Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Бас кеден басқармасы арасындағы қазақстан-қытай кеден шекарасындағы “Сенім” жобасын іске асыру туралы ХАТТАМА

Жаңа

Хаттама, 2017 жылғы 13 мамыр

      (2017 жылғы 13 мамырда күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2017 ж., № 3, 41-құжат)

      Бұдан әрі тараптар деп аталатын, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі және Қытай Халық Республикасының Бас кеден басқармасы,

      сауданы ынталандыру және Қазақстан Республикасының “Нұрлы жол” Жаңа экономикалық саясатын және Қытай Халық Республикасының “Жібек жолы экономикалық белдеу” бастамасын практикада іске асыру мақсатында,

      өзара сауда үшін қолайлы әкімшілік жағдай жасауды, бизнес үшін шығынды төмендетуді, кеден қызметін оңтайландыруды, рәсімдердің айқындығын қамтамасыз етуді қалай отырып,

      қазақстан-қытай кедендік шекарасы арқылы тауарлардың заңсыз өтуіне, кедендік қағидаларды бұзушылыққа қарсы күрес саласында ынтымақтастықты, сыбайластық және экономикалық қылмыстың алдын алуды одан әрі нығайту қажеттігін мойындай отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Хаттаманың мақсаты үшін:

      “Сенім” жобасы - уәкілетті экономикалық операторлар мәртебесіне ие (бұдан әрі - УЭО) заңды тұлғалар үшін Тараптардың мемлекеттік заңнамасымен қарастырылған арнайы оңайлатуларды ұсыну жөніндегі шаралар кешені;

      Тараптардың уәкілетті кеден органдары - Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті және оның аумақтық бөлімшелері мен Қытай Халық Республикасының Бас кеден басқармасы және оның аумақтық бөлімшелері;

      “Сенім” жобасының қатысушысы - Тараптардың мемлекеттік заңнамасына сәйкес УЭО тізіміне енгізілген, сондай-ақ оларға қатысты ақпаратпен алмасуды жүзеге асыратын және Тараптардың мемлекеттік заңнамасы мен осы Хаттамада көзделген арнайы оңайлатулар қолданылатын заңды тұлға;

      жүк манифесті - тауарлар мен көлік құралдарын кедендік декларациялауға арналған, қытай Тарапының уәкілетті кеден органдарына “Сенім” жобасының қатысушыларымен электронды нысанда ұсынатын тізбесі;

      алдын ала ақпаратпен алмасуды ұйымдастыру техникалық шарттары - кедендік декларациялауға арналған және Тараптарға кедендік декларациялау кезінде мәліметтерді салыстыру үшін ұсынылатын, экспорттық декларациядан немесе жүк манифесінен тауарлар мен көлік құралдары туралы мәліметтерді ұсыну тәртібі.

2-бап

      “Сенім” жобасын іске асыру Тараптар мемлекеттерінің шекара маңы шектес аумақтарындағы өткізу пункттерінде тауарлармен кедендік операцияларды жасау барысында, сондай-ақ кедендік декларациялау мен тауарларды шығару және әкету жүргізілетін межелі Тараптардың уәкілетті кеден органдарында жүзеге асырылатын болады.

3-бап

      1. Тараптардың уәкілетті кеден органдары мен “Сенім” бекітілген қатысушылары арасында ақпарат алмасу төменде келтірілген тәртіпке сәйкес ақпараттық технологияларды қолдану арқылы жүзеге асырылатын болады:

      1) қазақстан-қытай кеден шекарасында тауарларды әкелуді немесе әкетуді жүзеге асыратын “Сенім” жобасына қатысушылар өз Тарапының уәкілетті кеден органына жүк манифесін және тасымалданатын тауарларға кедендік декларацияны ұсынады;

      2) Тараптың уәкілетті кеден органы бір жеткізілім шеңберіндегі әрбір тауар партиясына жүк манифесінен немесе экспорттық декларациядан ақпаратқа жүк манифесінің сәйкестендіру нөмірін береді (бұдан әрі - ЖМСН);

      3) әкетілетін тауарларға арналған кедендік операциялар аяқталған соң, “Сенім” жобасына қатысушылар экспорттық декларацияны алғаннан кейін тауарларды шекарадағы белгіленген өткізу пунктке тасымалдауды жүзеге асырады;

      4) экспорттаушы Тарапының уәкілетті кеден органы “Сенім” жобасына қатысушының қазақстан-қытай кеден шекарасын кесіп өткенге дейін кемінде 2 (екі) сағат бұрын импорт Тарапының уәкілетті кеден органына жүк манифесінен ақпарат тізбесін, немесе экспорттық декларациядан ақпаратты жолдайды;

      5) импорттаушы Тараптың уәкілетті кеден органы жүк манифесінен ақпарат тізбесін немесе экспорттық декларациядан ақпаратты алғаннан кейін “Сенім” жобасына қатысушымен ұсынған тауарға ілеспе құжаттарымен салыстыруды жүргізеді;

      6) УЭО тасымалдайтын транзиттік тауарларға арналған жеңілдіктер осы Хаттаманың күшіне енген күннен 1 жылдан кейін кешіктірілмей Тараптармен келісіледі.

      2. Тауарға ілеспе құжаттардың мәліметтері жүк манифесінің мәліметтерімен сәйкес келмеген жағдайда “Сенім” жобасына қатысушыға осы Хаттаманың 4-бабында көзделген жеңілдіктер қолданылмайды.

      3. “Сенім” жобасына қатысушылар үшін Тараптардың мемлекеттік заңнамасымен қажетті талаптар сақталған жағдайда, Тарап мемлекетінің аумағына тауарлардың келуімен байланысты кедендік операцияларды немесе кедендік транзит кедендік рәсіміне тауарларды орналастыруды Тараптың уәкілетті кеден органы бірінші кезектегі тәртіпте орындайды.

4-бап

      1. “Сенім” жобасына қатысушылар үшін, Тараптар мемлекеттерінің шекара маңына шектес аумақтарында орналасқан өткізу пункттеріне тауарлардың келуімен байланысты кедендік операцияларды жасау уақытын азайту:

      1) жүрудің жеке жолағын бөлу (өткізу пунктінде инфрақұрылымдық мүмкіндіктер болған жағдайда);

      2) өткізу пунктінің операциялық залында (өткізу пунктінде инфрақұрылымдық мүмкіндіктер болған кезде) кеден органдарының уәкілетті лауазымды тұлғалары құжаттық бақылауды өткізуі үшін жеке жұмыс орындарын (терезелер) бөлу арқылы жүзеге асырылады.

      2. "Сенім" жобасының қатысушыларына ұсынылатын арнайы жеңілдіктер:

      1) Тараптар мемлекеттерінің заңнамасымен белгіленген жағдайларды қоспағанда, тауарларды ғимараттарда, ашық алаңдарда және уәкілетті экономикалық оператордың өзге аумақтарында уақытша сақтау;

      2) Тараптар мемлекеттерінің заңнамасымен белгіленген жағдайларды қоспағанда, кедендік транзит рәсімдерін жүзеге асыру кезінде кедендік баждарды және салықтарды төлеуді қамтамасыз етуді ұсыну талаптарының болмауы;

      3) Тараптар мемлекеттерінің заңнамасымен белгіленген жағдайда кедендік декларацияны беру және кедендік рәсімдерге орналастыру алдындағы кедендік операцияларды жасаудың бірінші кезектегі тәртібі;

      4) Тараптар мемлекеттерінің заңнамасымен белгіленген жағдайларды қоспағанда, кезеңдік кедендік декларациялауды жүзеге асыру кезінде кедендік баждарды және салықтарды төлеуді қамтамасыз етуді қолданудың болмауы жолымен жүзеге асырылады.

5-бап

      “Сенім” жобасына қатысушылар үшін кедендік декларациялау және тауарларды шығару орындарында тауарларды кедендік декларациялау және ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен тауарларды орналастыру бойынша кедендік операциялар Тараптар мемлекеттері заңнамаларының тиісті талаптары және осы Хаттаманың ережелері сақталған жағдайда 30 минуттан аспайтын уақыт ішінде бірінші кезектегі тәртіпте жасалады.

6-бап

      Осы Хаттаманың 3-бабындағы ережелерді жүзеге асыру үшін Тараптардың уәкілетті кеден органдары қазақстан-қытай кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлар туралы алдын ала ақпаратпен алмасу техникалық шарттарын әзірлейді және бекітеді, соңдай-ақ “Сенім” жобасына қатысушысы тізбелерімен алмасады.

7-бап

      Осы Хаттаманың ережелерін түсіндіру және (немесе) қолдануға байланысты Тараптар арасындағы даулар консультациялар және келіссөздер жүргізу арқылы шешімін табады.

8-бап

      Тараптардың өзара келісуімен, осы Хаттамаға өзгерістер енгізілуі мүмкін.

9-бап

      Осы Хаттама Тестілеу хаттамасын қабылдағаннан кейін және Алдын ала ақпаратпен алмасуды ұйымдастыру техникалық шарттарына қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

      Осы Хаттама Еуразиялық экономикалық одақтың құқығына қайшы келмейтін бөлігінде қазақстандық Тараппен қолданылады.

      Осы Хаттама бір Тарап дипломатиялық арналар арқылы басқа Тарапқа қолданылуын тоқтатуы туралы ниетін жазбаша хабардар еткен күннен бастап 30 күнтізбелік күннен кейін күшін жояды.

      2015 жылғы 14 желтоқсанда Бейжің қаласында екі данада, әрқайсысы қазақ, қытай және орыс тілдерінде жасалды.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы министрлігі үшін
Қытай Халық РеспубликасыныңБас кеден басқармасы үшін

      (Қолдары)

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады