Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қырғыз Республикасының Yкiметi арасындағы Қырғыз Республикасының Шекара қызметi үшiн кадрлар даярлау саласындағы келiсiмге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 30 маусымдағы N 631 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қырғыз Республикасының Үкiметi арасындағы Қырғыз Республикасының Шекара қызметi үшiн кадрлар даярлау саласындағы келiсiмнiң жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң төрағасы Амангелдi Смағұлұлы Шабдарбаевқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкiметi атынан Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қырғыз Республикасының Үкiметi арасындағы Қырғыз Республикасының Шекара қызметi үшiн кадрлар даярлау саласындағы келiсiмге қол қоюға өкiлеттiк берiлсiн.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрi

Жоба

Қазақстан Республикасының Үкiметі мен
Қырғыз Республикасының Үкiметi арасындағы
Қырғыз Республикасының Шекара қызметi үшін кадрлар даярлау
саласындағы келiсiм

      Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қырғыз Республикасының Үкiметтерi достық қатынастарды дамыту, нығайту ниетiн негiзге ала отырып, сыртқы шекара қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласындағы ықпалдасу үдерiстерiн жолға қоюға және тереңдетуге ұмтыла отырып, Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердiң сыртқы шекараларын сенiмдi күзету үшiн шекара әскерлерiнiң кәсiби даярланған әскери кадрларының шешушi мәнiн ұғына отырып,
      1995 жылғы 3 қарашадағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердiң шекара әскерлерiне арналған әскери кадрларды даярлау мен олардың бiлiктiлiгін арттырудағы ынтымақтастық туралы Келiсiмнiң 1-бабын басшылыққа ала отырып, төмендегiлер туралы келiстi:

1-бап

      Қазақстан Тарабы Қырғыз Тарабының Шекара қызметiнiң әскери қызметшiлерiн мына: Қазақстан Республикасы Алматы қаласы Достық даңғылы 103 мекен-жайында орналасқан Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Әскери институтына (бұдан әрi - ҰҚК Әскери институты) ҰҚК төрағасы бекiткен штат сан лимитiнiң және ҰҚК Әскери институтын ұстауға бөлiнген қаражаттың шегiнде шарттасқан санда, Тараптар жыл сайын келiсетiн мамандық бойынша және мерзiмге оқуға қабылдайды. Келiсу нәтижелерi келiсiм-шарттармен ресімделеді.

2-бап

      Тараптардың осы Келiсiмнiң орындалуы үшiн жауапты өкiлеттi органдары:
      Қазақстан Тарабынан - Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетi;
      Қырғыз Тарабынан - Қырғыз Республикасының Шекара қызметi болып табылады.
      Жоғарыда аталған өкiлеттi органдардың атаулары немесе функциялары өзгерген жағдайда Тараптар дипломатиялық арналар бойынша уақытылы хабарланатын болады.

3-бап

      Әскери қызметшiлердi оқуға қабылдау Қырғыз Тарабының жыл сайынғы жазбаша өтiнiмдерiне, Қазақстан Тарабының ұсынымдары мен мүмкiндiктерiне сәйкес жүргiзiледi. Өтiнiмдер оқу басталғанға дейiнгi 6 айдан кешiктiрiлмей жiберiледi. Өтiнiмдерде оқыту мамандығы және әр мамандық бойынша жеке үмiткерлер саны, оқуға үмiткерлердiң жалпы бiлiм деңгейi көрсетiледi.
      Қырғыз Тарабы жыл сайын Қазақстан Тарабы бекiтетiн квотаға сәйкес ҰҚК Әскери институтында оқуға үмiткерлердi iрiктеудi жүзеге асырады. Оқуға түсетiн жылы жасы 17-ден 23-ке дейiнгi үмiткерлердiң толық орта бiлiмi болуы тиiс.

4-бап

      Қырғыз Тарабы белгiленген тәртiппен кәсiби iрiктеудi, медициналық куәландыруды, Қырғыз Тарабы белгiлеген бағдарлама бойынша қабылдау емтихандарын жүргiзудi жүзеге асырады және әскери қызметшiлердi ҰҚК Әскери институтына оқуға алдын ала белгiленген мерзiмде жiбередi. Кәсiби iрiктеуге (емтихандарға) Қазақстан Тарабының өкiлдерi қатысуы мүмкiн. Yмiткерлер қорытынды медициналық куәландыруды ҰҚК Әскери институтында өтедi.
      Оқыту Қазақстан Республикасының әскери оқу орындарында қабылданған қолданыстағы оқыту жоспарлары мен бағдарламаларына сәйкес орыс тiлiнде жүргiзiледi.

5-бап

      Қырғыз Тарабы оқу басталғанға дейiн 1 ай бұрын Қазақстан Тарабының мекен-жайына (орыс тiлiнде):
      әскери атағын, тегiн, атын, әкесiнiң атын, туған жылын, жалпы бiлiмiн, болжанатын мамандығын көрсете отырып, әскери қызметшiлер тiзiмiнiң екi данасын;
      оқуға үмiткерлердiң: кәсiби iрiктеу нәтижелерiн, мемлекеттiк құпияға жатқызылған мәлiметтердi алуға (беруге) құқығының болуы туралы қорытындыны және толық орта бiлiмi туралы құжаттарының нотариалды куәландырылған көшiрмелерiн, сондай-ақ ВИЧ-инфекцияға және гепатитке (А,В,С) тексеру туралы медициналық қорытындыны қамтитын жеке iс қағаздарын жiбередi. Оқу аяқталғаннан кейiн жеке iс қағазы қырғыз Тарабына қайта жiберiледi.
      Қырғыз Тарабының әскери қызметшiлерi оқуға белгiленген тәртiппен оқу жылының басталуына қарай келедi, оларда:
      - Қырғыз Республикасы азаматының жалпы азаматтық паспорты;
      - бiлiмi туралы, оқыған пәндерi мен олар бойынша алған бағалары туралы құжаттардың түпнұсқалары мен көшiрмелерi;
      - жоғары оқу орындарына түсу емтихандарын тапсыру ведомосының үзiндi көшiрмесi;
      - медициналық кiтапшасы және 3 айдан аспаған мерзiмдегi денсаулық жағдайы туралы қорытынды, 1 айдан аспаған мерзiмдегi ВИЧ-инфекцияға және гепатитке (А,В,С) тексерiлгенi туралы медициналық қорытындысы;
      - әскери нысандағы киiмде түскен 4,5 x 3,5 мөлшерiндегi бес фотосуретi;
      - мемлекеттiк құпияға рұқсаттың тиiстi нысаны болуы қажет.
      Барлық құжаттар орыс тiлiнде ресiмделген және нотариалды куәландырылған болуға тиiс.
      Қырғыз Тарабы үмiткерлердiң белгiленген мерзiмде оқуға келуiн қамтамасыз етедi.
      Егер үміткерлер ҰҚК Әскери институтына оқуға белгiленген мерзiмнен кейiн 10 күн iшiнде келмеген жағдайда, олар оқуға жiберiлмейдi.
      Қырғыз Тарабы оқуға жiберген кезде Қырғыз Тарабы әскери қызметшiлерi қатарынан ұлттық топтың жетекшiсi тағайындалады, ол ҰҚК Әскери институтындағы оның өкiлi болып табылады.

6-бап

      ҰҚК Әскери институтында оқитын Қырғыз Тарабының әскери қызметшiлерiне оқу жоспарларына сәйкес жыл сайын жазда ұзақтығы 30 тәулiк мерзiмге кезектi демалыс және ұзақтығы 14 тәулiк қысқы каникул демалысы берiледi.

7-бап

      Қазақстан Тарабы қырғыз Тарабы әскери қызметшiлерiн ҰҚК Әскери институтында оқыту барысында:
      - Қазақстан Республикасының iшкi iстер органдарында уақытша тiркеумен;
      - ақшалай үлеспен;
      - заттай мүлiкпен;
      - тұратын үй-жайлармен (жатақханалармен);
      - үш мезгiлдiк тамақпен;
      - оқытушылар құрамымен, оқу құралдарымен, оқу-сыныптық керек-жарақтармен, зертханалық жабдықпен, қару-жарақпен, техникамен, оқ-дәрiлермен, практикалық оқытудың техникалық құралдарымен;
      - арнайы оқу жоспарлары мен бағдарламаларына сәйкес оқу үдерiсiне қажеттi шығыс материалдарымен және басқа да жабдықпен;
      - оқу үдерiсiне қажеттi кiтапханаларды, оқу және спорт залдарын және басқа үй-жайларды пайдалану құқығымен;
      - госпитальға жатқызу мен дәрi-дәрмектер берудi қоса алғанда, медициналық қызмет көрсетумен;
      - оқу мақсаттары үшiн көлiкпен;
      - киiм-кешекпен, сондай-ақ Қазақстан Тарабы әскери қызметшiлерiнiң қазiргi санаттарына арналған нормалар бойынша техникамен жұмыс iстеуге арналған арнайы киiммен қамтамасыз етедi.
      Арнайы киiм уақытша пайдалануға берiледi және оқу аяқталған соң оны алған орнына қайтаруға жатады.

8-бап

      Қырғыз Тарабы әскери қызметшiлерiн ақшалай үлеспен, киiм-кешекпен, тамақпен және тұратын үй-жайлармен (жатақханамен) қамтамасыз етудi, сондай-ақ оқуға байланысты шығыстарды Қазақстан Тарабы әскери қызметшiлерiнiң тиiстi санаттары үшiн сәйкес белгiленген нормалар бойынша Қазақстан Тарабы жүзеге асырады.
      Қырғыз Тарабы әскери қызметшiлерiнiң жол жүруiн, олардың қол жүктерiн әскери қызметiн өткеру орнынан (тұратын жерiнен) оқу орнына дейiн ақы төлеудi Қырғыз Тарабы жүзеге асырады. Олардың жүгiн олардың әскери өткеру орнынан (тұратын жерiнен) оқитын жерiне дейiн алып жүру, кезектi, каникулдық және жеке басының жағдайлары бойынша демалыстар, Қырғыз Республикасында машықтануға (практикаға), Қазақстан Республикасы ҰҚК Әскери институтынан шығарылған жағдайда Қырғыз Республикасы аумағына оралу кезiнде және оқу аяқталысымен қызмет орнына қайту жолдары кейiннен қырғыз Тарабы төлеу үшiн ұсынатын есептерiн Қазақстан Тарабы жүзеге асырады.
      Егер Қырғыз Тарабына ақша қаражаты шот ұсынылғаннан кейiн бiр айдың iшiнде Қазақстан Тарабына келiп түспеген жағдайда, онда осы келiсiмнiң 7-бабының iс әрекетiн қазақстандық Тарап тоқтатуға құқылы.

9-бап

      Қырғыз Тарабы әскери қызметшiсiнiң кiнәсынан қазақстандық Тараптың мүлiктерi бұзылған жағдайда, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес нақты шығындарды негiзге ала отырып, қырғыз Тарабы оның жөндеу немесе ауыстыру құнын төлейдi.
      Қырғыз Тарабы әскери қызметшiсiнiң кiнәсынан қазақстандық Тараптың мүлiктерi жоғалған жағдайда, оның құнын қазақстандық Тарап әскери қызметшiлерiнiң тиiстi санаттарына сәйкес анықталған мөлшерде Қырғыз Тарабы өтейдi.
      Бұзылған мүлiктердi жөндеудi немесе ауыстыру құнын төлеудi, сондай-ақ жоғалған мүлiктiң құнын өтеудi Қазақстан Тарабы Қырғыз Тарабы өкiлiне тиiстi шоттарды берген күннен бастап, 2 айдың iшiнде Қырғыз Тарабы жүргiзедi. Шоттар Тараптар өкiлдерi қол қойып, расталған актiлер негiзiнде ресiмделедi.

10-бап

      ҰҚК Әскери институтында оқып жүрген Қырғыз Тарабының әскери қызметшiлерiне шетелдiк азаматтарына Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген құқықтар мен мiндеттер қолданылады.
      Қырғыз Тарабының әскери қызметшiлерi Қазақстан Республикасы заңнамаларының талаптарын, әскери қызметтi өткерудi реттейтiн Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң жалпы әскери жарғыларын, сондай-ақ ҰҚК Әскери институтында iшкi тәртiптi және оқу үдерiсiн сақтауға мiндеттi.
      ҰҚК Әскери институтында оқитын және жоғарыда аталған талаптарды бұзған әскери қызметшiлер, сондай-ақ Қырғыз Тарабының шешiмi бойынша керi шақырылғандар ҰҚК Әскери институтынан шығарылады және Қырғыз Республикасына жiберiледi.

11-бап

      Әскери қызметшiнiң одан әрi оқуына кедергi келтiретiн ауырып қалған кезiнде ол әскери-дәрiгерлiк комиссияға жiберiледi. Әскери-дәрiгерлiк комиссия ауырған әскери қызметшiнiң одан әрi оқуға жарамсыздығы туралы шешiм қабылдаған жағдайда, ол ҰҚК Әскери институтынан шығарылады және Қырғыз Тарабының қарамағына жiберiледi.
      Қырғыз Республикасының әскери қызметшiсi Қазақстан Республикасының аумағында қайтыс болған (қазаға ұшыраған) жағдайда, Қырғыз Тарабы қайтыс болған (қаза тапқан) адамның денесiн ресiмдеудi және Қырғыз Республикасына жiберудi өз есебiнен қамтамасыз етедi. Қазақстан Тарабы Қырғыз Тарабының өтiнiшi бойынша қажеттi жәрдем көрсетедi.
      Қазақстан Тарабы барлық жағдайларда Қырғыз Тарабына оқып жүрген адамның қайтыс болғаны туралы дереу хабардар етедi, ал өлу себептерiн Қазақстан Тарабының құзыреттi органдары анықтайтын болады.

12-бап

      Қырғыз Тарабының әскери қызметшiлерi әскери машықтанудан Қырғыз Республикасының әскери құрамаларында және бөлiмдерiнде өтедi. Машықтанудың жоспары, мерзiмi және орны жұмыс тәртiбiнде анықталады.
      Қырғыз Тарабының әскери қызметшiлерiн кезектi және каникулдық демалыстарға жiберу әскери машықтану аяқталғаннан кейiн ҰҚК әскери институтына қайта келмей-ақ бiрден жүзеге асырылады.
      Талап етiлетiн көлемде оқу бағдарламасын меңгерген, емтихан тапсырған және диплом жобасын қорғаған әскери қызметшiлерге алған мамандығына сәйкес бiлiктiлiк берiледi, бекiтiлген үлгiдегi дипломдар мен омырау белгiлерi тапсырылады.
      ҰҚК Әскери институтында оқып жүрген Қырғыз Тарабының әскери қызметшiлерiне алғашқы офицерлiк атақ беру Қырғыз Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Тарабының келiсiмi бойынша жүзеге асырылады.

13-бап

      Оқуды аяқтаған Қырғыз Тарабы әскери қызметшiлерiнiң жұмыс дәптерлерi және диплом жобалары Қырғыз Тарабының сұрау салуы негiзiнде бекiтiлген тәртiппен Қырғыз Республикасына жiберiледi.

14-бап

      Қазақстан Тарабы Қырғыз Тарабының әскери қызметшiлерiн осы Келiсiмнiң шеңберiндегi құпия және өте құпия ақпараттармен жұмыс iстеу және қолдану ережелерiмен таныстырады, осы фактiнi жазбаша куәландырады және бұл мәлiметтердi жария етпеу туралы қолхат алады.

15-бап

      Қырғыз Тарабы Қырғыз Республикасының ұлттық заңнамасында көзделген тәртiппен осы келiсiмдi iске асыру шеңберiнде алынған құпия және өте құпия ақпараттарды қорғауды қамтамасыз етедi және оларға Қырғыз Республикасында құпия және өте құпия мәлiметтердi қорғау үшiн қолданылатындай шараларды қолданады.
      Алынған мәлiмет қазақстандық Тараптың алдын ала жазбаша келiсiмiнсiз үшiншi тарапқа берiлмейдi.

16-бап

      Қырғыз Тарабының ҰҚК Әскери институтында оқып жатқан әскери қызметшiлерi осы Келiсiмдi iске асыру шеңберiнде алынған құпия және өте құпия ақпараттарды рұқсатсыз таратуға және жариялауға жол бергендер немесе өзге де қылмыс жасағандар Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртiппен жауапты болады.

17-бап

      Тараптардың өзара келiсуi бойынша осы Келiсiмге жеке хаттамалар түрiнде ресiмделетiн және осы Келiсiмнiң ажырамайтын бөлiктерi болып табылатын өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн.
      Осы Келiсiмдi орындау кезiнде туындайтын барлық даулар Тараптардың өзара консультациялар және келiссөздер жолымен шешiледi.

18-бап

      Осы Келiсiм қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
      Осы Келiсiм белгiленбеген мерзiмге жасалады және Тараптардың бiрi басқа Тараптың iс-қимылын тоқтату ниетi туралы тиiстi жазбаша хабарламасын алған күнiнен кейiн 6 ай өткенге дейiн күшiнде қалады.
      Осы Келiсiмнiң iс-қимылы тоқтаған жағдайда, оның негiзiнде жасалған келiсiм-шарттар Тараптардың мiндеттемелерiн орындағанға дейiн қолданыста болады.
      2006 жылғы "____" шiлдеде Астана қаласында әрқайсысы екi данада қазақ, қырғыз және орыс тiлдерiнде жасалды және де барлық мәтiндердiң күшi бiрдей.
      Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiру кезiнде келiспеушiлiктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тiлiндегi мәтiнiне жүгiнетiн болады.

       Қазақстан Республикасы                Қырғыз Республикасы
           Үкiметi үшiн                        Үкiметi үшiн

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады