Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Әзiрбайжан Республикасының Үкiметi арасындағы Мәдениет, ғылым және туризм саласындағы ұзақ мерзiмдi ынтымақтастық бағдарламасын бекiту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 2 ақпандағы N 90 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      1. 2004 жылғы 1 наурызда Астана қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Әзiрбайжан Республикасының Үкiметi арасындағы Мәдениет, ғылым және туризм саласындағы ұзақ мерзiмдi ынтымақтастық бағдарламасы бекiтiлсiн.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

    Қазақстан Республикасының Үкiметi мен
Әзiрбайжан Республикасының Үкiметi арасындағы
Мәдениет, ғылым және туризм саласындағы ұзақ мерзiмдi ынтымақтастық бағдарламасы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Әзiрбайжан
Республикасының Үкiметi (бұдан әрі - Тараптар),
      Тараптар мемлекеттерi халықтарының арасындағы өзара достық қарым-қатынастарды дамытуға және нығайтуға мүдделілiкті назарға ала отырып,
      өзара тиiмдi негізде екi мемлекет арасындағы ынтымақтастықты дамытуға қолайлы жағдайларды көтермелеуге және жасауға ұмтыла отырып,
      1996 жылғы 21 қазандағы Ташкент декларациясын iске асыру мақсатында,
      1999 жылғы 22 қазандағы Қазақстан Республикасы мен Әзiрбайжан Республикасы арасындағы Экономикалық ынтымақтастық бағдарламасын негiзге ала отырып,
      мынадай салаларда ынтымақтасуға келiсті:

  1. Жалпы ережелер

      1.1 Осы Бағдарламаға енетiн қызметтің барлық түрлерi Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын болады.
      1.2 Осы Бағдарлама Тараптардың дипломатиялық арналары бойынша келісілетін басқа да қызмет түрлерін, сапарлар мен ұсыныстарды жоққа шығармайды.
      1.3 Осы Бағдарламаның шеңберінде ғылыми зерттеулер әзiрленiмдерiн өткізуге қатысты өтінімдер қатысушы Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы сапардың болжанған күнiне дейiн төрт ай бұрын берiлетiн болады. Өтінімде жіберілетін адамдарға қатысты жалпы деректер, олардың болуының жоспарланған мерзiмдерi мен баратын орындары қамтылуға тиiс.
      1.4 Осы Бағдарламаны iске асыруға қатысушы тұлғалар туралы ақпаратты қабылдаушы Тараптың уәкiлеттi органдарына дипломатиялық арналар арқылы жiберушi Тараптың уәкiлеттi органдары ұсынады.
      1.5 Сапарларды жүзеге асыру барысында жiберiлетiн жекелеген адамдар мен делегациялардың қабылдаушы Тараптың мемлекетіне баруына және қайтуына байланысты шығыстар Бағдарламаға сәйкес жiберуші Тарапқа жүктеледi.
      1.6 Тиiстi iс-шараларды ұйымдастыру және өткiзу жөнiндегi шығыстар қабылдаушы Тарапқа жүктеледi.
      Тиісті iс-шараларды өткiзу жөніндегі барлық қажеттi құжаттар қабылдаушы Тарапқа оларды өткiзудiң болжанған күнiне дейiн үш aй бұрын жiберiледi.
      1.7 Осы Бағдарламаны іске асыру жөнінде Тараптар мемлекеттерінің уәкiлетті органдары мыналар болып табылады:
      Қазақстан тарапынан - Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлiгi - мәдениет және өнер бөлiгі бойынша, Қазақстан Республикасының Бiлiм және ғылым министрлігі - ғылым және бiлiм бөлiгі бойынша, Қазақстан Республикасының Туризм және спорт жөнiндегi агенттігі - туризм бөлiгi бойынша;
      Әзiрбайжан тарапынан - Әзiрбайжан Республикасының Мәдениет министрлiгi - мәдениет және өнер бөлiгі бойынша, Әзiрбайжан Республикасының Бiлiм министрлiгi, Әзiрбайжан Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясы - ғылым және бiлiм бөлiгi бойынша, Әзiрбайжан Республикасының Жастар, спорт және туризм министрлiгi - туризм бөлiгi бойынша.
      Жоғарыда аталған уәкiлеттi органдардың атауы немесе функциялары өзгерген кезде дипломатиялық арналар арқылы Тараптар уақтылы хабарландырылады.
      1.8 Осы Бағдарламаны iске асыру жөнiндегi Тараптардың ынтымақтастығы Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамасы шеңберiнде жүзеге асырылатын болады.

  2. Мәдениет және өнер

      2.1 Тараптар театр, бейнелеу, эстрада және цирк өнерi, кинематография, кiтапхана және мұражай iсi, тарихи-мәдени мұралар объектілерiн қорғау, халықтың көркемөнерпаздар шығармашылығы, халық
кәсiпшiлігі және мәдени қызметтiң басқа да түрлерi саласындағы мәдени байланыстарды, мәдени алмасуларды және ынтымақтастықты дамыту үшiн қолайлы жағдайлар жасайтын болады.
      2.2 Тараптар мәдениет ұйымдары мен мекемелерi арасындағы, шығармашылық одақтар, қоғамдық ұйымдар, қауымдастықтар, қорлар арасындағы шарттар негізiнде тiкелей ынтымақтастық орнатуға жәрдем көрсететін болады.
      2.3 Уәкiлеттi органдар халықаралық мәдени акцияларды, бағдарламаларды, iскерлік жобаларды бiрлесiп ұйымдастыратын және өткiзетiн, сондай-ақ мәдениет және өнер саласындағы мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың ынтымақтастығын қолдайтын және үйлестiретiн болады.
      2.4 Тараптар мәдениет және өнер саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының басым бағыттарын айқындау үшiн консультациялар өткізетiн, ғылыми зерттеулердiң нәтижелерi туралы өзара ақпарат беруді қамтамасыз ететiн, жүргізiлетiн ғылыми зерттеулер мен iс-шараларға өзара қатысу мүмкiндiгiн туғызатын болады.
      2.5 Тараптар екi мемлекеттің азаматтары үшiн өзара теңдестiк негізiнде Қазақстан Республикасы мен Әзiрбайжан Республикасының мұражай және кiтапхана қорларын құрайтын қалыптасқан жинақтарды, коллекцияларды және басқа да мәдени құндылықтарды еркiн пайдалануға жәрдем жасайтын болады.
      2.6 Тараптар фестивальдердi, конкурстарды, көрмелердi, симпозиумдарды, конференцияларды қоса алғанда мәдениет және өнер саласындағы Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында өткiзiлетін халықаралық iс-шараларға өзара қатысуды көтермелейтiн болады.
      2.7 Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық кiтапханалары арасында тiкелей байланыстардың дамуына жәрдем көрсететiн болады.
      2.8 Тараптар тарих және мәдениет ескерткiштерiн қорғау
мәселелерiмен айналысатын ұйымдар арасында, Ұлттық мұражайлар мен көркем галереялар арасында байланыстар орнатуға жәрдем жасайтын болады.
      2.9 Тараптар осы Бағдарламаның мақсаттарына сәйкес келетiн
басқа да iс-шаралардың жүзеге асырылуына жәрдемдесетiн болады.

  3. Білім және ғылым

      3.1 Тараптар мынадай бағыттар бойынша бiрлескен зерттеулер жүргізетiн болады:
      Шығыс мәдениетi және ислам әлемi;
      классикалық және қазiргi заманғы ориенталистика, көне және орта ғасырлардағы тiлдер, әдебиет, тарих, этнография және музыка саласындағы түркология;
      Каспий өңiрiндегi сыртқы саясат, халықаралық қатынастар тарихы және ғаламдық саяси, әлеуметтiк-демографиялық, экономикалық проблемалар.
      3.2 Тараптар түркi және жалпы тіл бiлiмiнiң өзектi проблемалары бойынша бiрлескен ғылыми жобалар әзiрлеу мен iске асыруды жүзеге асыратын болады.
      3.3 Ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрлар даярлау мақсатында Тараптар ғылыми-зерттеу және лекция қызметi үшiн мамандар алмасуды ұйымдастыратын болады.
      3.4 Тараптар жалпы және түркi тіл бiлiмi проблемалары, қазiргi заманғы лингвистика ғылымының, шығыстанудың, археологияның, тарихтың және этнологияның перспективалы бағыттары бойынша бiрлескен конференциялар, кеңестер, семинарлар өткізетін болады.
      3.5 Тараптар бiрлескен археографиялық, археологиялық және этнографиялық экспедициялар ұйымдастыратын болады.
      3.6 Тараптар мемлекеттерiнің жетекші ғылыми-зерттеу орталықтарында және кiтапханаларында ғылыми жұмыс жүргiзу үшiн Тараптар мемлекеттерiнiң өкiлдерiне Тараптар жәрдемдесетiн болады.
      3.7 Тараптар ғылыми жұмыстарды рецензиялауды және сараптауды, диссертациялық жұмыстарға оппонент болуды, ғылыми консультацияларды жүргiзетiн болады.
      3.8 Тараптар екi мемлекеттiң ұлттық заңнамасына сәйкес осы Бағдарламаның шеңберiнде ынтымақтастық нәтижесiнде құрылған зияткерлiк меншiкті қорғауды қамтамасыз етедi.
      Патенттеу, авторлық құқық, өнеркәсiптiк үлгiлердi қорғауға осы құқықтарды пайдалану мәселелерi, ықтимал қаржылық есеп-айырысулар жеке шарттармен реттеледi.
      3.9 Тараптар нәтижелерi толық немесе iшiнара мемлекеттiк құпияны құрайтын не Тараптардың бiрiнiң мемлекеттік құпиясын құрайтын мәлiметтердi қолданып бiрлескен зерттеулер мен әзiрленiмдердi өткiзу кезiнде Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамасын басшылыққа алатын болады.

  4. Tуризм

      4.1 Тараптар өз мемлекеттерiнде туризмнiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге, төтенше жағдайларға туризмдегi тұтынушылардың құқығын қорғау мен саяхат кезiнде туристерге көмек көрсетуге байланысты ақпаратпен алмасуға ұмтылатын болады.
      4.2 Тараптар екi мемлекеттiң туристік компанияларының, қауымдастықтары мен қоғамдық ұйымдарының ынтымақтастығы үшiн қолайлы жағдай жасайтын болады.
      4.3 Тараптар екi ел туристік рыногының тұсаукесерi, сондай-ақ Жiбек жолында туризмнiң даму перспективалары бойынша бiрлескен iс-шаралар жүргiзуге жәрдемдесетiн болады.
      4.4 Тараптар рекреациялық-танымдық, ғылыми, экологиялық туризмдi дамыту үшiн:
      Каспий теңiзінде Ақтау-Баку бағыты бойынша бiрлескен теңiз саяхаттарын ұйымдастыру;
      түркi тiлдес елдердiң тарихи дамыған жерлерi бойынша туристiк бағыттар ұйымдастыру;
      Каспий жағалауы өңiрiнде курорттық аймақтарды дамытуға жәрдем көрсету арқылы қолайлы жағдайлар жасауға ұмтылатын болады.
      4.5 Тараптар туризм саласында жоғары білікті кадрлар даярлауда бiр-бiрiне көмек көрсету мақсатында ғылыми қызметкерлер, сарапшылар, аспиранттар, тағлымдамадан өтушілер және студенттер алмасуға ықпал ететiн жан-жақты байланыстарға, сондай-ақ туризм саласындағы қандай болмасын өзара iс-қимылға жәрдемдесетiн болады.
      4.6 Тараптар туризм саласындағы экономикалық-статистикалық ақпараттармен және қолданыстағы нормативтiк құқықтық кесiмдермен алмасатын болады.
      4.7 Тараптар туристiк фирмаларды, қауымдастықтарды және қоғамдық ұйымдарды тарта отырып, Жiбек жолы бағытында туристік өнiмдi жылжыту жөнiнде жарнамалық компания ұйымдастыруға жәрдемдесетiн болады.

  5. Қорытынды ережелер

      5.1 Осы Бағдарламаның ережелерiн түсiндiру немесе қолдану кезiнде келiспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар оларды келiссөздер немесе консультациялар жолымен шешетін болады.
      5.2 Тараптардың өзара келiсiмi бойынша осы Бағдарламаның ажырамас бөлiктерi болып табылатын хаттамалармен ресiмделетін осы Бағдарламаға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiледi.
      5.3 Осы Бағдарлама қол қойылған күнінен бастап уақытша қолданылады және оның күшіне енуi үшiн қажетті мемлекетішілік рәсiмдердi Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алған күннен бастап күшіне енедi. Осы Бағдарлама белгiсiз мерзiмге жасалады және Тараптардың бiрi осы Бағдарламаның қолданылуын тоқтату ниетi екiншi Тараптың жазбаша хабарламасын алғаннан кейiн алты айдан кейiн өзiнiң қолданылуын тоқтатады.
      2004 жылғы 1 наурызда Астана қаласында әрқайсысы қазақ, әзiрбайжан және орыс тiлдерiнде, екi түпнұсқа данада жасалды және барлық мәтiндердiң күшi бiрдей.
      Осы Бағдарламаның ережелерiн түсiндiру немесе қолдану бойынша келiспеушiлiктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тiлiндегi мәтiнге
жүгiнетiн болады.

      Қазақстан Республикасының         Әзiрбайжан Республикасының
      Үкiметi үшін                      Үкiметi үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады