Қазақстан Республикасы мен Израиль Мемлекетi арасындағы Өзара түсiнiстiк пен ынтымақтастықты одан әрi дамыту туралы декларация

Жаңа

Декларация 2000 жылғы 5 сәуір Иерусалим

      Қазақстан Республикасы мен Израиль Мемлекетi,
      егемендi теңдiк, iшкi iстерге араласпау және халықаралық дауларды бейбiт жолмен шешу принциптерiне сәйкес өзара қарым-қатынасты одан әрi дамыту қажеттiлiгiне кәмiл сенiм бiлдiре отырып,
      Қазақстан Республикасы мен Израиль Мемлекетi арасындағы Өзара қарым-қатынастың негiздерi туралы 1995 жылғы 27 желтоқсандағы декларацияның ережелерiн басшылыққа ала отырып,
      БҰҰ жарғысының мақсаттары мен принциптерiне өздерiнiң адалдықтарын қуаттай отырып, ғаламдық және аймақтық проблемалар жөнiнде пiкiр алмасудың маңыздылығын атап көрсете отырып,
      екi ел басшылығының арасындағы өзара түсiнiстiк пен қолдаудың жоғары деңгейiн қанағаттанғандықпен атап өтiп,
      сауда, инвестиция салаларындағы және басқа экономикалық бағыттардағы ынтымақтастықты кеңейтуге екi жақты мүдделiлiк бiлдiре отырып,
      Тараптар арасындағы қазiргi достық қарым-қатынастар мен өзара сенiмдi екi елдiң игiлiктерi жолындағы өзара iс-қимылдың жаңа, неғұрлым жоғары деңгейiне көтеруге ұмтыла отырып,
      екi мемлекеттiң сыртқы iстер министрлiктерi арасындағы Консультациялар туралы хаттамаға жүгiне отырып,
      төмендегiлер туралы мәлiмдейдi:
      1. Қазақстан мен Израиль халықаралық өмiрдiң барлық салаларында екi жақты өзара іс-қимылды жандандыру мақсатында түрлi деңгейлердегi саяси диалогты одан әрi кеңейтудiң маңыздылығы туралы келiстi.
      2. Қазақстан мен Израиль Таяу Шығыстағы және бүкiл әлемдегi шиеленiстi басуға және бейбiтшiлiктi, тұрақтылықты, сондай-ақ қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге бiрлесе отырып қол жеткiзiп, сыртқы саясат саласында тығыз ынтымақтасуға ниет бiлдiрдi және Азиялық қауiпсiздiк жөнiндегi екi жақты және көп жақты консультацияларға қатысуға ниеттенiп отыр.
      3. Қазақстан мен Израиль демократияны, парламентаризмдi және өзара түсiнiстiктi нығайтуға жәрдемдесетiн олардың арасындағы Достық пен ынтымақтастық жөнiндегi парламенттiк комиссиялардың қызметiн қанағаттанғандықпен атап өтедi.
      4. Қазақстан мен Израиль халықаралық терроризмге, ұйымдасқан қылмысқа және құқыққа қарсы қызметтiң басқа да нысандарына қарсы күрестiң маңыздылығын атап көрсетедi.
      5. Қазақстан мен Израиль екi елдiң сыртқы iстер министрлiктерi арасында, сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен форумдардың шеңберiнде консультациялар өткiзуге және осы заманғы халықаралық қатынастардың көкейкестi проблемалары бойынша ұстанған бағыттарды үйлестiруге ниеттенiп отыр.
      6. Қазақстан мен Израиль күш қолдануды және күш қолдану қаупiн төндiрудi сыртқы саясатта қолайсыз деп қарайды. Олар мемлекеттердiң құқықтарын сақтау мен егемендiгiн сыйлау арқылы прогреске қол жеткiзуге болатындығына сенiмдi. Ынтымақтастық теңдiкке негiзделуi тиiс және адамның бостандық пен тәуелсiздiкке негiзгi құқығын қамтамасыз ету арқылы бейбiтшiлiк пен халықаралық қауiпсiздiктi нығайтуға бағытталуы тиiс.
      7. Қазақстан мен Израиль екi елдiң экономикалық субъектiлерi арасындағы байланыстарды кеңейтуге және ауыл шаруашылығы, өнеркәсiп, энергетика және технология сияқты салалардағы өзара тиiмдi iскерлiк жобаларды дамытуға өзара нысаналы екендiктерiн мәлiмдейдi.
      Осыған байланысты 1992 жылғы 7 қыркүйекте құрылған Сауда-экономикалық байланыстар жөнiндегi қазақстан-израиль үкiметаралық комиссиясының ұсынысын жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтедi.
      8. Қазақстан Республикасының мұнайының және басқа да ресурстарының әлемдiк рыноктарға тұрақты өсiп келе жатқан ықпалын тани отырып, Қазақстан мен Израиль Қазақстанның мұнай және басқа да ресурстарын пайдаланудағы өзара ынтымақтастықтың маңыздылығын атап көрсетедi.
      9. Қазақстан мен Израиль алдағы уақытта Қазақстан Республикасының Бүкiлдүниежүзiлiк Сауда Ұйымына енуiнiң маңыздылығын атап өтедi.
      Израиль тарабы қазiргi кезде экономиканы реформалау мен қайта құрылымдау процесiн басынан кешiрiп отырған Қазақстандағы экономикалық жағдайдың күрделiлiгiн Қазақстанның Бүкiлдүниежүзiлiк Сауда Ұйымына енуi мәселесi жөнiндегi келiссөздер барысында ескеруге келiстi.
      10. Қазақстан мен Израиль екi ел арасында бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ақпарат алмасудың, бiлiм беру, мәдениет, туризм және спорт саласында ынтымақтастықты кеңейтудiң маңыздылығын атап көрсетеді, сондай-ақ аймақтар мен қалалар деңгейiнде тiкелей байланыстар орнықтыруды қолдайды.
      11. Қазақстан мен Израиль Азиядағы өзара iс-қимыл мен сенiм бiлдiру шаралары жөнiндегi кеңеске мүше мемлекеттердiң сыртқы істер министрлерiнiң Алматы қаласында 1999 жылғы 14 қыркүйекте өткiзiлген кездесуiнiң маңыздылығын атап көрсетедi және осы кездесу барысында талқыланған мәселелерге қозғау салып отыратын болады.
      Иерусалимде 5760 жылғы 29 Адарға сәйкес келетiн 2000 жылғы 5 сәуiрде қазақ, иврит, ағылшын және орыс тiлдерiнде екi дана болып жасалды және де барлық мәтiннiң күшi бiрдей. Түсiндiруде пiкiр алшақтықтары туындаған жағдайда ағылшын тiлiндегi мәтiн негiзгi болып табылады.

      Мамандар:
      Қасымбеков Б.А.
      Омарбекова А.Т.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады