Қазақстан Республикасының Статистика жөнiндегi агенттiгi мен Беларусь Республикасы Статистика және талдау министрлiгiнiң арасындағы статистика саласындағы ынтымақтастық туралы келiсiмге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 6 шілдедегі N 741 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасының Статистика жөнiндегi агенттігi мен Беларусь Республикасы Статистика және талдау министрлiгiнiң арасындағы статистика саласындағы ынтымақтастық туралы келiсiмге қол қоюға келiсiм берiлсiн.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

  Қазақстан Республикасының Статистика жөнiндегі агенттiгі мен Беларусь Республикасы Статистика және талдау министрлiгінің арасындағы статистика саласындағы ынтымақтастық туралы
Келісім

      Қазақстан Республикасының Статистика жөнiндегi агенттігі мен Беларусь Республикасының Статистика және талдау министрлiгi (бұдан әрi - Тараптар),
      статистика саласындағы ынтымақтастықты дамытуға, ақпарат алмасуды кеңейтуге және Тараптар мемлекеттерiнiң статистика органдарының жұмысындағы өзара iс-қимылды күшейтуге екi жақты мүдделi болғандықтан,
      мына төмендегiлер туралы келiстi:

  1-бап

      Тараптар ынтымақтастықты мынадай нысандарда жүзеге асырады:
      статистикалық зерттеулердiң әдiстемелiк және арнаулы мәселелерi бойынша статистикалық жарияланымдар алмасу;
      Тараптар мемлекеттерiндегi әлеуметтiк-экономикалық ахуал мен оның дамуы туралы статистикалық басылымдар мен жарияланымдар (мысалы, жылнамалар, жинақтар, бюллеттеньдер және хабарламалар) алмасу;
      статистикалық деректер банктерiнiң және жаңа ақпараттық технологияларды енгiзудiң құрылымы мен менеджментiн қоса алғанда компьютерлiк техниканы пайдалану жөнiнде тәжiрибе алмасу;
      статистика және қазiргi заманғы ақпараттық қоғам талаптарына статистикалық әдiстердiң бейiмделуi саласындағы жаңа әдiстер туралы ақпарат алмасу;
      ұлттық шоттар жүйесiн енгiзу мәселелерi бойынша қолда бар тәжiрибемен алмасу;
      халықаралық бағдарламалар мен жобаларға қатысу мәселелерiнде өзара iс-қимыл жасау.

  2-бап

      Тараптар қажетiне қарай жұмыс тәжiрибесiмен алмасады және осы Келiсiмдi орындау барысында туындаған мәселелердi талқылайды.

  3-бап

      Осы Келiсiм шеңберiндегi қызметтi одан әрi үйлестiрудi тереңдету мақсатында қажет болған жағдайларда Тараптар өз өкiлдерiнен жұмыс тобын құра алады.

  4-бап

      Осы Келiсiмнiң шеңберiнде Тараптар алған ақпарат үшiншi тараптарға ақпаратты берген Тараптың жазбаша келiсiмiнсiз берiлмейдi.

  5-бап

      Тараптардың өзара келiсуi бойынша осы Келiсiмге өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн, олар жеке хаттамалармен ресiмделедi және осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiктерi болып табылады.

  6-бап

      Осы Келiсiмнiң қағидаларын түсiндiру немесе қолдану жөнiнде даулар туындаған жағдайда, Тараптар оларды келiссөздер және консультациялар жолымен шешедi.

  7-бап

      Осы Келiсiм оған қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi және үш жыл бойы қолданылады. Егер Тараптардың біреуі тиiстi мерзiм өткенге дейiнгi алты ай бұрын басқа Тарапқа оның қолданылуын тоқтату ниетi туралы жазбаша хабарламаса, онда осы Келісiмнiң қолданылу мерзiмi келесi үш жыл мерзiмге ұзартылады.
      Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсіну кезінде қайшы пiкiрлер туындаған жағдайда, Тараптар орыс тiлiндегi мәтiнге жүгінеді.
      Әрқайсысы қазақ, беларусь және орыс тiлдерiнде екi түпнұсқалық данада, 2004 жылғы "__" ________ ____________________ қол қойылды, барлық мәтiндердiң күшi бiрдей.

      Қазақстан Республикасының         Беларусь Республикасының
      Статистика жөнiндегi              Статистика және талдау
      агенттігі үшiн                    министрлiгі үшiн

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады