Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 29-бабында көрсетілген негіздер бойынша Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің тауарлармен өзара саудадағы шектеулерді енгізуі және алып тастауы кезіндегі Еуразиялық экономикалық комиссиямен өзара іс-қимылының тәртібі туралы

Жаңа

Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2022 жылғы 15 сәуірдегі № 55 шешімі.

      Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі шешті:

      1. Қоса беріліп отырған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 29-бабында көрсетілген негіздер бойынша Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің тауарлармен өзара саудадағы шектеулерді енгізуі және алып тастауы кезіндегі Еуразиялық экономикалық комиссиямен өзара іс-қимылының тәртібі бекітілсін.

      2. Осы Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң, бірақ ерте дегенде 2022 жылғы 31 наурызда қол қойылған 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттама күшіне енген күннен кейін күшіне енеді.

      Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің мүшелері:

Армения Республикасынан

Беларусь Республикасынан

Қазақстан Республикасынан

Қырғыз Республикасынан

Ресей Федерациясынан

М. Григорян

И. Петришенко

Б. Сұлтанов

А. Кожошев

А. Оверчук

  Еуразиялық экономикалық
комиссия Кеңесінің
2022 жылғы 15 сәуірдегі
№ 55 шешімімен
БЕКІТІЛДІ

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің 2014 жылғы
29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың
29-бабында көрсетілген негіздер бойынша Еуразиялық экономикалық одаққа мүше
мемлекеттердің тауарлармен өзара саудадағы шектеулерді енгізуі және алып тастауы
кезіндегі Еуразиялық экономикалық комиссиямен өзара іс-қимылының тәртібі

      1. Осы Тәртіп 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың (бұдан әрі – Шарт) 29-бабының 4-тармағына сәйкес және Шарттың 28-бабының 3-тармағын іске асыру мақсатында әзірленді және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер мен Еуразиялық экономикалық комиссияның (бұдан әрі – тиісінше мүше мемлекеттер, Комиссия) мүше мемлекеттер Шарттың 29-бабында көрсетілген негіздер бойынша тауарлармен өзара саудадағы шектеулерді (бұдан әрі - шектеулер) енгізген және күшін жойған кездегі өзара іс-қимыл жасау қағидаларын белгілейді.

      Мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының уақытша санитариялық, ветеринариялық санитариялық және карантиндік фитосанитариялық шараларды енгізу кезіндегі өзара іс-қимылы Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің 2016 жылғы 16 мамырдағы № 149 шешімімен бекітілген Тәртіпке сәйкес жүзеге асырылады.

      2. Мүше мемлекеттің Комиссиямен өзара іс-қимыл жасауға уәкілетті мемлекеттік билік органы (бұдан әрі - уәкілетті орган) енгізілетін, өзгертілетін және күші жойылатын шектеулер туралы хабарламалардың (бұдан әрі – хабарламалар) электрондық көшірмелерімен алмасу үшін Комиссияға электрондық пошта мекенжайларының тізімін жібереді. Уәкілетті органдар арасында алынған электрондық пошта мекенжайларының тізімдерімен алмасуды Комиссияның ішкі нарықтардың жұмыс істеу департаменті (бұдан әрі – уәкілетті департамент) қамтамасыз етеді.

      3. мән-жайлар шектеулерді шұғыл енгізуді талап тететін жағдайларды қоспағанда, шектеулер енгізілген кезде шектеулер енгізетін мүше мемлекеттің уәкілетті органы бұл туралы Комиссияға жазбаша нысанда хабарлайды, сондай-ақ мұндай нормативтік құқықтық актіні қабылдау қажеттілігін негіздей отырып, ол күшіне енетін күнге дейін 10 жұмыс күнінен кешіктірмей, оны қабылдау туралы хабарламаның электрондық көшірмесін уәкілетті Департаментке жібереді. Мұндай жағдайларда хабарлама көрсетілген нормативтік құқықтық акт күшіне енген күннен кешіктірілмей жіберіледі. Уәкілетті департамент алынған хабарламаны алған күнінен бастап 3 жұмыс күнінен кешіктірмей басқа мүше мемлекеттердің үкіметтеріне және Комиссияның мүдделі департаменттеріне жібереді. Жеделдікті қамтамасыз ету мақсатында уәкілетті департамент хабарламаның электрондық көшірмесін басқа мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарына электрондық пошта арқылы жібереді.

      4. Хабарлама мынадай мәліметтерді қамтиды:

      а) өзіне қатысты шектеулер енгізілетін тауардың (тауарлардың) атауы;

      б) шектеулерді енгізу күні;

      в) шектеулердің қолданылу мерзімі;

      г) енгізілетін шектеулердің мазмұны (сипаттамасы);

      д) Шарттың 29-бабының 1-тармағында көрсетілген шектеулерді енгізу үшін негіздеме;

      е) шектеулерді енгізу қажеттілігін растайтын мәліметтер және олардың қолданылу мерзімінің негіздемесі.

      5. Ішкі нарықтардың жұмыс істеу мәселелеріне жетекшілік ететін Комиссия Алқасының мүшесі хабарлама алған күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде уәкілетті органдар басшылары орынбасарларының қатысуымен консультациялар өткізуге, оның ішінде барлық немесе жекелеген мүше мемлекеттердің бірлескен шектеу шараларын іске асыруының орындылығын талқылау үшін консультациялар өткізуге бастама жасайды.

      Консультациялар мүше мемлекеттің шектеулер енгізуіне кедергі келтірмейді.

      6. Өткізілген консультациялардың қорытындылары бойынша уәкілетті департамент консультациялар хаттамасын жасайды және консультациялар өткізілген күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде оны уәкілетті органдарға және Комиссияның мүдделі департаменттеріне жібереді (оның ішінде электрондық пошта арқылы).

      7. Енгізілетін шектеулер туралы қосымша ақпарат алу қажеттілігі туындаған жағдайда уәкілетті органдар және (немесе) Комиссияның мүдделі департаменттері уәкілетті департаментке тиісті сұрау салулар жібереді. Уәкілетті департамент тиісті сұрау салуды алған күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде оны шектеулер енгізетін мүше мемлекеттің уәкілетті органына және басқа мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарына, оның ішінде электрондық пошта арқылы жіберуді қамтамасыз етеді.

      8. Шектеулер енгізетін мүше мемлекеттің уәкілетті органы осы Тәртіптің 7-тармағында көрсетілген сұрау салуға оны алған күннен бастап 10 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде жауап жібереді.

      9. Шектеулер өзгертілген немесе мерзімінен бұрын жойылған жағдайда шектеулер енгізген мүше мемлекеттің уәкілетті органы бұл туралы Комиссияға хабарлайды, ал хабарламаның электрондық көшірмесін нормативтік құқықтық актіге өзгерістер енгізу туралы (оның күші жойылды деп тану) шешім қабылданған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде электрондық пошта арқылы (шектеулерді өзгерту немесе мерзімінен бұрын жою туралы нормативтік құқықтық актіні қоса бере отырып) уәкілетті департаментке жібереді. Шектеулерді өзгерту немесе мерзімінен бұрын жою туралы алынған хабарламаларды уәкілетті департамент хабарламаны алған күннен бастап 3 жұмыс күнінен кешіктірмей басқа мүше мемлекеттердің үкіметтеріне және Комиссияның мүдделі департаменттеріне жібереді.

      10. Уәкілетті департамент Шарттың 29-бабының 1-тармағында көрсетілген негіздерде тауарлармен өзара саудадағы шектеулердің қолданыстағы тізбесін (бұдан әрі - тізбе) қалыптастырады, ол Еуразиялық экономикалық одақтың ресми сайтында ("Еуразиялық экономикалық одақтың ішкі нарықтарының жұмыс істеуі" ақпараттық ресурсы) орналастырылады.

      Уәкілетті департамент тиісті хабарламаны алған күннен бастап 1 жұмыс күні ішінде осы Тәртіптің 4-тармағының "а" - "д" тармақшаларында және
9-тармағында көрсетілген ақпаратты тізбеге енгізуді қамтамасыз етеді.

      Шектеудің қолданылу мерзімі өткеннен кейін немесе Комиссия шектеудің мерзімінен бұрын күшін жою туралы хабарламаны алған күннен бастап 1 жұмыс күні ішінде бұл шектеу тізбеден алып тасталады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады