Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникациялар министрлігі мен Испания Корольдігінің Даму министрлігі арасындағы Жүктерді халықаралық автомобильдік тасымалдауды жүзеге асыруға арналған рұқсат бланкілерімен алмасу туралы Келісім

Жаңа

Келісім, Мадрид қ., 2000 жылғы 30 қазан

       *Келісім қол қойылған күнінен бастап күшіне енді

      Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникациялар министрлігі мен Испания Корольдігінің Даму министрлігі халықаралық автомобильдік тасымалдарды дамытуды және ұлттық көліктік операторлардың мүдделерін қорғау мақсатында сауда-саттық пен экономикалық қатынастардың өзара тиімді дамуына ықпал етуге тілек білдіре отырып, төмендегілер туралы келісті:

  1-бап

      1. Тараптар екі мемлекеттер аумақтарында тасымалдауды атқаруға рұқсат берілген тасымалдаушылардың Тарап мемлекеттері арасында, олардың аумағы арқылы транзиттік сипатта, сондай-ақ үшінші мемлекетке немесе үшінші мемлекеттен жүктерді тасымалдауды жүзеге асыруға арналған рұқсат бланкілерімен алмасуды жыл сайын жүргізетін болады.
      2. Осы Келісім Тараптар қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын олардың әрқайсысының құқықтары мен міндеттеріне ықпал етпейді.

  2-бап

      Тараптар өз мемлекеттерінің аумақтарында жол жүруге арналған рұқсат бланкілерінің келісілген санын ақысыз негізде алмасады.
      Қажет болған жағдайда, өзара келісім бойынша, Тараптар тепе-теңдік негізде тегін рұқсат бланкілерімен алмасудың квотасын өзгертуі мүмкін.
      Автокөлік құралдарының белгіленген квотадан тыс жол жүруі Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес рұқсат беру негізінде жүзеге асырылады.
      Алдағы жылға арналған рұқсат бланкілермен алмасу ағымдағы күнтізбелік жылдың 31 желтоқсанына дейін жүргізіледі.

  3-бап

      1. Осы Келісімнің 1-бабына сәйкес тасымалдаушыға берілген рұқсат оның өзі үшін ғана жарамды және басқа тұлғаға беруге жатпайды.
      2. Рұқсат әрбір жүк автомобилі үшін және әрбір автомобильтартқыш үшін талап етіледі. Рұқсат сондай-ақ онымен бірге ілескен тіркеме немесе жартылай тіркеме үшін де, оның тіркелген жеріне қарамастан, жарамды.
      3. Рұқсат, онда көрсетілген уақыт аралығында бір дүркін барып-қайту жол сапары үшін екі жақты және транзиттік қатынасқа жарамды.
      4. Рұқсат бланкілері:
      1) Қазақстан Тарапынан: қазақ, орыс және ағылшын тілінде;
      2) Испания Тарапынан: испан, француз, неміс және ағылшын тілінде әзірленеді.
      5. Тиісті күнтізбелік жылда қолданылатын рұқсат бланкілерінде бір жылға жасалған реттік нөмір, тиісті қол мен мөр болуы тиіс.
      6. Қазақстан Республикасы тарапынан рұқсат бланкілерін Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникациялар министрлігі куәландырады.
      7. Испания Корольдігі тарапынан рұқсат бланкілерін Испания Корольдігінің Даму министрлігі куәландырады.
      8. Ағымдағы жылы берілген рұқсат бланкілері келесі күнтізбелік жылдың 1 ақпанына дейін қолданыста болады.

  4-бап

      1. Әрбір Тарап мемлекеттерінің тасымалдаушылары мен автокөлік құралдарының жүргізушілері, болатын мемлекетінің заңнамасын, сондай-ақ Тараптар қатысушылары болып табылатын автомобиль тасымалы саласындағы халықаралық келісімдердің ережелерін сақтауға міндетті.
      2. Тараптар мемлекеттерінің автокөлік құралдарын жүргізушілерде өздері басқаратын автокөлік құралының санатына сәйкес келетін ұлттық немесе халықаралық жүргізуші куәлігі және 1968 жылғы 8 қарашада Венада жасалған Жол қозғалысы туралы конвенциясының талаптарына жауап беретін автокөлік құралының тіркеу куәлігі болуы тиіс.
      3. Осы келісімде талап етілетін рұқсат, сондай-ақ бақылау жасау және басқа да тасымалдау құжаттары осы Келісіммен реттелетін барлық сапарлар кезінде автокөлік құралында болуы және талап етілген жағдайда Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары өкілдерінің тексеруі үшін көрсетілуі тиіс.

  5-бап

      Тараптар осы Келісімнің ережелерін түсіндіру мен қолдануға байланысты туындауы мүмкін барлық даулы мәселелерді келіссөздер мен консультациялар арқылы, сондай-ақ Экономикалық және өнеркәсіптік ынтымақтастық жөніндегі қазақстан-испан үкіметаралық комиссиясының мәжілістері шеңберінде шешетін болады.

  6-бап

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын жеке Хаттамалармен ресімделеді.

  7-бап

      Осы Келісім қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді және Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Испания Корольдігі Үкіметінің арасындағы Жолаушылар мен жүктерді халықаралық автомобильдік тасымалдау туралы келісім күшіне енгеннен кейін өзінің қолданыста болуын тоқтатады.
      Тараптардың әрқайсысы осы Келісім қолданыста болуын екінші Тарапқа жазбаша хабарлама жіберу арқылы тоқтата алады. Осы жағдайда, Келісімнің қолданыста болуы екінші Тараптың хабарламаны алған күнінен бастап алты ай өткеннен соң тоқтатылатын болады.

      Мадрид қаласында 2000 жылғы 30 қазанда әрқайсысы қазақ, испан, орыс және ағылшын тілдерінде екі түпнұсқа дана болып жасалды және де барлық мәтіндердің күші бірдей.
      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушілік туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінді ұстанатын болады.

(Қолдары)  

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады