"Өзара сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 23 желтоқсандағы N 1273 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      "Өзара сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжілісінің қарауына енгiзiлсiн.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрi

Жоба

"Өзара сақтандыру туралы"
Қазақстан Республикасының Заңы

      Осы Заң өзара сақтандыруды жүзеге асыру ерекшелiктерiн, өзара сақтандыру қоғамдарының құқықтық жағдайын, сондай-ақ олардың қызмет ету шарттарын белгiлейдi.

1-тарау. Жалпы ережелер

       1-бап.  Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) өзара сақтандыру - сақтандыру қызметi нысанының бiрi, бұл ретте әрбiр сақтандырушы өзара сақтандыру қоғамының мүшесi болып табылады;
      2) қосымша жарна - өзара сақтандыру қоғамының мүшесi қоғамның Өзара сақтандыру ережесiнде көзделген тәртiппен және жағдайларда қосымша салатын сақтандыру сыйлықақысы;
      3) өзара сақтандыру қоғамы (бұдан әрi - қоғам) - өз мүшелерiнің мүлiктiк мүдделерiн өзара сақтандыруды жүзеге асыру мақсатында тұтыну кооперативi ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған сақтандыру ұйымы;
      4) уәкілеттi орган - қаржы рыногын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттiк орган.

       2-бап.  Қазақстан Республикасының өзара сақтандыру туралы заңнамасы
      1. Қазақстан Республикасының өзара сақтандыру туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және Азаматтық кодекстен, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен басқа ереже белгiленген болса, онда халықаралық шарттың ережесi қолданылады.
      3. "Сақтандыру қызметi туралы" және "Тұтыну кооперативi туралы" Қазақстан Республикасының Заңдары осы заңмен реттелмеген бөлiгiнде қоғамдардың қызметiне қолданылады.

       3-бап.  Өзара сақтандыру мақсаттары мен принциптерi
      1. Өзара сақтандырудың негiзгi мақсаты тәуекелдердi қайта бөлуде, жеке және заңды тұлғалардың мүлiктiк мүдделерiне сақтандыру қорғауын ұсыну арқылы олардың шаруашылық қызметiне кепiлдiктi нығайтуда болады.
      2. Мыналар:
      қоғам мүшелерiнің құқықтары мен мiндеттерiнiң тепе-теңдiгi;
      қоғам мүшелерiн өзара қорғау мен өзара жауапкершiлiгi;
      сақтандыру операцияларының коммерциялық емес сипаты өзара сақтандырудың принциптерi болып табылады.

       4-бап.  Өзара сақтандыру объектiлерi
      1. Қоғам мүшелерiнiң қызметімен байланысты сол сияқты тәуекелдермен бiрiккен олардың заңды мүлiктiк мүдделерi өзара сақтандыру объектiсi болуы мүмкiн.
      2. Өзара сақтандыру "өмiрдi сақтандыру" және "жалпы сақтандыру" саласы бойынша жүзеге асырылады.
      3. "Өмiрдi сақтандыру" саласы мен "жалпы сақтандыру" саласының құрамына Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметi туралы заңнамасында белгiленген сақтандыру сыныптары енедi. Өзара сақтандырудағы сақтандыру салалары мен сыныптарын қосу Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметi туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      4. Қоғам Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметi туралы заңнамасында белгiленген сақтандыру сыныптарын қосу бойынша шектеулердi ескере отырып, екi және одан да көп сақтандыру сыныптарының белгiлерi мен мазмұнын байланыстыратын сақтандыру түрiн әзiрлеуге құқылы.

       5-бап.  Уәкiлеттi органның және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің лицензиялануға жатпайтын қоғамдарға қатысты құзыретi
      1. Уәкілеттi орган:
      1) қоғам жарғысын және жарғыға енгiзiлетiн өзгерiстер мен толықтыруларды алдын ала келiседi;
      2) қоғамдардың тiзілімін жүргiзедi;
      3) қоғамдардың қаржылық және статистикалық есептілігін қоспағанда, олардың есеп беру тiзбесiн, нысанын, мерзімiн және тәртiбiн белгiлейдi;
      4) әкiмшілік құқық бұзушылық туралы iстердi қарайды және Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық жөнiндегi заңнамасына сәйкес әкімшілік жазаға тартқызу шараларын қолданады.
      2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi уәкілеттi органмен келiсе отырып:
      1) уәкілеттi органға қаржылық есептіліктi ұсыну мерзiмiн, тiзбесiн және нысанын;
      2) қоғамның Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiне статистикалық есептілiктi ұсыну мерзiмiн, тiзбесiн және нысанын белгілейдi.

2-тарау. Қоғамды құру, оның мүшелерiнiң құқықтары
мен мiндеттерi

       6-бап.  Қоғамның атауы
      1. Қоғамның атауында "өзара сақтандыру қоғамы" деген сөздер болуы тиiс.
      2. Қоғамның атауында кез келген тiлде толық не қысқартылған түрде "ұлттық", "мемлекеттiк", "орталық", "бюджеттiк", "республикалық" деген сөздер болмауы тиiс.

       7-бап.  Лицензиялануға жатпайтын қоғамды мемлекеттiк тiркеуге алу ерекшелiктері
      1. Уәкілетті органның лицензиялануға жатпайтын қоғамды мемлекеттік тiркеуi уәкілетті органмен жарғыны алдын ала келiскеннен кейiн жүзеге асырылады.
      Қоғамның жарғысын алдын ала келiсу үшiн уәкілетті органға мынадай құжаттар ұсынылады:
      1) қоғамның жарғысын алдын ала келiсуге арналған өтiнiш;
      2) қоғамның нотариат куәландырған және заңнамада белгiленген тәртіппен ресiмделген жарғысының үш данасы;
      3) қоғамды құру туралы қабылданған шешiмдi куәландыратын құжаттар.
      2. Уәкiлетті орган қоғамның жарғысын алдын ала келiсу өтiнiшiн өтінiш берушi осы баптың 1-тармағында көзделген құжаттарды ұсынған күннен бастап бiр ай iшiнде қарауы тиiс.
      3. Қоғамның жарғысын алдын ала келiсу мынадай себептермен бас тартылуы мүмкiн:
      1) ұсынылған құжаттардың осы баптың 1-тармағының талаптарына сәйкес келмеуi;
      2) жарғы ережелерінің Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келмеуi.
      4. Уәкiлеттi орган лицензияламайтын қоғам мемлекеттiк тiркеуден өткен күннен бастап он күнтiзбелiк күн iшiнде уәкілеттi органды мемлекеттiк тiркеуден өткенi туралы хабардар етуге мiндеттi.

       8-бап.  Қоғамның құрылтай құжаттары
      1. Қоғамның құрылтай шарты мен жарғысы оның құрылтай құжаттары болып табылады.
      2. Қоғамның құрылтай шартында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ережелерден басқа мыналар болуы тиiс:
      1) құрылтайшылардың сақтандыру шартына қол қою және сақтандыру сыйлықақыларын салу жөнiндегi мiндеттерi;
      2) құрылтайшылар қоғамды құрумен және қызметiн ұйымдастырумен байланысты әкiмшілiк шығыстарға салатын ақшалай жарналардың мөлшерi.
      3. Қоғамның жарғысында, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерiнде көзделген мәлiметтерден басқа мыналар болуы тиiс:
      1) өзара сақтандыруға жататын мүлiктiк мүдделердiң ортақтығына, қоғам мүшелерiнiң кәсiби тиесілілігiне, қызмет пен мүдделер аясының ортақтығына нұсқаманы қоса алғанда, қоғам мүшелерiнің бiрiктiру негiздемелерi;
      2) қоғам мүшелерінің жауапкершілiгi, оның iшiнде сақтандыру міндеттемелерi бойынша субсидиарлық жауапкершілiк, сондай-ақ қосымша жарналар енгiзу жөніндегi жауапкершілiк;
      3) сақтандыру сыныптары;
      4) сақтандыру сыйлықақыларын төлеу тәртiбi, қосымша және өзге жарналарды енгiзу, сондай-ақ оларды пайдалану тәртiбi;
      5) қоғам құратын сақтандыру және өзге де резервтердi қалыптастыру мен пайдалану тәртiбi;
      6) өз қаражатын инвестициялау тәртiбi;
      7) қоғам мүшелерiне қоғам қызметi туралы ақпарат беру тәртiбi;
      8) қоғам мүшелiгiне кiру тәртiбi, сондай-ақ қоғам мүшесін шығарудың негiздемесi және тәртiбi.
      Қоғам жарғысында Қазақстан Республикасының заңнамасына қарама-қайшы келмейтiн басқа да ережелер болуы мүмкін.
      4. Қоғамның жарғысына фамилиясы, аты-жөнi, мекен-жайы және жеке тұлғалар үшін жеке басын куәландыратын құжат деректерi, сондай-ақ заңды тұлғалар үшін толық атауы орналасқан жерi, мемлекеттiк тiркеу (қайта тiркеу) жөнiндегi деректерi көрсетілген қоғам мүшелерiнiң тiзiмi қоса беріледi.
      Қоғам өз мүшелерінiң тiзiмiн жүргізудi және сақтауды қамтамасыз етедi.
      5. Қоғам жарғысы қоғам мүшелiгіне кандидаттарға танысу үшін ұсынылуы тиiс.
      6. Қоғамның жарғысына енгiзілетін өзгерiстер мен толықтырулар қоғамның жарғысын алдын ала келiсу үшiн осы Заңның 7-бабының 1-тармағында көзделген тәртiппен уәкілеттi органмен алдын ала келiсуге жатады.

       9-бап.  Қоғам мүшелерi
      1. Жеке тұлғалар мен заңды тұлғалар, оның iшiнде құрылтайшысы немесе қатысушысы мемлекет болып табылатын заңды тұлғалар қоғам мүшелерi болып табылады.
      Қоғам мүшелерінің саны екiден кем болмауы тиiс.
      2. Қоғамға мүше болу жасалған сақтандыру шартына сәйкес алғашқы сақтандыру сыйлықақысын төлеген соң барып туындайды.
      3. Қоғам мүшелерi қоғамға үшiншi тұлғалар қойған шағым-талаптар бойынша өздерiне мiндеттемелер алмайды.

       10-бап.  Қоғам мүшелерiнің құқықтары мен мiндеттерi
      1. Қоғам мүшелерінiң мынадай құқықтары бар:
      1) қоғам көрсететiн сақтандыру қызметiнiң барлық түрлерiн пайдалануға;
      2) қоғамды басқаруға қатысу және оның органдарына сайлануға;
      3) өзара сақтандыру ережесiнде және қоғам қызметiн реттейтін өзге де құжаттарда белгiленген талаптармен өзiнiң мүлiктiк мүдделерiн сақтандыруға;
      4) қоғамның органдарынан олардың қызметi, қоғам қызметi туралы кез-келген ақпаратты алуға, оның iшiнде қоғам жарғысында айқындалған тәртiппен бухгалтерлiк есеп, есеп беру деректерiмен және басқа да құжаттармен танысуға;
      5) қоғам жарғысында көзделген тәртiппен және талаптармен қоғамда мүшелікті тоқтатуға;
      6) тиiстi жинақтаушы сақтандыру шартында көзделген сатып алу сомасы шегінде қоғамнан заем алуға;
      7) алғашқы сақтандыру сыйлықақысын төлеудi қоспағанда, сақтандыру сыйлықақыларын төлеуге арналған заемдар алуға;
      8) қоғамның атқарушы органының қарауына сақтандыру жағдайының туу тәуекелiн ескерту үшiн ақша беру туралы өтiнiш беруге;
      9) қоғамның жарғысында көзделген тәртiппен қоғам мақсаттары үшін өзге де жарналар салуға;
      10) қоғамның атқарушы, бақылау және өзге де органдарының заңсыз iс-қимылдары бойынша қоғам мүшелерiнiң жалпы жиналысына өтiнiш жасауға;
      11) қоғамның атқарушы органының қоғамның өз мүдделерiн қамтитын шешiмдерiн сот тәртiбiмен бұздыруға.
      Қоғам жарғысында Қазақстан Республикасының заңнамасына қарама-қайшы келмейтiн мүшелердiң өзге де құқықтары белгіленуi мүмкiн.
      2. Қоғам мүшелерi:
      1) қоғам жарғысын сақтауға;
      2) қоғам органдарының құзыретi шегiнде қабылдаған шешiмдерiн орындауға;
      3) сақтандыру сыйлықақыларының төлемдерiн уақтылы жасауға;
      4) сақтандыру резервтерiн толықтыру қажет болғанда немесе сақтандыру төлемдерiн жүзеге асыруға қаражат жеткiлiксiз болған жағдайда осы Заңға және қоғамның жарғысына сәйкес қоғам мүшелерiнiң жалпы жиналысы белгiлеген мөлшерде қосымша жарналар төлеуге мiндеттi.
      Қоғам мүшелерi Қазақстан Республикасының заңнамасына қарама-қайшы келмейтiн, қоғам жарғысында көзделген басқа да мiндеттердi мойнына ала алады
      3. Қоғам мүшесiн сақтандыру сыйлықақыларын және қосымша сақтандыру жарналарын төлеу мiндетiнен, оның iшiнде осы Заңның 20-бабының 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, оның iшiнде қоғам талаптарын есепке алу жолымен босатуға жол берiлмейдi.

       11-бап.  Қоғамдағы мүшелiктi тоқтату
      1. Қоғамдағы мүшелiк мынадай жағдайларда тоқтатылады:
      1) қатысушылар құрамынан өз еркiмен шыққан кезде;
      2) қоғам жарғысында көзделген негiздеме мен тәртiп бойынша, оның iшiнде сақтандыру сыйлықақысын төлеу жөнiндегi мiндеттемелерiн орындамаған кезде қоғам мүшелiгінен шығарылған жағдайда;
      3) қоғам мүшесi - заңды тұлға таратылған жағдайда;
      4) қоғам мүшесi - жеке тұлға қайтыс болғанда немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен қайтыс болды деп танылған жағдайда;
      5) қоғам таратылған жағдайда.
      2. Егер қоғам мүшесi осының алдында қоғам мақсаты үшін өзге жарна енгiзген жағдайда ол қоғамдағы мүшелiгi тоқтатылған кезде қоғам алдындағы берешегiн шегере отырып, оларды қоғамның жарғысында көзделген мерзiмде керi қайтарып алу құқығы бар.
      Қоғам мүшесi төлеген сақтандыру сыйлықақылары мен қосымша жарналары қайтарылмайды.
      3. Қоғам қатысушыларының құрамынан ерiктi шығу туралы өтiнiштi қарауды және өтiнiш берушiге осы баптың 2-тармағында көрсетiлген жарналар төлеудi қоғам өтініш берiлген күннен бастап бiр айдан астам емес мерзiмде жүйеге асырады.
      4. Қоғам мүшесi қайтыс болған жағдайда оның мұрагерi қоғамның жарғысында көзделген тәртiппен қоғамға кiруге құқылы.
      5. Құрылтайшының құрылтай шартында белгіленген мерзiмде сақтандыру сыйлықақыларын салмауы және сақтандыру шартына қол қоймауы оны құрылтайшылар құрамынан шығаруға әкелiп соқтырады.

3-тарау. Қоғам қызметi

       12-бап.  Өзара сақтандыру қызметiн лицензиялау
      1. Өзара сақтандыру қызметi осы баптың 2-тармағында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, лицензиялауға жатқызылмайды.
      2. Уәкілетті органның лицензиясы қоғамның мынадай қызметтердi жүзеге асыруы кезiнде талап етiледi:
      1) міндетті сақтандыру туралы заңдарда көзделген тәртiппен және шарт бойынша міндеттi сақтандыру түрлерi бойынша;
      2) қоғам мүшелерiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру бойынша;
      3) егер бiр жылғы жиынтық сақтандыру сыйлықақысы мөлшерiнiң баламасы тиiстi қаржы жылына республикалық бюджет туралы заңда белгiленген бiр жүз елу мың айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнен асып кеткен жағдайда өз мүшелерiн сақтандыру бойынша.
      3. Қоғам қызметi осы баптың 2-тармағының талаптарына сәйкес келмеген және ол уәкілеттi органға лицензияны ерiктi түрде тапсырған жағдайда, қоғам өзара сақтандыру қызметiн осы Заңға сәйкес лицензиясыз жүзеге асыруға құқылы.

       13-бап.  Лицензиялануға жатпайтын қоғамның өзара сақтандыруды жүзеге асыру тәртiбi
      1. Қоғамның өзара сақтандыруды уәкілетті органның лицензиясынсыз жүзеге асыру тәртiбi осы Заңға сәйкес жүргiзіледi.
      2. Сақтандыру шартын жасасу арқылы қоғам өз мүшелерiнiң мүлiктiк мүдделерiн өзара сақтандыруды жүзеге асырады.
      3. Өзара сақтандыруды жүзеге асыратын жалпы шарттар қоғам мүшелерiнiң жалпы жиналысында қабылданған өзара сақтандыру ережелерi бойынша анықталады.
      Өзара сақтандыру ережелерiне өзгерістер жылына бір реттен жиі өтпейтiн қоғам мүшелерiнiң жалпы жиналысының шешiмi бойынша жасалады.

       14-бап.  Қоғам қызметi
      1. Өзара сақтандыру қоғам жүзеге асыратын негiзгi қызмет түрi болып табылады.
      2. Қоғам өзара сақтандырудан басқа мынадай қызмет түрлерiн жүзеге асыруға құқылы:
      1) инвестициялық қызмет;
      уәкілетті органның лицензиясы негiзiнде өз қызметiн жүзеге асыратын қоғамдар үшiн Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметi туралы заңнамасында көзделген тәртiппен;
      уәкiлеттi органның лицензиясынсыз өз қызметiн жүзеге асыратын қоғамдар үшiн жарғыда көзделген тәртiппен жасалады;
      2) тиiстi жинақтаушы сақтандыру шартында көзделген сатып алу сомасы шегiнде өз мүшелерiне заемдар беруге;
      3) өз мүшелерiне сақтандыру сыйлықақыларын төлеуге заемдар беруге;
      4) қоғамдардың қызметiн автоматтандыру үшiн пайдаланылатын мамандандырылған бағдарламалық қамтамасыз етудi сату;
      5) сақтандыру және сақтандыру қызметi жөнiндегi арнайы әдебиеттi кез-келген ақпарат тасымалдағыштарында сату;
      6) қоғамның қажеттiлiгi үшiн бұрын сатып алынған мүлiктi сату және жалға беру;
      7) сақтандыру қызметiне байланысты мәселелер бойынша кеңес беру қызметін көрсету;
      8) өзара сақтандыру саласындағы мамандардың бiлiктiлiгiн көтеру мақсатында оқыту ұйымдастыру және оны өткiзу.
      3. Қоғамға осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделмеген мәмiлелердi жүзеге асыруына және операциялар жасауына тыйым салынады.
      4. Қоғамға қоғамдардың қауымдастықтар (одақтар) нысанында бiрiккен, сондай-ақ бiрлескен қызмет туралы шарттың негiзiнде консорциумдар құрылған жағдайларды қоспағанда, басқа заңды тұлғаларға қатысуға тыйым салынады.
      5. Қоғам Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес филиалдар мен өкілдiктер құруға құқылы.

       15-бап.  Қайта сақтандыру қызметi
      1. Қоғам уәкiлетті органның тиiстi лицензиясы бар сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына немесе онда тiзбесiн уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметi туралы заңнамасына сәйкес белгiлеген бiр рейтинг агенттiгiнiң белгілі рейтингi бар Қазақстан Республикасының резидентi емес сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына қайта сақтандыруға қоғам қабылдаған сақтандыру тәуекелдерiнiң барлығын немесе бiр бөлiгiн беру құқығы бар.
      2. Қоғамның қайта сақтандыруға қабылдаған сақтандыру тәуекелдерiн сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына беруi осы баптың 1-тармағында көрсетiлгендей жеке түрде немесе сақтандыру брокерi арқылы жүзеге асырылады.
      Қоғамның делдалдық қызметтi немесе қайта сақтандыру тәуекелiн қабылдау қызметiн жүзеге асыруға құқығы жоқ.

4-тарау. Қоғамның органдары

       16-бап.  Қоғамның органдары
      1. Қоғамның органдары мыналар болып табылады:
      1) жоғары орган - қоғам мүшелерiнiң жалпы жиналысы;
      2) атқарушы орган - алқалы орган (Басқарма) немесе атқарушы органның функциясын жеке дара жүзеге асыратын адам (Төраға);
      3) бақылау органы - iшкi аудит қызметi.
      2. Қоғамның жарғысымен қоғамның өзге де органдарының құрылуы көзделуi мүмкiн.

       17-бап.  Қоғам мүшелерiнiң жалпы жиналысы
      1. Қоғам мүшелерi жалпы жиналысының айрықша құзыретiне, Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде көзделген құзыреттен басқа, мыналар жатады:
      1) қоғамның өзiнің мүшелерiмен жасаған өзара сақтандыру шарттарының талаптарын айқындау;
      2) қоғамның бюджетiн бекiту;
      3) қоғамда аудит жүргiзу туралы шешiм қабылдауы және аудитор таңдауы;
      4) қоғам мен оның мүшелерi арасындағы дауларды қарау тәртiбiн айқындау;
      5) өзара сақтандыру ережесiн бекiту;
      6) сақтандыру тарифтерiн есептеу тәртiбiн айқындау;
      7) қоғамның қызметiн қамтамасыз ету, олардың пайдалануы үшін қажеттi қоғамның сақтандыру және өзге де резервтерiн қалыптастыру мен толықтыру тәртiбiн айқындау;
      8) қоғамның инвестициялық саясатын бекiту;
      9) сақтандыру тәуекелдерiн оларды қайта сақтандыру үшiн беру жөнiндегi саясатты бекiту және сақтандырудың әрбiр түрi бойынша өз ұстап қалу лимиттерiн белгілеу;
      10) тиiсті жинақтаушы сақтандыру шартында көзделген сатып алу сомасы шегiнде қоғам мүшелерiне заемдар беру жөнiнде шешiм қабылдау;
      11) өз мүшелерiне сақтандыру сыйлықақыларын төлеуге заемдар беру туралы шешiм қабылдау;
      12) қоғамның атқарушы органы ұсынған қорытынды негiзiнде сақтандыру жағдайы пайда болған кездегi тәуекелдердi алдын алуға арналған iс шараларды өткiзуге ақша бөлу туралы шешiм қабылдау;
      13) iшкi аудит қызметiнiң жұмыс тәртiбiн, ішкі аудит қызметi қызметкерлерiнiң еңбекақы мөлшерiн және оны төлеу шарттарын айқындау;
      14) қоғамға жаңа мүшелердi қабылдау туралы шешiм қабылдау.
      2. Осы Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерiмен енгiзiлген мәселелермен қатар жалпы жиналыстың айрықша құзыретiне, қоғам жарғысымен басқа да мәселелер енгiзiлуi мүмкiн.
      3. Қоғам мүшелерiнiң жалпы жиналысы қоғам қызметiне байланысты кез-келген мәселенi қарауға құқылы.
      4. Жалпы жиналысты (оның iшiнде кезектен тыс жиналысты) шақыру, өткiзу, шешiм қабылдау тәртiбi тұтыну кооперативiнiң қызметiн реттейтiн Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiмен және қоғам жарғысымен айқындалады.

       18-бап.  Қоғамның атқарушы органы
      1. Қоғамның атқарушы органының құзыретiне тұтыну кооперативiнің қызметiн реттейтiн Қазақстан Республикасының басқа заңнамалық актiсiмен айқындалған мәселелерден басқа мыналар жатады:
      1) қоғам қызметiнің басым бағыттары бойынша ұсыныстар қалыптастыру;
      2) қоғамның инвестициялық саясатын әзiрлеу;
      3) сақтандыру тәуекелдерiн қайта сақтандыру үшiн және әр сақтандыру түрi бойынша жеке ұстайтын лимиттердi беру саясатын әзiрлеу;
      4) келесi жылға қоғамның жылдық қаржылық есебiн және бюджеттiң жобасын әзiрлеу;
      5) қоғам мүшелерi жалпы жиналысының айырықша құзыретіне жататын есептерден басқа қоғам есептерiн бекiту;
      6) қоғам жарғысында айқындалған өзге де мәселелер.
      2. Қоғамның Төрағасы қоғам мүшелерiнiң жалпы жиналысында сайланады және жұмыстан босатылады.
      Қоғамның Төрағасы қоғамның мүшесi болмауы да мүмкiн.
      3. Басшысын қоса алғандағы қоғамның алқалы атқарушы органы (Басқарма) жарғыда көзделген санда қоғам мүшелерiнің жалпы жиналысында сайланады.
      Қоғам мүшелерi жалпы жиналысының шешiмi бойынша қоғам Басқармасының кез келген мүшесінің өкілеттiктерi мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы мүмкiн.
      4. Қоғамның алқалы атқарушы органының басшысы осы органның қызмет етуiн қамтамасыз етедi және оның отырыстарын басқарады.
      5. Егер қоғам Басқармасының мәжiлiсiне оның мүшелерiнiң жартысынан астамы қатысып отырса, ол шешiм қабылдауға құқылы. Шешiмдер жай көпшiлiк дауыспен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда Басқарма Төрағасының дауысы шешушi болып табылады.
      6. Қоғамның алқалы атқарушы органының қызмет тәртiбi және оның шешiм қабылдауы қоғамның жарғысымен, сондай-ақ ережелермен және қоғам мүшелерінің жалпы жиналысында қабылданған өзге құжаттармен айқындалады.

       19-бап.  Қоғамның ішкi аудит қызметі
      1. Егер өзгесi қоғам жарғысында көзделмеген болса, қоғамның қаржы-шаруашылық қызметiне бақылау жасау үшін ішкi аудит қызметi құрылады әрi ол қоғам мүшелерінен тұрады.
      2. Қоғамның iшкi аудит қызметiнiң жұмыс iстеу тәртiбi қоғамның жарғысымен және ішкi құжаттарымен айқындалады.
      3. Қоғамның атқарушы органының мүшесi iшкi аудит қызметiнiң мүшесi бола алмайды.
      4. Ішкi аудит қызметi қоғамның қаржы-шаруашылық қызметiне тексеру жүргiзедi, қоғамның жылдық қаржылық есебi мен бухгалтерлiк балансы бойынша қоғамның жалпы жиналысында қорытынды жасайды. Қоғам мүшелерінің жалпы жиналысының ішкi аудит қызметінiң қорытындысынсыз қоғамның жылдық қаржылық есебi мен бухгалтерлiк балансын бекітуге құқығы жоқ.
      5. Қоғам мүшелерінің жалпы жиналысы iшкi аудит қызметiнiң мүшелерін, оның iшiнде iшкi аудит қызметiнiң төрағасын қоғам жарғысында айқындалған мерзiмге сайлайды. Ішкi аудит қызметiнiң мүшелерi өз өкiлеттіктерін басқа тұлғаларға беру құқығы жоқ.
      Қоғам мүшелерінің жалпы жиналысының шешiмi бойынша iшкi аудит қызметiнiң кез-келген мүшесiнiң өкілеттiгi мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы мүмкiн.
      6. Ішкi аудит қызметiнiң мүшелерi қоғам қызметi туралы кез-келген ақпаратты алуға құқығы бар.
      Ішкi аудит қызметiнiң мүшелерi қоғам басқармасының мәжілістерiне қатысады.
      7. Ішкi аудит қызметi қоғам мүшелерінiң жалпы жиналысын:
      1) егер атқарушы органның қызметi мақсаттарға қол жеткiзудi және қоғамның мiндеттерiн орындауды қамтамасыз ете алмаған жағдайда;
      2) егер қоғамның атқарушы органы қоғам мүшелерi жалпы санының оннан бiр бөлiгiнiң мұндай талап қойылған күннен бастап он төрт күн iшiнде жалпы жиналысты шақыру туралы талабын орындамаған жағдайда дербес шақырады.

5-тарау. Қоғамның мүлкi

       20-бап.  Қоғамның мүлкiн қалыптастыру көздерi
      1. Қоғамның мүлкін қалыптастыру көздерi мыналар болып табылады:
      1) құрылтайшылардың жарналары;
      2) қоғам мүшелерінің сақтандыру сыйлықақылары;
      3) қоғам мүшелерiнiң қосымша жарналары;
      4) ерiктi ақшалай және өзге жарналар;
      5) уақытша бос сақтандыру резервтерiнен және өзге де қаражатты орналастырудан алынған кiрiстер;
      6) осы Заңда көзделген өзге де қызметтен түскен кiрiстер.
      2. Қоғам меншiгiнде мүлiктi иелiк етiп басқару тәртiбi қоғам мүшелерiнiң жалпы жиналысымен белгiленедi.

       21-бап.  Сақтандыру сыйлықақылары және сақтандыру төлемдерi
      1. Қоғам мүшелерi сақтандыру шартында айқындалған мөлшерде пайда алушыға сақтандыру төлемiн жасау жөнiнде мiндеттеме қабылдағандықтан қоғамға сақтандыру сыйлықақыларын төлеуге мiндеттi.
      2. Сақтандыру сыйлықақылары есебiнiң мөлшерi және тәртiбi қоғам мүшелерiнiң жалпы жиналысы бекiткен қоғамының Өзара сақтандыру ережесiмен белгіленедi.
      3. Егер қоғамда есептi кезеңнiң аяғында сақтандыру төлемдерi бойынша, сондай-ақ салықтар төлемi бойынша берешектерi болмаған жағдайда қоғам мүшелерінiң жалпы жиналысы кезектi сақтандыру сыйлықақыларын азайту немесе оларды төлеудi тоқтата тұру туралы шешiм қабылдауы мүмкiн.
      4. Сақтандыру төлемдерiнiң мөлшерiн белгілеу және оларды жүзеге асыру тәртiбi қоғам мүшелерiнiң жалпы жиналысы бекiткен қоғамның Өзара сақтандыру ережесiмен белгiленедi.

       22-бап.  Қосымша жарналар
      1. Қосымша жарналар есебiнiң мөлшерi мен тәртiбi қоғам мүшелерiнiң жалпы жиналысы бекiткен қоғамның Өзара сақтандыру ережесiмен белгiленуi тиiс.
      2. Уәкiлеттi орган лицензияламайтын қоғам мүшелерiнiң қосымша жарналары тек қана сақтандыру төлемдерiн жасауға бағытталуы мүмкiн.
      3. Қызметiн уәкiлетті органның лицензиясымен жүзеге асырып отырған қоғам мүшелерінің қосымша жарнасы тек қана сақтандыру төлемдерiн жасауға немесе қалыптасу мiндеттілігi Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметi туралы заңнамасымен белгiленген қорлардың (резервтердiң) қалыптасуы (толықтырылуы) үшiн берілуi мүмкiн.

       23-бап.  Лицензиялануға жатпайтын қоғамның сақтандыру және өзге де резервтерi

      1. Қоғам өзiнің мiндеттемелерiн орындауды қамтамасыз ету үшiн қоғамның жарғысымен белгіленген тәртiп пен талап бойынша алынған сақтандыру сыйлықақыларынан сақтандыру резервтерiн қалыптастырады. Алынған сақтандыру сыйлықақыларының сомасы толық көлемде сақтандыру резервтерiн қалыптастыруға жiберiлуi тиiс.
      Егер қоғам жарғысымен өзге резервтердi құру көзделмеген болса, онда қоғамның инвестициялық кiрiстерi мен меншiктi қаражаты да сол сияқты сақтандыру резервтерiн қалыптастыру үшiн жiберіледi.
      2. Егер есептi кезең аяғында қоғамда сақтандыру төлемдерi бойынша, сондай-ақ салықтар бойынша берешек болмаса, онда қоғам мүшелерiнiң жалпы жиналысы кезектi сақтандыру резервтерiнiң бөлiгiн немесе жалпы соманы қоғам жарғысында көзделген қоғамның қаржылық тұрақтылығын және төлем қабілеттілiгiн қамтамасыз ету үшiн қоғамның өзге де резервіне бағыттау туралы шешiм қабылдауы мүмкiн. Алдағы қаржы жылының сақтандыру резервтерiнің қажеттi сомасы мiндеттi түрде кезектi сақтандыру сыйлықақыларының есебiнен қалыптасуы тиiс.
      3. Сақтандыру резервтерiнің қаражаты тек инвестициялауға және (немесе) сақтандыру төлемдерiн жасауға ғана пайдаланылуы мүмкiн.
      Қоғам сақтандыру резервтерiн қоғам жарғысында көзделген тәртіппен әртараптандыру, қайтарымдылық, табыстылық шарты бойынша орналастырады.
      4. Қоғамның оның мүшелерi алдындағы мiндеттемелерiнiң актуарлық бағасының, қоғамның Өзара сақтандыру ережесiне сәйкес актуариймен жүзеге асыратын қоғамның сақтандыру сыйлықақылары мен сақтандыру резервтерi есебiнiң болуы мiндеттi.

       24-бап.  Қоғамды қайта ұйымдастыру және тарату
      Лицензиялануға жатпайтын қоғамды қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасымен белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
      Лицензиялануға жататын қоғам "Сақтандыру қызметi туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгiленген ерекшелiктердi ескере отырып қайта ұйымдастырылады және таратылады.

6-тарау. Қорытынды ережелер

       25-бап.  Қазақстан Республикасының өзара сақтандыру туралы заңнамасын бұзғаны үшiн жауапкершілiк
      Қазақстан Республикасының өзара сақтандыру туралы заңнамасын бұзған қоғамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауап бередi.

       26-бап.  Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі.
      Осы Заң ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады