Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Корея Республикасының Үкiметi арасындағы атом энергиясын бейбiт пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы келiсiмге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 20 қыркүйектегі N 975 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:
      1. Қоса берiліп отырған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Корея Республикасының Үкiметi арасындағы атом энергиясын бейбiт пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы келiсiмнiң жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Энергетика және минералдық ресурстар министрi Владимир Сергеевич Школьникке Келiсiм жобасына қағидаттық сипаты жоқ өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң атынан Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Корея Республикасының Үкiметi арасындағы атом энергиясын бейбiт пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы келiсiмге қол қоюға өкiлеттiк берiлсiн.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшіне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба 

Қазақстан Республикасының Үкiметi мен
Корея Республикасының Үкiметi арасындағы
атом энергиясын бейбiт пайдалану саласындағы
ынтымақтастық туралы
Келiсiм

      Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Yкіметi мен Корея Республикасының Үкiметi,
      Атом энергиясын бейбiт мақсатта пайдаланудың екi елдiң әлеуметтiк және экономикалық дамуына жәрдемдесуде маңызды фактор болып табылатынын атай отырып,
      Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасында орын алған достық қатынастарды дамытуға ұмтыла отырып,
      Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы Атом энергиясы жөнiндегi халықаралық агенттiктiң (бұдан әрi - МАГАТЭ) және 1968 жылғы 1 шілдедегi Ядролық қаруды таратпау туралы келiсiмге (бұдан әрi - ЯҚТК) қатысушы мемлекеттер болып табылатынын мойындай отырып және
      Екi елдiң атом энергиясын дамытудағы және бейбiт мақсатта пайдаланудағы ынтымақтастығын кеңейту мен нығайтуға жалпы ұмтылысын назарға ала отырып,
      Мына төмендегiлер туралы келiстi:

1-бап
Мақсаттары

      Осы Келiсiмнің мақсаты Тараптардың атом энергиясын бейбiт пайдаланудағы ынтымақтастығы үшін, Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты өзара тиiмдi негiзде, Тараптардың әрқайсысының құқықтарына қысым жасамай-ақ нығайту үшін құқықтық негiз жасау болып табылады.

2-бап
Анықтамалар

      Осы Келiсiмнiң мақсаттары үшiн:
      а) "Жабдық" осы Келiсімнiң А қосымшасында келтiрiлген тiзiмдегi кез келген жабдықтарды, құрылғыларды немесе құрауыштарды бiлдiредi;
      б) "Материал" осы Келiсiмнiң Б қосымшасында келтiрілген тiзiмдегi кез келген ядролық емес материалды білдiредi;
      в) "Ядролық материал" кез келген бастапқы материалды немесе "арнайы ыдырайтын ядролық материалды" білдiредi, мұндай ұғымдар 1956 жылғы 26 қазандағы МАГАТЭ Жарғысының XX бабында анықталған. Ядролық материал немесе арнайы бөлiнетiн ядролық материал ретінде қаралатын материалдардың тiзiмiн толықтыратын МАГАТЭ Жарғысының XX бабы бойынша МАГАТЭ Басқарушылар кеңесiнің кез келген анықтауы, Тараптардың екеуі де осындай толықтыруды өздерi қабылдайтынын бiр-бiрiне жазбаша нысанда хабарлағанда, осы Келiсiм шеңберiнде күшiнде болады;
      г) "Бөлiнiп алынатын немесе жанама өнiм ретiнде алынатын арнайы бөлiнетiн материал" кез келген ядролық материалды пайдаланумен байланысты бiр немесе одан да көп процестердiң нәтижесiнде өндiрілген кез келген арнайы бөлiнетiн материалды бiлдiредi;
      д) "Тұлғалар" Тараптар әрқайсысының мемлекеттерiнiң заңдық құқығына жататын, бiрақ осы Келiсiмнiң Тараптарын қамтымайтын кез келген жеке тұлғаларды, мемлекеттік мекемелердi, компанияларды, бiрлестiктердi, қауымдастықтарды акционерлiк қоғамдарды, қоғамдық немесе жеке институттарды, концерндердi, топтарды және басқа да бiрлестіктердi бiлдiредi;
      e) "Ақпарат" ядролық материалдарды немесе ядролық таратпау мақсаттарына қатысты материалдарды өңдеу үшiн берушi Тарап жабдықты әзiрлеуге, өндiруге, пайдалануға немесе жөндеуге жататындар ретiнде қарастыратын ғылыми немесе техникалық деректердi білдiредi.

3-бап
Ынтымақтастық салалары

      Осы Келiсiм шеңберiнде Тараптар арасындағы ынтымақтастық мынадай салаларды:
      а) атом энергиясын бейбiт пайдалану саласындағы iргелi және қолданбалы зерттеулердi;
      б) атом электр станцияларын, зерттеу реакторларын немесе шағын және орта қуатты реакторларды зерттеудi, дамытуды, әзiрлеудi, салуды, пайдалануды, жөндеуді және пайдаланудан алуды;
      в) одан әрi өңдеуге және атом энергетикасында пайдалануға арналған ядролық материалдарды өндiру мен жеткiзудi;
      г) ядролық отын элементтерiн, жабдықтарын, жинақтаушы бұйымдарды, аспаптарды және басқа да ядролық техника құралдарын атом электр станцияларында, зерттеу реакторларында немесе шағын және орта қуатты реакторларда пайдалану үшiн өндiру мен жеткiзудi;
      д) ядролық материалдармен, радиоактивтi заттар мен қалдықтармен айналысуды қоса алғанда, ядролық-отын циклын;
      e) өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында және медицинада радиоактивтi изотоптарды өндiру мен қолдануды;
      ж) ядролық қауіпсiздiкті, радиациялық қорғау мен қоршаған ортаны қорғауды;
      з) ядролық кепілдiктер мен физикалық қорғауды;
      и) ядролық саясатты және атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметпен айналысатын персоналдың білiктілiгiн арттыруды;
      к) Тараптардың келiсiмi бойынша басқа да сапаларды қамтуы мүмкін.

4-бап
Ынтымақтастық нысандары

      Осы Келiсiмнiң 3-бабының шеңберiндегi ынтымақтастық мынадай:
      а) ғылыми-техникалық персоналмен алмасу және оларды дайындау;
      б) ғылыми және техникалық ақпаратпен және деректермен алмасу;
      в) симпозиумдар, семинарлар мен жұмыс топтарын ұйымдастыру;
      г) ядролық материалдарды, материалдарды, жабдықтар мен технологияларды табыстау;
      д) тиiстi техникалық консультациялар мен қызметтер көрсетудi ұсыну;
      e) бiрлескен ғылыми зерттеулер жүргiзу және өзара мүдденi білдiретiн жобаларды iске асыру нысандарда;
      ж) Тараптардың келiсiмi бойынша ынтымақтастықтың басқа да нысандары болуы мүмкiн.

5-бап
Құзыретті органдар мен атқарушы келiсiмдер

      1. Тараптар осы Келiсiм шеңберiндегi олардың елдерiнде қолданылатын заңнамаға сәйкес Тараптардың мiндеттемелерінiң орындалуына жауапты құзыреттi органдар анықтайды.
      2. Осы Келiсiм бойынша ынтымақтастықты орындау мақсатында Тараптардың құзыреттi органдары өз мемлекеттерiнiң заңнамасына сәйкес атқарушы келiсiмдер жасасуы мүмкiн.
      3. Өздерiнiң өкілеттiктеріне сәйкес құзыреттi органдар ынтымақтастық жөнiндегi нақты бағдарламалар мен жобалардың ережелерi мен шарттарын, жасалған атқарушы келiсiмдер бойынша рәсiмдер мен қаржылық келiсiмдердi анықтайды және Тараптардың қолданыстағы заңнамасына сәйкес басқа да мәселелер үшiн жауап бередi.

6-бап
Ақпарат

      1. Тараптар, осындай ақпаратты ұсынған Тараптың немесе құзыреттi органның осындай ақпаратты пайдалануға немесе таратуға қатысты қандай да бiр құқықты шектеу немесе өзiнде қалдыру туралы алдын ала хабарламаған жағдайларын қоспағанда, осы Келiсiм шарттарына сәйкес өздерi алмасқан кез келген ақпаратты еркiн пайдалана алады.
      2. Тараптар, Тараптардың бiрiнiң заңдық құқығы шеңберiнде құзыретті органдар берген коммерциялық және өндiрiстiк құпияларды және зияткерлiк меншiк құқықтарын қорғауды қоса алғанда, таратылуында шектелуi бар ақпаратты тиiсiнше қорғауды қамтамасыз ету үшiн солардың елдерiнде қолданыстағы заңнамаға сәйкес барлық қажеттi шараларды қолдануы тиiс. Осы Келiсiм шеңберiнде зияткерлiк меншiк деп 1967 жылғы 14 шiлдеде Стокгольмде қабылданған Дүниежүзілiк зияткерлiк меншiк ұйымы Құрылтай конвенциясының 2-бабында берiлген анықтама түсiнiледi.

7-бап
Ядролық материалды, арнайы бөлiнетiн материалдарды,
жабдықтарды, технологиялар мен ақпаратты беру

      1. Осы Келiсiм шеңберiнде ақпаратты, ядролық материалды, арнайы бөлiнетін материалдарды, жабдықтар мен технологияларды беру тiкелей Тараптардың арасында немесе уәкілеттi тұлғалар арқылы жүргiзiлуi мүмкiн. Мұндай берулер осы Келiсiмнiң және Тараптардың келiсiмi бойынша белгiленуi мүмкiн ықтимал қосымша шарттардың қолданылуына жатады.
      2. Осы Келiсiмге сәйкес берілген ядролық материалдар, материалдар, жабдықтар мен ақпарат және бөлiнiп алынатын немесе жанама өнiм ретiнде алынатын, арнайы бөлiнетін материалдарды алушы Тараптың заңдық құқығынан тысқары үшінші Тараптарға бұған берушi Тараптың жазбаша келiсiмiнсiз берiлмеуi тиiс. Тараптар арасында осы ереженi iске асыру мақсатында жеке келiсiм жасалуы мүмкiн.
      3. Ядролық материалдар, материалдар, жабдықтар мен бөлінiп алынатын немесе жанама өнiм ретінде алынатын арнайы бөлiнетiн материалдар:
      а) олар алушы Тараптың заңдық құқығынан тысқары берілмейiнше;
      б) ядролық материал кепiлдiктер тұрғысынан қандай да бiр ядролық қызмет үшiн бұдан былай пайдалануға жатпайынша немесе iс жүзiнде қалпына келтiрілмейтiндей болғанға дейiн. Тараптардың екеуi де МАГАТЭ-мен жасалған кепiлдiктердi қолдану туралы олардың келiсiмдерiне сәйкес әрекет жасауға тиiс;
      в) қолданыстағы халықаралық құқық нормаларына сәйкес Тараптар басқаша айтпайынша осы Келiсiмнің қолданылуына жатуға тиiс.
      4. Осы Келiсiм шеңберiнде берілген ақпарат бұдан кейiн де, Тараптар өзге туралы келiскенге дейiн, оның қолданылуына жатуға тиiс.

8-бап
Өңдеу және байыту

      1. Осы Келiсiм шеңберiнде берілген немесе кез келген осындай тәртiппен берiлген жабдықта пайдаланылатын уран Тараптардың жазбаша келiсiмiнсiз U-235 изотопы бойынша жиырма (20%) және одан да көп пайызға байытылуы мүмкiн емес.
      2. Осы Келiсiм шеңберiнде берілген ядролық материалдар және осы Келiсiм шеңберiнде берілген ядролық материалдарды, жабдықтарды немесе материалдарды пайдаланумен өндiрілген ядролық материалдар Тараптардың жазбаша келiсiмiнсiз өңделуi мүмкiн емес.

9-бап
Әскери мақсатта және жарылыстар үшiн
қолдануға тыйым салу

      Осы Келiсiм шеңберінде берілген ядролық материалдар, материалдар, жабдықтар мен ақпарат және бөлiнiп алынатын немесе жанама өнiм ретiнде алынатын арнайы бөлiнетiн материалдар ядролық қаруларды дамыту немесе кез келген ядролық жарылыс құрылғыларын шығару үшiн немесе кез келген әскери мақсаттар үшiн пайдаланылмауы тиiс.

10-бап
Кепiлдiктердi қолдану

      1. Осы Келiсiмнiң ядролық материалдарға қатысты 9-бабының ережелерi Тараптардың әрқайсысының және МАГАТЭ арасындағы кепілдiктер жөнiндегi келiсiмдерге сәйкес орындалуы тиiс. Қазақстан Республикасы үшiн - Қазақстан Республикасы мен Атом энергиясы жөнiндегi халықаралық агенттiк арасындағы 1994 жылғы 26 шiлдедегі Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа байланысты кепiлдiктердi қолдану туралы келiсiмге (бұдан әрi - Кепілдiктер туралы келiсiм) сәйкес, Корея Республикасы үшін - Корея Республикасының Үкiметi мен МАГATЭ арасындағы 1975 жылғы 31 қазандағы Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа байланысты кепiлдiктердi қолдану туралы Келiсiмге (бұдан әрi - Кепiлдiктер туралы келiсiм) сәйкес.
      2. Егер қандай да бiр себеппен немесе қандай да бiр уақытта МАГATЭ қандай да бiр Тараптың заңдық құқығы шеңберiнде осындай кепілдiктердi қолдана алмаса, онда осы Тарап дереу басқа Тараппен МАГАТЭ қағидаттары мен рәсiмдерін қанағаттандыратын осы Келiсiмге сәйкес берiлген барлық атауларға кепiлдiктердi қолдану жөнiнде Келiсiм жасасуға тиiс.

11-бап
Физикалық қорғау

      Тараптар осы Келiсiм шеңберiнде берiлген ядролық материалдар мен жабдықтарды физикалық қорғауды қамтамасыз ету жөнiндегi МАГАТЭ ұсынған деңгейде, сондай-ақ кез келген қосымша келiсiмдерде немесе Тараптардың қабылдауы мүмкін толықтыруларда көзделген деңгейлерде тиiстi шараларды қолдануы тиiс.

12-бап
Ынтымақтастықты тоқтату

      Егер Тараптардың бiрi осы Келiсiм күшiне енгеннен кейiн кез келген сәтте:
      а) 7, 8, 9, 10, 11-баптардың шарттарын орындамаса,
      б) Кепiлдiктер туралы келiсiмдi тоқтатса немесе бұзса,
      екiншi Тарап осы Келiсiм шеңберiндегi одан әрi ынтымақтастықты тоқтата тұру құқығына ие болады.

13-бап
Дауларды шешу

      1. Тараптар Тараптардың кез келгенiнiң сұрау салуы бойынша осы Келiсiмнiң орындалуын немесе оның орындалуына жататын мәселелердi қарау үшiн келiссөздер мен консультациялар жүргiзедi.
      2. Осы Келiсiмдi түсiндiру немесе орындау кезiнде туындайтын кез келген даулар Тараптардың келiссөздерiнде немесе консультациясы барысында реттелуi тиiс.

14-бап
Күшiне ену және қолданылу мерзiмi

      1. Осы Келiсiм Тараптардың заңнамамен көзделген, оның күшiне енуi үшiн қажеттi барлық ресiмдердi орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламасын алған күнiнен бастап күшiне енедi және он жыл бойы күшiнде қалады.
      2. Келiсiм, егер Тараптардың қандай да бipeуi басқа Тарапқа Келiсiмнiң қолданылуын тоқтату туралы өзiнiң ниетiн жазбаша хабарламаса, келесi бес жылдық кезеңге ұзартылады. Келiсiм тиiстi Тараптың хабарламасын алған күннен бастап алты ай өткеннен кейiн қолданылуын тоқтатады.
      3. Осы Келiсiмнiң мерзiмi өткенiне немесе қолданылуының тоқтатылғанына қарамастан, осы Келiсiмнiң 7, 8, 9, 10 және 11-баптарында қамтылған мiндеттемелер, Тараптар өзге туралы келiсiмге келгенге дейiн күшiнде қалатын болады.

15-бап
Қолданылатын құқық

      Осы Келiсiм бойынша ынтымақтастық Тараптардың әрқайсысының мемлекетiнде қолданылатын заңнамаға сәйкес, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасының арасында жасалған халықаралық келiсiмдерге сәйкес жүзеге асырылуы тиiс.

16-бап
Түзетулер

      А және Б қосымшалары осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiгi болып табылады. Олар Тараптардың екеуiнiң жазбаша келiсiмiмен өзгертiлуi мүмкiн. Мұндай 14-бапқа сәйкес өзгерiстер күшiне енуi тиiс.
      Осы Келiсiм Тараптардың өзара келiсiмi бойынша өзгертiлуi немесе толықтырылуы мүмкiн, бұл осы Келiсiмнің ажырамас бөлiгi болып табылатын хаттамалармен тиiстi түрде ресiмделуге тиiс.

      Осыны куәландыру үшiн тиiстi үкiметтер осыған уәкілеттiк берген төменде қол қоюшылар осы Келiсiмге қол қойды.
      2004 жылғы "__" ________ ________ әрқайсысы қазақ, корей және ағылшын тiлдерiндегi екi данада жасалды, осы Келiсiмнің барлық мәтiндерiнiң бiрдей күшi бар. Түсiндiруде кез келген келiспеушілiк болған жағдайда ағылшын тілiндегi мәтiнге жүгiнедi.

      Қазақстан Республикасының         Корея Республикасының
      Үкiметi үшiн                      Үкiметi үшiн

А қосымшасы 

Жабдықтар

      1. Нөлдiк энергиялы реакторды қоса алғанда, бөлудiң басқарылатын өзiн өзi қолдайтын тізбектiк реакциясын қолдауға қабілеттi ядролық реакторлар (соңғысы ең көп плутоний өндiру деңгейi жылына 100 граммнан аспайтын реакторлар ретiнде белгiленедi).
      2. Реакторлардың корпустары: металл корпустар - жоғарыдағы 1-тармақта белгіленген және ядролық реактордың бiрiншi контурының жылу тасығышының жұмыс қысымына төзiмдi, ядролық реактордың белсендi аймағын қамту үшiн арнайы әзiрленген және дайындалған дайын блоктар немесе олардың негiзгi дайын бөлiктерi.
      3. Реакторлық отынды тиеу мен түсiруге арналған машиналар: отынды жоғарыдағы 1-тармақта белгіленген жүк күрделi тиеу операцияларын орындауға қабілеттi немесе отынмен жүктi тиеу-түсiру операцияларын, мысалы, әдетте отынды тікелей көзбен бақылауға немесе оған қол жеткiзуге мүмкiндiк болмайтын операцияларды орындауға мүмкiндiк беретiн техникалық күрделi ұстанымдық сипатқа ие ядролық реакторға тиеу мен түсiру үшiн арнайы әзiрленген немесе дайындалған манипуляторлық жабдық.
      4. Реактордың бақылау стерженьдерi: жоғарыдағы 1-тармақта белгiленген ядролық реактордағы реакцияның жүру жылдамдығын басқару үшiн арнайы әзiрленген немесе дайындалған стерженьдер.
      5. Реакторлық қысым құбырлары: отындық элемент пен 50 атмосферадан астам отындық элементтерi мен жұмыс қысымды ядролық реактордың (жоғарыдағы 1-тармақта белгіленгендей) бiрiншi контурының жылу тасымалдағышы үшiн арнайы әзiрленген немесе дайындалған құбырлар.
      6. Цирконий құбырлар: құбыр немесе құбырлардың жиынтығы нысанындағы жылына 500 кг-нан асатын сандағы және әсiресе гафнийдiң цирконийге қатысы салмақтық үлесi 1:500-ден аз реакторда (жоғарыдағы 1-тармақта белгiленгендей) пайдалану үшiн әзiрленген немесе дайындалған цирконий және цирконий балқымалары.
      7. Бiрiншi контурдағы жылу тасымалдағыштардың сорғылары: жоғарыдағы 1-тармақта белгіленген ядролық реактордың бiрiншi контурының жылу тасымалдағыштарын айналдыру үшiн арнайы әзiрленген немесе дайындалған сорғылар.
      8. Ядролық реактордың iшкi құрылысы: белсендi аймақтың қолдаушы колонналарын, отын арналарын, жылу экрандарын, торларды және диффузордың пластинасын қоса алғанда, жоғарыдағы 1-тармақта белгіленгендей, ядролық реакторда пайдалану үшiн арнайы әзірленген немесе дайындалған ядролық реактордың iшкi құрылысы.
      9. Жылу алмастырғыш: жоғарыдағы 1-тармақта белгiленгендей, ядролық реакторлардың жылу тасымалдағыштарының бiрiншi контурында пайдалану үшiн арнайы әзiрленген немесе дайындалған жылу алмастырғыштар (бу генераторлары).
      10. Нейтронды детектор және өлшеуiш құрал-саймандар: жоғарыдағы 1-тармақта белгіленгендей, реактордың белсендi аймағындағы нейтрондар ағындарының деңгейiн анықтау үшiн арнайы әзiрленген немесе дайындалған нейтронды детектор және өлшеуiш құрал-саймандар.
      11. Сәулеленген отын элементтерiн өндiру жөнiндегi зауыттар мен осы үшiн арнайы әзiрленген немесе дайындалған жабдықтар: сәулеленген отын элементтерiн өндiру жөнiндегi зауыт қалыпты пайдалану кезiнде сәулеленген отын мен негiзгi ядролық материалдармен тiкелей қатынасқа түсетiн және тiкелей сәулеленген отынның, ядролық материалдардың және бөлiну өнiмдерiнiң өндiрiстiк ағынын басқаратын жабдықтар мен құрауыштарды қамтиды.
      12. Отын элементтерін өндiру жөнiндегi зауыт: отын элементтерiн өндiру жөнiндегi зауыт қалыпты пайдалану кезiнде тiкелей қатынасқа түсетін жабдықтарды немесе ядролық материалдардың өндiрiстiк ағындарын өңдеу немесе басқару үшiн пайдаланылатын немесе оның көмегiмен ядролық материал ТВЭЛ қабығына жатқызылатын жабдықтарды қамтиды.
      13. Уран изотоптарын бөлуге арналған зауыттар: Уран изотоптарын бөлуге арналған зауыт талдамалықты қоспағанда, уран изотоптарының бөлiнуi үшiн арнайы әзiрленген немесе дайындалған жабдықтарды, сондай-ақ бөлiну процесi үшiн арнайы әзiрленген немесе дайындалған жабдықтардың негiзгi атауларының әрқайсысын қамтиды.
      14. Ауыр су өндiру жөнiндегi зауыттар: ауыр су өндiру жөнiндегi зауыт дейтерий немесе оның қоспаларын байыту үшiн арнайы әзiрленген немесе дайындалған зауыт пен жабдықтарды, сондай-ақ зауыттың жұмысы үшiн маңызы бар кез келген бөлшектi қамтиды.

Б қосымшасы 

Материал

      1. Дейтерий және ауыр су: дейтерий атомы ұзақтығы 12 ай болатын кез келген кезеңде 200 кг асатын санда ядролық реакторда пайдалануға арналған (А қосымшасының 1-тармағында белгіленгендей) дейтерий және дейтеридiң сутегiне қатысы 1:5000 болатын кез келген қоспалары.
      2. Ядролық сападағы графит: тазалығы бiр миллионға 5 бөлiктен жақсы деңгейiндегi (бор эквивалентiнде) және ұзақтығы 12 ай болатын кез келген кезеңде 30 метрлiк тоннадан асатын сандағы бір куб сантимердегі тығыздығы 1,50 грамм болатын графит.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады