Қазақстан Республикасындағы телекоммуникациялар желiлерiн күзету ережесiн бекiту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 30 қыркүйектегі N 1010 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 30 желтоқсандағы № 1689 Қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2011.12.30 № 1689 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен

      Қазақстан Республикасындағы телекоммуникациялар желiлерiн күзету режимiн қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:
      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасындағы телекоммуникациялар желiлерiн күзету ережесi бекiтiлсiн.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрi

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінің        
2004 жылғы 30 қыркүйектегі
N 1010 қаулысымен    
бекiтілген       

Қазақстан Республикасындағы телекоммуникациялар
желiлерiн күзету ережесi

1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасындағы телекоммуникациялар желiлерiн күзету ережесi (бұдан әрi - Ереже) зақымдануы Қазақстан Республикасының бiрыңғай байланыс желiсінің қалыпты жұмыс iстеуiн бұзатын, азаматтардың мүдделерiне, шаруашылық жүргiзушi субъектілердiң өндiрiстiк қызметіне, Қазақстан Республикасының қорғаныс қабiлетi мен қауіпсiздігіне нұқсан келтiретiн қолданыстағы телекоммуникациялар желілерiнiң (кәбiлдi, радиорелелiк, әуе байланыс тораптары, радиоландыру тораптары) сақталуын қамтамасыз ету мақсатында "Байланыс туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 5 шiлдедегi Заңына сәйкес әзiрлендi.

      2. Осы Ереже олардың орналасқан жерiне, ведомстволық тиесiлілiгiне және меншiк нысаны қарамастан, барлық жеке және заңды тұлғаларға қолданылады.

      3. Қазақстан Республикасының бiрыңғай байланыс желiсiне кiретiн ведомстволық және өзге де байланыс желілерiнiң иелерi, осы Ереже, ортақ пайдаланылатын байланыс желiлерiнде әрекет ететін техникалық пайдалану нормалары мен ережелерi негiзiнде өз желілерiнде байланыс тораптарын және құрылыстарын пайдалану, күзету, жөндеу тәртiбiн әзiрлейдi.

2. Телекоммуникациялар желiлерiн күзету аймақтары

      4. Телекоммуникациялар желiлерiнiң сақталуы күзет аймақтарын белгiлеу, кеспе жолдар жасау жолымен қамтамасыз етіледi.
       Күзет аймақтары және кеспе жолдар жерлердi пайдаланудың айрықша жағдайы бар аймақтарға жатады.

      5. Пайдаланудың айрықша жағдайы бар телекоммуникациялар желілерiн күзету аймақтары мыналар үшін белгіленедi:
      1) елдi мекендерден тыс, ормансыз учаскелерде орналасқан жер асты кәбiлдi және әуе байланыс тораптары және радиоландыру тораптары;
      2) кеме жүретiн және сал ағызатын өзендер, көлдер, су қоймалары және арналар (арықтар) арқылы өткен кезде теңiз кәбiлдi байланыс тораптары мен байланыс кәбілдерi үшiн;
      3) кәбiлдi байланыс тораптарындағы жер бетi және жер асты қызмет көрсетілмейтiн дыбыс күшейткiш және қайта генерациялау пункттерi үшiн.

      6. Орман алқаптары мен жасыл екпе ағаштар арқылы өтетiн кәбiлдi және әуе байланыс тораптары мен радиоландыру тораптары трассалары үшiн өрттен қауiпсiз жай-күйде ұстап тұратын кеспе жолдар жасалады.

      7. Егер қолданыстағы кәбiлдi және әуе байланыс тораптары мен радиоландыру тораптары трассалары ерекше қорғалатын аумақтардан өтсе, кеспе жолдар жасау ерекше қорғалатын учаскелердiң (сирек және жойылып бара жатқан жануарлар түрiнің қоректену орны, бағалы балық тұқымдарының көбею орны және т.б.) функционалдық мәнiн сақтауды қамтамасыз еткенде және мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болғанда ғана рұқсат етiледi.

      8. Мемлекеттiк қорғаудағы орман алқаптарында, қала ормандарында және орман парктерiнде; елдi мекендердiң және емдеу-сауықтыру мекемелерiнiң жасыл аймақтарында; эрозияға қарсы ормандарда; өзен, көл, су қоймалары, арналар және басқа да су объектілерi жағалаулары бойындағы тыйым салынған орман алқаптарында; халықаралық және республикалық маңызы бар ортақ пайдаланылатын темiр жол және автомобиль жолдары, магистральды құбырлар және басқа да желiлi құрылыстар өтетiн жолдардағы қорғау ағаштарында; жазық және топырақ қорғау ормандарында кеспе жолдар төсеу екпе ағаштарға неғұрлым аз нұқсанмен және олардың қорғау қасиетiнiң жойылуының алдын ала отырып жүргiзiледi. Кеспе жолда бұта мен жас өскiндердiң (кәбiлдi байланыс тораптарына арналған кеспе жолдардан басқа) кесiлмеуi, жұмсақ топырақтағы, сумен шайылып кету қаупi бар қия мен жерлер (15 градустан жоғары) беткейлердегi томарлар қопарылмауы тиiс.

      9. Радиорелелiк байланыс тораптарының трассалары орналасқан жекелеген жер учаскелерiнде радио толқындар таралуының экрандаушы әсерiнiң алдын алу мақсатында ғимараттар мен құрылыстар салуға, сондай-ақ ағаш отырғызуға тыйым салынады.

      10. Байланыс тораптарының трассалары бұтақтар мен ағаштардан ауық-ауық тазартылып тұруы тиiс. Байланыс тораптары сымдары мен байланыс тораптарының тiреулеріне қауiп төндiретiн ағаштар ағаш кесу билеттерiнде белгіленген тәртiппен ресiмделе отырып, кесiлуi тиiс.

      11. Қала сыртындағы кәбілдi байланыс тораптарының трассалары осы аумақтың телекоммуникациялар желiлерінiң күзету аймағына жататындығын көрсететiн арнайы белгiмен белгiленедi. Арнайы белгілердiң саны, түрi және орнату орындары Қазақстан Республикасының заңнамасымен айқындалады.
      Қалалар мен басқа да елдi мекендерде жер асты кәбiлдiк, әуе байланыс тораптары және радиоландыру тораптары трассаларының өтуi тиiстi құжаттамамен айқындалады.
      Теңiз кәбiлдi байланыс тораптарының және байланыс кәбiлдерiнiң трассалары кеме жүретін және сал ағызатын өзендер, көлдер, су қоймалары және арналар (арықтар) арқылы өткен кезде кәбiлдердi жағаға шығаратын тұстарда дабыл белгілерiмен белгiленедi. Кеме жүретiн жағдайға тыйым салатын белгiлер және бағыттауыш оттар белгiленген мемлекеттiк стандарттарға сәйкес белгiленедi. Теңiз кәбiлдiк байланыс тораптары трассалары теңiзде жүзушілердiң хабарламаларында көрсетiлiп, теңiз карталарына енгiзіледi.
      Жабдығы бiрегейлендiрiлген контейнерлерде тiкелей жерге қосымша құрылыссыз орналасатын байланыс тораптарындағы қызмет көрсетiлмейтiн дыбыс күшейткiш және қайта генерациялау пункттерi орнатылған жерлерде жылдың қыс мезгілi үшін де (күртiк қар), жаз мезгiлi үшiн де тану белгiлерi орнатылады.

      12. Телекоммуникациялар желiлерiн күзету аймақтарында байланыс желiсiнiң қалыпты жұмысын бұзуға әкелiп соқтыруы мүмкiн жұмыстар жүргiзiлмейдi.

      13. Күзету аймақтарын белгiлеу тәртiбiн және олардағы жұмыс режимiн байланыс саласындағы уәкілетті орган айқындайды.

      14. Телекоммуникациялар желiлерiн күзету аймақтарының шекараларын және олардағы жер пайдалану режимiн Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес жердi меншiкке немесе жер пайдалануға беру туралы шешiм қабылдаған орган айқындайды.

3. Байланыс желiлерiн зақымдағаны үшiн жауапкершiлік

      15. Осы Ереженiң талаптарын орындамайтын, сондай-ақ байланыс тораптарының қалыпты жұмысын бұзатын заңды және жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершiлiкке тартылады.

      16. Қарамағында байланыс желiсi бар тұлғаға келтiрiлген залал Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртiппен өтеуге жатады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады