Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің 2020 – 2021 жылдарға арналған макроэкономикалық саясатының негізгі бағыттары туралы

Жаңа

Жоғары Еуразиялық экономикалық Кеңестің 2020 жылғы 19 мамырдағы № 6 шешімі

      Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес ш е ш т і:

      1. Қоса беріліп отырған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің 2020 – 2021 жылдарға арналған макроэкономикалық саясатының негізгі бағыттары бекітілсін.

      2. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің үкіметтеріне макроэкономикалық саясатты жүргізген кезде осы Шешіммен бекітілген Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің 2020 – 2021 жылдарға арналған макроэкономикалық саясатының негізгі бағыттарын ескеру ұсынылсын.

      3. Еуразиялық экономикалық комиссия Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің макроэкономикалық саясат саласында іске асырып жатқан шараларына талдау жүргізсін және мұндай шаралардың Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің 2020 – 2021 жылдарға арналған макроэкономикалық саясатының негізгі бағыттарына сәйкестігін бағаласын.

      4. Осы Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.


      Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің мүшелері:


Армения Республикасынан

Беларусь Республикасынан

Қазақстан Республикасынан

Қырғыз
Республикасынан

Ресей
Федерациясынан

  Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің
  2020 жылғы 19 мамырдағы № 6 шешімімен
  БЕКІТІЛГЕН

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің 2020 – 2021 жылдарға арналған макроэкономикалық саясатының НЕГІЗГІ БАҒЫТТАРЫ

      Осы құжат 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа (бұдан әрі - Шарт) сәйкес әзірленді және Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2015 жылғы 16 қазандағы № 28 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық одақты экономикалық дамытудың негізгі бағыттарында белгіленген мақсаттарға қол жеткізуге, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің (бұдан әрі – мүше мемлекеттер) 2020 – 2021 жылдарға арналған стратегиялық және бағдарламалық құжаттарында айқындалған міндеттерді шешуге және 2018 жылғы 6 желтоқсанда қол қойылған Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде интеграциялық процестерді одан әрі дамыту туралы декларацияның ережелерін іске асыруға бағытталған.

      Сонымен бірге осы құжат короновирустың таралауымен және шикізат тауарларына бағаның күрт төмендеп кетуімен байланысты келеңсіз әсерлердің ықпалын баяулатуға және оның экономикалық салдарын азайтуға бағытталған.

      2019 жылы елеулі және ішкі тұрақсыздандыру құбылыстарының болмауына байланысты мүше мемлекеттерде жүргізіліп жатқан макроэкономикалық саясат негізінен инфляция деңгейін азайтуға және ұстап тұруға бағытталды, демек 2019 жылдың қорытындысы бойынша инфляция деңгейі барлық мүше мемлекеттерде ұлттық бағдарлар сияқты Шартта белгіленген мәндерге сәйкес келді. Мүше мемлекеттер бірнеше жыл бойына бюджеттік шоғырландыру бойынша бірқатар шараларды қабылдады, соның нәтижесінде Шартта белгіленген шоғырландырылған бюджеттің тапшылығы және мемлекеттік басқару секторының борышы көрсеткіштерінің сандық мәндерін сақтауда елеулі прогреске қол жеткізілді. 2019 жылдың қорытындысы бойынша Қырғыз Республикасында мемлекеттік басқару секторының жалпы ішкі өнімге шаққандағы борышының деңгейі белгіленген деңгейден сәл-пәл асып кеткендігі байқалады, алайда Қырғызстан Республикасы қабылдаған бюджеттік шығындарды оңтайландыру және жалпы ішкі өнімнің өсу қарқынының жоғары бола бастауынан бюджеттің кіріс бөлігін арттыру бойынша жүргізілген шаралар Қырғызстан Республикасының экономикасына борыштық жүктелімнің бірте-бірте азаюын қамтамасыз етті.

      Макроэкономикалық және бюджеттік тұрақтылыққа қол жеткізуге және оны қолдауға күш жігерді шоғырландыра отырып, тұрақты экономикалық өсу қарынына мүше мемлекеттердің бәрі бірдей қол жеткізе алған жоқ. Сонымен бірге, Одақ бойынша экономика өсімі бірқатар жылдар бойына ортаңғы деңгейден төмен болып келді, Армения Республикасында, Қазақстан Республикасында және Қырғыз Республикасында 2019 жылы жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны әлемдік деңгейден асып кетті. Бұл ретте Қытайды, Үндістанды және АСЕАН-ға мүше мемлекеттерді қоса алғанда, Оңтүстік Шығыс Азия елдерінің экономикасы жылына 5-6 пайыздан төмен болмайтын қарқынмен өсе түсті.

      2019 жылы барлық мүше мемлекетте өндіріс секторы мен қызмет көрсету секторында экономикалық өсімнің оң серпіні қамтамасыз етілді. Армения Республикасы мен Қырғыз Республикасында өнеркәсіп өндірісінің тез қарқын алып келе жатқаны байқалды. Беларусь Рсепубликасында қызмет көрсетудің жекелеген секторларында, Қазақстан Республикасында кен өндіруші және құрылыс секторында оң серпін жалпы ішкі өнімнің өсуіне ықпал етті. Армения Республикасын қоспағанда, барлық мүше мемлекетте ауыл шаруашылығы өнімі өндірісінде өсім байқалды.

      Одақта негізгі капиталға инвестиция салудың өсу қарқыны онша жоғары болмады. Армения Республикасы мен Қырғыз Республикасын қоспағанда, 2019 жылы барлық мүше мемлекеттерде инвестиция өсімінің қарқыны алдыңғы жылға қарағанда төмен болды. Армения Республикасын қоспағанда, бөлшек сауда айналымының өсімі де азайып кетті.

      Бірнеше жыл қатарынан болған өсімнен кейін 2019 жылы мүше мемлекеттердің өніміне деген сұраныс азайып кетті, Одақтың үшінші елдермен сыртқы сауда көлемі 2018 жылғыдан төмен болды, ал өзара сауда - оның алдындағы жылдан біршама артық болды. Мұндай динамика әлемдік сауда өсімінің баяулауынан, шикізат өнімдері мен металға әлемдік бағаның төмендеуінен, сондай-ақ мұнайдың және мұнай өнімдерінің өзара саудасының қысқаруымен байланысты болып отыр. Өзара сауданың тауарлық құрылымы сыртқы жағдайға қарағанда тұрақсыздандыру мен теңдестірудің көбірек болуымен сипатталады. Сонымен қатар сыртқы нарықта экспорт құрылымында минералдық өнімдер 60 пайыздан астам алған болса, өзара саудадағы оның үлесі 25 пайызға жуықты құрады және ол жоғары технологиялық өнімдерді – машина, жабдықтар, көлік құралдары, азық-түлік өнімдері мен ауыл шаруашылығы тауарлары, химия өнеркәсібінің өнімдерін берудің өсуі есебінен азайып отыр.

      2020 жыл басталысымен әлемдік экономикадағы жағдай күрт төмендеп кетті. Коронвирус инфекциясын алдымен Қытай Халық Республикасында, ал кейін әлемнің басым қалаларында тежеу бойынша қажетті шараларды қабылдау экономикалық белсенділіктің кеми түсуіне, әлемдік қаржы нарықтарының күйреуіне, жүктер мен жолаушыларды тасымалдау проблемаларының туындауына, әлемдік сауданың тоқырауына және қосымша құн бағасын жасаудың елдер арасындағы тізбегінің бұзылуына әкеп соқты. Өз кезегінде, шаруашылық жүргізуші субъектілер табысының азаюына, жұмыс істейтін персоналды жұмыстан біржола шығаруға немесе уақытша босатуға, халықтың табысының азаюына және несие бойынша берешектің өсуіне әкеп соққан өндірістік белсенділіктің осыншама елеулі төмендеп кетуі тұтынушылық сұранысқа ықпалды тежеп отыр. Сонымен бірге, Одақтың әріптестері болып табылатын Еуропалық одақ пен Қытай Халық Республикасында экономикалық белсенділіктің тежеле түсуі мүше мемлекеттердің мыңызды экспорттық тауарлар – мұнай мен мұнай өнімдеріне, көмір мен түсті металға деген сыртқы сұраныстары мен әлемдік бағаларының біршама төмендеуіне әкеп соқты.

      Көрсетілген мән-жайлар мүше мемлекеттердің кіріс бөлігін құрайтын бюджеттеріне сөзсіз қысым келтіреді. Сонымен бірге, экономиканың көбірек зардап шеккен секторларын, шағын және орта бизнестерін қолдау мақсатында мүше мемлекеттер қажетті фиксальды шаралар кешенін қабылдауда, ал бұл 2020 жылдың қорытындысы бойынша бюджет тапшылығын қалыптастыруға немесе арттыруға және кейбір мүше мемлекеттердің Шарттың 63-бабында белгіленген экономикалық дамудың тұрақтылығын айқындайтын макроэкономикалық көрсеткіштерінің шекті санды мәндерін арттыруына әкеп соғуы мүмкін.

      Сөйтіп, шикізат тауарларына бағаның түсіп кетуіне әсер ететін сұраныс пен ұсыныс тарапынан келеңсіз әсерлер болып отырған қазіргі жағдайда мүше мемлекеттердің Үкіметтері мен ұлттық банктері экономиканы қолдаудың дағдарысқа қарсы шараларынан басқа валюта-қаржы саласындағы макроэкономикалық тұрақтылықты қолдауға және ынтымақтастықты қамтамасыз етуге ерекше назар аударулары қажет. Мүше мемлекеттердің келісілген макроэкономикалық саясатты жүргізуі аясында бірлескен іс-қимылдарды іске асыруы Одақтағы экономикалық жағдайды тезірек тұрақтандырудың негізі болуға тиіс.

      2020 жылы әлемдік экономиканың өсу перспективасы белгісіз болып отыр. Жағдайдың ушығуы қаржы-экономикалық дағдарыс ауқымы жағынан 2008-2009 жылдардағы дағдарысқа сай келетін ғаламдық құлдыраудың басталғанын көрсетеді. Әлемдік сауда қысқарып барады, ал бұл жұмыс орындарының жойылуына, жұмыссыздық пен әлеуметтік шиеленіске әкеп соғады. Оқиғалардың жағымсыз дамып келе жатқанына қарайтын болсақ, экономикалық шығындар едәуір көбейе түсетін сияқты. Сондықтан орташа мерзімді кезеңде экономикалық құлдырауды тезірек қалпына келтіру қажеттігі бірінші орынға қойылады.

      Ғаламдық экономика аясында қалпына келтіру елдердің экономикасына келіп жатқан күйзеліс әсерінің деңгейін және олардың қабылдап жатқан шараларының ерекшеліктерін ескере келгенде, әртүрлі тездікте өтеді және бір қалыпта болмайды. Экономикалық өсудің ішкі көздерін белсенді етудің мақсатты саясатын жүргізуге және жұмыс істеп тұрған өндірістік және сауда байланыстарын нығайтуға және соның ішінде экономикалық интеграцияның мүмкіндіктері мен пайдасын пайдалану арқасында олардың жаңаларын құруға көңіл бөліп отырған мемлекеттерде экономикалық өсудің траекториясына оралу байқалады. Бұл жағдайда мүше мемлекеттердің экономиканы өте қысқа мерзімде қалпына келтіруге және экономикалық даму қарқынында өздерінен бұрын тезірек дамып бара жатқан елдерден қалыс қалуды қалпына келтіруге зор мүмкіндігі бар.

      Озық экономикалардың тәжірибесі көрсетіп отырғанындай, инвестицияның озыңқы өсімі экономикалық өсуді қолдаудың және белсенді ете түсудің мыңызды шарты болып табылады. Мүше мемлекеттер инвестициялық белсенділіктің өсуін ынталандыратын шараларды қабылдауы керек. Жеке инвестициялар мемлекеттің күрделі қаржы салу арқылы, сондай-ақ ұлттық және өңірлік даму институттарының қаражаттарын пайдалану арқылы қолдау табуы керек. Инвестициялық белсенділіктің өсуін қосымша ынталандырулармен бірге инвестициялық мақсаттар үшін ұзақ мерзімді несиелеудің тартымдылығын және қолжетімділігін арттыру үшін жағдайлар жасаған дұрыс. Бұл Одақтың өндірістік әлеуетін нығайту және тиімді іске асыру үшін қажетті қаражатты бір жерге шоғырландыруға мүмкіндік береді. Бұл міндетті шешу үшін негізгі капиталдың Одақтың жалпы ішкі өнімдегі жиынтықты үлесі әлемдегі орташа алғандағы мәнге жетуге тиіс.

      Жаңа технологияны қалыптастыру экономиканы құрылымдық жағынан қайта құру есебінен оза дамуға көшу үшін жағдайлар жасайды. Бірінші кезекте ақпараттық технологияға және жасанды интеллектке, нано-биотехнологияға, цифрлық трансформацияға сүйенген жоғары технологиялық салалар дамудың негізгі бағыттарына айналуы керек. Короновирус инфекциясының экономиканың барлық салалары мен секторларына таралуының әсері денсаулық сақтау саласын, медициналық және биоинженерлік технологияларды дамытудың маңыздылығын көрсетті. Жаңа технологиялық салттың өсуінің басты бағыттарының бірі ретінде осы салаға инвестиция құюды кеңейту басымдықты болып табылатын сияқты.

      Мүше мемлекеттерде ең алдымен жүктелімі аз өндірістік қуаттарды пайдаланумен байланысты дамытудың елеулі әлеуеті бар, бұл да сапалы технологиялық жаңартулармен сүйемелденуі керек. Мәселен, өңдеуші өнеркәсіпте өндірістік қуаттарды пайдаланудың орташа деңгейін 10 пайызға арттыру Еуразиялық экономикалық комиссияның бағалауы бойынша мүше мемлекеттерде өнеркәсіптік өндірістің өсу қарқынын ұлттық экономиканың құрылымына қарай 6 -15 пайызға арттыруға жәрдемдеседі.

      Қосымша қуатты ынталандыру Еуразиялық интеграцияны ғылыми-техникалық және өндірістік әлеуетті дамыту саласында пайдалануға мүмкіндік береді. Мұндай мүмкіндіктер бірінші кезекте басқару жүйесін тиімді басқарумен және бірлескен кооперациялық жобаларды қаржыландырумен, Одақта жоғары өнімді, соның ішінде экспортқа бейімделген экономика секторларын құрумен және дамытумен және бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді ынталандырумен байланысты. Жаңа технологиялық шешімдерді әзірлеп, ендіру жоғары білікті мамандарды жүйелі түрде даярлау және қайта даярлау, сондай-ақ осындай мамандардың мүше мемлекеттердің экономикасына ағылып келуі үшін ынталандыру жасау бойынша шаралармен қамтамасыз етілуі керек. Орта мерзімді перспективада кадрлық әлеуетті дамытуға және өңірлік еңбек нарықтарында тепе-теңсіздікті азайтуға ерекше көңіл бөлу керек.

      Сонымен бір мезгілде, Одақ бойынша экономикалық өсуді қалпына келтіру және белсенді ету саласындағы экономикалық саясат өндірістік қуаттарды дамытуға ғана емес, сонымен бірге сұранысты тепе-теңдікте ұстап тұруға және кеңейтуге, сондай-ақ халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге бағытталуға тиіс.

      Карантиндік шаралар мен басқа да әлеуметтік шектеулер аясында сыртқы сұраныс сияқты ішкі сұраныстың да қысқаруы байқалады. Бірінші кезекте қызмет көрсету секторларында сұраныс азаюда. Әсіресе туристік және мейманханалық қызметтер көрсету, авиа және темір жол тасымалдары, көтерме және бөлшек сауда, қоғамдық тамақтану сияқты салалардың жағдайы мәз болмай тұр. Экономиканың басқа секторларында оның салдары өндірістік тізбенің бұзылуы есебінен аралық сұраныстың төмендеуімен, сондай-ақ кәсіпорындардың табыстары мен халықтың кірісінің азаюы себепті түпкі сұраныстың қысқаруымен байланысты.

      Экономикалық күйзелістің салдарын азайту үшін Одақтың өзара саудадағы тосқауылдарды тезірек жоюмен, алып қоюлар мен шектеулерді азайтумен, сондай-ақ жаңа кедергілерге жол бермеумен байланысты интеграциялық мүмкіндіктерін іске қосу қажет. Бұл Одақтың ортақ нарығының ауқымын арттыруға және мүше мемлекеттердің өніміне деген сұраныстың дұрыс болжануын арттыруға жәрдемдеседі. Одақтың ортақ нарығының барлық мүше мемлекеттер үшін барынша тиімділігін қамтамасыз ету үшін өзара сауданың өсу қарқынын сыртқы сауда өсуінің қарқынынан асатын деңгейде ұстап тұруға ұмтылу керек.

      Сыртқы нарықтарда орташа мерзімдегі перспективада сыртқы жеткізулерді географиялық сияқты тауарлық әртараптандырумен де байланысты экспорттық мүмкіндіктерді кеңейту қажеттігі туындайды. Сыртқы байланыстарды үшінші елдермен сауда-экономикалық қатынастарды нығайту және халықаралық ұйымдармен өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту экспортты дамытуға негіз болады. Сондай-ақ мүше мемлекеттерде өндірілетін өнімдер мен көрсетілетін қызметтердің өнімділігі мен сапалық сипатын арттыра отырып, жоғары технологиялық өнімдердің сыртқы нарығына экспорттау үшін басымдықты жағдайларды қамтамасыз ету қажет.

      Сөйтіп, 2020 – 2021 жылдардағы маңызды макроэкономикалық саясаттың мақсаты макроэкономикалық тұрақтылықты және мүше мемлекеттерде қол жеткізілген тұрмыс деңгейін сақтап қалу, сондай-ақ Одақты экономикалық жағынан оза дамыту үшін негіздер қалау болып табылады. Инвестициялық белсенділікті қолдауға, ғылыми-технологиялық және өндірістік әлеуетті дамытуға және сұраныстың аясын кеңейтуге жәрдемдесуге бағытталған шаралар мүше мемлекеттердің экономикасының дамуына қарқын беруі мүмкін. Осы шараларды қабылдау Одаққа сыртқы қолайсыз күйзелістің салдарын жеңуге және бәсекелестікті әрі ғаламдық экономикадағы өз салмағын арттыруға мүмкіндік береді. Орташа мерзім кезеңінде осы шараларды іске асыру Одақ бойынша алғанда әлемдік орташа мәннен кем болмайтын экономикалық өсуге қол жеткізуге жәрдемдесетін болады.

      Алға қойылған мақсатқа қысқа және орташа қысқа мерзімді кезеңде қол жеткізу үшін мынадай шаралар ұсынылуы мүмкін:

      мыналарды қоса, макроэкономикалық тұрақтылықты қолдау:

      баға және қаржы тұрақтылығын қастамасыз ету;

      қаржы секторы қызметінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге, операциялық тәуекелдерді азайтуға және қызметкерлердің бір бөлігінің қашықтан жұмыс істеуіне мүмкіндік беру жағдайында ақпараттық қауіпсіздікті қолдау;

      қаржы секторының экономикаға ресурстар беру, соның ішінде нақты сектордағы кәсіпорындарға несие беру шарттарын жеңілдету бөлігінде ресурстар ұсыну жөнідегі әлеуетін қолдау;

      төлем жүйесінің үздіксіздігін сөзсіз сақтау кезінде оларға түсетін жүктемені әкімшілік жағынан жеңілдету;

      жедел төлем жүйесін, сондай-ақ банк қызметтерін көрсетуді, соның ішінде қашықтан бірдейлендіру мүмкіндіктерін пайдалану арқылы қашықтан алу механизмдерін қоса алғанда, тауарларға (жұмыстар, қызметтер көрсету) ақы төлеудің қолма-қол жасалмайтын тәсілдерін басымдықты пайдалануды ынталандыру;

      ұлттық валютаның үшінші елдердің валютасына қатысты айырбас бағамының құбылмалылығымен байланысты негізсіз өсуін болғызбау бойынша мониторингті жүзеге асыру және шаралар қабылдау;

      түспей отырған кірістердің орнын жабу мақсатында бюджет кірістеріне қосымша көздерді қалыптастыру, олар экономика мен халықты қолдауға бағытталатын болады;

      мүше мемлекеттердің экономикасын Одақтың келісілген индикативті (болжамды) баланстары аясында энергетикалық ресурстармен сенімді қамтамасыз ету;

      мүше мемлекеттердің ұлттық валюталарының өзара саудада пайдаланылуын кеңейте түсуді ынталандыру;

      Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорының мүше мемлекеттерге макроэкономикалық тұрақтандыру мақсатында белгіленген тәртіпте несие жағынан жәрдемдесуі;

      Еуразиялық даму банкінің коронавирус инфекциясының таралуы салдарын азайтуға бағытталған жобаларды іске асыру мәселелерін өз құзыреті шегінде мүше мемлекеттермен пысықтауы;

      мыналарды қоса, инвестициялардың өсуін қолдау, Одақтың ғылыми-техникалық және өндірістік потенциалын дамыту үшін шаралар қабылдау:

      мүше мемлекеттерде жұмыс орындарын сақтап қалу және жұмыспен қамту деңгейін арттыру;

      шағын және орта бизнес пен кәсіпорындардың табысы азайып отырған жағдайда экономика секторларын қолдауға мұқтаж болып отырған оларға қатысты салық және бюджеттік қолдау шараларын қабылдау;

      инвестициялық ахуалды жақсарту және мемлекет-жеке әріптестік механизмін белсенді ету үшін мүше мемлекеттердің бюджеттік қаражаттарын игерудің тиімділігін арттыру;

      мүше мемлекеттердің халықаралық озық практикасы мен тәжірибесін ескере отырып, инвестициялық салада әкімшілік және өзге де реттеуші рәсімдерді жеңілдету және (немесе) қысқарту;

      мүше мемлекеттердің инвесторларды қорғауға бағытталған нормативтік құқықтық базасын жетілдіру;

      мемлекеттік және жеке кәсіпорындардың ғылыми зерттеуге және денсаулық сақтауды дамытуға қаржы салуын ынталандыру бойынша шаралар қабылдау;

      қосымша құнның өндірістік-технологиялық тізбектерін, соның ішінде экономиканың жоғары технологиялық секторларындағы тізбектерін құратын кооперациялық жобаларды дамытуға жәрдемдесу;

      цифрлық технологияларды дамыту және осы салаға инвестиция тарту;

      мыналарды қоса, тұрақты сұранысты қолдау, экспорттық мүмкіндіктерді кеңейту және өзара сауданы белсенді ету үшін жағдайлар жасау:

      тосқауылдарды жою, алып қоюлар мен шектеулерді қысқарту, сондай-ақ Одақтың нарығында жаңа кедергілердің туындауына жол бермеу;

      мүше мемлекеттердың трансшекаралық нарықтарында жосықты бәсекелестікті және оны қорғауды қамтамасыз ету;

      үшінші елдермен сауда-экономикалық қатынастарды дамыту, сондай-ақ өзара тиімді ынтымақтастықты орнату және Одақтың экспорттық мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында басты өңірлік экономикалық бірлестіктермен, халықаралық өңірлік ұйымдармен жүйелі диалог жүргізу;

      жоғары технологиялық өнімдердің сыртқы нарығына экспорттау үшін басымдықты жағдайларды қамтамасыз ету;

      өзара және сыртқы сауданы цифрландыру үшін қажетті жадайлар жасау;

      мүше мемлекеттердің көлік инфрақұрылымдарын дамытуды үйлестіру;

      халықтың табыстарын қолдауға және көбейтуге бағытталған шараларды қабылдау, сондай-ақ мүше мемлекеттерді экономикалық даму және халықтың табысының деңгейі бойынша бір-біріне жақындату үшін алғышарттар жасау.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады