Орта мерзiмдi фискалдық саясатты әзiрлеу ережесiн бекiту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 21 маусымдағы N 677 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 22 қарашадағы N 827 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 22.11.2021 № 827 қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 24 сәуiрдегі Бюджет кодексiне сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:

      1. Қоса берiлiп отырған Орта мерзiмдi фискалдық саясатты әзiрлеу ережесi бекiтiлсiн.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

Қазақстан Pecпубликасының


Премьер-Министрі



  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2004 жылғы 21 маусымдағы
N 677 қаулысымен
бекiтiлген

Орта мерзiмдi фискалдық саясатты әзiрлеу ережесi
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 24 сәуiрдегi Бюджет кодексiне сәйкес әзiрлендi және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң, облыстардың жергiлiктi атқарушы органдарының, республикалық маңызы бар қаланың, астананың және аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) орта мерзiмдi фискалдық саясатын әзiрлеу тәртiбiн айқындайды.

      2. Орта мерзiмдi фискалдық саясат алдағы үш жылдық кезеңге арналған салық-бюджет саясатын, оның iшiнде:

      мемлекеттiк, республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң болжамды көрсеткiштерiн;

      республиканың немесе өңiрдiң стратегиялық, әлеуметтiк-экономикалық дамуының орта мерзiмдi кезеңге арналып белгiленген басымдықтарын ескере отырып, бюджет қаражатын жұмсаудың басым бағыттарын;

      бюджет қаражатын жұмсаудың басым бағыттарын;

      бюджетаралық қатынастарды дамыту бағыттарын;

      мемлекеттiк және мемлекет кепiлдiк берген қарыз алу мен борыш саласындағы саясатты;

      ықтимал фискалдық тәуекелдердi айқындайтын құжатты бiлдiредi.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.09.25. N 909 қаулысымен.

      3. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң орта мерзiмді фискалдық саясатын бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган (бұдан әрi - орталық уәкiлеттi орган) әзiрлейдi.

      4. Жергiлiктi атқарушы органның орта мерзiмдi фискалдық саясатын облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджеттiк жоспарлау жөніндегі жергiлiктi уәкiлеттi органы (бұдан әрi - жергiлiктi уәкiлеттi орган) әзiрлейдi.

      5. Орта мерзiмдi фискалдық саясат Қазақстан Республикасы Президентiнiң Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауын ескере отырып:

      Қазақстан Республикасының Бюджет кодексi;

      "Салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер туралы" (Салық кодексi) Қазақстан Республикасының Кодексi;

      Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң бағдарламасы;

      Қазақстан Республикасының және өңiрлердiң стратегиялық және орта мерзiмдi әлеуметтiк-экономикалық даму жоспарлары;

      мемлекеттiк, салалық (секторалдық) және өңiрлiк бағдарламалар;

      өткен қаржы жылында бекiтiлген орта мерзiмдi фискалдық саясат;

      өткен қаржы жылындағы бюджеттің атқарылуын талдау, оның негiзгi бағыттарын жыл сайын түзете отырып, бағдарламаларды бағалау, бюджеттiк бағдарламаларды әзiрлеу мен iске асыруды бағалау негiзiнде әзiрленедi.

      Ескерту. 5-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.09.25. N 909 қаулысымен.

      6. Орта мерзiмдi фискалдық саясат жыл сайын үш жылдық кезеңге жоспарланатын кезеңдi бiр жылға ұзартуды көздейтiн жылжымалы негізде әзiрленедi.

      6-1. Орта мерзiмдi фискалдық саясатқа, егер бюджеттi әзiрлеу немесе нақтылау кезiнде оның негiзгi бағыттары түзетiлген жағдайда өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн.

      Ескерту. 6-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2006.09.25. N 909 қаулысымен.

      7. Орта мерзiмдi фискалдық саясатты әзiрлеу үшiн қажеттi ақпараттық-статистикалық материалдарды мемлекеттiк органдар, ұйымдар мен кәсiпорындар заңнамада белгiленген тәртiппен орталық және жергiлiктi уәкiлеттi органдарға ұсынады.

2. Орта мерзiмдi фискалдық саясаттың құрылымы

      8. Орта мерзiмдi фискалдық саясат мынадай негiзгi бөлiмдердi қамтиды:

      1) әлеуметтiк-экономикалық жағдайы;

      2) фискалдық саясаттың мақсаттары мен мiндеттерi;

      3) кiрiс саясаты;

      4) шығыстар саясаты;

      5) бюджеттік кредит беру;

      6) алынып тасталды

      7) бюджетаралық қатынастар;

      8) мемлекеттiк және мемлекет кепiлдiк берген қарыз алу мен борышты басқару.

      Ескерту. 8-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.09.25. N 909 қаулысымен.

      9. "Әлеуметтiк-экономикалық жағдайы" бөлiмiнде Қазақстан Республикасының немесе өңiрдiң өткен кезеңдегi әлеуметтiк-экономикалық дамуын қысқаша талдау, Қазақстан Республикасының немесе өңiрдiң әлеуметтiк-экономикалық дамуының жоспарланатын кезеңге арналған негiзгi көрсеткiштерiнiң басты бағыттары және болжамы қамтылуы тиiс.

      10. Орта мерзiмдi фискалдық саясаттың мақсаттары елдiң әлеуметтiк-экономикалық дамуының стратегиялық және орта мерзiмдi жоспарларына негiзделе отырып, қалыптастырылады.

      Мiндеттер алға қойылған мақсаттарға неғұрлым тиiмдi әдiстермен қол жеткiзу жолдарын айқындайды.

      11. Кiрiс саясатында орта мерзiмдi кезеңдегi бюджет кiрiстерiн және Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын қалыптастыру саясатының мақсаттары мен мiндеттерi, сондай-ақ мемлекеттің экономикалық саясатының мақсаттарын iске асыруға мүмкiндiк беретiн салық жүктемесiнiң ықтимал әдiл деңгейiне қол жеткiзуге бағытталған кiрiстердiң түсiмiн тұрақтандыратын шаралар қамтылуы тиiс.

      Ескерту. 11-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.09.25. N 909 қаулысымен.

      12. Шығыстар саясаты бюджеттiң және Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының шығыстары бөлiгiнде бюджет саясатының мақсаттары мен мiндеттерiн, мемлекет функцияларының орындалуын және республикадағы немесе экономиканың салалары (секторлары) бойынша мемлекеттiк саясаттың iске асырылуын көрсететiн үш жылдық кезеңге арналған шығыстардың басым бағыттарын, мемлекеттiң қаржы активтерiн сатып алу және сату бөлiгiнде Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң немесе жергiлiктi атқарушы орган саясатының бағыттарын қамтуы тиiс.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2006.09.25. N 909 қаулысымен.

      13. Бюджеттік кредит беру үш жылдық кезеңге арналған бюджеттiк кредит берудің мақсаттары мен мiндеттерiн, оның iшiнде бюджеттiк кредиттердi ұсынуды және қайтаруды белгiлеу тиiс.

      14. алынып тасталды
      Ескерту. 14-тармақ алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 2006.09.25. N 909 қаулысымен.

      15. Бюджетаралық қатынастар жоғарғы және төменгі бюджеттер арасындағы бюджетаралық қатынастарды реттеу және дамыту бағыттарының үш жылдық кезеңге арналған нысандарын белгiлейдi. Бюджетаралық қатынастарды реттеу нысандарын айқындау кезiнде бюджеттiң әр деңгейiнiң салық әлеуеті, өңiрлердiң объективтi бюджеттiк қажеттіктерін бағалау нәтижелері, бекітiлген заттай нормалар ескерiледi.

      16. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң орта мерзiмдi фискалдық саясатында мемлекеттік және мемлекет кепiлдiк берген қарыз алу мен борышты басқару саясатының үш жылдық кезеңге арналған мақсаттары мен мiндеттерi, мемлекеттiк және мемлекет кепiлдiк берген борыштың үш жылдық кезеңге арналған көрсеткiштерiнiң болжамы қамтылуы тиiс.

      Жергiлiктi атқарушы органның орта мерзiмдi фискалдық саясатында iшкi мемлекеттiк қарыз алу мен борышты басқару саясатының мақсаттары мен міндеттері, үш жылдық кезеңге арналған жергілiктi атқарушы органның iшкi мемлекеттік борыштың көрсеткiштер болжамы қамтылуы тиіс.

      17. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң орта мерзiмдi фискалдық саясатында үш жылдық кезеңге арналған мемлекеттік бюджеттiң болжамды көрсеткiштерi қамтылуы тиiс.

      Жергілiктi атқарушы органның орта мерзiмдi фискалдық саясатында үш жылдық кезеңге арналған тиiстi жергiлiктi бюджеттiң болжамды көрсеткiштерi қамтылуы тиiс.

      Ескерту. 17-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.09.25. N 909 қаулысымен.

      18. Орта мерзiмдi фискалдық саясатта мемлекет функцияларының орындалуын және мемлекеттiк саясаттың iске асырылуын, ағымдағы бюджеттiк бағдарламалар мен бюджеттік даму бағдарламалар көлемiнiң болжамын көрсететiн функционалдық белгілер бойынша бюджет шығыстарының болжамды көрсеткiштерi қамтылуы тиiс.

      19. Орта мерзiмдi фискалдық саясат бөлiмдерiнде алға қойылған мақсаттар мен мiндеттерге қол жеткiзу үшін құралдар мен шаралар тiзбесi, алға қойылған мақсаттарға қол жеткiзу деңгейін сипаттайтын экономикалық және бюджеттiк көрсеткiштер, орта мерзiмдi кезеңде фискалдық саясат жүргізу нәтижесiндегi ықтимал фискалдық тәуекелдердiң талдауы қамтылуы тиiс.

3. Орта мерзiмдi фискалдық саясатты әзiрлеу және бекiту

      20. Орта мерзiмдi фискалдық саясатты әзiрлеудiң және бекiтудiң мынадай:

      1) ұйымдық;

      2) орта мерзiмдi фискалдық саясат жобасын әзiрлеу;

      3) орта мерзiмдi фискалдық саясатты келiсу және бекiту кезеңдерi көзделiп отыр.

      21. Орта мерзiмдi фискалдық саясат жобасын әзiрлеудiң ұйымдық кезеңi өзiне ағымдағы жылдың 1 мамырына дейiн орталық уәкiлеттi орган және жергiлiктi уәкiлеттi орган басшысының құжаттарды (орта мерзiмдi фискалдық саясатты әзiрлеудiң үйлестiру жоспарын, оның тұжырымдамалық ұстанымдарын, орта мерзiмдi фискалдық саясаттың негізгi бөлiмдерiнiң құрылымдарын; мемлекеттiк, республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң көлемiн, мемлекеттiк және мемлекет кепiлдiк берген қарыз алу мен борышты болжамдау үшiн қажеттi көрсеткiштердiң тiзбесiн) бекiтуiн қамтиды.

      Ескерту. 21-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.09.25. N 909 қаулысымен.

      22. Орта мерзiмдi фискалдық саясат жобасын әзiрлеу кезеңi:

      1) мемлекеттiк органдардың орталық уәкiлеттi органға және жергiлiктi уәкiлеттi органға орта мерзiмдi фискалдық саясаттың негiзгi бөлiмдерi бойынша ақпарат ұсынуын;

      2) мемлекеттiк уәкiлеттi органның және жергiлiктi уәкiлеттi органның мемлекеттiк органдардың ұсыныстары негiзiнде орта мерзiмдi фискалдық саясаттың жобасын дайындауын;

      3) орта мерзiмдi фискалдық саясат жобасын тиiстi бюджет комиссиясының қарауына ұсынуын көздейдi.

      Ескерту. 22-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.09.25. N 909 қаулысымен.

      23. Орта мерзiмдi фискалдық саясат жобасын әзiрлеу кезеңiнде бюджет комиссиясы:

      алдағы үш жылдық кезеңге арналған салық-бюджет саясатын айқындау;

      алдағы үш жылдық кезеңге арналған бюджет қаражаты жұмсалуының басым бағыттары;

      алдағы үш жылдық кезеңге арналған мемлекеттiк, республикалық немесе жергiлiктi бюджеттердiң болжамды көрсеткiштерiн айқындау;

      бюджетаралық қатынастарды дамыту бағыттары;

      алдағы үш жылдық кезеңге арналған бюджеттiк кредит беру, мемлекеттiк және мемлекет кепiлдiк берген қарыз алу мен борыш, қаржылық активтердi басқару салаларында саясатты айқындау бойынша ұсыныстарды тұжырымдайды.

      Ескерту. 23-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.09.25. N 909 қаулысымен.

      24. Орта мерзiмдi фискалдық саясатты келісу кезеңi өзіне:

      1) орталық уәкiлеттi органның ағымдағы жылдың 5 тамызына дейiн және жергiлiктi уәкiлеттi органның ағымдағы жылдың 1 қыркүйегiне дейiн орта мерзiмдi фискалдық саясат жобасын мақұлдау үшiн тиiстi бюджет комиссиясына жiберуiн;

      2) орталық уәкiлеттi органның ағымдағы жылдың 10 тамызына дейiн және жергiлiктi уәкiлеттi органның ағымдағы жылдың 5 қыркүйегiне дейін орта мерзiмдi фискалдық саясат жобасын келiсуге мүдделi мемлекеттiк органдарға жiберуiн қамтиды.

      Ескерту. 24-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.09.25. N 909 қаулысымен.

      25. Орта мерзiмдi фискалдық саясатты бекiту кезеңi өзiне:

      1) орталық уәкiлеттi органның және жергiлiктi уәкiлеттi органның белгiленген тәртiппен тиiсiнше Қазақстан Республикасының Үкiметiне немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әкiмдiгiне орта мерзiмдi фискалдық саясат жобасын қарауға ұсынуын;

      2) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң орта мерзiмдi фискалдық саясатын ағымдағы жылдың 1 қыркүйегiне дейін Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысымен бекiтуiн;

      3) жергiлiктi атқарушы органның орта мерзiмдi фискалдық саясатын ағымдағы жылдың 1 қазанына дейiн тиiстi әкiмдiктiң шешiмiмен бекiтуiн қамтиды.

      Ескерту. 25-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.09.25. N 909 қаулысымен

      26. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың Бюджеттi жоспарлау жөнiндегi жергiлiктi уәкiлеттi органы жергiлiктi атқарушы органның бекiтiлген орта мерзiмдi фискалдық саясатын орталық уәкiлеттi органға жiбередi.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады