Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы Құқықтық ақпарат алмасу туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы 2001 жылғы 18 қазан N 1336

      Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
      1. 2001 жылғы 22 ақпанда Душанбе қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы Құқықтық ақпарат алмасу туралы келісім бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасы Үкіметінің арасындағы құқықтық ақпарат алмасу туралы
Келісім

(2001 жылғы 15 қарашада күшіне енді - СІМ-нің ресми сайты)

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі,
      достық пен өзара түсіністік қарым-қатынастарын нығайтуға тілек білдіре отырып,
      құқықтық саладағы ынтымақтастықты кеңейтуге ұмтылып,
      Тараптар мемлекеттерінің заңдары туралы өзара ақпараттандыруды жақсарту жөніндегі қатынастарды дамыту қажеттілігін жете түсіне отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-Бап

      Тараптар мемлекетаралық алмасуға жататын, жариялауға ашық Нормативтік құқықтық актілердің тізбесінде (қоса беріліп отыр) белгіленген мәселелер бойынша құқықтық актілермен екі жақты ақпараттық алмасу қажеттілігін таниды.
      Жоғарыда көрсетілген тізбе Тараптардың өзара уағдаластығы бойынша өзгертілуі немесе толықтырылуы мүмкін.

2-Бап

      Құпияны ұсынатын Тараптың мемлекеттік және өзге де заңмен қорғалатын ақпаратын қоспағанда, Тараптардың әрқайсысы басқа Тарапқа нормативтік құқықтық актілер туралы сұрау салынатын ақпаратты беруге міндеттенеді.
      Ынтымақтастық барысында Тараптардың бірінен алынған ақпарат осы ақпаратты беретін Тараптың келісімі болған жағдайда ғана үшінші Тарапқа берілуі мүмкін.
      Ынтымақтастық барысында алынған ақпарат Тараптар мемлекеттерінің мүдделеріне зиян келтіре отырып пайдаланылуы мүмкін емес.

3-Бап

      Тараптар, ұлттық ақпараттық ресурстарды пайдалана отырып, құқықтық ақпаратпен алмасу үшін өздерінің эталондық мәліметтер базасын ұйымдастырады.

4-Бап

      Құқықтық ақпаратпен алмасу жүйесін құру жөнінде келісілген шараларды жүзеге асыра отырып, Тараптар тиісінше:
      - ақпаратты пайдаланушы-субъектілердің тізбесін;
      - құқықтық ақпарат режимін - ақпараттың жариялылығы деңгейін, құжаттамалау, қол жеткізу, сақтау, тарату және қорғау тәртібін анықтайтын нормативтік белгіленген ережелерді өзара уағдаластық бойынша белгілейді.

5-Бап

      Тараптар құқықтық ақпарат жүйесін құру және алмасу жөніндегі жұмысты үйлестірушілер етіп, Тараптар мемлекеттерінің Әділет министрліктерін белгілейді.

6-Бап

      Тараптар бірлесіп пайдалану үшін белгіленген құқықтық ақпараттың ұлттық ресурстарына (эталондық деректер базасына) қол жеткізуді қамтамасыз етеді және оларды бақылау жағдайында ұстайды.

7-Бап

      Құқықтық ақпарат әдетте орыс тілінде және ақысыз берілуге тиіс. Шұғыл хабарландырулар мен материалдарды беру үшін электрондық, факсимильдік және өзге де байланыс құралдары пайдаланылуы мүмкін.

8-Бап

      Тараптар:
      - мәліметтер базасымен алмасу кезінде бір-біріне нормативтік құқықтық актілердің жіктеуіштерін беруді;
      - жүйелердің қолданылып жүрген ақпараттық-коммуникациялық  ресурстарын, сондай-ақ жаңадан құрылып жатқан құпия байланыс жүйелерін пайдалана отырып, құқықтық ақпаратпен алмасуды өткізуді қажет деп есептейді.
      Құқықтық ақпаратпен алмасу Тараптар мемлекеттерінің заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.

9-Бап

      Осы Келісім Тараптардың басқа да халықаралық шарттар бойынша  құқықтары мен міндеттеріне ықпал етпейді.

10-Бап

      Тараптардың өзара уағдаластығы бойынша осы Келісімге жеке  Хаттамалармен ресімделетін және осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

11-Бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және қолдануға қатысты Тараптар арасындағы барлық даулар мен келіспеушіліктер келіссөздер мен консультациялар арқылы шешілетін болады.

12-Бап

      Осы Келісім Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті барлық мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алған күннен бастап күшіне енеді және егер Тараптардың бірі Келісімнің қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін кемінде алты ай бұрын басқа Тарапқа өзінің осы Келісімнің қолданылуын тоқтату ниеті туралы хабардар етпесе, қолданылу мерзімі әрбір келесі бес жылға өздігінен ұзартыла отырып, бес жыл ішінде қолданылатын болады.
      Душанбе қаласында 2001 жылы 22 ақпанда әрқайсысы қазақ, тәжік және орыс тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды және де барлық мәтіндердің заңды күші бірдей.
      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер  туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінді қарайды.

      Қазақстан Республикасының          Тәжікстан Республикасының
            Үкіметі үшін                      Үкіметі үшін

Қазақстан Республикасының    
Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының
Үкіметі арасындағы құқықтық ақпарат
алмасу туралы Келісімге       
Қосымша               

Мемлекетаралық алмасуға жататын нормативтік құқықтық актілердің тізбесі:

      1. Мемлекеттік құрылыс негіздері.
      2. Мемлекеттік қауіпсіздік.
      3. Қорғаныс.
      4. Мемлекеттік қызмет.
      5. Сыртқы саясат, халықаралық және сыртқы экономикалық қатынас.
      6. Әкімшілік заңдар.
      7. Әділет. Сот. Прокуратура.
      8. Қоғамдық тәртіпті қорғау.
      9. Қылмыстық заңдар.
      10. Қылмыстық іс жүргізу заңдары.
      11. Қылмыстық атқарушылық заңдар, еңбек-түзету заңдары.
      12. Азаматтық және семья құқығы.
      13. Азаматтық іс жүргізу және шаруашылық заңдар.
      14. Еңбек және халықтың қамтылуы.
      15. Әлеуметтік сақтандыру және әлеуметтік қамтамасыз ету.
      16. Қаржы және кредит.
      17. Кәсіпорындар және кәсіпкерлік қызмет.
      18. Өнеркәсіп.
      19. Құрылыс және сәулет кешені.
      20. Ауыл шаруашылығы.
      21. Сауда.
      22. Көлік және байланыс.
      23. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және халыққа тұрмыстық қызмет көрсету.
      24. Білім, ғылым, мәдениет.
      25. Денсаулық сақтау.
      26. Жер, оның қойнауы, сулар туралы, әуе кеңістігі туралы, өсімдік, жануарлар әлемі және табиғи байлықтар туралы заңдар.
      27. Қоршаған ортаны қорғау.
      28. Геодезия, картография, гидрометеорология.
      29. Халықаралық жеке құқық және процесс.
      30. Кеден ісі.

      Мамандар:
      Багарова Ж.А.,
      Қасымбеков Б.А.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады