Қазақстан Республикасының Білім министрлігі мен Түркия Республикасының Ұлттық білім министрлігі арасындағы білім саласындағы ынтымақтастық туралы Хаттама

Жаңа

Шарт, Анкара қаласы, 1997 жылғы 4 наурыз

      1997 жылғы 4 шілдеде күшіне енді

      Бұл Хаттама 1992 жылғы 1-ші мамырда Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасында қол қойылған білім, мәдениет, ғылым және спорт салаларындағы ынтымақтастық Келісімін басшылыққа ала отырып, жасалынды.
      Бұдан әрі Хаттамада Қазақстан Республикасының Білім министрлігі "Қазақстан Тарапы", Түркия Республикасының Ұлттық білім министрлігі "Түркия Тарапы" деп аталынады.
      Тараптар, білім беру мен ғылым саласындағы ынтымақтастықты нығайғанын атап өтіп,
      мына төмендегілер жайында келісті:

1-бап

      Тараптар жыл сайын екі жақты негізде таңдаған мамандығы бойынша жоғары білім алу үшін шәкіртақы алушылар тобын өзара тиімділікті ескере отырып анықтайды.
      Тараптар сонымен қатар шәкіртақы бөлінетін мамандықтар түрлерін анықтайды, олардың санын және жоғары білім бағдарламасы бойынша бөлу жағын қарастырады, анықталған қажетті мәліметтерді екінші Тарапқа хабарлап отырады. Оқушылардың таңдаған мамандықтарын ауыстыруына рұқсат етілмейді.

2-бап

      Түркия Республикасы жоғары оқу орындарында мемлекеттік стипендиат есебінде оқу үшін Қазақстаннан таңдалынып қабылданатын оқушылар түркі тілдес мемлекеттер және туысқан қауымдастықтарға арналған емтихандар сынағынан өткізіледі. Жоғарыда аталған емтихандар екі мемлекеттің Білім министрліктерінің, Түркия Республикасы Жоғары білім беру кеңесі төрағалығы мен Түркия Республикасы Тест орталығы өкілдерінің қатысуымен өткізіледі.

3-бап

      Тараптар Түркия Республикасында жоғары білім алып жатқан/алатын Қазақстандық студенттер үшін қойылатын келесі талаптардың орындалуын қамтамасыз етеді:
      1996-97 оқу жылынан бастап Қазақстан Республикасынан жіберілетін оқушылар ең алдымен Алматыдағы Түркия Республикасы Елшілігінде білім туралы құжаттарын тіркеуі тиіс және рұқсатнама, сонымен қатар басқа да барлық қажетті құжаттарды алып Түркия Республикасына оқу жылы басталардан кешікпей келуі тиіс.
      Оқушылар үлгерімдеріне кері әсерін тигізетін оқудан тысқары жұмыстармен айналыспауға тиісті.
      Оқу барысында оқушылар ЮРТКУР немесе университет жатақханаларында тұратын болады. Қабылдау емтиханын ойдағыдай тапсырып, бірақ түрік тілі емтиханын тапсыра алмағандар Түркияда ТӨМЕР-де бір жыл оқиды.
      ЮРТКУР немесе университеттер жатақханасының тәртібін бұзушылар, ТӨМЕР-де немесе университеттерде сабақ үлгермеушілер, сабаққа себепсіз қатыспаушылар оқудан шығарылады және Қазақстанға қайтарылады.
      Түркия Республикасы лицейлерінде оқып жатқан Қазақстандық оқушылардың 5 семестрде оқуын бітіргендерінің түркі тілдес мемлекеттер және туысқан қауымдастықтарға арналған (ТСS) қабылдау емтихандарына дейін оқып жатқан пансиондарында қалуы, емтихандарға дайындалуы және бұрынғы жылдардағыдай шәкіртақы шығыстарын алуы қамтамасыз етіледі.

4-бап

      1997-98 оқу жылында Қазақстан Тарапы мемлекет тарапынан жоғары оқу орындарына бөлінген ақша сомасына қарай Түркия Республикасынан келетін оқушылар үшін 50 шәкіртақы бөледі. Олар тегін оқумен қатар жатақхана және дәрігерлік көмек түрлерімен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, олар Қазақстан студенттері алатын мөлшердегі шәкіртақымен және Қазақстан оқушылары сияқты әлеуметтік құқықтармен қамтамасыз етіледі. Түрік студенттері сабақтан тыс уақытта оқу үлгеріміне кері әсерін тигізетіндігі себепті ақылы жұмыспен айналыспауға тиісті.
      Түркиядан Қазақстанға оқуға жіберілетін оқушылар Түркиядағы тест емтихандар сынағы арқылы айқындалады және емтиханда алған ұпай санына байланысты мамандықтары анықталады.

5-бап

      Тараптар Түркия азаматы ретінде Қазақстанда, Қазақстан азаматы ретінде Түркияда жоғары білім алатын шәкірттерге қатысты төмендегі жағдайлардың орындалуын қамтамасыз етеді.
      Тараптар оқу орындарының тәртібін бұзған және шәкіртақы алу құқы айырылғандарды өз еліне қайтаруға барлық қажетті шараларды жасауға, аталған категориядағы оқушыларды қайтадан сол елге стипендиат ретінде жіберілмеуге шаралар қолданылады.
      Егер студент өз еліне демалысқа (каникулға) келген кезде сырқаттанып қалса немесе емделу курсынан өтіп, сабаққа кешігіп қалған жағдайда бір жетінің ішінде Қазақстан Республикасы Білім министрлігіне және Түркия Республикасы Ұлттық білім министрлігінің шетелдерде оқыту Бас Басқармасына хабар беруі тиіс және қайтып оралған кезеңде ауырғаны туралы денсаулық ұйымдарынан алған анықтаманы сыртқы істер өкілдіктерінде куәландырып өткізеді.
      Студенттер сел, жер сілкіну, өрт, індет немесе жеке басының, отбасындағы бірінің ауруы себепті ресми орындардан алынған құжаттары болғанда ғана академиялық демалыс үшін рұқсат ала алады.

6-бап

      Тараптар Қазақстанға Түркиядан келіп ақылы білім алушылар үшін төмендегі жағдайлардың орындалуын қамтамасыз етеді:
      Қазақстан Республикасына келіп ақылы білім алушы түрік азаматтары ең алдымен Түркия Республикасынан тест емтихандар сынағынан өтуі тиіс. Осы себепті Қазақстан Тарапы Түркия Республикасында тест емтихандар сынағынан өтпеген түрік азаматтарының өтініштерін қабылдамайды.
      Қазақстанда ақылы білім алуға тілек білдірген Түркия азаматтары мамандық түрлеріне бөлінген кезде олардың тест емтихандары сынағында алған ұпай сандары ескеріледі. Яғни, Қазақстанда білім алғысы келген оқушының мамандығына бөлінуі Түркияда алған ұпайына қарай қалай жасалатын болса, оқушының емтиханда сол көлемде ұпай алуы тиіс.
      Қазақстанда білім алатын Түркия азаматтары оқудың тек күндізгі бөліміне және Қазақстан студенттерімен бірге бір топта оқуға қабылданады.
      Тараптар Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарын бітіргендері туралы диплом алған Түркия Республикасы азаматтары алған дипломдарын Түркия Республикасының Жоғары білім беру кеңесі әзірлеген ережелерге сәйкес нострификациялануы шәкірттерге хабардар етіледі.
      Осы аталған бапта көрсетілген жағдайлар Қазақстан Республикасында оқып жатқан түрік азаматтарының студенттік статусы және дипломдарының нострификациясы Түркия Тарапынан анықталынады.
      Қазақстан Республикасында өз қаражатымен білім алғысы келген Түркиялық студенттерден ақы бірдей, тең түрде алынады және алғашқы келісім-шартта әр жыл үшін төлейтін ақысының көлемі көрсетіледі.

7-бап

      Жеке адамдар, ұйымдар және қорлар Түркиядан Қазақстанға немесе Қазақстаннан Түркияға білім алуға шәкірттер жіберу үшін екі ел Білім министрліктерінің рұқсатын алуы тиіс.

8-бап

      Тараптар өзара негізде кәсіптік білім беру орталықтарын ұйымдастыру және түрік тілін оқып-үйрену орталықтарын ашу, жетілдіру, кеңейту жұмыстарын жалғастырады.
      Тараптар Қазақстанда Х.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің нығаюы үшін жан-жақты көмек көрсетеді.
      Тараптар бірігіп ашқан мектептерде оқу процесін екі жақты кеңесіп басқарады.

9-бап

      Түркия Тарапы шамасына қарай Қазақстан Республикасында ашылған оқу орындарын қажетті оқытушылармен мүмкіндіктеріне қарай қамтамасыз етеді.
      Қазақстан Тарапы Түркия Тарапынан Қазақстанға жіберілген мұғалімдерге келесі жағдайларды жасауы тиіс:
      - қызметтік пәтермен қамтамасыз ету,
      - жергілікті Ұлттық әуе компаниясы жолын қазақстан азаматтары тәрізді қысқы және жазғы демалыстарда қолдану,
      - жұбайы мен балаларына бұл хақтың жылына бір рет берілуі,
      - денсаулық сақтау қызметтерінде Қазақстан Республикасы Заңы мен ережелері белгілейтін актілерге сәйкес жеңілдіктерді пайдалана алуына қолайлықтар жасау.

10-бап

      Түркия Тарапы жыл сайын Қазақстандық оқытушылар үшін Түркия Республикасының оқыту жүйесімен таныстыру және түрік тілін үйретуге байланысты семинар сабақтарын өткізуді жалғастырады.
      Қазақстан Тарапы Түркиядан Қазақстанға жұмыс істеуге келген түрік мұғалімдері үшін Қазақстан оқыту жүйесімен таныстыру және қазақ тілін үйретуге байланысты семинар сабақтарын өткізуді ұйымдастырады.
      Семинарларға жіберілетіндерді іріктейтін комиссия құрамына екі елдің жауапты өкілдері кіруі тиіс. Жыл сайын өткізілетін семинарлар курсына жаңа адамдар жіберілуі тиіс. Жіберілетіндер білім саласында немесе білім саласын басқару ұйымдарының, сонымен қатар Білім министрлігінің қызметкерлері болуы міндетті. Іріктелінген және келісілген тыңдаушылар тізіміне өзгерістер енгізуге тыйым салынады.

11-бап

      Осы аталған Хаттаманы жүзеге асырып және оны қадағалап отыру мақсатында әр Тарапта оқып жатқан 1500 оқушыға екі жақтың Білім министрлігінен бір өкілден қабылдауы тиіс. Осы өкілдің айлық жалақысы, пәтермен қамтамасыз етілуі, ел ішіндегі жүріп-тұруы, қатынасы, байланыстары, рұқсатнамасы мен жұмыс істейтін бөлмесі қабылдаушы Тараптың айқындалып өтеледі.

12-бап

      Тараптар білім жүйесі туралы, білім беру мен мамандық түрлері ақпараттарымен өзара алмасып отырады.
      Білім туралы құжаттарды өзара баламалы тану, мойындау мақсатымен жоғары деңгейдегі комиссия құрылады.

13-бап

      Тараптар өз мемлекеттерінің тарихын, мәдениетін және әдебиетін оқып-үйренуде жан-жақты өзара қолқабыс тигізеді және бірлесе дайындалған ортақ тарих және әдебиет оқулықтарының қысқа уақытта бітіріліп, оқу процесіне енгізілуі үшін қажетті жұмыстарды жалғастырады.
      Тараптар өз елдеріндегі оқу мекемелерінің кітапханаларын қажетті оқу және ғылыми әдебиеттермен қамтамасыз етуге жәрдемдеседі.

14-бап

      Бауырлас мектептер бағдарламасы шеңберінде шетел тілдері, басқа да пәндер түрлерінен сайыстар, мәдениет, білім және спорт жарыстары ұйымдастырылады. Оқушылармен олардың отбасылары және бауырлас мектептер мұғалімдері арасында жақын қарым-қатынас орнатуға ықпал жасалынады.

15-бап

      Тараптар екі жақты негізде өткізілетін көрмелерге, фольклорлық, музыкалық, спорттық салаларда өтетін жарыстарға қатысады.

16-бап

      Тараптар ғылым саласында өзара ынтымақтастықта болады және жұмыстарына жіберілетін ғалымдардың қысқаша өмірбаяны, мамандық саласы мен бағдарламасы, білетін шетел тілдері, т.б. туралы анықтамалары қарсы жаққа кем дегенде 2 ай бұрын хабарланады.
      Тараптар өз елдерінде білім саласы бойынша өткізілетін халықаралық симпозиумдар, конгрестер, конференциялар, семинарлар туралы бірін-бірі хабардар етеді және осындай шараларға қатысу үшін қарсы Тараптың ғалымдарын, басқа да мамандарын шақырып отырады.

17-бап

      Аталған Хаттаманы жүзеге асыруға байланысты жұмыс сапарында болатын делегациялардың бағдарламалары қабылдаушы Тарапқа кем дегенде бір ай бұрын хабарлануы қажет.
      Шақыру алынып, дайындық жұмыстары біткеннен кейін қабылдаушы Тарапқа 15 күн бұрын делегацияның нақты келетін күні, құрамы және басқа да қажетті мәліметтер хабарлануы тиіс.

18-бап

      Тараптар осы Хаттамаға сәйкес және төмендегі аталған жағдайларға байланысты оқушылармен және мамандармен алмасып отырады.
      - Жіберуші Тарап жіберілетіндердің қарсы алушы елдің астанасына дейінгі келу-қайту жол қаражаттарын өз мойнына алады.
      - Қабылдаушы Тарап жіберілгендерді оқумен, тұрғын жаймен, тамақпен, денсаулық сақтау қызметінде елдің заңы ережелері белгілейтін актілерге сәйкес жеңілдіктерді пайдалануға қолайлықтар жасауды (ауыр созылмалы аурулар мен протез түрлерінен басқа) және елдің ішінде жүріп-тұруға мүмкіндігінше жеңілдіктер жасаумен қамтамасыз етеді.

19-бап

      Осы аталған Хаттаманың барлық баптары мен пункттері екі елдің қолданыстағы заңдарына сәйкес жүзеге асырылады және ресми түрдегі хабар алмасу тәсілі дипломатиялық жолмен іс-жарғыларды сақтау негізінде жүзеге асырылады.

20-бап

      Екі елдің Білім министрлері орынбасарларының төрағалық етуімен және студенттер мәселесімен шұғылданатын екі мүше, осы аталған Хаттаманы жүзеге асыру, пайда болған мәселелерді шешу үшін ортақ жұмысын жалғастырады.

21-бап

      Осы аталған Хаттамаға күшіне енгеннен бастап Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы білім саласында қол қойылған келесі Келісімдер өз күштерін жояды:
      - 1992 жылдың 8-ші ақпанында Алматы қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасының Білім министрлігі мен Түркия Республикасының Ұлттық білім министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы Хаттама,
      - 1992 жылдың 18-ші мамырында Анкарада қол қойылған екі министрліктің арасындағы Ынтымақтастық туралы Хаттама,
      - 1992 жылдың 19-шы мамырында Анкарада қол қойылған екі министрліктің арасындағы Ынтымақтастық туралы Келісім,
      - 1994 жылдың 23-ші қыркүйегінде Алматыда қол қойылған Тұрақты комиссияның Хаттамасы,
      - 1995 жылдың 28-ші шілдесінде Анкарада қол қойылған екі министрліктің арасындағы 1995-96 жылға арналған Ынтымақтастық туралы Хаттама,
      - 1996 жылдың 15-ші сәуірінде Анкарада қол қойылған 2-Тұрақты комиссияның Хаттамасы,
      - 1996 жылдың 20-шы қыркүйегінде Алматыда қол қойылған 3-Тұрақты комиссияның Хаттамасы.

22-бап

      Осы Хаттама екі Тараптың бір-біріне ішкі мемлекеттік іс-жосықтардың келісімнің орындалуына жағдай туғызатыны туралы жазбаша хабарландыруынан кейін күшіне енеді және екі жыл мерзімге дейін қолданыста болады. Егер Тараптардың бірі Хаттаманың қолданыс мерзімінің бітуінен үш ай бұрын Хаттаманы бұзатыны туралы тілегін екінші Тарапқа жазбаша түрде мәлімдемесе, онда Хаттама мерзімі тағы да екі жылға ұзартылады.

      Хаттама Анкара қаласында 1997 жылы 4 наурызда екі дана болып, әрқайсысы қазақ және түрік тілдерінде жасалды, сондай-ақ мәтіндердің күші бірдей.

(Қолдары)  

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады