Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Румыния Үкiметi арасында Ветеринария саласындағы ынтымақтастық туралы келiсiм жасасу туралы

Жаңа

Қазақстан Респуликасы Үкіметінің 2003 жылғы 8 қыркүйектегі N 905 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:
      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Румыния Үкiметi арасындағы Ветеринария саласындағы ынтымақтастық туралы келiсiмнiң жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң орынбасары - Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрi Ахметжан Смағұлұлы Есiмовке Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң атынан келiсiм жобасына қағидатты сипаты жоқ өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Румыния Үкiметi арасында Ветеринария саласындағы ынтымақтастық туралы келiсiм жасасуға өкiлеттiк берiлсiн.
      3. Осы қаулы қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба

Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Румыния Yкiметi
арасындағы Ветеринария саласындағы ынтымақтастық туралы
Келісім

      Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Румыния Үкiметi,
      жануарларды жұқпалы аурулардан тиiсiнше және баламалы қорғауды қамтамасыз ету және олардың таралып кетпеуiне бақылау жасау мақсатында ветеринария саласындағы өзара ынтымақтастықты кеңейтуге және тереңдетуге ниет бiлдiре отырып,
      ұмтылысты басшылыққа ала отырып және Тараптар мемлекеттерi арасындағы қатынасты одан әрi дамыта отырып,
      жануарларды, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттарды, жануарлардың генетикалық материалдарын, ветеринарлық препараттарды, мал азығын және ветеринарлық бақылау объектiсiн құрайтын басқа да тауарларды өзара сатуды жақсарту мақсатында,
      төмендегiлер туралы келiстi:

1-бап

      Тараптар жануарларды, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттарды, жануарлардың генетикалық материалдарын, ветеринарлық препараттарды, мал азығын және ветеринарлық бақылау объектiсiн құрайтын басқа да тауарларды Тараптар мемлекеттерiнiң аумағы арқылы экспорттау, импорттау және транзиттiк тасымалдау кезiнде өз мемлекеттерiнiң аумағын жануарлардың жұқпалы және паразиттiк ауруларының кiруiнен және таралуынан қорғау мақсатында ынтымақтастықты жүзеге асыратын болады.

2-бап

      Осы Келiсiм ережелерiн iске асыру жөнiндегi Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдары болып табылатындар:
      1. Қазақстандық тарап үшiн - Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлiгi;
      2. Румындық тарап үшiн - Румыния Ауыл шаруашылығы, орман, су және қоршаған орта министрлiгi мен Ветеринарлық-санитарлық Ұлттық Агенттiгi.

3-бап

      Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдары жануарларды, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттарды жануарлардың генетикалық материалдарын, ветеринарлық препараттарды және шекаралық ветеринарлық-санитарлық бақылау объектiсiн құрайтын басқа да тауарларды импорттауға, экспорттауға және транзиттiк тасымалдауға арналған ветеринарлық-санитарлық рәсiмдердiң орындалуын оңайлату мақсатында өзара iс-қимылды жүзеге асыратын болады.
      Тараптар Қазақстан Республикасы мен Румынияның ветеринария саласындағы ұлттық заңнамаларының нормалары негiзiнде өзара iс-шаралар жүргiзетiн болады.

4-бап

      1. Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдары:
      а) Халықаралық эпизоотиялық бюроның (ХЭБ) жануарлар аурулары кодтарының "А" тiзiмiне енгiзiлген және Қазақстан Республикасы мен Румыния аумағында бұрын тiркелмеген жануарлар аурулары немесе соңғы жылдар iшiнде байқалмаған басқа да эпизоотиялардың таралуы табылғаны туралы бiр-бiрiне дереу хабарлайды;
      б) Халықаралық эпизоотиялық бюроның (ХЭБ) жануарлар аурулары кодтарының "Б" тiзiмiне енгiзiлген жұқпалы аурулардың таралуы туралы бiр-бiрiне хабарлайды.
      2. Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдары өз мемлекеттерiнiң аумағында тiркелетiн жұқпалы аурулар туралы ай сайынғы бюллетендермен алмасып отырады.
      3. Ақпаратқа аурудың атауы, ауру жануарлардың саны, аурудың табылған күнi мен орны, диагностика мен ауруды бақылау әдiсi енгiзiлуi тиiс. Аусыл шыққан жағдайда, вирустың түрi көрсетiледi.
      4. Тараптар жануарлардың денсаулығын қорғау мақсатында жұқпалы, паразитарлық және басқа да аурулардың пайда болуының алдын алу жөнiндегi соңғы және қазiргi бiлiмдердi практикада қолдануға қатысты ақпараттармен алмасады.

5-бап

      Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдары ғылыми зерттеулердiң төзiмдiлiгiн арттыру үшiн ветеринария саласындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында:
      ветеринария саласындағы тәжiрибемен және ақпаратпен алмасады;
      ветеринарлық ғылыми-зерттеу институттарының ынтымақтастығына жәрдемдеседi;
      ветеринария саласындағы техникалық журналдар мен басқа да басылымдармен алмасуға жәрдемдеседi;
      ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органдарға қатысты ережелермен және ақпараттармен алмасады;
      бiр-бiрiн техникалық кездесулер мен бiлiм беру бағдарламалары туралы хабардар етедi және Тараптар мемлекеттерi құзыреттi органдарының сарапшыларына оларға қатысуға мүмкiндiк бередi;
      ветеринарлық-санитарлық нормалар мен стандарттарға қатысты ақпараттармен алмасады.
      Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдары жануарларды, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттарды, жануарлардың генетикалық материалдарын, мал азығын, ветеринарлық препараттарды және жануарлар мен адамдардың денсаулығына әсер етуi мүмкiн басқа да тауарлардың экспортымен айналысатын Тараптар мемлекеттерiнiң кәсiпорындары мен бөлiмшелерiнде өзара бақылауды жүзеге асыратын болады.

6-бап

      Тараптар өз мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамаларына сәйкес осы Келiсiмнiң ережелерiн iске асыруға байланысты шығыстарды өзiне алады.

7-бап

      1. Тараптар мемлекеттерi құзыреттi органдарының өкiлдерi өзара уағдаластық бойынша қажеттiгiне қарай кездесiп тұрады.
      2. Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiру немесе қолдану кезiнде даулар мен келiспеушiлiктер туындаған жағдайда Тараптар оларды консультациялар және келiссөздер жолымен шешетiн болады.

8-бап

      Тараптардың өзара уағдаластығы бойынша осы Келiсiмге өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн, олар жекелеген Хаттамалармен ресiмделедi және осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiктерi болып табылады.

9-бап

      Осы Келiсiм Тараптар жасасқан басқа да халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен мiндеттемелерiн қозғамайды.

10-бап

      Осы Келiсiм Тараптардың оны күшiне енгiзу үшiн қажеттi мемлекетiшiлiк рәсiмдердi орындағаны туралы соңғы жазбаша хабар алынған күннен бастап күшіне енеді.

11-бап

      Осы Келiсiм Румыния Еуропалық Одаққа кiрген күннен бастап өз қолданысын тоқтатады.
      Әрбiр Тарап осы Келiсiмнен басқа Тарапты жазбаша хабардар ету жолымен шыға алады. Бұл жағдайда, осы Келiсiм тиiстi хабарлама алған күннен бастап алты айдан кейiн өз қолданысын тоқтатады.

      200__ жылғы "__" __________ __________ қаласында әрқайсысы қазақ, румын және орыс тiлдерiнде екi түпнұсқа данада жасалды, бұл ретте барлық мәтiндердiң бiрдей заң күшi бар.
      Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiруде келiспеушiлiктер туындаған жағдайда, Тараптар орыс тiлiндегi мәтiнге жүгiнедi.

      Қазақстан Республикасының             Румыния Үкiметi
      Yкiметi үшiн                          үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады