Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Америка Құрама Штаттарының Үкiметi арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы келiсiмге қол қою туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкiметiнің 2006 жылғы 28 кыркүйектегі N 939 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 9 сәуірдегі N 294 Қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2010.04.09 N 294 Қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Америка Құрама Штаттарының Үкiметi арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы келiсiмнiң жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Америка Құрама Штаттарының Үкiметi арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы келiсiмге қол қойылсын.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгiзiледi.

       Қазақстан Республикасының
         Премьер-Министрі

Жоба

Қазақстан Республикасы  
Үкiметiнiң        
2006 жылғы 28 қыркүйектегi
N 939 қаулысымен    
мақұлданған       

Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Америка Құрама
Штаттарының Yкiметi арасындағы ғылыми-техникалық
ынтымақтастық туралы
КЕЛIСIМ

      Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Америка Құрама Штаттарының Үкiметi (бұдан әрi - "Тараптар" деп аталатын), ғылым мен техника саласындағы халықаралық ынтымақтастық, халықтар арасындағы достық байланыстар мен өзара түсiнiстiктi нығайтатынын және екi елдiң бүкiл әлемдегi сияқты ғылымы мен техникасының тең iлгерлеуiне ықпал ететiндiгiн ұғына отырып; 
      адамзаттың гүлденуi мен игiлiгiне үлес қосу үшiн жауапкершiлiктi бөлiсе отырып, ғылыми зерттеулер мен әзiрлемелер саласындағы өздерiнiң ұлттық саясатын нығайту iсiне одан әрi күш салуға ниет бiлдiре отырып;
      ғылыми-техникалық ынтымақтастық ұлттық экономиканы дамытудың маңызды шарты болып табылатынын назарға ала отырып;
      озық технологиялардың нақты түрлерiн қолдану жолымен өзiнiң экономикалық ынтымақтастығын нығайтуға ниет бiлдiре отырып;
      екi елдiң ғылыми ұйымдары мен жекелеген ғалымдарының арасындағы серпiндi және тиiмдi халықаралық ынтымақтастық орнатуды қалай отырып, төмендегiлер туралы келiстi:

I бап

      1. Осы Келiсiмнiң мақсаттары Тараптардың ғылыми-техникалық мүмкiндiктерiн нығайту, екi мемлекеттiң ғылыми-техникалық қоғамдастықтарының арасындағы қатынастарды кеңейту және дамыту, сондай-ақ өзара пайданы танытатын салаларда бейбiт мақсаттардағы ғылыми-техникалық ынтымақтастыққа жәрдем көрсету болып табылады.
      2. Осы ынтымақтастықтың басты мақсаттары ғылыми-техникалық ақпаратпен, тәжiрибемен және әдiстемемен өзара алмасуға, сондай-ақ өзара мүдденi бiлдiретiн бiрлескен зерттеулер мен әзiрлемелердi орындауға мүмкiндiк беруден тұрады.

II бап

      1. Тараптар өз елдерiнiң ұлттық заңнамаларына сәйкес ынтымақтастықты мынадай жолдармен жүзеге асыруды көтермелейдi: бiрлескен зерттеу жобаларын iске асыру; ғылыми-техникалық ақпаратпен алмасу; Тараптар мемлекеттерiнiң мүдделi ұйымдары мен мекемелерi арасындағы тiкелей шарттарға сәйкес жоғары бiлiктi ғылыми кадрларды қоса алғанда, бiрлескен оқытуды ұйымдастыру; ғалымдардың, докторанттардың, аспиранттардың, магистранттардың, студенттердiң тәжiрибесiмен және бiлiмiмен алмасу; бiрлескен ғылыми симпозиумдарды, конференцияларды, семинарлардың жұмыс кездесулерiн жүргiзу мемлекеттiк және жеке меншiк секторлар арасында ғылыми зерттеулерге негiзделген әрiптестiк қатынастарды жолға қою; сондай-ақ олар туралы уағдаластыққа қол жеткiзу мүмкiн болатын ғылыми-техникалық ынтымақтастықтың басқа да нысандарын ұйымдастыру.
      2. Басымдық ортақ ғылыми-техникалық мақсаттарға қол жеткiзуге ықпал ететiн ынтымақтастық түрлерiне берiлетiн болады. Тараптар мемлекеттiк және жеке меншiк зерттеу мекемелерi арасында, бұл ретте ғылыми негiзде шешiмдер қабылдауға жәрдемдесу, қоршаған ортаны және биологиялық әртүрлiлiктi қорғау, ауыл шаруашылығы мәселелерi, энергетика ғарыштық зерттеулер, денсаулық сақтау, ақпарат және байланыс технологиялары, ғылыми-техникалық бiлiм беру, сондай-ақ орнықты даму мақсатындағы ғылыми-зерттеу және тәжiрибелiк-конструкторлық әзiрлемелер сияқты ғылыми-техникалық мәселелердiң кең спектрiн қамти отырып, әрiптестiк қарым-қатынастарға қолдау көрсетедi.

III бап

      1. Тараптар өз елдерiнiң мемлекеттiк органдарының, университеттерiнiң, зерттеу орталықтарының, жеке меншiк компанияларының және басқа ұйымдарының арасындағы ынтымақтасты қолайлы кезде көтермелейдi және оның дамуына ықпал етедi.
      2. Тараптардың мемлекеттiк органдары мен жоғарыда көрсетiлген ұйымдары қажет болған кезде осы Келiсiмнiң шеңберiнде ғылым мен техниканың нақты салалары бойынша атқарушылық келiсiмдер немесе уағдаластықтар жасай алады. Бұл атқарушылық келiсiмдер немесе уағдаластықтар тиiстi ынтымақтастық бағыттарын, материалдарды, жабдықтарды және қаржылық қаражатты беру және пайдалану рәсiмдерiн, сондай-ақ осы ынтымақтастыққа қатысты басқа да мәселелердi қамтиды.
      3. Осы Келiсiм Тараптардың арасындағы басқа келiсiмдер мен шарттарға нұсқан келтiрмейдi.

ІV бап

      Осы Келiсiмнiң шеңберiндегi бiрлескен қызмет өз елдерiнiң ұлттық заңнамаларына сәйкес жүргiзiледi және қаражат пен персоналдың болуына тәуелдi болады.
      Осы Келiсiм қандай да бiр Тараптың қаржы қаражатын ұсыну саласындағы өзiне мiндеттемесiн бiлдiрмейдi.

V бап

      Өзге туралы уағдаластықтар болмаған кезде, үшiншi елдердiң ғалымдары, техникалық мамандары, мемлекеттiк ведомстволары мен мекемелерi немесе халықаралық ұйымдары тиiстi жағдайда және Тараптардың келiсiмi бойынша осы Келiсiмнiң шеңберiнде iске асырылатын жобалар мен бағдарламаларға қатысуға өздерiнiң жеке есебiнен шақырылуы мүмкiн.

VI бап

      1. Тараптар Келiсiмдi iске асыруға және өзiнiң ғылыми-техникалық ынтымақтастығын дамытуға қатысты Тараптардың кез келгенiнiң сұрау салуы бойынша мерзiмдi консультациялар өткiзуге келiседi.
      2. Әрбiр Тарап атқарушы хатшыны тағайындайды, ол әкiмшiлiк мәселелерiмен айналысады және қажет болған кезде, Келiсiм шеңберiнде жүргiзiлетiн қызметтi қадағалауды және оны үйлестiрудi қамтамасыз етедi.
      Америка Құрама Штаттарынан атқарушы хатшы Мемлекеттiк департаменттiң өкiлi, ал Қазақстан Республикасынан - Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң өкiлi болады.

VII бап

      1. Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамаларына сәйкес жария етуге жатпайтын ақпаратты қоспағанда, меншiк құқығымен қорғалмаған және Келiсімнiң шеңберіндегi бiрлескен қызметтi жүргiзу нәтижесiнде алынған ғылыми-техникалық ақпаратқа өзге туралы уағдаластықтар болмаған кезде халықаралық ғылыми қоғамдастыққа кәдiмгi арналар бойынша және қатысушы ведомстволар мен субъектiлердiң кәдiмгi ресiмдерiне сәйкес қол жеткiзiлуi мүмкiн.
      2. Келiсiм шеңберiндегi бiрлескен қызметтi жүргізу барысында жасалған немесе ұсынылған зияткерлiк меншiкпен жұмыс iстеу ережесi І-қосымшада айқындалған, ол Тараптардың немесе олар тағайындаған өкiлдердiң арасында өзге туралы жазбаша уағдаластық болмаған кезде, Келiсiм шеңберiнде жүргiзiлетiн қызметтiң барлық түрлерiне қолданылады.
      3. Келiсiм шеңберiнде берiлетiн, экспорттық бақылауға жататын ақпараттың немесе жабдықтың құпияланған түрлерiнiң, сондай-ақ ақпараттың немесе жабдықтың құпия емес түрлерiнiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету шараларына қатысты ереже II-қосымшада айқындалған, ол Тараптардың немесе олар тағайындаған өкiлдердiң арасында өзге туралы жазбаша уағдаластықтар болмаған кезде Келiсiм шеңберiнде жүргiзілетiн қызметтiң барлық түрлерiне қолданылады.

VIII бап

      1. Тараптардың әрқайсысы қажет болған кезде және өз елдерiнiң ұлттық заңнамаларына сәйкес, екiншi Тараптың тиiстi персоналының өз аумағына келуiне және одан кетуiне, сондай-ақ осы Келiсiм шеңберiндегi жобалар мен бағдарламаларды iске асыру мақсатында екiншi Тараптың тиiстi жабдығын әкелуiне және әкетуiне ықпал етедi.
      2. Тараптардың әрқайсысы өз елдерiнiң ұлттық заңнамаларына сәйкес осы Келiсiмнiң шеңберiнде бiрлескен қызметтi жүзеге асыру үшiн қажеттi ұйымдастырушылық iс-шараларды өткiзуге жәрдемдеседi.
      Тараптардың әрқайсысы қажет болған кезде және өз елдерiнiң ұлттық заңнамаларына сәйкес екiншi Тараптың осы Келiсiм шеңберiндегi бiрлескен қызметке қатысатын тұлғаларының қажеттi географиялық аудандарға, мекемелерге, жекелеген ғалымдарға, мамандарға және зерттеушiлерге, сондай-ақ мұндай қызметтi жүргiзу қажеттiлiгiне сәйкес материалдарға уақытылы және тиiмдi қол жеткiзуiн ұйымдастыруға жәрдемдеседi.

IX бап

      Егер әрбiр нақты жағдайда өзге тәртiп келiсiлмесе, Тараптар осы Келiсiмдi орындау барысында туындайтын шығыстарды Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамаларында көзделген қаражаттың шегiнде дербес көтередi.

Х бап

      Тараптардың өзара жазбаша келiсiмi бойынша осы Келiсiмге осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiгi болып табылатын жеке хаттамалармен ресiмделетiн өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн.

XI бап

      Тараптардың арасында Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiруге немесе қолдануға қатысты келiспеушілiктер туындаған жағдайда, Тараптар оларды келiссөздер мен консультациялар жүргiзу жолымен шешедi.

XII бап

      Осы Келiсiм оның күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетiшiлiк рәсiмдердi Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күнiнен бастап күшiне енедi.
      Осы Келiсiм кез келген уақытта Тараптардың бiрi екiншi Тарапқа оның қолданысын тоқтату ниетi туралы жазбаша хабарламаны жiберген күнiнен бастап, үш ай өткенге дейiн тоқтатылуы мүмкiн.
      Келiсiмнiң қолданысын тоқтату осы Келiсiмнiң шеңберiнде орындалатын және тоқтату сәтiнде аяқталмаған бiрлескен қызметтiң қандай да бiр түрiн жүргiзуге әсер етпейдi.
      Бұл ретте I-қосымшаның IV-бөлiмiнiң ережесi осы Келiсiмнiң шеңберiнде ұсынылған кез келген құпия ақпаратқа қатысты әрекетiн жалғастыратын болады.
      2006 жылғы " " қыркүйекте Вашингтон қаласында әрқайсысы қазақ, орыс және ағылшын тiлдерiнде екi данада жасалды әрi барлық мәтiндердiң күшi бiрдей.
      Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiруде келiспеушілiктер туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тiлiндегi мәтiнге жүгiнетiн болады.

       Қазақстан Республикасының      Америка Құрама Штаттарының
           Үкiметi үшiн                      Үкiметi үшiн

Қазақстан Республикасының   
Үкiметi мен Америка Құрама  
Штаттарының Yкiметi арасындағы
ғылыми-техникалық ынтымақтастық
туралы келiсiмге I-қосымша  

Зияткерлiк меншiк

      Осы Келiсiмнiң VII (2) бабына сәйкес:

I. Жалпы мiндеттеме

      Тараптар осы Келiсiмнiң шеңберiнде және атқарушы келiсiмдерге сәйкес құрылған немесе ұсынылған зияткерлiк меншiктi бiрдей және тиiмдi қорғауды қамтамасыз етедi. Мұндай зияткерлiк меншiк құқықтары осы қосымшаға сәйкес бөлiнедi.

ІІ. Қолданылу саласы

      А. Осы қосымша Тараптардың немесе олардың уәкiлдерiнiң өзгелер туралы нақты уағдаластықтары болмаған жағдайда, осы Келiсiмге сәйкес қабылданатын барлық бiрлескен қызмет түрлерiне қолданылады.
      В. Осы Келiсiмнiң мақсаты үшiн "зияткерлiк меншiк" ұғымы 1967 жылғы 14 шiлдеде Стокгольмда қол қойылған Дүниежүзiлiк зияткерлiк меншiктi ұйымдастыру мекемелерi туралы Конвенциясының 2-бабында аталғандығымен түсiндiрiледi және ол Тараптардың келiсiмi бойынша басқа да элементтердi қамтуы мүмкiн.
      С. Тараптардың әрқайсысы қажеттілік туындаған жағдайда, өзiнiң жеке қатысушыларына қатысты келiсiм-шарттарға қол қою немесе басқа да заңды құралдарды пайдалану жолымен, басқа Тараптың осы қосымшаға сәйкес бөлiнген зияткерлiк меншiкке құқық алу мүмкiндiгiн қамтамасыз етедi. Осы қосымша Тараптар және өз азаматтары арасындағы құқықтарын бөлуде басқа ешқандай өзгерiстер енгiзбейдi, сондай-ақ осы Тараптың заңнамасында айқындалған мұндай бөлулерге залал келтiрмейдi.
      D. Осы Келiсiмде айтылған жағдайларды қоспағанда, осы Келiсiмнiң шеңберiнде зияткерлiк меншiкке қатысы бойынша туындайтын даулар мүдделi қатысушы-мекемелердiң немесе қажет болған жағдайда, Тараптардың және олардың уәкiлдерiнiң арасында талқылау өткiзу жолымен шешiлуi тиiс. Тараптардың өзара келiсуi бойынша дау қолданылатын халықаралық құқық нормаларына сәйкес мiндеттi шешiм шығару үшiн төрелiк сотқа қарауға берiледi. Тараптардың немесе олардың уәкiлдерiнiң өзгелер туралы жазбаша келiсiмдерi болмаған кезде, халықаралық сауда құқығы жөнiндегi БҰҰ комиссиясының төрелiк нормалары (UNCITRAL) қолданылады.
      E. Осы Келiсiмнiң әрекетiн тоқтату немесе мерзiмiнiң өтуi осы қосымшада көзделген құқықтарға немесе мiндеттерге әсер етпейдi.

III. Құқықтарды бөлу

      А. Қолданыстағы заңнаманың шеңберiнде әрбiр Тараптың айрықша емес қайтарып алынбайтын лицензияға құқығы бар, ол барлық елдерде әрекет етедi және осы Келiсiмнiң шеңберiндегi ынтымақтастықтың тiкелей нәтижесi болып табылатын ғылыми-техникалық журналдардан мақалаларды, баяндамалар мен кiтаптарды аударуға, басып шығаруға және жариялауға құқық бередi. Осы ережеге сәйкес дайындалған, авторлық құқықпен қорғалған шығармалардың, көпшiлiкке жарияланатын барлық даналарында, егер автор аты-жөнiн айтудан бас тартқан жағдайларды қоспағанда, еңбек авторларының аты-жөнi көрсетiледi.
      В. Зияткерлiк меншiктiң барлық нысандарына құқықтар жоғарыдағы III (А) тармақшада жазылғанды қоспағанда, мынадай түрде бөлiнедi:
      1. Келушi-зерттеушiлер қабылдаушы мекеменiң ережелерiне сәйкес марапаттар, сыйақы және авторлық қаламақы алуға құқығы бар.
      2. (а) Екi Тараптардың бiрiнде бiрлескен қызмет шеңберiнде қызметте тұрған тұлғалармен жасалған немесе осы Тараптың қаржыландыруындағы қандай да бiр зияткерлiк меншiк III баптың В (I) тармақшасында сипатталғандарды қоспағанда, осы Тарапқа жатады. Екi Тараптың қызметiндегi тұлғалармен жасалған немесе екi Тарап қаржыландыратын зияткерлiк меншiк екi Тарапқа ортақ болып саналады. Бұдан басқа әр автор өзi қызмет ететiн немесе оны қаржыландыратын мекеменiң ережелерiне сәйкес марапаттарға, сыйақыға және авторлық қаламақыға құқығы бар.
      (b) Атқарушылық немесе басқа да келiсiмдерде өзге туралы уағдаластықтар болмаған жағдайда, әр Тарап бiрлескен қызметтi жүргiзу барысында құрылған, өз аумағындағы зияткерлiк меншiктi пайдалануға немесе лицензиялауға құқығы бар.
      (с) Тарап мемлекетiнен шалғай жердегi Тараптардың құқығы Тараптардың және оның бiрлескен қызметiне қатысушыларының салымдарын зияткерлiк меншiктiң құқықтық қорғалуын қамтамасыз ету iсiн жақтау дәрежесiн және лицензиялауды, сондай-ақ керектi деп табылған басқа факторларды ескере отырып, өзара келiсiм бойынша айқындалады.
      (d) Егер белгiлi бiр жоба бiр Тарап мемлекетiнiң заңнамасымен қорғалатын, бiрақ екiншi Тарап мемлекетiнiң заңдарымен қорғалмайтын болса, онда жоғарыда баяндалған III В (2) (а), (b) және (с) тармақшаларға қарамастан осындай үлгiдегi қорғауды қамтамасыз ететiн Тарап, зияткерлiк меншiк авторының III В (2) (а) тармақшасына сәйкес марапаттарға, сыйақыға және авторлық қаламақыға құқығы барына қарамастан зияткерлiк меншiктi бүкiл дүниежүзiлiк ауқымда пайдалануға немесе лицензиялауға арналған барлық құқықты алады.
      (е) Өнертапқыш қызмет ететiн немесе оны (оларды) қаржыландырушы Тарап қандай да бiр бiрлескен қызмет түрiнiң шеңберiнде жасалған әрбiр өнертабыс туралы, яғни екiншi Тарапқа жататын қандай да бiр құқықты белгiлеу мүмкiндiгiн басқа Тарапқа қамтамасыз ету үшiн оған қажеттi қандай да бiр құжаттар мен ақпараттарды бере отырып, екiншi Тарапты дереу хабардар етедi. Тараптардың кезкелгенi өзiнiң өнертапқыштыққа арналған құқығын қорғау мақсатында екiншi Тарапқа жазбаша түрде немесе ақпаратты жариялау немесе хабарлау мерзiмiн ұзарту туралы өтiнiшiн бiлдiруiне болады. Өзгелер туралы жазбаша келiсiм болмаған кезде, өнертапқыш Тарап екiншi Тарапқа хабарлаған күнiнен бастап, мерзiмiн ұзарту алты ай мерзiмiнен аспайды.

IV. Іскерлiк құпия ақпарат

      Егер осы Келiсiм шеңберiнде өз уақытында iскерлiк құпия ақпарат ретiнде берiлетiн немесе жасалатын ақпарат болған жағдайда, әрбiр Тарап және оның қатысушылары мұндай ақпаратты ұлттық заңнамаларға, нормаларға және әкiмшiлiк тәжiрибеге сәйкес қорғайды. Ақпарат, егер оны бiлетiн адам одан экономикалық пайда немесе бұл ақпаратты бiлмейтiндерден бәсекелiк басымдық алатын болса немесе бұл ақпарат басқа көздерден жалпыға жария немесе жалпыға қол жетiмдi болып табылмаса, сондай-ақ, егер оның иесi оның құпиялылығы бойынша мiндеттемелердi уақтылы ұсынбай-ақ, бұрын оған рұқсатты бермесе "iскерлiк құпия ақпарат" ретiнде белгiленуi мүмкiн.

Қазақстан Республикасының  
Үкiметi мен Америка Құрама  
Штаттарының Үкiметi арасындағы
ғылыми-техникалық ынтымақтастық
туралы келiсiмге II-қосымша 

Қауiпсiздiк саласындағы мiндеттемелер I. Сезiмтал технологияларды қорғау

      Екi Тарап осы Келiсiм шеңберiнде қолданылатын ұлттық заңнамалар мен нормаларға сәйкес, ұлттық қорғаныс және халықаралық қатынастар мүдделерiнде және құпиялылықты қорғауды талап ететiн ақпараттардың немесе жабдықтардың ешқандай түрi берілмейтiндiгiмен келiстi. Егер осы Келiсiм шеңберiндегi бiрлескен қызмет жүргiзу барысында қорғауды талап ететiн ақпараттар немесе жабдықтың түрлерi анықталса, олардың болуын тиiстi ресми тұлғаға дереу жеткiзедi және Тараптар тиiстi қауiпсiздiк шараларын анықтау мақсатында ол туралы Тараптар жазбаша түрде ақпараттар мен жабдықтардың осындай түрлерiне қолданылуы тиiс келiсiмге келуi керек және егер жағдай осыны талап ететiн болса, осы Келiсiмге түзету түрiндегi өзгерiс енгiзiлуi тиiс.

II. Технологияны беру

      Экспорттық бақылауға жататын, ақпаратты немесе жабдықтарды беру әрбiр Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Егер Тараптардың бiрi осыны қажет деп қаласа, келiсiм-шартқа немесе атқарушы келiсiмге толық рұқсатсыз берудi немесе ақпарат пен жабдықтардың мұндай түрiн қайтадан берудi болдырмау туралы нақты ереже енгiзiледi. Экспорттық бақылауға жататын ақпарат экспорттық бақылауға жататын ақпарат ретiнде айқындалады; бұл ретте одан әрi оны пайдалануға немесе беруге қандай да болмасын шектеулер айқындалады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады