"Туроператордың және турагенттiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы. 2003 жылғы 17 қаңтар N 39

      Қазақстан Республикасының Yкiметi қаулы етеді:

      "Туроператордың және турагенттiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгiзiлсiн.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

жоба 

Қазақстан Республикасының Заңы Туроператордың және турагенттiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру туралы

      Осы Заң туроператордың және турагенттiң азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыруды жүзеге асыру процесінде туындайтын қатынастарды реттейдi және оны жүргiзудiң құқықтық, қаржылық, ұйымдық негiздерiн белгiлейдi (бұдан әрi - туроператордың және турагенттiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру).

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) шартсыз франшиза - белгiленген соманы шегерiп, сақтандыру төлемiн жүзеге асыруды көздейтiн франшиза;
      2) пайда алушы - туристiк қызмет көрсету нәтижесiнде мүлiктiк немесе өзге де мүдделерiне зиян келтiрiлген турист, ал турист қайтыс болған  жағдайда - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес зиянның өтелуiне құқығы бар тұлға болып табылады. Пайда алушы, сонымен қатар туристке (турист қайтыс болған жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келтiрiлген зиянды өтеуге құқығы бар тұлғаға) келтiрiлген зиянды осы Заңмен белгiленген сақтанушының жауапкершiлiгі көлемiнiң шегiнде өтеп берген және сақтанушыдан өз шығыстарын өтеттіріп алуға құқық алған сақтандырушы немесе өзге тұлға да бола алады;
      3) туристiк қызмет көрсетуге арналған шарт бойынша туроператор мен/немесе турагенттiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгi - Қазақстан Республикасының заңымен белгiленген туроператор мен турагенттiң туристiк қызмет көрсетуiмен байланысты туристке келтiрген зиянды өтеу мiндетi;
      4) сақтанушы - туристiк қызмет көрсетуге арналған шарт бойынша туроператор мен/немесе турагенттiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiк шартын сақтандырушымен жасасқан туроператор немесе турагент;
      5) сақтандырушы - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сақтандыру қызметiн жүзеге асыру құқығына лицензиясы бap сақтандыру ұйымы;
      6) турагент - өзiнiң туристiк өнiмiн жылжыту мен iске асыру жөнiндегi қызметтiң осы түрiне лицензиясы бар жеке немесе заңды тұлға;
      7) туроператор - туристiк өнiмдi қалыптастыру, жылжыту мен iске асыру жөнiндегi қызметтiң осы түрiне лицензиясы бар жеке немесе заңды тұлға;
      8) франшиза - сақтандырушымен өтеуге жатпайтын залалдың сомасы.

2-бап. Қазақстан Республикасының туроператордың және турагенттiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндетті сақтандыру туралы заңы

      1. Қазақстан Республикасының туроператордың және турагенттiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру туралы заңы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнен, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда Қазақстан Республикасының туроператордың және турагенттiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру туралы заңында көзделгеннен өзге ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

3-бап. Мiндеттi сақтандыру объектiсi

      Туристiк қызмет көрсетумен байланысты туристiң мүлiктiк және/немесе өзге де мүдделерiне келтiрiлген зиянды оның өтеуi мiндетiмен байланысты туроператордың және/немесе турагенттiң мүлiктiк мүддесi туроператордың және турагенттiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандырудың объектiсi болып табылады.

4-бап. Туроператордың және турагенттiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандырудың мақсаты мен негiзгi принциптерi

      1. Туроператор мен турагенттiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандырудың мақсаты туроператордың және/немесе турагенттiң туристiк қызмет көрсету кезiнде туристтің мүліктік немесе өзге де мүдделерiн қорғауды қамтамасыз ету болып табылады.
      2. Туроператордың және турагенттiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандырудың негiзгi принциптерi мыналар болып табылады:
      1) осы Заңмен белгiленген көлемде және тәртiпте туристiң мүлiктiк немесе өзге де мүдделерiн қорғауды қамтамасыз ету;
      2) туристiк қызмет көрсетуге арналған шарт бойынша туроператордың және турагенттiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шарты бойынша тараптардың өздерiнiң мiндеттемелерiн орындауын қамтамасыз ету болып табылады.

5-бап. Туроператор мен турагенттiң жауапкершілiгiн мiндеттi сақтандыру жүйесiне мемлекеттiк бақылау және қадағалау

      1. Сақтандыру ұйымдарының қызметiне мемлекеттiк қадағалауды сақтандыру рыногын реттеу және сақтандыру қызметiн қадағалау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, соның iшiнде бiрлескен негiзде жүзеге асырады.
      2. Туроператор мен турагенттiң осы Заңның туроператордың және турагенттiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартын мiндеттi түрде жасасуына қатысты бөлiгiндегi талаптарды орындауына бақылау жасау және осы талапты бұзған туроператор мен турагентке шара қолдану Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгiленген өзiнiң құзыретi шегiнде туризм саласындағы уәкiлеттi органға жүктеледi.

6-бап. Сақтандыру сомасының, сақтандыру сыйлығының мөлшерi және оны төлеу тәртібі

      1. Туроператор мен турагенттiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру бойынша сақтандыру сомасы мөлшерi он мың айлық есептiк көрсеткiштен кем болмауы тиiс.
      2. Тураператор мен турагенттiң жауапкершiлiгiн мiндетті сақтандыру бойынша сақтандыру сыйлығының мөлшерi тараптардың келiсiмi бойынша белгiленедi, бiрақ сақтандыру шартында белгіленген сақтандыру сомасының 1%-нен аспауы тиiс.
      3. Сақтандыру сыйлығын төлеудiң мерзiмi мен тәртiбi туроператор мен турагенттiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартымен белгiленедi.

7-бап. Сақтандыру жағдайын және сақтандыру төлемiнiң
мөлшерiн анықтау

      1. Сақтанушымен келтiрiлген залалды өтеу туралы сот шешiмiнiң заңды күшiне енуiнен бастап, не сақтанушының туристiң (тердiң) зиянды өтеу туралы негiздi талаптарын және сақтанушы келiсiмi бойынша сақтанушы талаптарын тану сақтандыру жағдайы болып есептеледі.
      2. Туристiң (тердiң) талап еткен сомасы немесе заңды күшiне енген соттың сақтанушыға келтiрiлген залалды өтеу туралы шешiмi осы Заңның 9-бабының 4-тармағының ережесiн есепке ала отырып, сақтандырудың төлем мөлшерi анықталады.
      3. Залалдарды болдырмау немесе азайту мақсатында сақтандырушы шеккен шығыстар, егер мұндай шығыстар қажет болған болса нeмece сақтанушының нұсқауларын орындау үшiн жасалған болса тiптi тиiстi шаралар табыссыз болған күнде де, сақтанушының өтеуiне жатады. Мұндай шығыстар нақты мөлшерiнде өтеледi, бiрақ егер шығыстарды сақтандырушы сақтанушының нұсқауларын орындау нәтижесiнде жасаған болса, сақтандыру төлемi мен шығыстар өтемiнiң жалпы сомасы көзделген сақтандыру сомасынан аспауы үшiн олар сақтандыру сомасына қатыссыз толық мөлшерiнде өтеледi.
      4. Сақтандыру жағдайының әрқайсысы бойынша сақтандыру төлемiнiң мөлшерi туроператор мен турагенттiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартында белгiленген сақтандыру сомасының 0,5 процентiн құрайтын шартсыз франшиза сомасына азаяды.

8-бап. Туроператор мен турагенттiң жауапкершілігiн мiндеттi сақтандыру шарты және оны жасау тәртiбi

      1. Туроператор мен турагенттiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру сақтандырушы мен сақтанушының арасында жасалатын шарттың негiзiнде жүзеге асырылады. Туроператор мен турагенттiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шарты туристiк қызмет көрсетумен байланысты сақтандырушы мен сақтанушы арасында мүлiктiк немесе өзге де мүдделерiне зиян келтiрiлуi мүмкiн туристiң пайдасына жасалған келiсiм болып табылады.
      2. Сақтанушы сақтандырушыны таңдауға ерiктi.
      3. Сақтандырушының сақтанушыға туроператор мен турагенттiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартын жасаудан бас тартуға құқығы жоқ.
      4. Туроператор мен турагенттiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шарты бойынша сақтанушы сақтандыру сыйлығын төлеуге, ал сақтандырушы сақтандыру жағдайы туындаған кезде туроператор мен турагенттің жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартында көзделген тәртiп пен мөлшерде туристiң келтiрiлген моральдық зиян мен жiберiп алған пайданың орнын толтырумен байланысты талаптарын қоспағанда, пайда алушыға сақтандыру төлемiн осы заңның талаптарын есепке ала отырып жасауға мiндеттенедi.
      5. Туроператор мен турагент туроператор мен турагенттiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартын жасау туралы өтiнiш жасаған кезде, сақтандырушы олардан бұрынғы жасалған туроператор мен турагенттiң жауапкершiлiгiн мiндетті сақтандыру шарттары туралы толық мәлiметтердiң тапсыруын талап етуге құқылы.
      6. Туроператор мен турагенттiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартын жасау сақтандырушының сақтанушыға Қазақстан Республикасының сақтандыру қызметi туралы заңнамасының талаптарына сәйкес ресiмделген сақтандыру полисiн берумен куәландырылады.
      7. Туроператор мен турагенттiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру мiндеттi сақтандырудың осы түрi (сыныбы) бойынша сақтандыру қызметiн жүзеге асыруға құқылы лицензиясы бар сақтандыру ұйымдары iске асырады.
      8. Туроператор мен турагенттiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шарты жасалмайынша туроператордың және/немесе турагенттiң қызметiне жол берiлмейдi.

9-бап. Туроператор мен турагенттiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартының мерзiмi және қолданылу аумағы

      1. Туроператор мен турагенттiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шарты сақтанушы сақтандыру сыйлығын төлеген сәттен бастап, мiндеттi сақтандыру шарты күшiне енедi және оның алғашқы сақтандыру жарнасының мерзiмi ұзартылып төленгеннен бастап, тараптар үшiн мiндеттi саналады.
      2. Туроператорлар мен турагенттердiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шарты оның күшiне енген күнiнен бастап он екi ай мерзiмге жасалады. Сақтандыруды қорғаудың қолдану мерзiмi туроператор мен турагенттiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартының қолданылу мерзiмiне тура келедi.
      3. Туроператор мен турагенттiң жауапкершiлiгiн мiндетті сақтандыру шартын қолдану аумағы туристiк бағыттың (турдың) өтетiн аумағы болып табылады.

10-бап. Туроператор мен турагенттiң жауапкершiлігiн мiндеттi сақтандыру шартының қолданысын мерзiмiнен бұрын тоқтату

      1. Туроператор мен турагенттiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шарты Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда қолданысын мерзiмiнен бұрын тоқтатады.
      2. Егер туроператор мен турагенттiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартының мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы оның талаптары сақтандырушының кiнәсiнен орындалмаған болса, онда соңғысы сақтанушыға онымен төленген сақтандыру сыйақысын не сақтандыру жарналарын (сақтандыру сыйлығын мерзiмiмен бөлiп-бөлiп төлеу кезiнде) оған толық қайтаруға мiндеттi. Туроператор мен турагенттiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартын мерзiмiнен бұрын тоқтатудың өзге жағдайларында сақтандырушы сақтандыру қолданылған мерзiмге барабар уақыттың сақтандыру сыйлығының жартысына құқы бар.

11-бап. Туроператор мен турагенттiң жауапкершiлігiн мiндеттi сақтандыру шартын қолдануды тоқтату

      Туроператор мен турагенттiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартын қолдану мына жағдайларда:
      1) шарттың қолдану мерзiмi аяқталғанда;
      2) шарттың қолданысын мерзiмiнен бұрын тоқтатқанда;
      3) туроператор мен турагенттiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартында сақтанушымен анықталған сақтандыру сомасы мөлшерiнде сақтандыру төлемiн (сақтандыру төлемдерi) жүзеге асырғанда тоқтатылады.

12-бап. Сақтандыру төлемi

      1. Сақтандыру төлемi туралы талапты сақтанушы немесе турист сақтандырушыға сақтандыру төлемін жүзеге асыру үшін қажетті құжаттарды қоса отырып жазбаша түрде бередi.
      2. Сақтандырушыға сақтанушымен не туристпен сақтандыру төлемi туралы талап сақтандыру төлемдерiн жүзеге асыруға қажетті құжаттарды қоса алғанда, жазбаша түрде ұсынылады.
      3. Сақтандыру төлемi туралы арызына мынадай құжаттар:
      1) туроператор мен турагенттiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шарты;
      2) сақтандыру полисi;
      3) пайда алушының жеке тұлғасын растайтын құжаттың көшiрмесi немесе заңды тұлғаға берiлген сенiмхаттың төлнұсқасы;
      4) туристiк көрсетiлетiн қызметтi жүзеге асырумен байланысты туристке келтiрiлген зиянды өтеу туралы талабын сақтанушының тануы немесе зиянды өтеу туралы күшiне енген заңды сот шешiмiнiң көшiрмесi;
      5) сақтанушы мен туристiң (тердiң) арасында жасалған туристiк қызмет көрсетуге арналған шарттың нотариалды куәлендiрiлген көшiрмесi;
      6) осы заңның 8-бабының 4-тармағында көзделген зиян мөлшерiнiң алдын алу және азайту бойынша қолданылған шараларға байланысты шығынды растайтын құжаттар болған жағдайда;
      7) денсаулық сақтау ұйымдарының жәбiрленушiнiң еңбекке уақытша жарамсыздығының мерзiмi туралы анықтамасы немесе жәбiрленушiге мүгедектiк белгiлеу жөнiндегi арнайы мекемелердiң анықтамасының көшiрмесi;
      8) пайда алушыға келтiрiлген зиянның мөлшерiн және сақтандыру жағдайының туындау фактiсiн растайтын құжат;
      9) қайтыс болған жағдайда, пайда алушыға келтiрiлген залалдың орнын толтыру құқығын растайтын құжат және жәбiрленушi қайтыс болған жағдайда оның өлiмi туралы нотариалды куәландырылған куәлiктiң көшiрмесi.
      3. Құжаттарды қабылдаған сақтандырушы өтiнiш бiлдiрушiге ұсынылған құжаттардың толық тiзбесiн және оларды қабылдаған мерзiмi көрсетiлген анықтама беруге мiндеттi.
      4. Сақтандыру төлемiн жүзеге асыру кезiнде сақтандырушы пайда алушыдан сақтандырушыға оның талабының құқығын шектейтiн жағдайларды қабылдауын талап етуге құқы жоқ.
      5. Сақтандыру төлемi осы баптың 2-тармағында көзделген сақтандырушының олардың құжаттарын алған күннен бастап, жетi жұмыс күнiнен кешiктiрiлмей жүргiзiледi.
      6. Туроператор мен турагенттiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шарты тараптармен немесе пайда алушымен сақтандыру төлемiнiң мөлшерiне байланысты даулы болған жағдайда, сақтандырушы осы баптың 6-тармағымен белгiленген уақыт iшiнде көрсетiлген тұлғалардың бiреуiне оның даулаған бөлiгінде сақтандыру төлемiн жүзеге асыруға мiндеттi.
      Сақтандыру төлемiнiң даулы бөлiгi сақтандырушымен бейбiт келiсiм жасалғанда және оны сот шешiмiмен бекiтiлген күнiнен бастап, не осы дау жөнiндегi соттың шешiмi заңды күшiне енген күнiнен бастап, егер шешiм сот тарапынан шұғыл орындау мiндеттелмесе, онда үш жұмыс күнi iшiнде төленуi тиiс.
      7. Туроператор мен турагентiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартын қолдану мерзiмiнде келтiрiлген зиян үшiн сақтандыру төлемi туралы талап зиян келтiрiлген сәттен бастап, үш жыл мерзiмде сақтандырушыға талап етілуі мүмкін.
      8. Сақтандыру төлемiн уақытында жүзеге асырмағаны үшiн сақтандырушы Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгiленген тәртiппен және мөлшерде пайда алушыға айып төлейдi.

13-бап. Сақтандырушыны сақтандыру төлемiн жүзеге асырудан босатудың негіздемесi

      1. Сақтандырушы төмендегi жағдайларда залал келтiрiлсе, сақтандыру төлемiн толық немесе бөлiп төлеудi жүзеге асырудан бас тартуға құқылы:
      1) сақтандырушының, сақтанушының және (немесе) пайда алушының сақтандыру жағдайын болдыртуға бағытталған немесе оның пайда болуына ықпал еткен жағдайда қасақана жасалған қылмыстары немесе қажеттi қорғану немесе өте мұқтаж жағдайда жасалған iс-әрекеттерден басқа, әкiмшiлiк құқық бұзушылық деп танылса;
      2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен сақтандырушының, сақтанушының және (немесе) пайда алушының қасақана қылмыстық iстерiмен немесе сақтандыру жағдайының себептерiмен байланысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық iс-әрекеттерi;
      3) Қазақстан Республикасының Туристiк қызмет туралы заңымен белгiленген туроператор мен турагенттiң қызметiне және мiндеттемелерiне сай келмейтiн сақтандырушы қызметiн iске асырудың салдарынан сақтандыру төлемдерiн толық немесе бөлiп төлеудi жүзеге асырудан бас тартуға құқылы.
      4) туристпен (термен) сақтанушыға толық емес және/немесе анықталмаған құжаттамаларды және туристiк қызметтер көрсету үшiн қажет басқа да ақпараттарды ұсынуы салдарынан сақтандыру төлемiн жүзеге асырудан толық және жартылай бас тартуға құқылы.
      2. Сақтандырушының сақтандыру төлемдерiн жүзеге асырудан бас тартуына мыналар негiз болуы мүмкiн:
      1) ядролық жарылыстың зардабы;
      2) әскери iс-қимылдар;
      3) азамат соғысы, әртүрлi деңгейдегi халық толқулары, бұқаралық тәртiпсiздiктер мен көтерiлiстер;
      4) сақтандырушының залал келтiру салдарынан кiнәлi тұлғадан тиiстi зиянды толтыру өтемiн алуы;
      5) сақтандырушыға осы баптың 3-тармағымен көзделген жағдайларды қоспағандағы туристiк қызмет көрсету нәтижесiнде келтiрiлген зияндарды өтеу мiндеттерiне байланысты шағымды (талаптық арыз) бергенi туралы хабардар етпеу немесе уақтылы хабарламау.
      3. Егер сақтандырушының сақтандыру жағдайының туындағаны туралы уақтылы бiлгенi не сақтандырушыда бұл туралы мәлiметтiң болмауы оның сақтандыру төлемiн жүзеге асыру мiндетiне әсер етуi мүмкiн емес екенi дәлелденбесе, сақтандырушының сақтандыру жағдайының туындағаны туралы хабардар етiлмеуi оған сақтандыру төлемiн төлеуден бас тарту құқығын бередi.
      4. Сақтандыру төлемiнен бас тарту үшiн негiздеме болған жағдайда, сақтандырушы осы Заңның 13-бабының 2-тармағында көзделген құжаттарды алған күнiнен аластап жетi жұмыс күнi iшiнде сақтандыру төлемi туралы өтiнiш берген тұлғаға сақтандыру төлемiнен бас тартудың толық немесе iшiнара бас тартуы туралы тиiстi шешiмдi бас тартудың негiзгi себептерiн айтумен жазбаша түрде жiберуi тиiс.
      5. Сақтанушының осы бапта көзделмеген негiздемелерi бойынша сақтандыру төлемiнен бас тартуға құқығы жоқ.

14-бап. Зиян келтiрiлген тұлғаға регресс құқығы

      1. Сақтандыру төлемiн жүзеге асырушы сақтандыру жағдайы болған жағдайда жүргізiлген сақтандыру төлемі шегiнде кінәлі тұлғаға мына жағдайларда, егер:
      1) сақтандырушының азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгi сақтандыру жағдайын болдыруға не оның пайда болуына ықпал етуге бағытталған оның қасақана iс-әрекеттерiнiң салдарынан туындаған болса;
      2) сақтанушының азаматтық құқықтық жауапкершiлiгi сақтандыру сақтандыру жағдайына байланысты қасақана жасалған қылмыстар не әкiмшiлiк құқық бұзушылық заң актiлерiнде белгiленген тәртіпте танылған сақтанушының iс-әрекеттерi салдарынан туындаған болса;
      3) туристке (терге) келтiрiлген зиян мөлшерi сақтанушының сақтандыру жағдайының шығынын азайту бойынша қисынды және қолдан келетiн шараларды қасақана қолданбауы нәтижесiнде көбейген болса қайтадан талап етуге (регресс) құқы бар.
      2. Сақтандыру төлемiн жүзеге асырған сақтандырушыға сақтандыру нәтижесiнде сақтандырушымен өтелген зияндар үшiн жауапты тұлғаға сақтанушы төлеген тиiстi сома шегiнде қайта талап ету (регресс) құқығы ауысады.

15-бап. Сақтандырушының құқықтары мен мiндеттерi

      1. Сақтандырушының:
      1) сақтанушымен шарт жасасқан кезде мiндеттi сақтандырудың шарттары мен тәртiбiн және өз құқықтарын түсiндiрудi талап етуге;
      2) сақтандыру полисiн жоғалтқан жағдайда, оның телнұсқасын алуға;
      3) сақтандырушымен шығындар мөлшерiн анықтау мәселелерiн реттеу жөнiнде кеңес алуға;
      4) өз құқығын сот тәртiбiмен қорғауға құқығы бар.
      2. Сақтандырушы:
      1) тиiстi лицензиясы бар сақтанушымен туроператор мен турагенттiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартын жасасуға;
      2) шарт жасасқаннан кейiн он күн iшiнде сақтандыру полисiнiң және туроператор мен турагенттiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартының мерзiмiн ұзартудың көшiрмесiн туризм саласындағы уәкiлеттi органға тапсыруға;
      3) туроператор мен турагенттiктiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартында белгiленген мөлшерде, тәртіппен және мерзiмде сақтандыру сыйлығын уақтылы төлеуге;
      4) келтiрiлген зиянды өтеумен байланысты талаптың (талап өтiнiштiң) қойылуы туралы оған белгiлi болған жағдайда, кiдiрiссiз, бiрақ бес жұмыс күнiнен кешiктiрмей сақтандырушыға бұл туралы тиiмдi тәсiлмен (ауызша, жазбаша) хабарлауға мiндеттi. Егер сақтандырушы дәлелдi себептермен көрсетiлген iс-әрекеттi орындауға мүмкiндiгi болмаған болca, ол мұны құжатпен растауы тиіс;
      5) сақтандыру жағдайының болуы және пайда алушының барлық жазбаша талаптарының шығындарының мөлшерiне қатысты мiндеттемелерiн түсiндiру үшiн және келген зиян мен шеккен залалдың орнын толтыру (тексеру, сотқа шақыру және т.б.) фактiлерi бойынша құжаттарды сақтандырушыға тапсыруға;
      6) сақтандыру жағдайы басталған кезде, залалдың алдын алу немесе азайту үшiн қалыптасқан жағдайда қисынды және қолдан келетiн барлық шараларды қолдануға;
      7) сақтандырушының өкiлiне шығын мөлшерiнiң себептерi мен сақтандыру жағдайынан туындаған өзге де жағдайларды анықтау мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге;
      8) сақтандырушыға сақтандыру жағдайының туындауына жауапты тұлғаға керi талап қою (peгpecc) құқығын қамтамасыз етуге мiндеттi.
      3. Мiндеттi сақтандыру шартында сақтандырушының өзге де құқықтары мен мiндеттерi көзделуi мүмкiн.

16-бап. Сақтандырушының құқықтары мен мiндеттерi

      1. Сақтандырушының:
      1) сақтандыру жағдайларының тергеулерiне қатысуға;
      2) сақтандыру жағдайлары бойынша мәлiметтi тексеруге және қажет болған кезде лайықты мемлекеттiк органдарға сұрау салу жiберуге;
      3) сақтандыру жағдайларын ескерту бойынша ұсыныстар беруге;
      4) өз құқығының және сақтандырылған адамдар құқығының қорғалуы үшін сотқа жүгінуге құқығы бар.
      2. Сақтандырушы:
      1) сақтандырушының мiндеттi сақтандыру шартынан туындайтын мiндеттi сақтандыру шарттарымен таныстыруға, оның құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiруге;
      2) сақтанушыдан мiндеттi сақтандыруды жасауға өтiнiшi мен сақтандыру жарнасын төлегені туралы растау құжаттарын алғаннан кейiн, оған сақтандыру полисiн беруге;
      3) сақтандыру жағдайы туралы хабар алғаннан кейiн, үш күн мерзiмде акт жасауға;
      4) сақтандыру жағдайы басталған кезде осы Заңмен белгiленген тәртiпте және шарттарда сақтандыру төлемін жүргiзуге;
      5) сақтандырудың құпиясын қамтамасыз етуге мiндеттi.
      3. Туроператор мен турагенттiң мiндеттi сақтандыру шартында сақтандырушының өзге де құқықтары мен мiндеттерi көзделуi мүмкiн.

17-бап. Дауларды қарау тәртiбi

      Туроператордың және турагенттiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартынан туындайтын даулар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен қаралады.

18-бап. Туроператордың және турагенттiң жауапкершiлігiн мiндеттi сақтандыру туралы заңды бұзғаны үшiн жауапкершiлiк

      Туроператордың және турагенттiң жауапкершiлiгін мiндеттi сақтандыру туралы Қазақстан Республикасының заңын бұзғаны үшiн кiнәлi тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершiлiкке тартылады.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады