Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Армения Республикасы Үкіметінің арасында Стандарттау, метрология, сертификаттау және тіркеу саласындағы ынтымақтастық туралы Келісім

Жаңа

Келісім, 2001 жылғы 23 мамыр, Ереван қаласы

  *2001 жылғы 27 желтоқсаннан бастап күшіне енді - 
ҚР халықаралық шарттары бюллетені,
2002 ж., N 4, 37-құжат; 2004 ж., N 6, 35-құжат

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Армения Республикасының Үкіметі, 
      екі ел арасында экономикалық және сауда қатынастарындағы техникалық тосқауылдарды жою мақсатында, 
      стандарттау, метрология, сертификаттау және тіркеу, ISO 9000 және 14000 сериялы халықаралық стандарттар негізінде өнімнің сапасын және қоршаған ортаны басқару, тұтынушылар құқықтарын қорғау және өзара жеткізілетін өнімнің қауіпсіздігін растауды қамтамасыз ету салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға ұмтылыс білдіре отырып, 
      екі мемлекетте қолданылып жүрген заңдылық шеңберінде халықаралық құқық қағидаттарын және нормаларын басшылыққа ала отырып, төмендегілер туралы келісті: 

1-бап

      Тараптар қолданыстағы мемлекеттік (ұлттық) стандарттау, өлшемдер бірлігін қамтамасыз ету, сертификаттау және тіркеу жүйелерін өзара таниды. 
      Тараптар: 
      салыстырып тексеру және сынақ зертханалары мен орталықтарын тіркеумен айналысатын ұйымдарды, сондай-ақ осы ұйымдармен тіркелген өлшем құралдарын салыстырып тексеруді, сынауды және калибрлеуді жүзеге асыратын зертханалар мен орталықтарды, мемлекеттік сынақтар, үлгіні бекіту, өлшем құралдарын салыстырып тексеру, метрологиялық аттестациялау нәтижелерін Тараптар келісілген тәртіппен өзара таниды;
      екінші Тараптың сертификаттау жөніндегі органдарын, салыстырып тексеру және сынақ лабораторияларын (орталықтарын), өзара жеткізілген өнімнің сертификаттары мен сәйкестік белгілерін осы Келісімнің 5-бабында көрсетілген органдар белгілеген тәртіппен таниды;
      Тараптар танитын халықаралық және ұлттық сертификаттау жүйелерінен алынған сарапшы-аудитор сертификаттарын таниды;
      екінші Тараптың стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі нормативтік құжаттары, егер олардың талаптары мемлекеттік стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі органы енгізген белгіленген тәртіпке қайшы келмесе, бұл құжаттарды қолданыстағы заңдарға сәйкес қолданады.

2-бап

      Тараптар төмендегі мәселелерді көздейтін келісімдер мен бірлескен бағдарламалар негізінде ынтымақтастықты жүзеге асыратын болады:
      стандарттау, метрология, сертификаттау және тіркеу жөніндегі нормативтік және әдістемелік құжаттарды әзірлеу барысында өзара әрекеттесу;
      кадрларды даярлау және олардың біліктілігін көтеру;
      бастапқы үлгілі өлшем құралдарын және физикалық шамалар бірліктерінің ұлттық эталондарын құру, жетілдіру және салыстыру;
      заттар мен материалдардың құрамы мен қасиеттерінің стандартты үлгілерін, заттар мен материалдардың қасиеттері мен физикалық тұрақтылары туралы стандартты анықтамалар негізін құру және қолдану;
      мемлекеттік (ұлттық) стандарттау, сертификаттау және тіркеу, өлшемдер бірлігін қамтамасыз ету жүйелерін одан әрі дамыту, жетілдіру және үйлестіру;
      стандарттау, метрология, сертификаттау және тіркеу салаларында ақпараттық қызметті дамыту.

3-бап

      Тараптардың бірі олардың мүшесі болып табылатын стандарттау, метрология, сертификаттау және тіркеу саласындағы халықаралық және аймақтық ұйымдарға кіру кезінде және олардың жұмысы барысында Тараптар өзара қолдау көрсететін болады.

4-бап

      Тараптар осы Келісімнің шеңберінде жүргізілетін жұмыстар туралы, егер жіберуші Тарап олардың құпиялығын ескертсе, алынатын құжаттамалардың және ақпараттардың құпиялығын қамтамасыз ететін болады.
      Көрсетілген ақпаратты ұсынған Тараптың тек қана жазбаша келісімімен ғана ол үшінші мемлекетке берілуі мүмкін.

5-бап

      Осы Келісімнің ережелерін іске асыруға жауапты органдар:
      Қазақстан Республикасында - Қазақстан Республикасы Экономика және сауда министрлігінің Стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі комитеті;
      Армения Республикасында - Армения Республикасы Үкіметінің жанындағы Стандарттау, метрология және сертификаттау басқармасы.
      Өкілетті органдардың ресми атаулары өзгерген жағдайда, Тараптар бұл туралы бір-біріне дипломатиялық арналар бойынша шұғыл түрде хабарлайтын болады.

6-бап

      Осы Келісім ережелерінде көзделген бағыттардағы ынтымақтастық осы Келісімнің 5-бабында көрсетілген органдар арасында бірлескен бағдарламаларды әзірлеу жолымен жүзеге асырылады.

7-бап

      Осы Келісім ережелері Тараптардың басқа халықаралық шарттарға сәйкес қабылдаған құқықтары мен міндеттеріне ықпал етпейді.

8-бап

      Осы Келісімді іске асыру барысында даулар мен келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар оларды өзара келіссөздер мен консультациялар жолымен шешетін болады.

9-бап

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге жеке Хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
      Хаттамалар осы Келісім күшіне енуі үшін белгіленген тәртіппен қолданысқа кіреді және оның ажырамас бөлігі болып табылады.

10-бап

      Осы Келісім бес жылға жасалады және оның күшіне енуі үшін қажетті Тараптардың мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама жасаған күнінен бастап күшіне енеді.
      Егер осы Келісім күші тиісті мерзім аяқталғанға дейінгі алты айда Тараптардың ешқайсысы екінші Тарапқа оның күшін тоқтату туралы өзінің ниетін жазбаша нысанда хабарламаса, осы Келісімнің күші келесі бесжылдық кезеңге автоматты түрде ұзартылатын болады.

      Ереван қаласында 2001 жылғы 23 мамырда, әрқайсысы екі түпнұсқа данада, қазақ, армян және орыс тілдерінде жасалды, барлық тілдегі мәтіндердің күші бірдей.
      Осы Келісім ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінді басшылыққа алатын болады.

(Қолдары)       

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады