Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Салық заңдарын бұзушылықтарға қарсы күрес саласындағы ынтымақтастық және ақпарат алмасу туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 11 наурыздағы N 339 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
      1. 2000 жылғы 14 желтоқсанда Бішкек қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Салық заңдарын бұзушылықтарға қарсы күрес саласындағы ынтымақтастық және ақпарат алмасу туралы келісім бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

  Қазақстан Республикасының Yкiметі мен
Қырғыз Республикасының Yкiметі арасындағы салық
заңдарын бұзушылықтарға қарсы күрес саласындағы
ынтымақтастық және ақпарат алмасу туралы
Келісім*

*(2001 жылғы 27 наурызда күшіне енді - ҚР халықаралық шарттары
бюллетені, 2002 ж., N 1, 11-құжат; 2004 ж., N 6, 30-құжат)

      Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Қырғыз Республикасының Yкiметі,
      өз мемлекеттерiнің ұлттық заңдары мен халықаралық мiндеттемелерін басшылыққа ала отырып,
      салық заңдарын бұзушылықтардың алдын алуға, ашуға және оның жолын кесуге, өз мемлекеттерiнiң экономикалық қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге байланысты мiндеттердi тиiмді шешуге өзара мүдделiлiкке сүйене отырып, 
      мына төмендегiлер жөнiнде келiстi:

  1-бап
Келiсiмнің тақырыбы

      1. Осы Келiсiмнiң тақырыбы салық заңдарын бұзушылықтарға қарсы күрестi жүргізудi ұйымдастыру мақсатындағы Тараптардың құзыреттi органдарының ынтымақтастығы болып табылады.
      2. Осы Келiсiм Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы мүшелерi болып табылатын халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен мiндеттемелерiне ықпал етпейдi.

  2-бап
Терминдер

      Осы Келiсiмнің мақсаттары үшiн мына терминдер:
      а) "құзыреттi орган":
      - Қазақстан Тарабы үшiн - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кiріс министрлігінің Салық полициясы комитетін;
      - Қырғыз Тарабы үшiн - Қырғыз Республикасы Қаржы министрлігі жанындағы Мемлекеттік салық инспекциясының Салық полициясы басқармасын білдіреді.
      Құзыреттi органдардың ресми атауы өзгерген жағдайда, Тараптар бұл туралы бiр-бiрiн дереу хабардар етедi.
      б) "салық заңдарын бұзушылық" - оларға қарсы күрес Тараптардың құзыреттi органдарына жүктелген салық заңдары саласындағы құқық бұзушылықтарды бiлдiредi.

  3-бап
Ынтымақтастықтың нысандары

      Тараптар осы Келiсiмнiң шеңберiнде ынтымақтастықтың мынадай нысандарын:
      - заңды және жеке тұлғалардың салық заңдарын бұзушылықтар туралы ақпарат алмасуды;
      - салық заңдарын бұзушылықтың алдын алуға, ашуға және жолын кесуге бағытталған iс-шараларды өткiзу мәселелерi бойынша өзара iс-қимылды; 
      - заңды және жеке тұлғалардың салық салуға байланысты құжаттарының тиiстi түрде куәландырылған көшiрмелерiн ұсынуды; 
      - ұлттық салық жүйесi туралы, салық заңдарының өзгерiстерi мен толықтырулары туралы ақпарат, сондай-ақ салық заңдарын бұзушылыққа қарсы күрестi ұйымдастыру жөнiндегі әдiстемелiк ұсынымдар алмасуды; 
      - салық заңдарын бұзушылыққа қарсы күресте қолданылатын ақпараттық жүйелердi құруды және олардың жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету жөнiнде тәжiрибе алмасуды; 
      - жұмыс топтарын құруды қоса алғанда, ынтымақтастық процесiнде туындайтын мәселелер жөнiнде қызметтi үйлестiрудi жүзеге асыруды, өкiлдер алмасуды және кадрлар оқытуды; 
      - салық заңдарын бұзушылыққа қарсы күрес проблемалары жөнiнде ғылыми-практикалық конференциялар мен семинарлар өткiзудi пайдаланады. 
      Осы Келiсiмнiң орындалуына байланысты мәселелер бойынша Тараптардың құзыреттi органдары бiр-бiрiмен тiкелей байланыс жасайды.

  4-бап
Салық заңдарын бұзушылықтар туралы ақпарат алмасу

      1. Салық заңдарын бұзушылықтар туралы ақпарат алмасу мынадай мәселелер: 
      - салық заңдарын бұзушылар қолданған тәсілдердi көрсете отырып, заңды және жеке тұлғалардың салық төлеуден табыстарын жасыруы; 
      - заңды және жеке тұлғалардың мемлекеттiк және коммерциялық банктерде есеп-шот ашуы, сондай-ақ, егер оларда салық салудан жасырған сомалар бар деп есептейтiн негіз бар болса, осы есепшоттар бойынша жүзеге асырылған қаражат айналымы; 
      - салық салу базасының және салық заңдарын бұзған заңды және жеке тұлғалардан алынған соманың мөлшерiн анықтау сондай-ақ салық заңдарын бұзушылықтың алдын алуға, ашуға және жолын кесуге байланысты өзге де мәселелер бойынша жүзеге асырылады. 
      2. Осы баптың 1-тармағында көзделген ақпарат бiр Тараптың құзыреттi органына екiншi Тараптың құзыретті органының сұрау салуы негізiнде ақпарат ұсыну сұрау салынған Тараптың ұлттық заңы мен мемлекеттiк мүддесiне қайшы келмейтiн жағдайда берiледi. 
      Егер Тараптардың бiрiнiң құзыреттi органы қолда бар ақпарат басқа Тараптың құзыреттi органы үшiн қажетті деп санаса, ол бұл ақпаратты жеке бастамасы бойынша беру мүмкiн. 

  5-бап
Шаралар өткiзу

      Салық заңдарын бұзушылықтың алдын алу, ашу және жолын кесу жөнiндегі iс-шаралар өткiзу кезiнде мұндай заңды бұзушылықтар жасаған немесе олардың жасалғанына күдiкті адамдарға қатысты Тараптардың құзыреттi органдарының өзара iс-әрекетi бiрлескен жоспарлауды, осы шаралардың барысы мен өткiзу нәтижелерi туралы ақпарат алмасуды қамтиды. 

  6-бап
Құжаттардың көшiрмелерiн ұсыну

      Тараптардың құзыретті органдары бiр-бiрiне сұрау салу арқылы заңды және жеке тұлғалардың салық салуға қатысты құжаттарының көшiрмелерiн (шоттар, фактуралар, жөнелтпе құжаттар, шарттар, келiсiм-шарттар, сертификаттар, анықтамалар және басқалар), сондай-ақ салық заңдарын бұзушылыққа қатысы бар мәселелер бойынша құжаттарды ұсынады. 
      Құжаттардың көшiрмесi сұрау салынған Тараптың уәкілеттi адамының қолымен және мөрiмен куәландырылады.

  7-бап
Құқықтық сипаттағы материалдармен алмасу

      Тараптардың құзыреттi органдары ұлттық салық жүйелерi, қылмыстық тергеу жүргізудің құқықтық негіздерi және салық заңдары саласында әкiмшiлiк тәртіп бұзушылық жөнiндегі iстер бойынша өндiрiс туралы ақпараттар алмасуды жүзеге асырады, жаңа нормативтiк құқықтық актiлер қабылданғаннан немесе қолданылып жүрген нормативтiк құқықтық актiлерге өзгерiстер енгізiлгеннен кейiн бiр айдан кешiктiрмей салық заңдарындағы өзгерiстер туралы бiр-бiрiн хабардар етедi.

  8-бап
Ақпараттық қамтамасыз ету мәселелерi
бойынша ынтымақтастық

      Тараптардың құзыреттi органдары салық заңдарын бұзушылыққа қарсы күрестi ұйымдастыру кезiнде ақпараттық жүйелердi құру және оның жұмыс iстеуi мәселелерi бойынша тәжiрибелiк, әдiстемелiк және ғылыми материалдармен алмасуды жүзеге асырады. 

  9-бап
Кадрларды даярлауда тәжірибе алмасу және көмек көрсету

      Тараптардың құзыреттi органдары өздерiнiң оқу орындарының базаларында кадрларды оқыту мен қайта даярлауда салық заңдарын бұзушылыққа қарсы күрестiң көкейкестi мәселелер бойынша бiрлескен ғылыми зерттеулер, ғылыми-практикалық конференциялар мен семинарлар өткiзуде ынтымақтасады, сондай-ақ сарапшылармен алмасады. 
      Осы баптың шеңберiнде ынтымақтастықты iске асырудың нақты нысандары, атап айтқанда, оны қаржыландыру Тараптардың құзыреттi органдары арасында жасалған келiсiмдерге сәйкес анықталады. 

  10-бап
Сұрау салудың нысаны мен мазмұны

      1. Ақпарат алуға деген сұрау салу жазбаша нысанда немесе мәтiн берудiң техникалық құралдарын пайдалану арқылы берiлуi тиiс.
      Кейiнге қалдыруды көтермейтiн жағдайларда телефон байланысы арқылы берiлген ауызша сұрау салу қабылдануы мүмкiн, алайда ол тез арада жазбаша түрде расталуы тиiс.
      Мәтiндi берудiң техникалық құралдарын пайдаланған кезде, сондай-ақ алынған сұрау салудың түпнұсқалылығына немесе мазмұнына қатысты күмән туындаған жағдайда сұрау салынған құзыреттi орган оның жазбаша нысандағы куәландырылуын сұрай алады.
      2. Ақпарат алуға сұрау салу:
      - сұрау салушы құзыреттi органның атауынан;
      - сұрау салынған құзыреттi органның атауынан;
      - сұрау салудың қысқаша мазмұны және оның негiздемесiнен;
      - оның орындалуы үшiн қажеттi басқа да мәлiметтерден тұрады.

      Қылмыстық істер бойынша ақпарат алуға сұрау салудың, бұған қоса:
      - нақтылы жағдайлардың қысқаша сипаттамасы;
      - сұрау салынған Тарап мемлекетiнiң заңдарына сәйкес қылмыстың саралануы;
      - келтірiлген зиянның көлемi көрсетіледi.

  11-бап
Сұрау салудың орындалуы

      1. Сұрау салу орындалуға кiдiрiссiз қабылданады. Сұрау салынған құзыреттi орган, егер бұл сұрау салуды орындау үшiн қажет болса, нақтылау тәртібiнде қосымша ақпарат сұрай алады. 
      2. Сұрау салуды орындау мүмкiн болмаған жағдайда сұрау салынған құзыретті орган бұл туралы тез арада сұрау салушы құзыретті органды хабардар етедi.
      Егер бұл мемлекеттiң егемендiгiне немесе қауiпсiздiгiне зиян келтiретiн болса, не оның заңдарына қайшы келсе, сұрау салынған құзыретті орган сұрау салуды орындаудан бас тартуға құқылы.
      Сұрау салушы құзыретті орган сұрау салуды орындаудан бас тартқан себебi туралы хабардар етiледi.
      3. Сұрау салу сұрау салынған Тараптың ұлттық заңдарына сай жүзеге асырылады.

  12-бап
Сұрау салуды орындау кезiндегі өзара iс-қимыл

      Сұрау салынған құзыреттi орган сұрау салушы құзыретті органның уәкiлетті өкiлдерiне, егер бұл өзiнiң мемлекеттiк заңдарына қайшы келмесе, өз мемлекетiнiң аумағында сұрау салудың орындалуына қатысуға рұқсат ете алады.

  13-бап
Тiлдер

      Ақпаратты алуға сұрау салу және оған жауап куәландырылған орыс тiлiндегі аудармасы қоса берiле отырып, қазақ және қырғыз тiлiнде жасалады.

  14-бап
Ақпараттарды пайдалану

      Тараптардың құзыреттi органдары салық заңдарын бұзушылықтың алдын алуға, ашуға және жолын кесуге байланысты мәселелер бойынша ақпараттардың құпиялылығына кепiлдiк бередi. 
      Осы Келiсiмнiң шеңберiнде алынған ақпарат осы ақпаратты берген құзыреттi органның жазбаша келiсiмiнсiз үшiншi тарапқа берiле алмайды. 

  15-бап
Шығыстар

      Тараптардың құзыреттi органдары өз мемлекеттерiнiң аумағында осы Келiсiмнiң орындалуына байланысты шығыстарды көтередi. Қосымша шығыстарды талап ететiн сұрау салу алынған жағдайда оларды қаржыландыру туралы мәселенi өзара уағдаластық бойынша Тараптардың құзыреттi органдары қарастырады.
      Кезектен тыс кездесу өткiзген жағдайда оның бастамашысы болған құзыреттi орган барлық шығыстарды көтередi.

  16-бап
Келiсiмдi iске асыру бойынша одан арғы шаралар

      Тараптардың құзыретті органдарының өкiлдерi қажет болған жағдайда осы Келiсiмнiң орындалуына байланысты мәселелер бойынша консультациялар өткiзедi.

  17-бап
Даулар мен келiспеушiлiктер

      Осы Келiсiмнiң ережелерiн қолдануға немесе түсiндiруге байланысты туындаған барлық даулар мен келiспеушілiктер Тараптар арасындағы келiссөздер мен консультациялар арқылы шешiлетiн болады.

  18-бап
Өзгерiстер мен толықтыруларды енгізу

      Тараптардың өзара келiсiмi бойынша осы Келiсiмге өзгерiстер мен толықтырулар енгізiлуi мүмкiн, олар осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiгi болып табылатын жеке хаттамалармен ресiмделедi. 

  19-бап
Келiсiмнiң күшіне енуі және қолданыста болуын тоқтатуы

      Осы Келiсiм оның толық күшiне енуi үшiн қажеттi тиiстi мемлекетiшiлiк рәсiмдердiң орындалғандығын растайтын соңғы хабарлама түскен күннен бастап күшiне енедi және осы Келiсiмнiң қолданыста болуын тоқтатуға ниетi туралы екiншi Тараптың жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар бойынша Тараптардың бiрi алған күннен бастап алты ай өткенге дейiн қолданыста болады.
      Бішкек қаласында 2000 жылғы 14 желтоқсанда әрқайсысы қазақ, қырғыз және орыс тілдерінде екі данада жасалды және де барлық мәтіндердің күші бірдей.

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда орыс тіліндегі мәтін пайдаланылады.

       Қазақстан Республикасының         Қырғыз Республикасының
      Үкіметі үшін                      Үкіметі үшін

      

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады