Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Иран Ислам Республикасының Yкiметi арасындағы Ұзақ мерзiмдiк сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келiсiмдi және Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Иран Ислам Республикасының Yкiметi арасындағы 1999 жылғы 6 қазандағы Ұзақ мерзiмдi сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келiсiмге толықтыру мен өзгерiс енгiзу туралы хаттаманы бекiту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 12 қарашадағы N 1123 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      1. 1999 жылы 6 қазанда Тегеран қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Иран Ислам Республикасының Yкiметi арасындағы Ұзақ мерзiмдiк сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келiсiм және 2004 жылы 4 қазанда Астана қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Иран Ислам Республикасының Yкiметi арасындағы 1999 жылғы 6 қазандағы Ұзақ мерзiмдi сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келiсiмге толықтыру мен өзгерiс енгiзу туралы хаттама бекiтiлсін.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

  Қазақстан Республикасының Үкiметi мен
Иран Ислам Республикасының Yкiметі арасындағы
Ұзақ мерзiмдiк сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы
келiсiм

      Бұдан әрi Уағдаласушы Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Yкіметi мен Иран Ислам Республикасының Үкiметi,
      уағдаласушы мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды дамыту үшін қолайлы жағдайларды жасау қажеттігiнен шыға отырып,
      өзара экономикалық байланыстарды жүзеге асыру кезiнде тең құқылық, теңдік, өзара тиiмділік пен халықаралық құқық нормаларын басшылыққа ала отырып,
      төмендегiлер туралы уағдаласты:

  I БАП
Ең қолайлы жағдай жасау және кемсiтпеу режимi

      1. Әрбiр Уағдаласушы Тарап екiншi Уағдаласушы Тараптың аумағына экспорттаудан (немесе) шығатын тауарларға кез келген үшіншi елдiң аумағына экспорттаудан (немесе) шығатын осындай тауарларға жасалған қолайлы режимнен төмендегiлерге қатысты:
      а) импортқа немесе экспортқа (немесе) байланысты салынатын кез келген түрдегi кедендік баждар мен алымдарға, мұндай баждар мен алымдарды өндiрiп алудың тәсiлiн қоса алғанда;
      b) импорт пен экспортты төлеу тәсiлдерi мен мұндай төлемдердi халықаралық аударуға;
      с) кедендік тазалауға, транзитке, қоймада сақтауға және қайта тиеуге жататындарды қоса алғанда, импорт пен экспортқа байланысты ережелер мен нысандылықтарға;
      d) импортталатын тауарларға қолданылатын салықтар мен кез келген түрдегі басқа да алымдарға;
      e) техникалық жағдайларға, стандарттар мен сертификаттарға сәйкестiкке жүргiзiлетiн сынауларды қоса алғандағы техникалық жағдайлар мен стандарттарға;
      f) сату, сатып алу, тасымалдау, бөлу, сақтау және iшкi рынокта пайдалану жөнiндегi ережелер жайындағы барлық мәселелерде қолайлылығы кем болмайтын режим жасайды.
      2. Әрбiр Уағдаласушы Тарап екiншi Уағдаласушы Тараптың аумағына экспорттаудан (немесе) шығатын тауарларға, егер Уағдаласушы Тараптардың ұлттық заңдарымен өзгесi көзделмесе, сандық шектеулердi қолдануға және лицензия беруге қатысты кемсiтпеу режимiн жасайды.
      3. Әрбiр Уағдаласушы Тарап екiншi Уағдаласушы Тараптың аумағынан шығатын, импортталатын тауарлар мен қызмет көрсетулерге осындай импортты төлеу үшiн қажеттi валюталық қаражаттарды бөлуге қатысты, егер Уағдаласушы Тараптардың ұлттық заңдарымен өзгесi көзделмесе, кемсiтпеу режимiн жасайды.
      4. Уағдаласушы Тараптар арасындағы тауарлармен және қызмет көрсетулермен алмасу осы Келiсiм шеңберiнде және Уағдаласушы Тараптардың тиiстi ведомстволарымен келісiлген стандарттарға сәйкес жүргiзiледі.

  II БАП
Тауарлар мен қызмет көрсетулер үшін рынокқа
шығу мүмкiндігіне қатысты жалпы мiндеттемелер

      1. Әрбiр Уағдаласушы Тарап I Бапқа сәйкес, сондай-ақ өзара негiзде және үшiншi елдермен қарым-қатынастарға зиян келтiрмей екiншi Уағдаласушы Тараптың тауарлары мен қызмет көрсетулерi үшiн рынокқа шығу мүмкiндiгiн жақсартады және өзара оңтайлы коммерциялық мүмкiндiктердi, соның iшiнде рынокқа шығу мүмкiндігі жөнiнде өзара қанағаттанарлық шаралар қолдану жолымен де, жасайтын болады.
      2. Тауарлар және қызмет көрсетулермен сауда Уағдаласушы Тараптардың жеке және заңды тұлғалары арасында баға, сапа, жеткiзілім және төлем шарттары сияқты әдеттегi коммерциялық ұғымдар негiзiнде олардың тәуелсiз коммерциялық шешiмiн орындау үшiн жасалатын келiсiм-шарттар жолымен жүзеге асырылатын болады.
      3. Уағдаласушы Тараптар тауардың техникалық шарттары мен стандарттары екi жақты саудаға бөгеттер жасау мақсатында немесе ұлттық өндiрiстi қорғау үшiн кемсiту жолымен әзiрленбеуiн, қабылданбауын және қолданбауын қамтамасыз етедi.
      4. Уағдаласушы Тараптардың жеке және заңды тұлғалары арасында жасалған келiсiм-шарттар мен уағдаластықтарды жүзеге асыру кезiндегi өздерiнiң шаруашылық етушi субъектілерiнiң мiндеттемелерi үшiн Уағдаласушы Тараптар жауапкершілікте болмайды.

  ІІІ БАП
Сауданы кеңейту және көтермелеу

      1. Әрбiр Уағдаласушы Тарап өздерінің коммерциялық компаниялары мен ұйымдарының екiншi Уағдаласушы Тараптың аумағында өткiзiлетiн халықаралық және мамандандырылған жәрмеңкелерге қатысуын көтермелейдi және мүмкiндiгiнше оларды қажетті құралдармен қамтамасыз ететiн болады.
      Көрмелер немесе жәрмеңкелерге арналған аумаққа тауарларды екiншi Уағдаласушы Тараптың аумағына әкелуге қатысты бiр Уағдаласушы Тараптың түрлі алымдарын күшiне енгiзу немесе кеден баждарынан, салықтардан және басқа да мiндеттi төлемдерiнен босату 1961 жылғы 8 маусымда Брюссельде қабылданған Көрмелер, жәрмеңкелер, кездесулер және осындай iс-шараларға арналған тауарлардың импорты туралы ережелерге сәйкес жүргізілетін болады.
      2. Әрбiр Уағдаласушы Тарап екiншi Уағдаласушы Тараптың коммерциялық компаниялары мен ұйымдарына отандық өндiрушілер өнiмiнiң экспозициясы үшін жыл сайын сату көрмелерi мен жәрмеңкелердi мынадай шарттарда өткiзуге рұқсат ететiн болады:
      - сауда-коммерциялық компаниялар мен ұйымдар қабылдаушы елдiң заңдары мен ережелерiн сақтайтын болады;
      - экспозиция үшiн ұсынылған тауарлардың номенклатурасы мен саны Уағдаласушы Тараптармен келiсiлетiн болады;
      - осы баптың шарттары Уағдаласушы Тараптарға күнi және ұзақтығы бойынша өзге де сату көрмелерi мен жәрмеңкелердi келiсуге бөгет етпейді.

  IV БАП
Коммерциялық қызмет үшiн қолайлы жағдайлар жасау

      1. Әрбiр Уағдаласушы Тарап өз аумағында екiншi Уағдаласушы Тараптың фирмаларының, ұйымдарының коммерциялық өкiлдiктерiн құруға рұқсат етедi, мұндай өкiлдiктерге үшiншi елдердің фирмалары мен ұйымдарының коммерциялық өкiлдiктерiне жасалған режимнен қолайлылығы кем болмайтын режим жасайды.
      2. Әрбiр Уағдаласушы Тарап екiншi Уағдаласушы Тараптың коммерциялық өкiлдiктерiне олардың операциялары жүзеге асырулары қатысты әдiл және тең режимдi қамтамасыз етедi.
      3. Әрбiр Уағдаласушы Тарап сондай-ақ Уағдаласушы Тараптардың жеке және заңды тұлғалары арасындағы тiкелей коммерциялық мәмiлелердi, олардың iшiнде әрбiр Уағдаласушы Тараптан өндiрушілер, түпкіліктi тұтынушылар немесе сатып алушылар ретiнде болатындарды қоса алғанда, көтермелейтін болады.
      4. Уағдаласушы Тараптардың ешқайсысы да оның аумағының шектерiнде екiншi Уағдаласушы Тараптың жеке және заңды тұлғалары ие болған келiсiм-шарттық құқықтарды немесе меншiк құқықтарын, не болмаса басқа құқықтарды негiзсiз бұзатын шараларды қолданбайтын болады.

  V БАП
Жариялылық

      1. Әрбiр Уағдаласушы Тарап сауданы, күрделi қаржы салуды, салық салуды, банк iсiн, сақтандыруды және басқа да қаржылық қызмет көрсетулердi, көлiк пен еңбектi қоса алғанда, қолданылып жүрген ұлттық заңдарға сәйкес коммерциялық қызметке қатысты нормативтiк құқықтық актiлермен және ережелермен көпшiлiктi таныстыру үшiн мүмкiндiктi дер кезiнде қамтамасыз ететiн болады.
      2. Әрбiр Уағдаласушы Тарап екiншi Уағдаласушы Тараптың жеке және заңды тұлғаларының ұлттық экономика және оның жекелеген салалары бойынша, соның ішінде сыртқы сауда жөнiндегi ақпаратқа, қолда бар құпия емес сипаттағы, бiреудің меншiгiне жатпайтын деректерге қол жеткiзу мүмкiндiгiн қамтамасыз ететiн болады.
      3. Әрбiр Уағдаласушы Тарап екiншi Уағдаласушы Тарапқа мүдделiлiк болған кезде iскерлiк белсендiлік жасауға ықпал ететiн қағидалар мен ережелердi жасау мәселелерi жөнiнде кеңесу мүмкiндiгiн бередi.

  VІ БАП
Тауарлармен және қызмет көрсетулермен
саудаға қатысты қаржылық ережелер

      Уағдаласушы Тараптар сауданы дамытудағы банктiк қарым-қатынастардың маңыздылығын қуаттады және екi ел арасындағы сауда операцияларын еркiн айырбасталымды валютада және халықаралық банк ережелерi мен тәжiрибесiне, егер екi елдің Ұлттық Банктерi өзгеше келiспесе, сәйкес жүргiзуге уағдаласты.

  VII БАП
Инвестициялар

      1. Уағдаласушы Тараптар инвестициялардың, ілгерішіл технологияларды енгiзудiң маңыздылығын тани отырып, сондай-ақ экономикалық тиiмділік принциптерiн негiзге ала отырып, инвестициялар, бiрлескен кәсiпорындар және шетелдік қатысумен кәсiпорындар, осындай кәсіпорындардың, банктердің өкiлдiктерi үшiн қолайлы жағдайлар жасауға көмектесетiн болады.
      2. Уағдаласушы Тараптар инвесторлар құқықтарының әрбiр Уағдаласушы Тараптың заңдарына сәйкес тең дәрежеде қорғалуын қамтамасыз етедi.

  VIII БАП
Жүк тасымалдау

      1. Әрбiр Уағдаласушы Тарап өзара негiзде бiр Уағдаласушы Тараптың аумағынан шыққан және екiншi Уағдаласушы Тараптың аумағына ауыстырылған (немесе арқылы) тауарлар тасымалын Уағдаласушы Тараптардың қолданылып жүрген заңдарына сәйкес жеңiлдетуге көмектесетiн болады.
      2. Дүниежүзi рыноктарында екi ел тауарларының бәсекелестiк қабiлетiн дамыту және тасымалдаудың эксплуатациялық шығыстарын азайту мақсатында Уағдаласушы Тараптар жүктердi тасымалдаудың тарифтік ставкалары мен оларды есептеу принциптерiн бiр iзге салуға ұмтылатын болады, Уағдаласушы Тараптардың кәсiпорындары үшiн нормативтiк құқықтық актiлерiмен көзделген тарифтер мен ставкаларды пайдалануда теңдей шарттарды қамтамасыз етедi.
      3. Осы Келiсiмнiң 2-тармағының ережелерiн iске асырудың нәтижесi Уағдаласушы Тараптардың аумағы арқылы транзитпен өтетiн жүктер үшiн Уағдаласушы Тараптар тарифтiк саясатты қалыптастырудың және қолданудың бiрыңғай принциптерi қолданылатын кеңiстiк деп түсiнетiн тарифтiк кеңiстiктi құру болып табылады.
      4. Осы Келiсiмнің Уағдаласушы Тараптардың ұлттық заңдарына сәйкес тыйым салынған немесе шектелген белгілі бiр тауарлар, заттар мен бұйымдарды әкелуге және әкетуге, сондай-ақ транзитiне күшi жүрмейдi.
      5. Осы баптың ережелерiн iске асыру Уағдаласушы Тараптар арасында екi жақты халықаралық шарттар жасау жолымен жүзеге асырылатын болады.

  IX БАП
Бұдан былайғы экономикалық ынтымақтастық салалары

      1. Уағдаласушы Тараптар өзара мүдделілік бiлдiрілетiн барлық салаларда, сондай-ақ статистика мен стандарттарды қоса алғанда, экономикалық ынтымақтастықты нығайту үшiн тиiстi қадамдар жасайды.
      2. Уағдаласушы Тараптар қызмет көрсетудiң ұлғайып келе жатқан экономикалық маңыздылығын ескере отырып, рынокқа шығу мүмкiндiгiне және оны ырықтандыруға барынша қол жеткiзу мақсатында екi ел арасындағы қызмет көрсетулер қызметiн жүргізуге ықпал ететiн мәселелер жөнiнде және өзара мүдделілік бiлдiрiлетiн әрi қызмет көрсетулердiң жеке секторларына жататын нақты мәселелер жөнiнде консультациялар өткiзуге уағдаласты.
      3. Уағдаласушы Тараптар екi елдiң Сауда-өнеркәсіп палаталары арасындағы тығыз және тиiмдi ынтымақтастыққа көмектесуге және қажет болған жағдайда, бiрлескен Сауда-өнеркәсіп палаталарын құруға, iскер топтар делегацияларымен алмасуға және бiр-бiрiнiң өнiмдерiмен және рыноктарымен танысу үшiн мамандандырылған семинарлар мен конференциялар өткiзуге, сондай-ақ бұл үшiн тиiстi құралдармен қамтамасыз етуге келiстi.

  X БАП
Рынокты бұзудың алдын алу жөнiндегi шаралар

      1. Кез келген Уағдаласушы Тарапқа тиiстi тергеу жұмыстарын жүргiзгеннен кейiн екiншi Уағдаласушы Тарап аумағынан шығатын тауар импортына қатысты, егер бұл импорт Уағдаласушы Тарапқа зиян келтiретiндей немесе болмай қоймайтын зиян қаупін төндiретiндей сандарда және жағдайларда жүзеге асырылатын болса, сондай-ақ Уағдаласушы Тарапқа зиян келтiретiн немесе болмай қоймайтын зиян қаупiн төндiретiн демпингтiк не болмаса қаржыландырылған импортқа байланысты арнайы сауда шараларын қолдануға осы Келiсiмдегi ешнәрсе бөгет бола алмайды.
      2. Арнайы сауда шаралары осы баптың ережелерiне және (немесе) Уағдаласушы Тараптардың ұлттық заңдарына сәйкес зиянды жою немесе зиян қаупiн жою үшiн қажеттi мерзiмге импортты сандық шектеу нысанында немесе арнайы импорттық баждар, антидемпингтік және өтемдік баждар нысанында енгiзiлуi мүмкiн.
      3. Уағдаласушы Тараптар жүзеге асырылған немесе жүзеге асырылуға тиiс, экономикалық зиян шектiретiн немесе шектiру қаупін төндiретiн не болмаса рыноктың бұзылуына едәуiр шамада жол беретiн екiнші Уағдаласушы Тарап аумағынан шыққан тауар импорты кезiнде Уағдаласушы Тараптардың бiрiнің өтінішi бойынша тез арада консультациялар өткiзуге уағдаласты.
      4. 3-тармақта көзделген консультациялардың мақсаттары мынадай болады: а) зиян шектiруi немесе зиян шектiру қаупін төндiруi мүмкiн импортқа қатысты факторларды ұсыну және талдау, және (b) мұндай зиянның алдын алу немесе жою құралдарын анықтау.
      5. Импорттаушы Уағдаласушы Тараптың пікiрiнше мұндай рынок бұзудың алдын алу немесе жою үшiн шұғыл шаралар қолдану қажет болғанда, импорттаушы Уағдаласушы Тарап өзiнің ұлттық заңдарына сәйкес кез келген уақытта және алдын ала консультацияларсыз мұндай консультациялар артынша өткiзілетiн болған жағдайда, осындай шараларды қолдана алады.
      6. Әрбiр Уағдаласушы Тарап рыноктың бұзылуын анықтауға қатысты оның ұлттық заңдары жариялылық сипатында болуын қамтамасыз етедi және оның әсерi болған Уағдаласушы Тарапқа өз көзқарасын бiлдiруге мүмкiндiк бередi.

  XI БАП
Тауарларды суреттеу және кодтау жүйесi

      Екi жақты сауда-экономикалық қатынастардың тарифтік және тарифтiк емес реттеулерiн жүзеге асыру, статистикалық ақпаратпен алмасу, кеден рәсiмдерiн жүргiзу үшін Уағдаласушы Тараптар Дүниежүзілік Кеден Ұйымының тауарларды суреттеу мен кодтау жүйесiне негізделген Сыртқы Экономикалық Қызметтiң Тауар Номенклатурасын пайдаланатын болады.

  ХІІ БАП
Дауларды реттеу

      Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсіндіру немесе қолдану жөнiнде даулар пайда болған жағдайда Уағдаласушы Тараптар оларды келiссөздер жолымен ізгi ықылас негiзiнде шешетiн болады.

  XIII БАП
Ұлттық қауiпсiздiк

      Осы Келiсiм Уағдаласушы Тараптардың кез келгенiне өзiнiң өмiрлiк мүдделерiн қорғау үшiн қажет немесе өзi қатысушысы болып табылатын немесе қатысу ниетi бар халықаралық шарттарды орындау үшiн сөзсiз қажет деп санайтын сыртқы экономикалық байланыстар саласында халықаралық тәжiрибеде жалпы қабылданған мемлекеттiк реттеу шараларын, егер бұл шаралар төменде келтiрiлетiндерге қатысты болса, қабылдауға кедергі жасамайды:
      - қоғамдық мораль мен қоғамдық тәртiптi қорғау;
      - адамдардың өмiрi мен денсаулығын қорғау;
      - жануарлар мен өсiмдiктердi қорғау;
      - қоршаған ортаны сақтау;
      - ұлттық игіліктi құрайтын көркемдiк, археологиялық және тарихи құндылықтарды қорғау;
      - алтын, күмiс немесе өзге де бағалы металдармен және асыл тастармен сауда;
      - орны толмайтын табиғи ресурстарды сақтау;
      - төлем балансының бұзылуы.

  XIV БАП
Консультациялар

      1. Уағдаласушы Тараптар осы Келісiмнiң орындалу барысын қарау үшiн Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөнiндегi қазақстан-иран үкiметаралық бiрлескен комиссиясы шеңберiнде мезгiл-мезгіл консультациялар өткiзiп отыруға уағдаласты.
      Уағдаласушы Тараптар осы Келiсiмдi түсiндiруге немесе қолдануға қатысты туындаған мәселелердi және Уағдаласушы Тараптар арасындағы қарым-қатынастардың басқа да тиiстi аспектілерiн талқылау үшiн Уағдаласушы Тараптардың кез келгенiнiң өтiнiшi бойынша тиiстi арналар арқылы шұғыл консультациялар өткiзуге уағдаласты.
      2. Уағдаласушы Тараптардың келiсiмi бойынша осы Келiсiмге оның ажыратылмас бөлiгi болып табылатын жеке Хаттамамен ресiмделетiн өзгертулер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн.

  XV БАП
Күшiне енуi, қолданылу мерзiмi және
қолданысының тоқтатылуы

      Осы Келiсiм оның күшіне енуi үшін қажеттi мемлекетiшiлiк рәсiмдердi Уағдаласушы Тараптардың орындағандығы туралы соңғы жазбаша хабарлама түскен күннен бастап күшіне енедi.
      Осы Келiсiм белгiсiз мерзiмге жасалды және Уағдаласушы Тараптардың бiрi оның күшiн тоқтату ниетi туралы екiншi Уағдаласушы Тарапқа хабарлаған сәтке дейiн күшінде бола бередi. Мұндай жағдайда осы Келiсiмнің қолданысы осындай хабар алынған соң он екi айдан кейiн тоқтатылады. Осы Келісiм қолданысының тоқтатылуы осы Келiсiм күшiнде болған кезеңде жасалған жобалар мен келiсiм-шарттардың жүзеге асырылуына ықпал етпейді.
      Тегеран қаласында 1999 жылғы 6 қазанда, бұл 1378 жылғы 14 мехраға сәйкес келедi, кiрiспесiмен және он бес баппен әрқайсысы қазақ, парсы, ағылшын және орыс тілдерiнде екi дана болып жасалды және де барлық мәтiндер түпнұсқаға сәйкес келедi.
      Түсiндiруде пiкiр алшақтықтары болған жағдайда ағылшын тiлiндегi мәтiнге басымдық берiледі.

      Қазақстан Республикасының      Иран Ислам Республикасының
      Yкiметі үшін                   Yкiметi үшін

  Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Иран Ислам
Республикасының Үкiметi арасындағы 1999 жылғы 6 қазандағы
Ұзақ мерзімді сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы
келiсiмге толықтыру мен өзгерiс енгізу туралы хаттама

      Бұдан әрi Уағдаласушы Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Иран Ислам Республикасының Yкiметi,
      Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Иран Ислам Республикасының Yкiметi арасындағы 1999 жылғы 6 қазандағы Ұзақ мерзiмдi сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келiсiмнiң (бұдан әрi - Келiсiм) XIV бабына сәйкес,
      мына төмендегiлер туралы келiсті:
      1. Келiсiмнiң I бабы мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:
      "1-1. Жоғарыда көрсетiлген ережелер:
      а) шекара маңындағы сауданы iлгерілету мақсатындағы ынтымақтастық негiзiнде Тарап кез келген көршiлес мемлекетке ұсынған немесе ұсынатын артықшылықтарға, жеңiлдiктерге және кедендiк төлемдер мен салықтардан босатуға;
      б) кеден одағының және еркiн сауда аймағының шеңберiндегi ынтымақтастық негiзiнде Тарап үшiншi мемлекетке ұсынған немесе ұсынатын артықшылықтарға, жеңiлдiктерге және кедендiк төлемдер мен салықтардан босатуға;
      в) Уағдаласушы Тараптар өздерiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес мейлiнше дамуы төмен елдерге ұсынған немесе ұсынатын артықшылықтарға, жеңiлдiктерге және кедендiк төлемдер мен салықтардан босатуға қолданылмайды".
      2. Келiсiмнiң III бабы 1-тармағының екiншi абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
      "Уағдаласушы Тараптар өздерiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес, екiншi Уағдаласушы Тараптан шығарылатын жарнамалық материалдың, тегiн үлгiлердiң, сондай-ақ сатуға арналмаған жәрмеңкелер мен көрмелерге арналған тауарлардың және жабдықтардың импортын кеден баждары мен салықтардан босатуға келiстi".
      Осы Хаттама Келiсiмнiң ажырамас бөлiгi болып табылады және Уағдаласушы Тараптар оның күшiне енуi үшiн қажеттi барлық мемлекетiшiлiк рәсiмдердi орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшiне енедi.
      Осы Хаттама 1383 ________ жылына сәйкес келетiн 2004 жылғы 4 қазанда Астана қаласында әрқайсысы қазақ, парсы, ағылшын және орыс тiлдерiндегi екi түпнұсқа данада жасалды, әрi барлық мәтiндердiң күшi бiрдей.
      Хаттаманың ережелерiн түсiндiру кезiнде келiспеушiлiктер туындаған жағдайда Уағдаласушы Тараптар ағылшын тiлiндегi мәтiнге жүгінетiн болады.

      Қазақстан Республикасының      Иран Ислам Республикасының
      Yкiметі үшін                   Yкiметi үшін

       РҚАО-ның ескертуі. Келісімнің ағылшын тіліндегі мәтіні берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады