Байланыс формасы

Жоқ болған заңды тұлғалар мен жоқ болған борышкерді, сонымен қатар өздерінің қызметін заңнаманы өрескел бұза отырып жүзеге асыратын заңды тұлғаларды таратудағы сот практикасы туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2004 жылғы 18 маусымдағы N 5 Нормативтік қаулысы.

      Ескерту. Қаулының тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 29.11.2018 № 18 нормативтік қаулысымен ( алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      Өздерінің қызметін заңнаманы өрескел бұза отырып жүзеге асыратын заңды тұлғаларды (бұдан әрі - жоқ заңды тұлғалар мен жоқ борышкерлерді) тарату туралы заңнаманы сот тәжірибесінде біркелкі түсіндіру және қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етеді:

      1. Заңды тұлғаны тарату Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АК) 49-бабының 2-тармағында және өзге де заңнамалық актілерде көзделген негіздер бойынша соттың шешіміне сәйкес жүзеге асырылатынына соттардың назары аударылсын.

      Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қызметін тоқтату ерекшеліктері АК-нің 21-бабында, Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 39, 53-баптарында, "Оңалту және банкроттық туралы" Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 7 наурыздағы № 176-V Заңының (бұдан әрі - Заң) 7, 8 және 9-тарауларында қарастырылған.

      Ескерту. 1-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2008.12.22. N 23, 2011.12.30 № 5; 29.11.2018 № 18 ( алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      2. Жоқ заңды тұлғалар мен жоқ борышкерлер үшін заңнамамен таратудың арнайы негіздемелері мен жеңілдетілген тәртібі қарастырылған.

      Заңның 1-бабы 15) тармақшасына сәйкес жоқ болған борышкер – тұрақты жұмыс істейтін органның, сондай-ақ борышкер оларсыз өз қызметiн жүзеге асыра алмайтын қатысушылары мен лауазымды адамдарының тұрғылықты жерiн немесе тіркелген жерiн немесе орналасқан жерін алты ай iшiнде анықтау мүмкiн болмаған борышкер.

      Заңды тұлға, егер ол орналасқан жері бойынша немесе нақты мекенжайы бойынша болмаса, егер оның заңды тұлға бір жыл бойы оларсыз жұмыс істей алмайтын құрылтайшылары (қатысушылары) және лауазымды адамдары болмаса, егер ол заңды тұлғаның жарғылық мақсаттарына қайшы келетін қызметті жиі жүзеге асырудан, қызметін тиісті лицензиясыз не заңнамалық актілермен тыйым салынған қызметті жүзеге асырудан көрінетін заңнаманы өрескел бұза отырып, қызметті жүзеге асырса, АК-нің 49-бабы 2-тармағының 3) және 4) тармақшаларына сәйкес таратылуы мүмкін.

      Жоқ заңды тұлғаны және жоқ борышкерді тарату тек сот тәртібімен жүзеге асырылады.

      Жоқ заңды тұлғаны және жоқ борышкерді тарату тәртібі оның несиелік берешегінің (несие берушілерінің) болуына не болмауына байланысты анықталады.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2008.12.22. N 23, 2011.12.30 № 5; 29.11.2018 № 18 ( алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      3. Мұның өзі АК-нің 49-бабы 2-тармағының 3) тармақшасына сәйкес заңнаманы өрескел бұзу болып табылады. Егер тиісті заңды тұлғаның құрылтайшысы не оны басқару жөніндегі функцияларды орындайтын жеке тұлға (тұлғалар) ашқан заңды тұлғаны құруды, қайта құруды, таратуды, сондай-ақ оның қызметін регламенттейтін және (немесе) реттейтін ұлттық заңнаманың, ратификацияланған халықаралық шарттардың нормаларын қасақана немесе абайсызда көрінеу және елеулі бұзушылық шын мәнісінде теріс немесе заңды салдарды тудырса не тудыру үшін нақты қауіп төндірсе, ондай заң бұзушылықты заңды тұлғалардың қызметін жүзеге асыру кезінде заңнаманы өрескел бұзушылық деп есептеген жөн.

      АК-нің 49-бабы 2-тармағының 3) тармақшасында аталған жоқ заңды тұлғаның кез келген белгілері жекелеп алғанда, сондай-ақ заңды тұлғаның несие берушілерінің болмауы заңды тұлғаны тарату үшін өз алдына бөлек негіздеме болып табылмайды.

      Тұрған орнында немесе нақтылы мекен-жайында жоқ, сондай-ақ құрылтайшылары (қатысушылары) мен лауазымды адамдары жоқ заңды тұлға, егер осы заңды тұлға өз қызметін уақытша тоқтатса, бірақ салықтық есебін уақытында, белгіленген мерзімде ұсынып отырса АК-нің 49-бабы 2-тармағының 3) тармақшасына сәйкес таратылуға тиіс емес.

      Лауазымды тұлғалары жоқ, бірақ заңды тұлғаның қызметі үшін жауапкершілік көтеретін және лауазымды тұлғаларды тағайындауға (сайлауға) құқылы құрылтайшылары (қатысушылары) бар заңды тұлға көрсетілген тәртіппен таратылуға тиіс емес.

      Жоқ заңды тұлғаның салықтық есебін ұсынбауын жұмыс істейтін заңды тұлғаның есепті ұсыну мерзімдерін бұзуынан ажырата білу керек. Тіркеу орны бойынша орналасқан (демек бар) және өз қызметін жүзеге асыратын, бірақ салықтық есебін белгіленген мерзімде ұсынбайтын заңды тұлғалар, құрылтайшылар (қатысушылар) не лауазымды тұлғалар осы заң бұзушылықтары үшін қолданыстағы заңнамамен белгіленген тәртіпте жауапкершілік көтереді.

      Ескерту. 3-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.12.30 № 5; 29.11.2018 № 18 ( алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      4. АК-нің 49-бабының 3-тармағына сәйкес, жоқ заңды тұлғаны тарату туралы талапты сотқа заң актілерімен мұндай талаптарды қою құқығы берілген мемлекеттік орган, ал банкрот болған жағдайларда - сондай-ақ несие берушілер қоюы мүмкін. Мұндай құқық, атап айтқанда, "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы кодексінің (Салық кодексі) 19-бабымен салық органдарына берілген.

      Салық органдары АК-нің 49-бабы 2-тармағының 1), 2), 3), 4) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша соттарға заңды тұлғаны тарату туралы талаптар қоюға құқылы.

      Тиісті лицензиясыз қызметін жүзеге асыруына байланысты заңды тұлғаны тарату туралы талапты қою құқығына лицензиар ие болады.

      "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы № 413-IV Заңның 133-бабының 1-тармағына сәйкес республикалық мемлекеттік кәсіпорынды Қазақстан Республикасының Үкіметі, коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынды жергілікті атқарушы органдар құрады.

      Республикалық заңды тұлғаны, егер заңдарда өзгеше көзделмесе, мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның келісімімен тиісті саланың уәкілетті органы таратады. Коммуналдық заңды тұлғаны жергілікті атқарушы орган немесе аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімінің және жергілікті қоғамдастық жиналысының келісімімен аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауыл округі әкімінің аппараты таратады.

      Мемлекеттік мекеменің өзі құрылтайшы болған жұмыс істемейтін басқа мемлекеттік мекемені тарату туралы талабы қанағаттандырылуға жатпайды, өйткені осындай заңды тұлғаны тарату рәсімін АК-нің 50-бабына сәйкес сот емес, тарату туралы шешім қабылдаған орган жүзеге асырады.

      Несиелік берешегі бар жоқ заңды тұлға (жоқ борышкер) Заңның 57, 118-баптарында белгіленген оңайлатылған рәсімдеу бойынша банкрот болуына (дәрменсіздікке) байланысты АК-нің 49-бабы 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес сот тәртібімен таратылуға жатады.

      Жоқ борышкерді банкроттық негізде тарату туралы талапты мәлімдеу құқығы Заңның 44, 47-баптарымен несие берушілерге, салық органына немесе салықтар мен бюджетке төленетін басқа да төлемдер бойынша өзге уәкілетті мемлекеттік органға, сондай-ақ прокурорға берілген.

      Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 29.11.2018 № 18 нормативтік қаулысымен ( алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      5. Несие берушілері болмаған жоқ заңды тұлғаны тарату туралы немесе несиелік берешегі бар жоқ борышкерге қатысты банкроттық жөнінде іс қозғау туралы сотқа талап қою кезінде өтініш берушілер заңды тұлғаның құрылтайшылық құжаттарда көрсетілген жерде немесе нақтылы мекен-жайында жоқтығына дәлелдемелерді, сондай-ақ оларсыз заңды тұлға өзінің қызметін жүзеге асыра алмайтын құрылтайшылардың, қатысушылардың және лауазымды адамдардың жоқтығына дәлелдемелерді ұсынуға міндетті. Осы орайда заңды тұлғаның құрылтайшылық құжаттарында көрсетілген жерде немесе нақтылы мекен-жайда жоқтығының заңмен белгіленген мерзімінің өткені борышкерлер үшін - алты ай ішінде, жұмыс істемейтін заңды тұлғалар үшін - өтініш беруші сотқа жүгінгенге дейін бір жыл ішінде расталуға тиіс.

      Мұндай дәлелдемелер жергілікті мемлекеттік басқару органдарының, тиісті ауданның (қаланың) аумағында кәсіпкерлік қызметке бақылауды жүзеге асыратын өзге органдардың, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық қызмет көрсететін органдардың актілері, анықтамалары немесе өзге де құжаттары болуы мүмкін. Заңды тұлғаның жоқтығына сондай-ақ байланыс органдарының соттың заңды тұлғаның атына жіберген жоқ заңды тұлғаны тарату туралы өтініштің және іс бойынша іс қозғау туралы сот ұйғарымының көшірмелерін адресаттың жоқтығы немесе оның шығып кеткені туралы белгі соғып, кері қайтаруы, сонымен қатар корпорациялық табыс салығы туралы (жиынтық жылдық табыс пен жасалған шегерімдер туралы) декларацияны немесе оңайлатылған декларацияны заңда белгіленген табыс ету мерзімінен кейін бір жыл өткен соң табыс етпеуі дәлелдеме болып табылады.

      Ескерту. 5-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 29.11.2018 № 18 нормативтік қаулысымен ( алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      6. Заңды тұлға оларсыз өз қызметін жүзеге асыра алмайтын (жұмыс істей алмайтын) адамдардың шеңберін әрбір нақтылы жағдайда жарғылық құжаттар негізінде сот анықтайды. Жоқ заңды тұлғаны (борышкерді) тарату туралы өтінішпен сотқа жүгіну кезінде өтініш берушілер құрылтайшылық құжаттарды не құрылтайшылық құжаттардың нотариалдық куәландырылған көшірмелерін, сондай-ақ осы заңды тұлғаны заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәландыратын құжаттарды ұсынуға міндетті.

      Оларсыз заңды тұлғаның қызметін жүзеге асыру (жұмыс істеу) мүмкін болмайтын, жарғылық құжаттарда көрсетілген лауазымды тұлғалардың, сондай-ақ құрылтайшылар мен қатысушылардың - жеке тұлғалардың жоқтығы олардың кетіп қалғаны туралы құжаттармен, тұрмайтыны жөнінде куәгерлердің айғағымен, басқа да дәлелдемелермен расталуы мүмкін.

      Заңды тұлға белгіленген тәртіппен қызметтен босатқан тұлғалар, тіпті оның тұрғылықты орны белгілі болса да және олар сот отырысына келсе де жұмыс істемейтін заңды тұлғаның (жоқ борышкердің) тиісті өкілдері болып танылмайды.

      Егер басқа тұлғалар жоқ заңды тұлғаның, оның ішінде борышкердің дара құрылтайшысы (қатысушысы) болып табылса және олар заңмен белгіленген тәртіппен таратылса, онда осы мән-жай да заңды тұлғаның құрылтайшысының (қатысушысының) болмағанына дәлелдеме болып табылады.

      Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 29.11.2018 № 18 нормативтік қаулысымен ( алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      7. Заңды тұлғаның қызметін оларсыз жүзеге асыру мүмкін болмайтын лауазымды тұлғалардың өлгені туралы, әрекет қабілеттілігін тану, бас бостандығынан айыруға соттау не қызметтің белгілі бір түрімен айналысу құқығынан айыру, хабарсыз кетті деп тану туралы немесе дара құрылтайшылардың (қатысушылардың) - жеке тұлғалардың (құқығын иеленуші болмаған кезде) өлгені туралы құжаттарды соттар дәлелдемелер ретінде қабылдауы мүмкін.

      Мұндай жағдайда заңды тұлғаны тарату туралы талап аталған оқиғалар орын алған күннен бастап алты ай (бір жыл) өткенге дейін де қойылуы мүмкін.

      8. Жоқ борышкерлердің несиелік берешегінің бары немесе жоқ заңды тұлғаның несие берушілерінің болмауы олардың салық органдарына соңғы тапсырған салықтық есебіне, баланстарына, анықтамаларына, өзге құжаттарына түсіндірмелер беру арқылы расталуы мүмкін.

      Жоқ заңды тұлғаның (жоқ борышкердің) несие берушілерінің немесе несиелік берешегінің болуы немесе болмауы туралы өтінішпен бірге ұсынылған дәлелдемелерге байланысты сотқа жүгінген талапкер АК-нің немесе Заңның тиісті баптарына сілтеме жасай отырып, жоқ заңды тұлғаны (жоқ борышкерді) тарату туралы талапты мәлімдеу үшін заңмен көзделген негіздемелерді көрсетуге міндетті.

      9. Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 31-тарауында және Заңның 44, 45, 46, 47-баптарында көзделген жоқ борышкерді тарату туралы арыздарды, олардың банкроттығы туралы сотқа берілген арыздарды ресімдеуге қойылған талаптарды соттар осы санаттағы істердің ерекшеліктерін ескере отырып қолданғандары жөн.

      Несие берушілердің борышкерге қояр талап сомасы жөнінде Заңның 5-бабы 1-тармағының 1), 2), 3) тармақшаларында белгіленген шектеулер жоқ борышкерге қатысты қолданылмайды және жоқ борышкердің банкроттығы туралы өтінішті соттар борышкердің қолында қалған берешектің сомасының мөлшеріне қарамастан қабылдайды.

      Салық органдары және прокурор жоқ заңды тұлғаны, сондай-ақ жоқ борышкерді тарату туралы сотқа өтініш беру кезінде мемлекеттік баж төленбейді. Басқа несие берушілер борышкердің банкроттығы туралы өтінішпен сотқа жүгінген жағдайда мемлекеттік баж жалпы тәртіппен төленеді.

      Ескерту. 9-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2008.12.22. N 23; 29.11.2018 № 18 ( алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      10. Жоқ заңды тұлғаның (жоқ борышкердің) ұйымдық-құқықтық нысанының қолданыстағы АК-нің 34-бабының талаптарына сәйкес келмеуі, өтініш берушінің сотқа жүгінуі кезінде жоқ заңды тұлғаның (жоқ борышкердің) мүліктерінің барлығы туралы мәліметті ұсынбауы соттың заңды тұлғаны тарату туралы өтінішті қарауға қабылдаудан бас тартуы үшін негіз болып табылмайды.

      Заңды тұлғаның заңды тұлғалардың бірыңғай мемлекеттік тізілімінде болмауы да, егер осы заңды тұлға қолданыстағы АК-нің қабылданғанға дейін құрылса және оның құрылуын осындай тіркеуді жүргізуге уәкілетті орган тіркеген жағдайда, соттың өтінішті қарауға қабылдаудан бас тартуына негіз бола алмайды.

      Ескерту. 10-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 29.11.2018 № 18 нормативтік қаулысымен ( алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      11. Жоқ заңды тұлғаны тарату туралы өтініш талап қою ісін жүргізу тәртібімен, жоқ борышкердің банкроттығы туралы өтініш - ерекше іс жүргізу тәртібімен қаралады.

      Заңды тұлғаның (құрылтайшылардың, қатысушылардың және лауазымды адамдардың) мүдделерін білдіруге жарғылық құжаттармен өкілеттік алған адамдардың сот отырысына келмеуі өтінішті сырттай іс жүргізу тәртібімен қарауға әкеп соқпайды.

      12. Егер сот жоқ заңды тұлғаны тарату туралы істі қарау кезінде өтініш беруші жоқ деп жариялаған заңды тұлғаның уәкілетті лауазымды адамдары немесе оның құрылтайшылары (қатысушылары) сотқа келсе немесе заңды тұлғаның қызметін жалғастырып жатқанын не таратумен келісетіндіктерін жазбаша мәлімдесе, онда сот осы заңды тұлғаны жоқ заңды тұлға ретінде тарату туралы талаптан бас тартады.

      Несие берушілер (немесе несиелік берешек) тікелей сот отырысы кезінде анықталған жағдайда, сот егер заңды тұлғаны тарату туралы талап тек оның несие берушілерінің жоқтығына байланысты мәлімделсе, онда заңды тұлғаны тарату туралы талаптан бас тартады.

      АК-нің 49-бабы 2-тармағының 3) тармақшасымен несие берушілері болмаған жоқ заңды тұлға үшін белгіленген негіз бойынша заңды тұлғаны таратудан бас тарту несие берушілердің, уәкілетті органның немесе прокурордың сол заңды тұлғаны азаматтық заңнамада көзделген басқа негіздер бойынша тарату туралы қайтадан талап қоюына кедергі келтірмейді.

      Ескерту. 12-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.12.30 № 5 Нормативтік қаулысымен.

      13. Несие берушінің, прокурордың немесе уәкілетті органның сотқа берген жазбаша өтініші бойынша сот жоқ заңды тұлғаны тарату туралы мәлімделген талаптың негіздерін өзгерту жөніндегі мәселені қарауға құқылы.

      Талапкер өтінішпен сотқа жүгіну кезінде жоқ деп көрсеткен уәкілетті лауазымды адамдардың, сондай-ақ заңды тұлғаның құрылтайшыларының (қатысушыларының) сотқа келіп, өздерінің оларды тарату туралы талаппен, оның ішінде оңайлатылған рәсім бойынша тарату туралы талаппен келісуі өтінішті қанағаттандыру үшін сөзсіз негіз болып табылмайды. Сот талаптан бас тарта отырып, құрылтайшылық құжаттармен өкілеттік алған адамдарға олардың заңды тұлғаны өз еркімен тарату туралы мәселені өз ықтиярлары бойынша шешуге не қолданыстағы заңнамамен көзделген өзге де негіздемелер бойынша мәжбүрлеп тарату туралы өтінішпен сотқа жүгінуге құқылы екенін түсіндіруге міндетті.

      14. Алып тасталды - ҚР Жоғарғы Сотының 29.11.2018 № 18 нормативтік қаулысымен ( алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      15. Жоқ заңды тұлғаны және жоқ борышкерді тарату туралы талаптарды қарау кезінде сот оның құрылтайшылық құжаттарының негізінде оларсыз заңды тұлғаның қызмет етуі мүмкін емес тұлғалардың шеңберін, оның құрылтайшыларының (қатысушыларының) құрамын анықтауы және заңды тұлғаның болмағандығын және болмаған уақытын растап ұсынылған дәлелдердің жеткілікті екеніне баға беруі қажет.

      Ескерту. 15-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 29.11.2018 № 18 нормативтік қаулысымен ( алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      16. Уәкілетті орган жоқ болған борышкерді таратуды банкроттық рәсімді қозғамастан Заңның 118-бабында белгіленген тәртіппен жүзеге асырады.

      Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 29.11.2018 № 18 нормативтік қаулысымен ( алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      17. АК-нің 49-бабының 3-тармағына сәйкес, жоқ заңды тұлғаны тарату жөніндегі міндеттерді сот оның мүлкінің меншік иесіне, меншік иесі өкілеттік берген органға, заңды тұлғаны таратуға оның құрылтайшылық құжаттарымен өкілеттік берілген органға не өзге де органға жүктеуі мүмкін.

      Жоқ заңды тұлғаларды тарату және банкроттау рәсімін жүргізу республикалық бюджет есебінен қаржыландырылатындықтан сот жоқ заңды тұлғаны тарату жөніндегі міндеттерді жоқ борышкерді тарату кезіндегі сияқты уәкілетті органға жүктеуі мүмкін.

      Жұмыс істемейтін заңды тұлғаны тарату АК-нің 50-бабымен белгіленген тәртіпте жүргізіледі.

      18. Соттың жоқ заңды тұлғаны тарату туралы шешімі не соттың жоқ борышкердің дәрменсіздігі (банкроттығы) туралы шешімі заңды тұлғаны тарату рәсімдері аяқталғанға дейін заңды тұлғаны заңды тұлғалардың мемлекеттік тізімдемесінен шығарып тастау үшін негіз болып табылмайды.

      Жоқ заңды тұлғаны мәжбүрлеп тарату туралы немесе жоқ борышкерді банкрот деп тану туралы күшіне енген сот шешімінің көшірмесі заңды тұлғаны тіркеуді жүзеге асыратын әділет органына және статистика жөніндегі мемлекеттік уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне мәлімет үшін жіберіледі.

      19. Жоқ заңды тұлғаны тарату кезінде табылған мүлік таратуға байланысты шығындардың орнын толтыру үшін жұмсалады, қалған мүлік АК-нің 50-бабының 8-тармағына сәйкес құрылтайшылық құжаттарда көрсетілген мақсаттарға жұмсалады.

      20. Сот тарату рәсімдерін жүргізу жөніндегі міндеттерді жүктеген тұлға сотқа өзінің қызметі туралы қорытынды есепті және тарату балансын ұсынады.

      Сот ұсынылған құжаттарды әрі кеткенде 15 күн мерзім ішінде қарайды және есепті бекіту жөнінде немесе конкурстық іс жүргізуді (таратуды) аяқтау немесе есепті бекітуден бас тарту туралы ұйғарым шығарады.

      Егер есепте жоқ заңды тұлғаны немесе жоқ борышкерді тарату кезінде қажетті рәсімдерді жүзеге асыру туралы жеткілікті мәліметтер мен дәлелдемелер болмаған жағдайда сот есепті бекітуден бас тарта алады.

      Егер жоқ борышкердің несие берушілері тарату жүктелген адамның шешіміне, әрекетіне сотқа шағым берсе, онда сот есепті тек дауды қарау бойынша шығарылған сот актісі күшіне енгеннен кейін қарайды.

      Ескерту. 20-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 29.11.2018 № 18 нормативтік қаулысымен ( алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      21. Уәкілетті органға тарату рәсімін жүргізу міндеті жүктелген кезде оған Заңда көзделген әкімшінің құқықтары мен міндеттері ауысады. Банкротта активтер, сонымен қатар Заңның 7-бабында көзделген негіздер бойынша жарамсыз деп тануға жататын мәмілелер болмаған жағдайда, уәкілетті орган кредит берушілер жиналысына келісу үшін қорытынды есепті және тарату балансын бір ай мерзімде ұсынуға міндетті. Уәкілетті орган кредит берушілер жиналысымен келіскен кезден бастап екі жұмыс күні ішінде қорытынды есеп пен тарату балансын бекіту үшін сотқа ұсынуға міндетті, сот қорытынды есепті бекіткеннен кейін үш жұмыс күні ішінде банкроттың банктік шоттарын жабуға және мемлекеттік кіріс органына салық төлеуші куәлігін және қосылған құн салығы бойынша есепке қою туралы куәлікті (егер ол бар болса) тапсыруға міндетті.

      Ескерту. 21-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 29.11.2018 № 18 нормативтік қаулысымен ( алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      22. Сот ұйғарымының қарар бөлімінде уәкілетті органға заңды тұлғаны тарату туралы шешімнің және тарату рәсімдерінің аяқталғаны туралы ұйғарымның көшірмесін әділет басқармасының тіркеу органына жіберу жөнінде тапсырма жүктелуге тиіс.

      Өтініш иесі сотқа жүгінген кезде ұсынған жоқ заңды тұлға мен жоқ борышкердің құрылтайшылық құжаттарының түпнұсқалары, егер заңды тұлға Әділет министрлігінің органдарында тіркеуден өтпесе, сот актілерінің көшірмелерімен бірге әділет тіркеу органына тапсырылады.

      Тіркеуші орган заңды тұлғаны тарату туралы бұйрықтың көшірмесін іс материалдарына қосу үшін он күн мерзімнің ішінде сотқа жібереді.

      Тіркеуші орган заңды тұлғаны тарату туралы бұйрық шығарғаннан кейін және бұл туралы заңды тұлғалардың мемлекеттік тізіліміне тиісті жазба енгізілгеннен кейін ғана заңды тұлғаның таратылуы аяқталды, ал заңды тұлға жұмыс істеуін тоқтатты деп есептеледі.

      23. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, сондай-ақ жалпыға міндетті болып табылады әрі ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасы


Жоғарғы Сотының Төрағасы


Қазақстан Республикасы


Жоғарғы Сотының судьясы,


жалпы отырыс хатшысы



Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады