Трансшекаралық нарықтарда бәсекелестіктің жалпы қағидаларын бұзу туралы істерді қарау тәртібіне өзгеріс енгізу туралы

Жаңа

Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2022 жылғы 15 шілдедегі № 116 шешімі.

      Бәсекелестіктің жалпы қағидаттары мен қағидалары туралы хаттаманың (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 19 қосымша) 11-тармағына және Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2014 жылғы 23 желтоқсандағы № 98 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық комиссияның Жұмыс регламентіне № 1 қосымшаның 70-тармағына сәйкес Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі шешті:

      1. Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2012 жылғы 23 қарашадағы № 99 шешімімен бекітілген Трансшекаралық нарықтарда бәсекелестіктің жалпы қағидаларын бұзу туралы істерді қарау тәртібіне қосымшаға сәйкес өзгеріс енгізілсін.

      2. Осы Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің мүшелері:

Армения Республикасынан

Беларусь Республикасынан

Қазақстан Республикасынан

Қырғыз Республикасынан

Ресей Федерациясынан

М. Григорян

И. Петришенко

Б. Сұлтанов

А. Касымалиев

А. Оверчук

  Еуразиялық экономикалық
комиссия Кеңесінің
2022 жылғы 15 шілдедегі
№ 116 шешіміне
ҚОСЫМША

Трансшекаралық нарықтарда бәсекелестіктің жалпы қағидаларын бұзу туралы істерді қарау тәртібіне енгізілетін

ӨЗГЕРІС

      45-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "45. Іс бойынша шешім кіріспе (преамбула) және қарар бөліктерінен тұрады, ал сипаттамалық және уәждемелік бөліктер оның ажырамас бөлігі болып табылатын көрсетілген шешімге қосымшада қамтылады.

      Кіріспе бөлімде (преамбулада) іс бойынша шешімдер көрсетіледі:

      іс бойынша шешім қабылданған күні мен орны;

      іс бойынша шешім қабылдауға негіз болған нормативтік құқықтық актілер.

      Іс бойынша шешімнің қарар бөлігінде:

      жауапкердің әрекетінде (әрекетсіздігінде) трансшекаралық нарықтарда бәсекелестіктің жалпы ережелерін бұзудың болуы не болмауы туралы қорытындылар, тиісті бұзушылық кезеңін, трансшекаралық нарықты және Шарттың бұзылған баптарын көрсете отырып, осындай әрекеттердің (әрекетсіздіктің) сипаттамасы;

      істі қарауды тоқтату үшін негіздердің болуы не болмауы туралы қорытындылар;

      жауапкер туралы мәліметтер:

      жеке тұлға үшін – тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), тұрғылықты жері (болатын жері), туған күні мен орны (туған жері туралы мәліметтер болған кезде), сәйкестендіру нөмірі (Армения Республикасы, Беларусь Республикасы және Қырғыз Республикасы үшін), жеке сәйкестендіру нөмірі (Қазақстан Республикасы үшін), салық төлеушінің сәйкестендіру нөмірі (Ресей Федерациясы үшін), жеке басын куәландыратын құжат (нөмірі мен сериясы) туралы мәліметтер (Армения Республикасы, Беларусь Республикасы (сәйкестендіру нөмірі болмаған жағдайда), Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы және Ресей Федерациясы үшін), берілген күні, құжатты берген органның атауы, жұмыс орны (мәліметтер болған жағдайда) (лауазымды тұлға үшін – сондай-ақ шаруашылық жүргізуші субъектінің лауазымы мен мекенжайы);

      жеке кәсіпкер үшін – тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), тұрғылықты жері (болатын жері), туған күні мен орны (туған жері туралы мәліметтер болған кезде), сәйкестендіру нөмірі (Армения Республикасы, Беларусь Республикасы және Қырғыз Республикасы үшін), жеке басын куәландыратын құжат (нөмірі мен сериясы) туралы мәліметтер (Армения Республикасы үшін, Беларусь Республикасы (сәйкестендіру нөмірі болмаған жағдайда), Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы және Ресей Федерациясы), берілген күні, құжатты берген органның атауы, сондай-ақ тіркеу нөмірі мен мемлекеттік тіркеу күні (Армения Республикасы, Қырғыз Республикасы және Ресей Федерациясы үшін), жеке сәйкестендіру нөмірі не бизнес-сәйкестендіру нөмірі (Қазақстан Республикасы үшін), төлеушінің есептік (сәйкестендіру) нөмірі (салық төлеушінің сәйкестендіру нөмірі) (Беларусь Республикасы мен Ресей Федерациясы үшін);

      заңды тұлға үшін – атауы және орналасқан жері, тіркеу нөмірі және мемлекеттік тіркелген күні, бизнес-сәйкестендіру нөмірі (Қазақстан Республикасы үшін), төлеушінің есептік (сәйкестендіру) нөмірі (салық төлеушінің сәйкестендіру нөмірі) (Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Қырғыз Республикасы және Ресей Федерациясы үшін);

      трансшекаралық нарықтарда бәсекелестіктің жалпы ережелерін бұзу болған кезде:

      Хаттаманың 16-тармағында көзделген және Әдістемеге сәйкес есептелген айыппұл (ол салынған болса) мөлшері;

      қажет болған жағдайда – трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестіктің жалпы ережелерін бұзудың жолын кесу және (немесе) оның салдарын жою, оларды іске асыру мерзімдерін көрсете отырып, бәсекелестікті қамтамасыз ету жөніндегі шаралар;

      айыппұл төлеуге қажетті банктік деректемелер;

      айыппұлды толық көлемде төлеу және бұл туралы Комиссияға хабарлау қажет мерзім туралы ақпарат;

      іс бойынша шешімге шағымдану мүмкіндігі мен тәртібі туралы ақпарат.

      Іс бойынша шешімге қосымшаның сипаттамалық бөлігінде:

      осы тармақтың тоғызыншы – он бірінші абзацтарында көрсетілген жауапкер үшін көзделген ақпаратқа ұқсас өтініш беруші туралы ақпарат не материалдарды жіберген уәкілетті органның атауы;

      өтініш және мәлімделген талаптар туралы мәліметтер (егер іс өтінішті қарау нәтижелері бойынша қозғалған жағдайда);

      Комиссияның трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестіктің жалпы ережелерін бұзу белгілерін анықтағаны туралы мәліметтер (егер іс Комиссияның бастамасы бойынша қозғалған жағдайда);

      істі қарауға қатысқан адамдар туралы ақпарат;

      істі қарау жөніндегі комиссияның құрамы;

      процестік іс-қимыл туралы ақпарат (нарыққа талдау жүргізу, бәсекелестіктің жалпы ережелерін бұзу белгілері бар іс-әрекеттерді (әрекетсіздікті) тоқтату қажеттігі туралы және (немесе) осындай бұзушылық белгілерінің туындауына ықпал еткен себептер мен мән-жайларды жою туралы және осындай іс-әрекеттердің (әрекетсіздіктің) салдарын жою жөнінде шаралар қабылдау туралы, сондай-ақ мұндай ескертуді орындамау, ақпарат сұрату, сараптамалар жүргізу, дәлелді ұсыныс жіберу туралы);

      тауар нарығының жай-күйін талдау нәтижелері туралы ақпарат;

      жауапкердің дәлелдері, істі қарауға қатысқан басқа адамдардың түсіндірмелері.

      Іс бойынша шешімге қосымшаның уәждемелік бөлігінде:

      істің нақты және өзге де мән жайларын сипаттамасы;

      трансшекаралық нарықтарда бәсекелестіктің жалпы ережелерін бұзу фактісінің болуын растайтын іс-қимылдардың сипаттамасы (Шарттың баптарына сілтемелермен);

      істі қарау жөніндегі комиссияның қорытындылары негізделген дәлелдемелер, істі қарау жөніндегі комиссия істі қарауға қатысушы адамдар келтірген қандай да бір дәлелдерді өз талаптарын және (немесе) қарсылықтарын негіздеуге қабылдамаған себептер;

      жауапкердің трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестіктің жалпы ережелерін бұзуды тану фактісін көрсету (бар болса);

      істі қарау жөніндегі комиссияның қорытындылары;

      айыппұлды есептеу кезінде ескерілген жауапкершілікті жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар;

      трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестіктің жалпы қағидаларын бұзудың жолын кесу және (немесе) оның салдарын жою, оларды іске асыру мерзімдерін көрсете отырып бәсекелестікті қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қолдану негіздемесі (көрсетілген шаралар қолданылған болса).".

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады