Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев пен Әзірбайжан Республикасының Президенті Г. Әлиевтің Бірлескен мәлімдемесі

Жаңа

Бірлескен мәлімдеме 2000 жылғы 7 сәуір Баку

      Әзірбайжан Республикасының Президенті Г. Әлиевтің шақыруы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев 2000 жылғы 7 сәуірде Әзірбайжанда ресми сапармен болды.
      Қазақстан Республикасының Президенті мен Әзірбайжан Республикасының Президенті Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы қарым-қатынастың даму барысын, екі жақты ынтымақтастық, барлық халықаралық және аймақтық проблемалар бойынша пікір алмаса келіп, мәлімдейді:
      1. Мемлекет басшылары тарихи достық сезімге және екі халықтың әріптестігіне негізделген екі ел арасындағы қарым-қатынастың жоғары деңгейін қанағаттанғандық сезіммен атап көрсетті.
      2. Қазақстан Республикасы мен Әзірбайжан Республикасы ХХІ ғасырда өзара іс-қимылды кеңейту жолымен одан әрі қадам басуға, саяси, экономикалық, мәдени, гуманитарлық және басқа салалардағы қазақстан-әзірбайжан диалогы процесіне сапалы жаңа сипат беруге өздерінің шешімдерін мақұлдады.
      3. Президенттер Еуразия көлік дәлізінің толыққанды жұмыс істеуін жеделдету, Ұлы Жібек жолын қалпына келтіру, ТРАСЕКА және ИПОГЕЙТ бағдарламаларын іске асыру мақсатындағы бірлескен іс жүзіндегі шараларды жүзеге асырудың ерекше маңызын атап өтті.
      4. Қазақстан мен Әзірбайжан басшылары көмірсутегі шикізатын халықаралық рынокқа тасымалдау саласындағы ынтымақтастықты тереңдету қажеттігін атап көрсете отырып, өздерінің 1998 жылғы 30 желтоқсанда Анкара декларациясының және 1999 жылғы 18 қарашадағы Стамбул декларациясының ережелеріне адалдықтарын мақұлдады.
      Әзірбайжан тарапы Қазақстанда өндірілетін көмірсутегі шикізатын өз аумағы арқылы үшінші елдерге транзиттік өткізуге әзір екендіктерін білдірді.
      5. Мемлекет басшылары жағалауда орналасқан елдер экономикасының дамуына зор ықпал ететін Каспий теңізіне ерекше маңыз бере отырып, Каспийді теңіз маңындағы мемлекеттер арасында орта сызық принципі негізінде тиісті секторларға бөлуді айқындауды тездетіп бекітудің маңыздылығын атап өтті.
      6. Тараптар БҰҰ, ЕҚЫҰ, ЭЫҰ және басқа халықаралық ұйымдар шеңберіндегі өзара іс-қимылдың өзектілігін, сондай-ақ Еуро-Атлантика Әріптестігі кеңесі және НАТО-ның "Бейбітшілік жолындағы әріптестік" бағдарламасы шеңберіндегі екі жақты және көп жақты ынтымақтастықтың маңыздылығын атап көрсетті.
      7. Президенттер ЕҚЫҰ-ның Стамбул Басқосуының нәтижелерін, осы форумда Әзірбайжан Республикасының Президенті Г. Әлиев ұсынған Оңтүстік Кавказдағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық пакті туралы бастаманы ерекше атап көрсете отырып, жоғары бағалады.
      8. Тараптар өздерінің демократиялық қайта құруларға, ұлттық азшылықтарға жататын тұлғалардың құқықтарын қоса алғанда, адамның құқықтары мен негізгі бостандығын құрметтеу мен қорғауға, БҰҰ мен ЕҚЫҰ-ның негізге алынатын құжаттарынан туындайтын барлық міндеттемелерін орындауға адалдықтарын білдіруге және құқықтық, демократиялық мемлекет құруға өздерінің бел байлағандықтарын атап көрсетті.
      9. Мемлекет басшылары мемлекеттердің аумақтық тұтастықтары мен қауіпсіздігіне қауіп төндіретін, адамның негізгі құқықтары мен бостандығын, демократия мен жалпы адамзаттық құндылықтарды бұзатын күш көрсету, сепаратизм және терроризм актілерінің барлық нысандарын айыптай отырып, олардың алдын алу бойынша кең іс-қимылды дамытуға деген айнымас ниеттерін тағы да мақұлдады.
      10. Президенттер БҰҰ, ЕҚЫҰ және басқа халықаралық ұйымдардың жалпыға ортақ бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдау ісіндегі тиімді қызметін күшейтуіне тілектестік білдірді.
      11. БҰҰ мен ЕҚЫҰ-ның армян-әзірбайжан, таулы-қарабақ жанжалы жөніндегі қарарларына адалдықтарын білдіре отырып, Тараптар бұл жанжалды реттеу егемендікті құрметтеу мен сақтауға, аумақтық тұтастық пен шекаралардың қол сұғылмаушылығына негізделуге тиіс екендігіне нық сенімдерін тағы да білдірді.
      12. Қазақстан мен Әзірбайжан Азиялық аймақтағы қауіпсіздік, тұрақтылық пен ынтымақтастық мүддесіндегі Азиядағы өзара іс-қимыл мен сенім білдіру шаралары жөніндегі кеңестің (АӨІСШК) маңызды рөлін атап өтті және Алматы қаласында 1999 жылғы 11 қыркүйекте АӨІСШК-те мүше елдердің Сыртқы істер министрлерінің кездесуі барысында қол қойылған АӨІСШК-те мүше мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастары реттейтін принциптер декларациясының ережелеріне адалдықтарын мақұлдады.
      13. Қазақстан мен Әзірбайжан Президенттері екі мемлекеттің арасындағы қарым-қатынастардың тереңдеуі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберіндегі ынтымақтастықтың нығаюы мүдделеріне қызмет ететіндігіне сенім білдірді.
      14. Мемлекет басшылары болып өткен сындарлы да жемісті келіссөздердің тату көршілік, достық және өзара көмек рухындағы ынтымақтастықтың одан әрі кеңеюіне оң үлес қосқандығын атап көрсетті.
      Президент Н. Назарбаев өзіне көрсеткен жылы шырайлы, ақжарқын қабылдауы үшін Президент Г. Әлиевке алғысын білдірді және оны Қазақстан Республикасына ресми сапармен келуге шақырды.
      Шақыру қабыл алынды.
      Баку қаласында 2000 жылғы 7 сәуірде қазақ, әзірбайжан және орыс тілдерінде екі түпнұсқа дана болып жасалды.

      Мамандар:
      Қасымбеков Б.А.
      Омарбекова А.Т.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады