдық мемлекеттік дербес мекемесі
 

8. Жоба бойынша есептер

мониторинг жүргізу жөніндегі негізгі қызметті жобаны үйлестіру жөніндегі жұмыс тобы (бұдан әрі – үйлестіру тобы) желі операторымен өзара іс-қимылда жүзеге асырады.
Мониторинг барысында мынадай есептер қалыптастырылады:
Одақ органдарына ұсынылатын тоқсан сайынғы есептілік;
жоспарланған нәтижелерге қол жеткізуді бағалау арқылы жобаның іске асырылуы туралы қорытынды есеп;
үйлестіру тобының сұрау салулары бойынша есептер;
ұлттық компоненттердің операторлары мен сервис-провайдерлердің желі операторына беретін есептілігі
 

9. Меншік құқығы

Еуразиялық желінің базалық және интеграциялық компоненттерінің құқық иеленушісі Комиссия болып табылады.
Ұлттық компоненттерге құқықтарды регламенттеу мүше мемлекеттердің қарауында болады. Сервистерге құқықтар сервис-провайдерлерге тиесілі.
 

10. Қаржыландыру көздері және көлемі

жобаны қаржыландыру мынадай көздер есебінен көзделді (мемлекеттік-жеке меншік әріптестік механизмдері пайдаланыла отырып):
Одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесін құруға, оның жұмыс істеуі мен дамуын қамтамасыз етуге көзделген Одақ бюджетінің қаражаты (Комиссия іске асыратын іс-шаралар бөлігінде), Одақтың цифрлық күн тәртібін іске асыруға жұмсалатын шығыстар шеңберінде 150,80 млн рубльге дейін, оның ішінде 2019 жылы – 64,80 млн рубльге дейін, 2020 жылы – 86,00 млн рубльге дейін;
мүше мемлекеттер бюджеттерінің қаражаты және (немесе) мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес тартылатын өзге де қаржыландыру көздері – 65,18 млн рубльге дейін (шамамен);
сервис-провайдерлердің қаражаты – 372,00 млн рубльге дейін (шамамен).
Қаржылық модельге жобаны іске асыру жөніндегі жоғары деңгейлі іс-шаралар жоспарының негізгі іс-шараларын іске асыру салынған, оның ішінде:
пайдалану сервистерін жасау және қосу бойынша әмбебап платформалық шешім болып табылатын Еуразиялық желінің базалық компонентін құру (70,00 млн. рубльге дейін). Мүше мемлекеттің сұрау салуы бойынша Еуразиялық желінің базалық компоненті лицензиялық келісім бойынша толыққанды жұмыс істейтін ұлттық компонент ретінде қосу үшін мүше мемлекетке өтеусіз негізде берілуі мүмкін;
Еуразиялық желі компоненттерінің өзара іс-қимылын қамтамасыз ететін Комиссияның жалпы сервистері мен инфрақұрылымдық сервистерді қамтитын интеграциялық компонент құру (52,52 млн. рубльге дейін);
ұлттық компоненттерді қосу (30,28 млн. рубльге дейін): Армения Республикасының, Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының және Қырғыз Республикасының ұлттық компоненттерін қосу үшін 7,57 млн. рубльден).
Мүше мемлекеттер бюджеттерінің және (немесе) мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес тартылатын өзге де қаржыландыру көздерінің ұлттық компоненттердің жұмыс істеп тұрған және құрылатын сервистерін дамытуға және Еуразиялық желіге қосуға арналған қаражаты (65,18 млн рубльге дейін), оның ішінде мүше мемлекеттер бойынша (рубль эквивалентінде бағалауға сәйкес):
Армения Республикасы – 7,63 рубльге дейін (шамамен);
Беларусь Республикасы – 21,87 рубльге дейін (шамамен);
Қазақстан Республикасы – 8,00 рубльге дейін (шамамен);
Қырғыз Республикасы – 4,73 рубльге дейін (шамамен);
Ресей Федерациясы – 22,96 рубльге дейін (шамамен).
Қаржыландырудың орындылығы, көлемі және мерзімдері туралы шешімді ұлттық деңгейде мүше мемлекеттер өздерінің заңнамасына сәйкес қабылдайды.
Ұлттық компоненттердің коммерциялық сервистерін құруға және дамытуға және оларды Еуразиялық желімен интеграциялауға, сондай-ақ Еуразиялық желінің қатысушылары арасындағы операцияларды жасауға арналған сауда алаңдарының жұмыс істеуін қамтамасыз етуге жұмсалатын сервис-провайдерлердің қаражаты – 372,00 млн. рубль (шамамен).



Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады