1. 2004 жылғы 15 қыркүйекте Астана қаласында жасалған Орта (жалпы) білім, кәсіптік бастауыш және кәсіптік орта (арнаулы) білім туралы құжаттарды өзара тану және олардың баламалылығы туралы келісім бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Орта (жалпы) білім, кәсіптік бастауыш және кәсіптік орта (арнаулы) білім туралы құжаттарды өзара тану және
олардың баламалылығы туралы
КЕЛІСІМ
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын осы Келісімге үкіметтер атынан қатысушы мемлекеттер,
1997 жылғы 17 қаңтардағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының бірыңғай (ортақ) білім кеңістігін қалыптастыру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімді басшылыққа ала отырып,
2001 жылғы 29 қарашадағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының бірыңғай (ортақ) білім кеңістігін қалыптастыру тұжырымдамасын іске асырудың мемлекетаралық бағдарламасын орындау мақсатында,
білім, ғылым және мәдениет саласындағы ықпалдастыру процестерін тереңдетуге Тараптардың ұмтылысын назарға ала отырып,
бірыңғай еңбек нарығын құрудағы қажеттілікті ескере отырып, төмендегілер туралы келісті:
Осы Келісім Тараптар беретін орта (жалпы) білім, кәсіптік бастауыш және кәсіптік орта (арнаулы) білімі туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттарға қолданылады.
Егер осы білім беру деңгейінде оқытудың нормативтік ұзақтығы кемінде 9 жылды құраған жағдайда Тараптар Әзірбайжан Республикасында берілетін жалпы негізгі білімі туралы куәлікті, Армения Республикасында берілетін жалпы негізгі білімі туралы куәлікті, Беларусь Республикасында берілетін жалпы базалық білімі туралы куәлікті, Грузияда берілетін базалық жалпы білімі туралы куәлікті, Қазақстан Республикасында берілетін жалпы негізгі білімі туралы куәлікті, Қырғыз Республикасында берілетін жалпы негізгі білімі туралы куәлікті, Молдова Республикасында берілетін гимназиялық білімі туралы куәлікті, Ресей Федерациясында берілетін жалпы негізгі білімі туралы аттестатты, Тәжікстан Республикасында берілетін аяқталмаған орта білімі туралы куәлікті, Өзбекстан Республикасында берілетін жалпы негізгі білімі туралы аттестатты, Украинада берілетін жалпы базалық орта білімі туралы куәлікті таниды. Аталған білім туралы құжаттар жалпы білім беретін оқу орындарында оқуды жалғастыруға, сондай-ақ оқу орны Тарабының заңнамасына сәйкес Тараптардың кәсіптік бастауыш және кәсіптік орта (арнаулы) білім беру оқу орындарында білім алуға құқық береді.
Егер осы білім беру деңгейінде оқытудың нормативтік ұзақтығы кемінде 11 жылды құраған жағдайда Тараптар Әзірбайжан Республикасында берілетін толық жалпы орта білімі туралы аттестатты, Армения Республикасында берілетін жалпы орта (толық) білімі туралы куәлікті (аттестатты), Беларусь Республикасында берілетін жалпы орта білімі туралы аттестатты, Грузияда берілетін толық жалпы орта білімі туралы куәлікті, Қазақстан Республикасында берілетін жалпы орта білімі туралы аттестатты, Қырғыз Республикасында берілетін жалпы орта білімі туралы аттестатты, Молдова Республикасында берілетін орта білімі туралы аттестатты және бакалавр дипломын, Ресей Федерациясында берілетін жалпы орта (толық) білімі туралы аттестатты, Тәжікстан Республикасында берілетін орта білімі туралы аттестатты, Өзбекстан Республикасында берілетін мектепті бітіруі туралы сертификатты, Украинада берілетін толық жалпы орта білімі туралы аттестатты таниды.
Әзірбайжан Республикасында берілетін жалпы толық орта білім алатын кәсіптік-техникалық білімі туралы дипломды, Армения Республикасында берілетін жалпы орта (толық) білім алатын кәсіптік бастауыш (ұсталық) білімі туралы дипломды, Беларусь Республикасында берілетін жалпы орта білім алатын кәсіптік-техникалық білімі туралы дипломды, Грузияда берілетін жалпы орта (толық) білім алатын кәсіптік бастауыш білімі туралы дипломды, Қазақстан Республикасында берілетін жалпы орта білім алатын кәсіптік бастауыш білімі туралы дипломды, Қырғыз Республикасында берілетін біліктілік сертификатын немесе/және кәсіптік бастауыш білімі туралы сертификатты, Молдова Республикасында берілетін бакалавр дипломын алатын біліктілік куәлігін, Ресей Федерациясында берілетін жалпы орта (толық) білім алатын кәсіптік бастауыш білімі туралы дипломды, Тәжікстан Республикасында берілетін орта білім алатын кәсіптік бастауыш білімі туралы дипломды, Өзбекстан Республикасында берілетін жалпы толық орта білім алатын бастауыш арнаулы білімі туралы дипломды, Украинада берілетін жалпы толық орта білім алатын кәсіптік-техникалық білімі туралы дипломды Тараптар таниды және олар оқу орны Тарабының заңнамасына сәйкес Тараптардың кәсіптік орта (арнаулы) және жоғары (кәсіптік) білім беру оқу орындарында білім алуға құқық береді.
Аталған білім туралы құжаттарды Тараптар таниды және егер ұлттық заңнамаларда өзгеше көзделмеген болса, көрсетілген мамандыққа, біліктілікке сәйкес жұмысқа орналасу кезінде баламалы болып табылады.
Әзірбайжан Республикасында берілетін арнаулы орта білімі туралы дипломды, Армения Республикасында берілетін кәсіптік орта білімі туралы дипломды, Беларусь Республикасында берілетін арнаулы орта білімі туралы дипломды, Грузияда берілетін кәсіптік орта білімі туралы дипломды, Қазақстан Республикасында берілетін кәсіптік орта білімі туралы дипломды, Қырғыз Республикасында берілетін кәсіптік орта білімі туралы дипломды, Молдова Республикасында берілетін техник (технолог) дипломын және арнаулы орта білімі туралы дипломды, Ресей Федерациясында берілетін кәсіптік орта білімі туралы дипломды, Тәжікстан Республикасында берілетін арнаулы орта білімі туралы кіші маман дипломын, Өзбекстан Республикасында берілетін арнаулы орта білімі туралы дипломды, Украинада берілетін кіші маман дипломын Тараптар таниды және олар оқу орны Тарабының заңнамасына сәйкес Тараптардың жоғары (кәсіптік) білім беру оқу орындарында білім алуға құқық береді.
Осы Келісімнің 4 және 5-баптарын қолдану оқыту ұзақтығы мен даярлау салалары тұтастай сәйкес келетінін білдіреді. Жекелеген жағдайларда осы баптарда көрсетілген білімі туралы құжаттардың иегерлерінен тануға сұрау салынатын Тараптың уәкілетті органы нақты білім беру бағдарламасының өзіндік айырмашылығын танытатын пәндер бойынша курстардан өткендігі және емтихандарды тапсырғандығы туралы құжаттарды сұратуы мүмкін.
Тараптардың уәкілетті органдары осы Келісімді іске асыру үшін бір-біріне білім туралы мемлекеттік құжаттардың үлгілерін, сондай-ақ оларды ресімдеу және беру ережелері мен рәсімдерін реттейтін ұлттық нормативтік және құқықтық кесімдерді ұсынады.
Тараптар осы Келісімнің ережелерін іске асыру мәселелері бойынша бір-біріне консультация береді және уәкілетті органдар арқылы осы Келісімді іске асыруға қатысты ережелер мен рәсімдердің өзгеруі туралы бір-бірін хабардар етеді.
Осы Келісімнің 2, 3, 4, 5-баптарында көрсетілген білім туралы құжаттардың атаулары мен үлгілеріне Тараптар кез келген өзгерістер енгізген жағдайда, Тараптар оларды осы бапта белгіленген тәртіппен хабарлаған жағдайда таниды.
Осы Келісім оған қол қойған Тараптар оны күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы үшінші хабарламаны депозитарийге сақтауға тапсырған күннен бастап күшіне енеді. Көрсетілген рәсімдерді кейінірек орындаған Тараптар үшін Келісім депозитарийге тиісті құжаттарды сақтауға тапсырған күннен бастап күшіне енеді.
Осы Келісім оның ережелерін танитын басқа мемлекеттердің осындай қосылу туралы құжаттарды депозитарийге беру жолымен қосылуы үшін ашық.
Осы Келісім Тараптар қатысушылар болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
Осы Келісімге Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын және осы Келісімнің 10-бабында белгіленген тәртіпке сәйкес күшіне енетін хаттамамен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
Осы Келісімді қолдану мен түсіндіруге байланысты даулы мәселелер Тараптар арасындағы консультациялар және келіссөздер жолымен шешіледі.
Осы Келісім бес жыл мерзімге жасалады және егер Тараптар өзге шешім қабылдамаса, келесі бес жылдық кезеңдерге автоматты түрде ұзартылады.
Кез келген Тарап шығу күніне дейін кемінде алты ай қалғанда депозитарийге бұл туралы жазбаша хабарлама жібере отырып осы Келісімнен шығуы мүмкін.
2004 жылғы 15 қыркүйекте Астана қаласында бір түпнұсқа данада орыс тілінде жасалды. Түпнұсқа данасы оның куәландырылған көшірмесін осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке жіберетін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқару комитетінде сақталады.
Әзірбайжан Республикасының Молдова Республикасының Үкіметі
Үкіметі үшін үшін
Армения Республикасының Ресей Федерациясының Үкіметі
Үкіметі үшін үшін
Беларусь Республикасының Тәжікстан Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Грузия Үкіметі үшін Түркіменстан Үкіметі үшін
Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Қырғыз Республикасының Украина Үкіметі үшін
Үкіметі үшін