"Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығын құрудың кейбiр мәселелерi туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 20 қыркүйектегі N 981 Қаулысы

      Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2003 жылғы 31 наурыздағы N 311 қаулысымен бекiтiлген Қазақстан Республикасының Президентi Н.Ә.Назарбаевтың 2002 жылғы 22-25 желтоқсандағы Қытай Халық Республикасына мемлекеттiк сапары барысында қол жеткiзген келiсiмдер мен уағдаластықтарды iске асыру жөнiндегi iс-шаралар жоспары  4-тармағының 1) тармақшасын орындау үшiн Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:

      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қытай Халық Республикасының Үкiметi арасындағы "Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығының халықаралық орталығын (бұдан әрi - "Қорғас" ШЫХО) құру туралы негiздемелiк келiсiмнiң жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда вице-министрi Болат Советұлы Смағұловқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қытай Халық Республикасының Үкiметi арасындағы "Қорғас" ШЫХО құру туралы негiздемелiк келiсiм жасасуға өкiлеттiк берiлсiн.

      3. Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрлігі Алматы облысының әкiмдiгiмен бiрлесiп, "Қорғас" ШЫХО-ның қазақстандық бөлiгiн салуға және игеруге қатысу үшiн ықтимал инвесторларды тарту жөнiнде жұмыс жүргiзсiн.

      4. Алматы облысының әкiмдiгi 2004 жылғы 1 қарашаға дейiнгi мерзiмде "Қорғас" ШЫХО-ның қазақстандық бөлiгiн құрудың техникалық-экономикалық негiздемесiн әзiрлесiн.

      5. <*>
       Ескерту. 5-тармақ алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 2005.08.25. N  878 қаулысымен.

      6. Осы қаулыны үйлестіру мен оның орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрлігiне жүктелсiн.

      7. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енедi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

                                                             Жоба

Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қытай Халық Республикасы Үкiметiнiң арасындағы "Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығының халықаралық орталығын құру туралы негiздемелiк келiсiм

      Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметі мен Қытай Халық Республикасының Үкiметi,
      Тараптар мемлекеттерінің егемендiгi мен аумақтық тұтастығын құрметтей отырып,
      бәсекеге қабілеттіліктi арттыруға ықпал ететiн кәсiпкерлiк және инвестициялық ортаны құру қажеттігiне сенiмдi бола отырып,
      екi жақты сауданы жандандыру мақсатында өзара тиiмділiк қағидатын басшылыққа ала отырып,
      шекара маңы саудасы мен Тараптар мемлекеттерiнің шектес шекара маңы аумақтарындағы экономиканы дамытуға, рынокты халықтың түрлi жiктерiнiң сұранысын қанағаттандыратын тауарлармен толтыруды қамтамасыз етуге ұмтыла отырып, мына төмендегілер туралы келiстi:

  1-бап

      1. Тараптар "Xopгoc" (ҚХР) - "Қорғас" (ҚР) шекара маңы өткiзу пункттерiнде Тараптар мемлекеттерi бөлген шектес аумақтарда "Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығының халықаралық орталығын (бұдан әрi - "Қорғас" орталығы) құруға келiсті.
      2. "Қорғас" орталығының қазақстандық бөлiгi Қазақстан Республикасының заңнамасы әрекет ететiн Қазақстан Республикасының заңды құқығында, ал "Қорғас" орталығының қытайлық бөлiгi Қытай Халық Республикасының заңнамасы әрекет ететiн Қытай Халық Республикасының заңды құқығында болады.
      "Қорғас" орталығындағы шаруашылық қызметтің кез келген түрi олар аумағында жүзеге асырылатын мемлекеттiң ұлттық заңнамасында көзделген талаптарды сақтай отырып жүзеге асырылады.
      3. Шекара маңы аудандарының экономикасы мен саудасын дамытуға жәрдемдесуге бағытталған "Қорғас" орталығындағы кеден және салық салу жөнiндегi және басқа да салалардағы қолайлы шаралар, сондай-ақ адамдардың өтуi үшiн қолайлы жағдайлар жасау жөнiндегi тәртiп Хаттама жасасу жолымен Тараптардың мүдделi ведомстволары арасында келiсiлетiн және қосымша айқындалатын болады.
      4. Осы Негiздемелiк келiсiмге сәйкес Тараптар "Қорғас" орталығының қазақстандық және қытайлық бөлiгiнiң алаңын, аумағының шекараларын, орналасу схемасын айқындайтын жеке шарт жасасады.

  2-бап

      "Қорғас" орталығының қазақстандық және қытайлық бөлiгiн салу мен игерудi Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес айқындалатын мүдделi ұйымдар жүзеге асыратын болады.

  3-бап

      "Қорғас" орталығы аумағының шегiнде Тараптар мемлекеттерiнің мемлекеттiк шекарасы арқылы адамдардың, тауарлар мен көлiк құралдарының өтуiн бақылауды қамтамасыз ету үшiн Тараптардың шекаралық, кедендiк, көлiктік, инспекциялық-карантиндiк, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау жөнiндегi мүдделi органдары және басқа да органдар әрбiр Тарап мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес "Қорғас" орталығының өз бөлiгiндегi бақылауды жүзеге асырады, құқықтық тәртiп пен қоғамдық қауiпсiздiктi қорғауды қамтамасыз ететiн болады.

  4-бап

      "Қорғас" орталығының аумағында үшiншi елдiң (немесе ауданның) кәсiпорындары инвестициялық және шаруашылық қызметiн жүзеге асыра алады.
      "Қорғас" орталығының аумағында жасалған құқық бұзушылықтар (кедендiк, салықтық, инспекциялық-карантиндiк, санитарлық-эпидемиологиялық, әкiмшiлiк, қылмыстық және тағы басқа) олар жасалған аумақтағы мемлекеттiң заңнамасына сәйкес қаралатын болады.
      Тараптар экономикалық құқық бұзушылықтардың алдын алу жөнiнде шаралар қабылдайды, қылмысқа қарсы күрес мәселелерi бойынша өзара iс-қимыл жасайтын болады, қылмыстар және әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар бойынша талқылауларды жүзеге асыру кезiнде бiр-бiрiне жәрдем көрсететiн болады.

  5-бап

      Осы Негiздемелiк келiсiмге сәйкес Тараптар "Қорғас" орталығын құру және оның жұмыс iстеуi жөнiнде басқа да режимдердi және нақты ережелердi келiседi және оларды екi Тарап үшiн қолайлы заңды нысанда бекiтедi.

  6-бап

      Осы Негiздемелiк келiсiм олар қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен мiндеттемелерiн қозғамайды.

  7-бап

      Осы Негiздемелiк келiсiмнiң ережелерiн түсiндiру немесе қолдану кезiнде келiспеушiлiктер туындаған жағдайда Тараптар оларды консультациялар мен келiссөздер арқылы шешетiн болады.

  8-бап

      Қажет болған жағдайда осы Негiздемелiк келiсiмге Тараптардың өзара келiсiмi бойынша екi Тарап үшiн де қолайлы және осы Негiздемелiк келiсiмнiң ажырамас бөлiгi болып табылатын заңды нысандарда ресiмделетiн өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн.

  9-бап

      Осы Негiздемелiк келiсiм Тараптардың оның күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетiшілiк рәсiмдердi орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алған күнiнен бастап күшiне енедi.
      Осы Негiздемелiк келiсiм белгiленбеген мерзiмге жасалып отыр және Тараптардың бiрi осы Негiздемелiк келiсiмнің күшiн тоқтату ниетi туралы екiншi Тараптың жазбаша хабарламасын алған күнiнен бастап алты ай өткенге дейiн қолданылатын болады.

      2004 жылғы "___" қыркүйекте Құлжа қаласында екi түпнұсқалық данада, әрқайсысы қазақ, қытай және орыс тiлдерiнде жасалды, әрi барлық мәтiндердiң күшi бiрдей.
      Осы Негiздемелiк келiсiмнiң ережелерiн түсiндiруде келiспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тiлiндегi мәтiнге жүгiнетiн болады.

       Қазақстан Республикасының       Қытай Халық Республикасының
      Yкiметi үшiн                    Үкiметi үшiн

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады