"Қазақстан Республикасы әскери полициясының органдары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 15 қыркүйектегі N 936 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Yкiметi қаулы етеді:
      "Қазақстан Республикасы әскери полициясының органдары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгiзiлсiн.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрi

Жоба

Қазақстан Республикасы әскери
полициясының органдары туралы Қазақстан Республикасының Заңы

      Осы Заң Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi, Iшкi iстер министрлiгi мен Ұлттық қауiпсiздiк комитетi әскери полиция органдарының (бұдан әрi - әскери полиция органдары) құқықтық негiздерiн, қағидалары мен қызметiн ұйымдастыру тәртiбiн айқындайды.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Әскери полиция органдарының мәртебесi

      Әскери полиция органдары Қарулы Күштерде, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда құқық тәртiбiн қамтамасыз ету, алдын ала анықтау жүргiзу, әскери қызметшiлер мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, қоғам мен мемлекет мүддесiне қылмыстық және өзге де құқыққа қарсы қол сұғушылықтардың алдын алу және жолын кесу үшiн тағайындалған.

      2-бап. Әскери полиция органдары қызметiнiң құқықтық
             негiзi

      Әскери полиция органдары қызметiнiң құқықтық негiзiн Қазақстан Республикасының Конституциясы, осы Заң, осы Заңмен реттелмеген бөлiгінде Қазақстан Республикасының басқа да нормативтiк құқықтық актілерi құрайды.

      3-бап. Әскери полиция органдары қызметінің қағидалары

      Әскери полиция органдарының қызметi заңдылық, дара басшылық, жариялылық, заң алдында барлығының теңдік, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу және сақтау, басқа да құқық қорғау және мемлекеттік органдармен, лауазымды адамдармен, ұйымдармен және азаматтармен өзара iс-қимыл жасау қағидаларында құрылады.

      4-бап. Әскери полиция органдарының жүйесi

      1. Әскери полицияның органдары Қорғаныс министрлiгiнде, Iшкi iстер министрлiгінде, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнде құрылады.
      2. Әскери полицияның органдарына жалпы басшылық жасауды Қорғаныс министрi, Iшкi iстер министрi және Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң төрағасы жүзеге асырады.
      3. Әскери полиция органдарының құрылымы мен штат санын Қорғаныс министрi, Iшкi iстер министрi және Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң төрағасы айқындайды.
      4. Әскери полиция органдарының құрылымдық бөлiмшелерiн құруды, қайта ұйымдастыруды және таратуды қолданылып жүрген заңнамада белгiленген тәртiппен Қорғаныс министрi, Iшкi iстер министрi және Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң төрағасы жүзеге асырады.

      5-бап. Әскери полиция органдарының мiндеттерi

      Әскери полиция органдарының мiндеттерi мыналар болып табылады:
      1) Қарулы Күштерде, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда құқық тәртiбiн қамтамасыз ету;
      2) қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, ecкерту, анықтау, жолын кесу және ашу;
      3) қылмыстар және басқа да заң бұзушылықтарды жасауға ықпал ететiн жағдайларды анықтау;
      4) құзыретi шегiнде алдын ала анықтау iсiн жүргiзу;
      5) анықтау, тергеу және сот органдарынан жасырынып жүрген, сондай-ақ әскери бөлiмдi (қызмет орынын) өз бетiмен тастап кеткен адамдарды iздестiру;
      6) әскери көлiк құралдарының жол жүру қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету;
      7) заңда көзделген жағдайларда гауптвахтада ұстаумен әскери қызметшiлердi ұстау;
      8) өз құзыретi шегiнде өзге де анықтау, алдын ала тергеу және сот органдарына, сондай-ақ мемлекеттiк билiк және әскери басқару органдарына оларға жүктелген мiндеттердi орындауда жәрдем көрсету.

      6-бап. Әскери полиция органдарының мемлекеттiк
             органдармен және ұйымдармен, лауазымды адамдармен
             және азаматтармен өзара iс-қимыл жасауы және
             ынтымақтастығы

      1. Әскери полиция органдары өз қызметiн заңнамада белгiленген шектерiнде Қазақстан Республикасының құқық қорғау және басқа да мемлекеттiк органдарымен өзара iс-қимылда жүзеге асырады және олардың құзыретiне жататын мәселелер бойынша бiрiн-бiрi хабардар етедi.
      2. Әскери құралымдардың қолбасшылары, әскери басқару органдары мен әскери қызметшiлер, оларға жүктеген тапсырмаларды шешуде әскери полицияның органдарына жәрдемдесуге мiндеттi.
      3. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгi әскери полициясы органдарының өкiлеттiгi Қазақстан Республикасы Республикалық ұланының, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар жөнiндегi агенттiгінің, аталған әскери құрылымдардың аумағынан тыс тұрған бөлiмдер мен құрамалардың әскери қызметшілерiне таралады, ал көрсетiлген әскери бөлiмшелердің аумағында әскери полицияның функциясын осы әскери құралымдардың тиiстi командирлерi мен бастықтары жүзеге асырады.

2-тарау. Әскери полиция органдарының өкілеттігі

      7-бап. Әскери полиция органдарының құқықтары

      Әскери полиция органдары уәкілеттiлiк берiлген лауазымды адамдар атынан өз құзыретi шегiнде мыналарға құқылы:
      1) әскери қызметшiлерден, әскери мiндеттiлерден, әскери бөлiмдердің, құрамалардың, мекемелердің азаматтық қызметкерлерi адамдарынан, олардың жиындарды өткеру уақытында қызметтік мiндеттерiн орындауға байланысты немесе осы бөлiмдер, құрамалар мен мекемелер тұрған жерлерде қоғамдық тәртiптi сақтауын, әскери киiм нысанын кию тәртiбiн, құқыққа қарсы iс-қимылдарды және әскери полиция органдарының мiндеттерi мен функцияларын жүзеге асыруға кедергi жасайтын iс-қимылдарды тоқтатуын талап етуге;
      2) әскери қызметшiлер мен әскери мiндеттiлердiң, олардың жиындарды өткеру уақытында, ал әскери бөлiмдер, әскери объектілер мен гарнизондардың аумағында, сондай-ақ басқа да адамдардың, олардың жеке басын куәландыратын құжаттарды қылмыс немесе өзге де құқық бұзушылықтар жасағанына күдiк тудырған кезде тексеруге;
      3) iс жүргiзуде жатқан материалдар мен қылмыстық iстер бойынша әскери қызметшiлердi және өзге де азаматтарды әскери полиция органына шақыруға, олардан түсiнiктемелер, құжаттар немесе олардың көшiрмелерiн алуға, анықтау жүргiзуге және өзге де тергеу iс-қимылдарын жүргiзуге, сондай-ақ дәлелсiз себеппен келуден бас тартқан адамдарды заңда белгiленген тәртiппен шақырып алуға;
      4) анықтау, алдын ала тергеу немесе сот органдарынан жасырынып жүрген, қылмыс жасағанына күдiк тудырған, сондай-ақ айыпталған немесе сотталған әскери қызметшiлердi заңнамада белгiленген тәртіппен ұстауға;
      5) осы баптың 4-тармағында көрсетiлген ұсталған адамдарға дербес тексеру жүргiзуге, олардың заттарын, құжаттарын, көлiк құралдарын тексеруге, заңнамада белгiленген тәртіппен заңсыз айналымдағы заттарды алуға;
      6) әскери тәртiптi немесе қоғамдық тәртiптi өрескел бұзған әскери қызметшiлердi ұстауға және әскери полиция органдарының мекемелерiне немесе қызмет орны бойынша жеткiзуге;
      7) әскери қызметшiлер мен әскери мiндеттiлерге қатысты, олардың жиындарды өткеру уақытында Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiктiк құқық бұзушылықтар туралы кодексiнiң талаптарына сәйкес әкiмшiліктiк құқық бұзушылықтар туралы iстер бойынша iс жүргiзудi жүзеге асыруға;
      8) әскери қызметшiлердiң, сондай-ақ әскери мiндеттiлердiң олар жиындарды өткеру уақытында жасаған тәртіптік терiс қылықтары туралы материалдарды әскери бөлiмдердiң тиісті командирлерiнiң (бастықтарының) қарауына жiберуге;
      9) құзыретi шегінде алдын ала анықтау жүргiзуге;
      10) азаматтардың қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн қылмыстар, әкiмшiлiктiк құқық бұзушылықтар жасаған күдiктi адамдарды iздестiру кезiнде, онда қылмыс жасалғандығын немесе жасалып жатқандығын болжайтын жеткiлiкті мәлiметтер бар болған кезде, кейiннен бұл туралы 24 сағат iшiнде прокурорды хабардар етумен, сондай-ақ азаматтардың жеке қауiпсiздiгi мен қоғамдық қауіпсiздiкті қамтамасыз ету үшiн азаматтардың тұрғын және өзге де жайларына, оларға тиесiлi жер учаскелерiне, мемлекеттiк органдардың, меншiк нысанына қарамастан кәсiпорындар мен мекемелердiң аумағына және үй-жайларына (дипломатиялық иммунитеттi иеленген шетел мемлекеттерiнiң өкiлдiктерi мен халықаралық ұйымдарынан басқа) кедергiсiз кiруге, оларды тексеруге;
      11) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген талаптарды сақтай отырып, қозғалған қылмыстық iстер бойынша мемлекеттiк органдардан және меншiк нысанына қарамастан ұйымдардан бөгетсiз және өтеусiз ақпараттар мен материалдар алуға;
      12) өз құзыретi шегiнде әскери қолбасшылыққа және басқа да лауазымды адамдарға қылмыс және басқа да заң бұзушылықтар жасауға мүмкiндiк туғызатын жағдайларды болдырмау жөнiндегi ұсыныстарды енгiзуге;
      13) кiдiрiссiз жағдайларда қызмет мақсатында тұрған жерiне және тиiстiлiгiне қарамастан, қалааралық және халықаралық сөйлесулер бойынша шығыстарды өтей отырып байланыс құралдарын пайдалануға;
      14) бөлiмдi қару-жарақпен өз бетiмен тастап кеткен әскери қызметшiлердi iздестiру және ұстау жөнiндегi iс-шараларды жүргiзу кезiнде аймақтық құқық қорғау органдарының келiсiмi бойынша дербес бақылау-өткiзу пункттерiн орнатуға;
      15) алкогольдiк, уыттылық немесе есiрткiлiк мас күйiндегi жүргiзушiлердi ұстауға және әскери көліктi жүргiзуден шеттетуге және оларды медициналық тексеруге жiберуге;
      16) қылмыс жасағанына күдiк туғызған адамдарды ұстау жөнiндегi шараларды жүргiзу кезiнде, сондай-ақ адамдардың өмiрi мен денсаулығына қатер төнетін жағдайлар кезiнде жол полициясы аумақтық органдарының келiсiмi бойынша көшелердiң жекелеген учаскелерінде, автомобиль жолдары мен басқа да аумақтарда көлiк және жүргiншiлер қозғалысын шектеуге немесе тыйым салуға;
      17) әскери көлiк құралдарының лектерi өткен уақытта жол полициясына аумақтық органдарымен үйлесiмдiлiкте автомобиль жолдары мен көшелерде жол қозғалысын реттеуге, осы лектерге және арнайы мақсаттағы көлiк құралдарына iлесiп жүрудi ұйымдастыруға және қамтамасыз етуге;
      18) әскери бөлiмдер мен әскери мекемелерде жол жүру қауiпсiздігін қамтамасыз ету жөніндегi бақылау және алдын алу iс-шараларының орындалуын тексеруге;
      19) өзге мүмкiндiктер болмаған кезде оқиға болған орынға бару, жедел медициналық көмектi қажет ететiн әскери қызметшiлер мен азаматтарды емдеу мекемелерiне жеткiзу үшiн әскери көлiктi пайдалануға;
      20) әскери полиция органдарымен ұсталған немесе тергеуде және сотта жүрген әскери қызметшiлердi ұстау үшiн, сондай-ақ гарнизон қолбасшылығы тұтқындау түрiндегi қылмыстық жазаны орындау үшін, не гауптвахтада ұстаумен тұтқындау түрiндегi тәртіптiк жазаны қолдану үшiн арнайы бөлмесi - гауптвахтасы болуға.

      8-бап. Әскери полиция органдарының мiндеттерi

      Әскери полиция органдары олардың алдына қойылған мiндеттерге сәйкес және өз құзыретi шегiнде мыналарға мiндеттi:
      1) әскери қызметшiлер мен басқа да азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын құқыққа қарсы қол сұғушылықтардан қорғауға;
      2) гарнизондарда құқық тәртiбiн қамтамасыз етуге, әскери қылмыстың және басқа да құқық бұзушылықтардың алдын алуға, анықтауға, ашуға және жолын кесуге, оларды жасауға мүмкiндiк туғызатын жағдайларды белгілеуге және өз өкілеттiгi шегiнде оларды жоятын шаралар қолдануға;
      3) азаматтардың өтiнiштерiн қарауға, құқық бұзушылықтар мен оқиғалар туралы жедел ақпараттардың есебiн жүргізуге және талдауға;
      4) басқа да құқық қорғау органдарымен өзара iс-қимылда әскери бөлiмдi өз бетiмен тастап кеткен, қылмыс жасаған, анықтау, алдын ала тергеу және сот органдарынан жасырынып жүрген, қылмыстың жазаны орындаудан жалтарып жүрген және заңнамада көзделген өзге де жағдайларда әскери қызметшiлердi iздестiрудi жүзеге асыруға;
      5) заңда белгiленген тәртiппен әскерге шақыру немесе келiсiм-шарт бойынша әскери қызметтi өткерiп жүрген әскери қызметшiлер; жиындардан өткен уақытта запаста болған азаматтар; әскери бөлiмдердiң, құрамалардың, мекемелердiң азаматтық қызметкерлерi олар қызметтiк мiндеттерiн орындауға байланысты немесе осы бөлімдерде, құрамалар мен мекемелерде орналасқан жерде жасаған барлық қылмыстары туралы iстер бойынша анықтау жүргiзуге;
      6) өз құзыретi шегiнде әскери көлiк құралдарының жол қозғалысын және оларды пайдалану ережелерiнiң сақталуын бақылауды жүзеге асыруға;
      7) заңда белгiленген тәртiппен тергеушiнiң тапсырмаларын, прокурордың нұсқауларын, сот шешiмiн орындауға;
      8) өз құзыретi шегiнде мемлекеттiк билiк, әскери басқару органдарына және олардың өкiлдерiне, оларға қарсы iс-қимыл немесе осындай қатер төнген жағдайда олардың заңды iс-қимылын жүзеге асыруына көмек көрсетуге;
      9) әскери полиция органдарының құзыретiне жататын әкімшiлiктiк құқық бұзушылықтар туралы iстер бойынша iс жүргiзудi жүзеге асыруға;
      10) авария, апат, зiлзала және басқа да төтенше жағдайлар зардаптарын жою кезiнде құқық тәртібi мен қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге;
      11) әскери қызметшiлер арасында алдын алу жұмыстарын жүргiзуге қатысуға және әскери қызметшiлер арасындағы әскери тәртіптi қамтамасыз етуде әскери қолбасшылыққа жәрдем көрсетуге;
      12) қылмыстық процестi жүргiзетiн органдардың жазбаша талаптары бойынша тергеу iс-қимылын жүргiзу үшiн тұтқындалғандарды айдауылдауды қамтамасыз етуге.

9-бап. Әскери полиция органдары қызметкерлерінің жауапкершілігі

      Әскери полиция органдарының қызметкерлерi өз қызметiн Қазақстан Республикасының заңнамасына және осы Заңға сәйкес өздерiне берiлген өкiлеттiлiк шегiнде жүзеге асырады. Заңнама талаптары бұзылған және құқыққа қарсы iс-әрекет жасалған жағдайларда әскери полиция органдарының қызметкерлерi заңда белгiленген тәртіппен тәртіптiк, қылмыстық және өзге де жауапкершiлiкке тартылады.

3-тарау. Әскери полиция органдары қызметкерлерінің
атыс қаруын, арнайы құралдар мен күш көрсетуді қолдануы

      10-бап. Атыс қаруын, арнайы құралдар мен күш көрсетудi
               қолдану мақсаты

      Атыс қаруы, арнайы құралдар мен күш көрсету қоғамдық-қауiптi iс-әрекеттi тоқтату, олардың жасаған iс-әрекет сипаты мен нақты жағдайды ескере отырып, адамдарды ұстау және әскери полицияға жеткiзу мақсатында қолданылады.

      11-бап. Атыс қаруын қолдану

      1. Атыс қаруын қолдану ең соңғы шара болып табылады және басқа шаралар тиiмсiз немесе егер жағдайдың талаптары бойынша басқа шараларды қолдану мүмкін болмаған жағдайда жол берiледi.
      2. Әскери полиция органдарының қызметкерлерi мыналар үшін:
      1) қылмыстық қастандық әрекеттен әскери қызметшiлердi, басқа да азаматтарды, сол сияқты аманаттағы адамдарды қорғауға;
      2) әскери полиция органдарының қызметкерлерiне немесе олардың отбасы мүшелерiне, құқық тәртiбiн қорғау жөнiндегi қызметтік және қоғамдық борышты орындайтын адамдарға жасалатын шабуылға тойтарыс беруге;
      3) күзетуде тұрған объектiлерге, айдауылға, әскери бөлімдердің үй-жайларына, ғимараттарына, көлiк құралдарына, соның iшiнде әуе кемелерiне жасалатын шабуылға тойтарыс беруге, сондай-ақ оларды басып алған жағдайда босатуға;
      4) қылмыс жасаған және қарсылық көрсеткен, күзеттен қашқан кезiнде кездескен адамдарды ұстауға (әкiмшiлiктiк тұтқында ұсталғандардан басқа), сондай-ақ қаруланған адамды ұстауға;
      5) егер жүргiзушi әскери полиция органдары қызметкерлерiнiң заңды талаптарына бағынбаса және әскери қызметшiлер мен азаматтардың өмiрiне не денсаулығына қатер төндiрсе оны зақымдау жолымен көлiк құралын тоқтатуға;
      6) жануарлардың шабуылынан қорғануға;
      7) дабыл қағу немесе көмек шақыру белгiлерiн беруге;
      8) сондай-ақ қорғану қажет болған барлық өзге де және ең қажеттi жағдайларда атыс қаруын қолдануға құқылы.
      3. Олардың қарулы шабуыл жасаған, қарулы қарсылық көрсеткен, адамдарды, көлiк құралдарын аманатқа алған не топтасып шабуыл жасаған жағдайлардан басқа, әйелдер мен кәмелеттiк жасқа толмағандарға қатысты қару қолдануға тыйым салынады.
      4. Қару қолданудың барлық жағдайларында әскери полиция органдарының қызметкерлерi айналасындағылардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету, зардап шеккендерге шұғыл медициналық көмек көрсету үшiн қажеттi шараларды қабылдауға, қару қолданғаны туралы тiкелей бастыққа баяндауға мiндеттi.
      5. Кiсi өлiмiне немесе өзге де ауыр зардаптарға соқтырған әскери полиция органдарының қызметкерлерi қаруды және арнайы құралдарды қолдануының әрбiр жағдайы туралы әскери прокурор шұғыл хабардар етіледi.
      6. Табельдiк қаруды қолданудың әрбiр фактiсi бойынша қызметтiк тергеу жүргiзiледi. Атыс қаруын заңсыз қолдану фактiсi анықталған жағдайда заңда белгiленген тәртіппен кiнәлi жауапкершiлiкке тартылады.

      12-бап. Арнайы құралдар мен күш көрсетудi қолдану

      1. Әскери полиция органдарының қызметкерлерi мыналар үшін тізбесiн Үкімет айқындайтын үй-жайды ашу, көлiкті, қызметтiк жануарлар мен арнайы және басқа да көлiк құралдарын мәжбүрлеп тоқтату үшiн күш көрсетудi және арнайы құралдарды, соның iшiнде күрестiң жауынгерлiк тәсiлдерiн, кiсендердi, резеңке таяқтарды, құрылғыларды қолдануға құқылы:
      1) әскери қызметшiлердi, басқа да адамдарды олардың өмiрi мен денсаулығына қатер төндiретiн шабуылдан және өзге де iс-қимылдардан қорғау және өзiн-өзi қорғау;
      2) әскери бөлiмдердегi жаппай тәртiпсiздiктi, сондай-ақ әскери қызметшiлердiң қоғамдық тәртiп пен әскери тәртiптi топтасып бұзушылығының жолын кесу;
      3) әскери қалашықтарға, әскери объектiлерге, құрылыстарға, үй-жайларға, ғимараттар мен әскери көлiк құралдарына жасалған шабуылға тойтарыс беру немесе оларды басып алудан босату;
      4) егер олар әскери полиция қызметкерлерiне, әскери тәртiптi сақтау және қоғамдық тәртіптi қорғау жөнiндегi жүктелген мiндеттердi орындайтын өзге де адамдарға бағынбаса немесе қарсылық көрсетсе, егер олардың қашуы, қоршаған ортаға немесе өзiне зиян келтiруi мүмкіндiгiне нақты негiздер бар болса құқық бұзушыларды ұстау, оларды және абақтыға отырған қамаудағы адамдарды әскери бөлiмдерге және гауптвахтаға жеткiзу, айдауылдау және күзету.
      2. Айналасындағылардың өмiрi мен денсаулығына қатер төндiретiн топтасқан шабуыл жасаған немесе қарулы қарсылық көрсеткен жағдайлардан басқа, әйелдерге, айқын мүгедектiк белгiсi бар адамдарға және жас балаларға қатысты арнайы құралдар мен күш көрсетудi қолдануға тыйым салынады.

4-тарау. Әскери полиция органдары қызметкерлерінің
кадрлық құрамы, әлеуметтік және құқықтық қорғау

      13-бап. Әскери полиция органдарының кадрлық құрамы

      1. Әскери полиция органдары Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңнамасына сәйкес әскери қызметшiлермен, сондай-ақ жұмысшылармен және қызметкерлермен жасақталады.
      2. Әскери полиция органдарының әскери қызметшiлерiне әскери қызметтi өткерудi регламенттейтiн, құқықтық және әлеуметтiк кепілдiктерді, медициналық, зейнеткерлiк және қамтамасыз етудің басқа да түрлерiн белгiлейтiн, сондай-ақ осы заңнаманың шарттарына қайшы келмейтiн, құрылымына әскери полиция кiретiн тиiстi органдарда қызмет өткерудi реттейтiн заңнама толық көлемде таралады.
      3. Әскери полиция органдарының қызметкерлерi өкiметтiң өкілдерi болып табылады және мемлекеттiң қорғауында болады. Өкілеттіктерін растау үшін оларға белгiленген үлгідегi куәлiктер мен кеуде белгiлерi берiледi.
      4. Әскери полиция органдарында қызмет өткеру үшiн әскерге шақырылатын адамдар, сондай-ақ әскери қызметшiлер мен өзге де адамдар лауазымға тағайындалар алдында мiндеттi арнайы тексеруден өтедi, кәсiптiк сапасын айқындау үшiн олар бастапқы оқытудан және тағлымдамадан өтуi мүмкiн.
      5. Әскери полиция органдарының жұмысшылары мен қызметкерлерiн жұмысқа қабылдау мәселелерi және еңбек шарты еңбек заңнамасымен реттеледi.

      14-бап. Әскери полиция органдарының әскери қызметшiлерiн
               әлеуметтiк және құқықтық қорғау

      1. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әскери полиция органдарының әскери қызметшiлеріне әскери қызметшiлер үшiн белгіленген әлеуметтiк және құқықтық қорғау шарттары толық көлемде таралады.
      2. Әскери полиция органдары қызметкерлерiнiң оларға жүктелген мiндеттердi орындауына кедергi келтiрушiлер, олардың ары мен абыройына нұқсан келтiрушiлер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершiлiкке тартылады.

      15-бап. Әскери полиция органдарының қызметiндегі
             заңдылықтың сақталуын қадағалау

      Әскери полиция органдарының қызметiндегi заңдылықтың сақталуын қадағалауды Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры және оған бағынысты әскери прокурорлар жүзеге асырады.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады