Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасы Үкіметінің арасындағы үкіметтік байланыс саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы 2001 жылғы 19 наурыз N 360

      Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулы етеді:
      1. 2000 жылғы 14 желтоқсанда Бішкек қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасы Үкіметінің арасындағы үкіметтік байланыс саласындағы ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қырғыз Республикасы
Үкiметiнiң арасындағы үкiметтiк байланыс саласындағы
ынтымақтастық туралы
КЕЛIСIМ*

*(2001 жылғы 11 сәуірде күшіне енді - ҚР халықаралық шарттары
бюллетені, 2002 ж., N 1, 12-құжат)

      Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Қырғыз Республикасының Yкiметi,
      екi мемлекет арасындағы қазiргi бар достық қатынастарды одан әрi нығайтуға деген ұмтылысты басшылыққа ала отырып,
      Тараптардың халықаралық үкiметтiк байланысты сақтаудағы және дамытудағы мүдделiлiктерiн ескере отырып,
      мына төмендегілер жөнiнде келiстi:

1-бап

      Осы Келiсiмде келтiрiлген терминдер мынадай мағынаны бiлдiредi:
      "құзыреттi ұйымдар" - Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетi және Қырғыз Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк министрлiгi;
      "үкiметтiк байланыс" - мемлекеттiк басқару қажеттiлiктерi үшiн арнайы байланыс;
      "халықаралық үкiметтiк байланыс" - Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының үкiметтiк байланыс абоненттерi арасындағы ақпарат алмасуға арналған үкiметтiк байланыс жүйесi;
      "шифрлеу құралдары" - ақпаратты өзгертудi iске асырушы криптографиялық алгоритмдер, ақпаратты өңдеу, сақтау және байланыс арналары бойынша беру кезiнде қорғауға, оның iшiнде рұқсатсыз енуден, жалған ақпарат беруден қорғауға арналған аппараттық, бағдарламалық-аппараттық және бағдарламалық құралдар, негiзгi құжаттарды дайындау құралдары, қол шифрлерi, кодпен хабарлау құжаттары.

2-бап

      Тараптар тұрақты түрде жұмыс iстейтiн халықаралық үкiметтiк байланысты қамтамасыз етедi және жетiлдiредi.
      Әрбiр Тараптың екіншi Тараптың мүддесiн қозғайтын халықаралық үкiметтiк байланыстың ұйымдастыру, техникалық пайдалану мәселелерiн шешу және қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету кезiнде құқықтары бiрдей.
      Халықаралық үкiметтiк байланыстың ұйымдастыру техникалық пайдалану, қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету және үздiксiз жұмыс жасауы мәселелерiн құзыреттi ұйымдар шешедi.

3-бап

      Егер Тараптардың басқа келiсiмдерiнде (шарттарында) өзге жағдайлар ескертiлмесе, әрбiр Тарап өз мемлекетi аумағында қолданылатын тәртiпке сәйкес өз мемлекетi аумағында екiнші Тараптың мемлекеттiк лауазымды адамдары үшiн үкiметтiк байланысты пайдалануға мүмкiндiк бередi.

4-бап

      Өз мемлекеті аумағының шегiнде халықаралық үкiметтік байланысты ұйымдастыру, iске қосу, техникалық пайдалану және одан әрi жетiлдiру бойынша шығыстарды Тараптардың әрқайсысы дербес көтередi.

5-бап

      Құзыреттi ұйымдар:
      халықаралық үкiметтiк байланыс, сондай-ақ үкiметтік байланыстың ұлттық желiлерi үшiн жаңа жүйелер мен құралдарды әзiрлеу мен өндiру саласында ғылыми-зерттеу және тәжiрибелiк-құрастыру жұмыстарын бiрлесе отырып жүргізедi;
      үкiметтiк байланыс құралдарын өндiру саласында өзара iс-қимыл жасайды;
      үкiметтiк байланыс жүйелерi мен құралдарындағы ақпаратты қорғау саласында өзара iс-қимыл жасайды;
      кадрларды даярлау, қайта даярлау және олардың бiлiктiлiгiн арттыруды жүзеге асырады;
      Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы үкiметтік байланысының радиоэлектрондық құралдарының электромагниттiк үйлесiмдiлiгiн қамтамасыз ету мақсатында өз мемлекеттер аумағында оларға бөлiнген жиiлiк спектрiн пайдалану мәселелер бойынша өзара iс-қимылды жүзеге асырады.
      Аталып өткен өзара iс-қимылдың бағыттары бойынша ынтымақтастық құзыреттi ұйымдар арасындағы келiсiм бойынша жүзеге асырылады.
      Халықаралық үкiметтiк байланыс үшiн бiрлескен ғылыми-зерттеу, тәжiрибелiк-құрастыру әзiрлемелерi және олар бойынша дайындалған берудiң техникалық құралдары мен дауыстық және документальдық ақпараттарды шифрлау - Тараптардың құзыреттi ұйымдарының жеке меншiгi болып табылады және үшiншi тарапқа өзара келiсiмсiз беруге жатпайды.

6-бап

      Тараптар екi мемлекеттiң арасында жасалған шарттарға (келiсiм-шарттарға) және олардың заңнамаларына сәйкес келiсiлген көлемде, халықаралық үкiметтiк байланысты ұйымдастыру мен пайдалану үшiн қажеттi шифрлеу құралдарын, техника мен байланыс құралдарын, құрайтын бұйымдар мен қосалқы бөлшектердi жеткiзудi, сондай-ақ көрсетiлген құрал-жабдықтардың жөндеуiн ұйымдастыруды және арнайы көзделген қызмет көрсетудi қамтамасыз етедi.

7-бап

      Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiру немесе қолдану бойынша даулар туындаған жағдайда Тараптар оларды келiссөздер мен консультациялар арқылы шешетiн болады. Осы Келiсiмнiң ережелерi екi Тарап та қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық келiсiмдерден туындайтын Тараптардың мiндеттемелерiне ықпал етпейдi және басқа мемлекеттердiң мүдделерiне, қауiпсiздiгi мен аумақтық тұтастығына қарсы бағытталмаған.

8-бап

      Осы Келiсiм белгісiз мерзiмге жасалады және Келiсiмнiң күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетішілiк рәсiмдердің орындалғаны туралы Тараптардың соңғы жазбаша хабарламаны алған күнiнен бастап күшiне енедi.

9-бап

      Осы Келiсiм өз қолданысын Тараптардың бiреуi оның күшiн тоқтату туралы өзiнiң ниетiн екiншi Тарапқа Жазбаша хабарлама жiберген күнiнен бастап алты ай өткенге дейiн күшiнде қалатын болады.
      Бішкек қаласында 2000 жылғы 14 желтоқсанда әрқайсысы қазақ, қырғыз және орыс тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

      Қазақстан Республикасының          Қырғыз Республикасының
          Үкіметі үшін                       Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады