Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мен Украинаның Қорғаныс министрлігі арасындағы әскери білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы

Жаңа

Келісім, Астана, 19 қараша 2012 жыл

Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мен Украинаның Қорғаныс министрлігі арасындағы әскери білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ

(2012 жылғы 19 қарашада күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2013 ж., N 1, 9-құжат)

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мен Украинаның Қорғаныс министрлігі,
      1994 жылғы 20 қаңтардағы Қазақстан Республикасы мен Украина арасындағы достық пен ынтымақтастық туралы шарттың,
      2001 жылғы 26 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Украинаның Министрлер Кабинеті арасындағы білім және ғылыми дәрежелер мен ғылыми атақтар жөніндегі құжаттарды өзара тану және олардың баламалылығы туралы келісімнің,
      2011 жылғы 15 қарашадағы Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мен Украинаның Қорғаныс министрлігі арасындағы әскери саладағы ынтымақтастық туралы келісімнің ережелерін негізге ала отырып,
      әскери білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамытуға өзара ұмтылысты білдіре отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаты Тараптар әскери қызметшілерінің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі әскери білім алуы, сондай-ақ біліктілігін арттыруы үшін оларды оқыту арқылы Тараптар арасындағы әскери ынтымақтастықты дамыту болып табылады.
      Тараптар өз мемлекеттерінің әскери оқу орындарында әскери қызметшілерді даярлауды қамтамасыз етеді. Оқыту және оқу үдерісін әдістемелік қамтамасыз ету орыс тілінде жүзеге асырылады.

2-бап

      Оқу басталатын жылдың алдындағы жылғы он бесінші желтоқсанға дейін келіп түскен өтінімдер негізінде Тараптар әскери оқу орындарының атауын, мамандықтар тізілімін, даярлау шарттарын, оқыту мерзімін және оқуға жіберілетін әскери қызметшілердің санын айқындайтын әскери кадрларды даярлау жоспарын жасайды.

3-бап

      Әскери қызметшілерді оқыту үшін іріктеуді және оларды медициналық куәландыруды жіберуші Тарап қабылдаушы Тараптың әскери оқу орындарына қабылдау шарттарына сүйене отырып жүргізеді.
      Қабылдаушы Тараптың әскери оқу орындарына әскери қызметшілерді қабылдау жіберуші Тараптың ұсынуы бойынша жүргізіледі.

4-бап

      Әскери қызметшілер оқу уақытында әскери тәртіпті және қабылдаушы Тараптың әскери оқу орындары нұсқаулықтарының талаптарын сақтайды және олардың қолбасшылығының бағынысында болады.
      Жіберуші Тараппен келісу бойынша қабылдаушы Тарап білім алушы әскери қызметшілерді даярлау үдерісін үлгермеушілік себебі, денсаулық жағдайы бойынша немесе қолданылған тәртіптік жазамен мерзімінен бұрын тоқтатуы мүмкін.

5-бап

      Егер әрбір нақты жағдайда өзге тәртіп келісілмеген болса, жіберуші Тарап өз әскери қызметшілерін оқыту және ұстау жөніндегі шығыстарды дербес көтереді.
      Бұл ретте әскери қызметшілерді оқытуға арналған шығыстар профессорлық-оқытушы құрамын ұстауға, оқу мақсаттары үшін оқу техникасын, тренажерларды, оқу-зертханалық жабдықты сатып алуға және қызмет көрсетуге байланысты шығыстарды және кеңсе шығыстарын қамтиды.
      Ұстауға арналған шығыстар қабылдаушы Тараптың әскери қызметшілері үшін көзделген нормалар бойынша және тәртіппен тұруға арналған тұрғын үй-жайлармен, ақшалай, заттай жабдықталыммен қамтамасыз етуге, тамақтандыруға, медициналық қамтамасыз етуге байланысты шығыстарды, сондай-ақ оқу орнына дейін және кері, демалысқа бару және кері қайту кезінде жол жүруге арналған көлік шығыстарын қамтиды.
      Әскери қызметшілерді оқыту, қамтамасыз ету шарттары және Тараптар арасындағы қаржы есеп айырысуы тәртібі жіберуші Тараптың әскери қызметшілерін қабылдаушы Тараптың әскери оқу орындарында оқыту туралы жекелеген келісімшартта айқындалады.

6-бап

      Қабылдаушы Тарап жіберуші Тарап мемлекетінің білім алушы әскери қызметшілерін, оларды әскери оқу орындарында оқытумен байланысты емес және білім алушылардың міндеттерін орындау шеңберінен тыс міндеттерді орындауға тартпайды.

7-бап

      Жіберуші Тараптың әскери қызметшілері қабылдаушы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасын сақтауға міндетті.

8-бап

      Тараптардың әскери оқу орындарында даярлықтан өтетін әскери қызметшілерге қолжетімділігі шектеулі ақпаратты ұсыну және беру тәртібі Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларымен және халықаралық міндеттемелерімен айқындалады.

9-бап

      Қабылдаушы Тараптың әскери оқу орындарын бітірген жіберуші Тараптың әскери қызметшілеріне Тараптар өзара мойындайтын тиісті үлгідегі құжаттар беріледі.

10-бап

      Жіберуші Тараптың әскери қызметшісі оқу уақытында қайтыс болған жағдайда қабылдаушы Тарап жіберуші Тарапты қайтыс болу фактісі туралы дереу хабардар етеді және жіберуші Тарап мемлекетінің аумағына мәйітті тасымалдауды өтеусіз жүзеге асырады.

11-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолдану бойынша туындайтын кез келген келіспеушіліктер Тараптар арасында келіссөздер жүргізу жолымен реттелуге тиіс.

12-бап

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша жекелеген хаттамалармен ресімделетін және осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін. Хаттамалар осы Келісімнің 13-бабының 1-абзацында айқындалған тәртіппен күшіне енеді.

13-бап

      Осы Келісім қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
      Осы Келісім белгісіз мерзімге жасалады. Тараптардың әрқайсысы басқа Тарапты дипломатиялық арналар арқылы жазбаша түрде хабардар ету жолымен осы Келісімнің қолданылуын тоқтатуы мүмкін. Ондай жағдайда осы Келісім Тараптардың бірі осындай хабарламаны алған күннен бастап алты ай өткеннен кейін күшін жояды.
      Осы Келісімнің қолданысын тоқтату Тараптар арасында оларға қатысты өзге жазбаша уағдаластық болған жағдайлардан басқа, оны қолдану кезеңінде іске асыру басталған іс-шараларды орындауға ықпал етпейді.

      2012 жылғы 19 қарашада Астана қаласында әрқайсысы қазақ, украин және орыс тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

      Қазақстан Республикасының                  Украинаның
      Қорғаныс министрлігі үшін             Қорғаныс министрлігі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады