Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі арасындағы шегіртке тектестерге және басқа да ауыл шаруашылығы зиянкестеріне және ауруларына қарсы күреске қатысты қорғаныш іс-шараларын жүргізу жөніндегі өзара ынтымақтастық туралы КЕЛІСІМ

Жаңа

2015 жылғы 30 маусым, Келісім

      (2015 жылғы 30 маусымда күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2016 ж., № 6, 95-құжат)

      Бұдан әрі “Тараптар” деп аталатын, Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі және Қытай Халық Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі,

      тату көршілік және өзара тиімді ынтымақтастық рухында іс-қимыл жасап, өсімдіктерді қорғау саласында ынтымақтастық орнату ниетін басшылыққа алып,

      шегіртке тектестердің, басқа да зиянкестер мен өсімдік ауруларының ауыл шаруашылығы дақылдары мен мал жайылымдарына ерекше қауіптілігін ескере отырып, сондай-ақ Қазақстан мен Қытайдағы егіндердің ысырабына жол бермеу мақсатында,

      өсімдіктерді қорғау саласында ынтымақтастықты дамытуға ниет білдіріп,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Тараптар, егіннің ысырабына жол бермеу мақсатында шегіртке тектестерге және басқа да ауыл шаруашылығы зиянкестеріне және ауруларына қарсы күреске қатысты іс-шараларды ұйымдастыру жөнінде бірлескен жұмыс тобын құрады.

2-бап

      Тараптар, өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларымен қорғалатын мемлекеттік немесе өзге де құпия болып табылатын ақпаратты қоспағанда, ғылыми зерттеулер, өсімдіктерді қорғау құралдарын мемлекеттік тіркеу және Тараптар мемлекеттерінің шекаралас аумақтарының фитосанитариялық жәй-күйі саласындағы ақпаратты үнемі алмасып отыруды жүргізетін болады.

3-бап

      Тараптардың өсімдіктерді қорғау жөніндегі басқару органдары, шаруашылықтардың мамандары шекаралас аудандарда мынадай жұмыстарды:

      - шегіртке тектестердің және басқа да зиянкестердің, сондай-ақ өсімдіктер ауруларының тіршілік ету орындарын мұқият тексеруді;

      - жұмыстарды жүргізудің мерзімін, әдістері мен технологиясын сондай-ақ пайдаланылатын пестицидтердің түр-түрін анықтауды және келісіп алуды жүргізетін болады.

4-бап

      Зиянкестердің жаппай көбею ошақтарында белсенділігі артқан жағдайда Тараптар бір-бірін дереу хабардар етеді және өз мемлекеттеріне экономикалық залал әкелуіне жол бермеу мақсатында оларды жою жөніндегі іс-қимылды бірлесіп үйлестіруге кіріседі.

5-бап

      Тараптар пестицидтерді уақытысында сатып алу және зиянкестердің жаппай көбею ошақтарын жою жөніндегі жұмыстарды әрқайсысы өз аумағында орындау үшін шаралар қолданатын болады, ауыл шаруашылығы дақылдарының зиянкестері мен ауруларын жою жөнінде тәжірибе алмасады.

6-бап

      Қажет болған жағдайда, шегіртке тектестерге және басқа да ауыл шаруашылығы зиянкестеріне және ауруларына қарсы күреске қатысты жұмыстарды жедел жүргізу мақсатында Тараптар бір-біріне өзара жәрдем және техникалық көмек көрсетеді, сондай-ақ Тараптардың ұлттық заңнамаларын ескере отырып, өз құзыреті шегінде, ауыл шаруашылығы авиациясының ұшуына қатысты мәселелерді шешуге жағдай жасайды.

7-бап

      Тараптар өсімдіктерді қорғау саласындағы ғылыми-зерттеу институттары, ғылыми орталықтары, жоғарғы оқу орындары арасында ынтымақтастықты жүзеге асыруда жәрдемдесуді қажет деп есептейді.

8-бап

      Тараптар, қажет болған жағдайда, шегіртке тектестердің және басқа да ауыл шаруашылығы зиянкестері мен ауруларының ошақтарын жою үшін шекаралас аудандарда отрядтар ұйымдастыру жөнінде шаралар қабылдайтын болады.

9-бап

      Екі Тараптың өсімдіктерді қорғау жөніндегі басқару органдары шекаралас аудандарда шегіртке тектестерге және басқа да зиянкестер мен өсімдіктер ауруларына қарсы күреске қатысты іс-қимылды үйлестіру үшін мамандармен алмасуды жүзеге асыратын болады.

10-бап

      Тараптар қажет болған жағдайда, өзара уағдаластық бойынша, өсімдіктерді қорғау саласында ғылыми және практикалық маңызы бар мәселелер бойынша бірлескен кездесулер мен семинарлар өткізу тағылымдамадан өту үшін делегациялар алмасуды жүзеге асыруы мүмкін.

11-бап

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын жекелеген хаттамалармен ресімделеді.

12-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолдану жөнінде даулар туындаған жағдайда, Тараптар оларды консультациялар және келіссөздер арқылы шешетін болады.

13-бап

      Осы Келісім, оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшіне енеді. Осы Келісім бес жыл мерзімге жасалады және Тараптардың бірде-бірі кезекті кезең аяқталардан алты ай бұрын оның қолданысын тоқтату ниеті туралы екінші Тарапқа жазбаша хабарлама жібермесе, келесі бесжылдық кезеңдерге өздігінен ұзартылатын болады.

      Осы Келісім Пекин қаласында 2002 жылғы 23 желтоқсанда, әрқайсысы қазақ, қытай және орыс тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды және де барлық мәтіндердің күші бірдей.

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушілік туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

      Қазақстан Республикасының                  Қытай Халық Республикасының

      Ауыл шаруашылығы                              Ауыл шаруашылығы

      министрлігі үшін                              министрлігі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады