Қазақстан-Үндістан бірлескен Декларациясы

Жаңа

Декларация 2002 жылғы 12 ақпан. Нью-Дели қаласы. 2002 жылғы 12 ақпаннан бастап күшіне енді - ҚР халықаралық шарттары бюллетені, 2002 ж., N 5, 43-құжат.

      Мәдени және экономикалық ынтымақтастық шеңберінде ерекше дамуға ие болған Қазақстан мен Үндістан халықтарының ежелден келе жатқан дәстүрлі тығыз және достық қатынастары бар.
      Бұл қатынастар ортақ мұраларға, демократия, байыптылық, бейбітшілік және зайырлылық мұраттарына адалдықты қастер тұтудың арқасында одан әрі нығая беретін болады.
      Елдеріміздің арасында дипломатиялық қатынастар орнауының онжылдығы қарсаңында Қазақстан Республикасы Президентінің Үндістанға жасап отырған сапарына байланысты Үндістанның Премьер-Министрі қанағаттанғандық білдірді.
      Екі елдің басшылары Азия аймағында және әлемде тұрақтылық пен гүлденуді нығайту мақсатындағы екіжақты, аймақтық және халықаралық мәселелер бойынша ынтымақтастықты дамыту мен өзара консультация өткізуге Қазақстан мен Үндістанның бекем бел байлап отырғандығын білдірді.
      Ауғанстан: Біз Ауғанстандағы ахуалдың дамуына, уақытша Үкіметтің құрылуына, талибтердің тұрақтылықты бұзатын режимінің жойылуына қанағаттанғандық білдіреміз және де Ауғанстанды терроризмге арналған баспана ретінде пайдалануға жол бермеу жөніндегі халықаралық қоғамдастықтың батыл шешімін қолдаймыз. Біз алдағы уақытта халықаралық қоғамдастық күш-жігерін тәуелсіз Ауғанстанның барлық этникалық топтарының өкілдерін кеңінен қамтыған Үкіметті ұзақ мерзімді негізде құруға бағыттау қажеттігіне келісім білдіреміз.
      Терроризм: Қазақстан 2001 жылғы 13 желтоқсанда Үндістан Парламенті үйінің жанында болған террорлық акцияны батыл айыптағандығын айта отырып, біз терроризмді, оның қандай көріністерін және де ол қандай сылтау немесе себептермен бүркемеленсе де ешбір ақтауға болмайтынын нық мәлімдейміз. Біз, сондай-ақ терроризмге қарсы күрес ғаламдық және жан-жақты сипат алуы және де барлық жерде бірдей оны жоюға бағытталуға тиіс екендігіне нық сенім білдіреміз. Осы тұрғыда біз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 1373 қарарына сәйкес өз міндеттемелерімізді тағы да қуаттаймыз, сондай-ақ терроризммен күрестегі ынтымақтастық мәселелері бойынша екіжақты тетік жасауға ниет білдіретіндігімізді мәлімдейміз. Біз терроризмге қарсы жалпыға бірдей күрес терроризмге айдап салушылар мен жәрдемдесушілерге немесе олар жөнінде келісімпаздық бағыт ұстағандарға да, сондай-ақ террорлық актілерді іске асырушыларға да бағытталуы тиіс екендігін тағы да қуаттаймыз.
      Аймақтық бастамалар: Біз аймақтағы бейбітшілікті, тұрақтылық пен гүлденуді қолдау жөніндегі тұрақты түрдегі консультациялардың маңыздылығын мақұлдаймыз. Біз ерекше бастама болып табылатын Азиядағы өзара іс-қимыл мен сенім білдіру шаралары жөніндегі Кеңес (АӨІСШК) процесінің дамуын қанағаттанғандықпен атап көрсеттік және де алдағы Саммит алға басудағы айтарлықтай қадам болатынына келістік. Біз, сондай-ақ аймақтық ұйым ретінде Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) қол жеткізген прогресті атап көрсеттік. Үндістанның географиялық жақындығы мен көршілігін, сондай-ақ оның аймақтық және халықаралық ынтымақтастық мәселелеріне белсене қатысатынын ескере отырып, Қазақстан Үндістанның ШЫҰ-на қатысуы бұл ұйымға жаңа серпін беретіндігі жөнінде пікір білдірдік.
      Біз, сондай-ақ екі ел халықтарының, тұтас алғанда аймақ игілігіне қызмет ететін аймақтық экономикалық ынтымақтастыққа серпін беру қажеттігімен келістік. Осы орайда өзінің көмірсутегі ресурстарының молдығы арқасында Қазақстан көмірсутегін пайдаланушылардың әлемдегі ең ірілерінің бірі болуы болжамдалған Үндістан үшін маңызды энергия тасымалдаушы бола алады. Ақпараттық технология бойынша Үндістанның әлеуеті Қазақстанның экономикасының қажеті үшін зор үлес қоса алады. Біз тез арада іске асыру мақсатында осы салалар бойынша нақты жобалар әзірлеуді құптадық.
      Екіжақты ынтымақтастық: Біз 2002 жылғы 11 ақпанда Нью-Делиде болып өткен сауда, экономика, ғылым және техникалық ынтымақтастық жөніндегі қазақстан-үндістан Бірлескен комиссиясының 4-ші мәжілісінің нәтижелерін қанағаттанғандықпен атап өттік. Өзара түсіністік пен сындарлылық жағдайында өткен комиссияның жұмысы барысында өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа салалары айқындалды. Біз түрлі салалардағы ынтымақтастықтың одан әрі дамуына қызмет ететін қол жеткен уағдаластықтарды жүзеге асыру үшін тиімді шаралар қабылдануы тиіс екендігіне келістік.
      Біз, сондай-ақ білім беру, туризм, әскери-техникалық салаларындағы келісімдерді және экстрадиция туралы шартты тез арада жасау жөнінде шаралар қабылдаймыз деп келістік.
      Үндістан Премьер-Министрі Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Үндістанға ресми сапары саяси, сауда-экономикалық, әскери-техникалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қатынастарды нығайтуға сүбелі үлес қосқанын атап өтті және оның екіжақты ынтымақтастықтың барлық кешенін жандандыру мен ықпалдастықтың жаңа жолдарын іздеуге қызмет ететініне сенім білдірді.
      Біз Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесін анағұрлым өкілетті  және тиімді ету үшін оны кеңейтудің мақсатқа сай келетіндігімен келістік.
      Қазақстан Республикасының Президенті Үндістанның халықаралық істерде атқарып отырған рөлін атай отырып, БҰҰ-ның кеңейтілген Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелігіне Үндістанды лайық кандидат ретінде қолдайды.
     Қазақстан Республикасының Президенті Үндістанның Премьер-Министрін жақын арада Қазақстанға келіп қайтуға шақырды. Шақыру ризашылықпен қабыл алынды.

     Нью-Дели, 12 ақпан 2002 ж.
                                                       (Қолдары)

      Мамандар:
      Қасымбеков Б.А.
      Багарова Ж.А.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады