"Қазақстан Республикасының Әскери доктринасын бекiту туралы" Қазақстан Республикасының Президентi Жарлығының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 20 желтоқсандағы N 1224 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI :
      "Қазақстан Республикасының Әскери доктринасын бекiту туралы" Қазақстан Республикасының Президентi Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентiнiң қарауына енгiзiлсiн.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы        Қазақстан Республикасының Әскери доктринасын бекiту туралы

      "Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштерi туралы" Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 7 қаңтардағы  Заңының 5-бабы 2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес  ҚАУЛЫ ЕТЕМIН:
      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының Әскери доктринасы бекiтiлсiн.
      2. Қазақстан Республикасының Үкiметi Қазақстан Республикасының Әскери доктринасын iске асыру жөнiнде шаралар қабылдасын.
      3. "Қазақстан Республикасының Әскери доктринасын бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2000 жылғы 10 ақпандағы N 334  Жарлығының (Қазақстан Республикасының ПYАЖ-ы, 2000 ж., N 7, 76-құжат) күшi жойылды деп танылсын.
      4. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
            Президентi

Қазақстан Республикасы  
          Президентінің      
     2006 жылғы "___"_________
         N _____ Жарлығымен  
            БЕКІТІЛГЕН  

Қазақстан Республикасының Әскери доктринасы 

Мазмұны

      Кіріспе
      1. Қазақстан Республикасы қауiпсiздiгiнiң әскери-саяси негiздерi
      1.1. Әскери-саяси жағдайды дамыту болжамы
      1.2. Әскери қауiпсiздiктi қамтамасыз ету саласындағы Қазақстанның саясаты
      1.3. Мемлекеттiң әскери ұйымы
      2. Қазақстан Республикасы қауiпсiздiгiнiң әскери-стратегиялық негiздерi
      2.1. Қарулы жанжалдардың сипаты
      2.2. Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды қолдану негiздерi
      2.3. Әскери қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге басшылық жасау
      3. Қазақстан Республикасының қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң әскери-экономикалық және әскери-техникалық негiздерi
      3.1. Әскери-экономикалық және әскери-техникалық қамтамасыз етудiң мақсаттары, қағидаттары, мiндеттерi мен бағыттары
      3.2. Қазақстан Республикасының жұмылдыру дайындығы және резервтер жүйесi
      4. Қазақстан Республикасының халықаралық әскери ынтымақтастығы
      4.1. Халықаралық әскери және әскери-техникалық ынтымақтастық
      4.2. Қазақстан Республикасының коалициялық әскери құрылысқа қатысуы
      4.3. Бiтiмгершiлiк қызметi
      Қорытынды

Кiрiспе

      Қазақстан Республикасының Әскери доктринасы Қазақстанның мемлекеттiгiн, егемендiгi мен аумақтық тұтастығын нығайту мақсатында мемлекеттiң әскери қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге, соғыстар мен қарулы жанжалдардың (бұдан әрi - қарулы жанжалдар) алдын алуға, Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды дамыту мен қолдануға негiз қалаушы көзқарас жүйесiн бiлдiредi.
      Әскери доктрина күштер мен құралдарды жылдам өрiстетудi жүзеге асыруға, барынша жоғары халықаралық стандарттарға сәйкес келуге қабiлеттi кәсiби армия құруды көздейдi.
      Жүргiзiлiп жатқан қазақстандық қоғамды әлеуметтiк-экономикалық және саяси жаңғырту, көптеген елдердiң сондай-ақ экономикалық және әскери әлеуетiне қарамастан олар үшiн шиеленiскен әлеуметтiк-саяси жанжалдармен және саяси қайшылықтармен, тұрақсыздықпен және әлеуеттi қатерлердiң болуымен сипатталатын қазiргi заманғы халықаралық ахуалдағы өзгерiстер жаңа Әскери доктринаны қабылдау үшiн негiздеме болды. Сонымен бiрге әлемдiк қоғамдастық жаңа қауiп-қатерлерге қарсы iс-қимыл жасауда ұжымдық және бiтiмгершiлiк күш-жiгерiн қолдануда.
      Әскери доктринаның ережелерi әлемдегi әскери-саяси жағдайды кешендi бағалауға және оны дамытуды стратегиялық болжауға негiзделедi. Қазақстан әскери күштiң мәнi барынша төмендетiлген және оның функциялары әскери жанжалдарды тежеу мiндетiне жақындастырылған осындай халықаралық қатынастар жүйесiн құруды дәйектi түрде қолдайды. Алайда, болжамды бағалауға қарамастан, XXI ғасырдың басында халықаралық қатынастардағы әскери күштiң мәнi төмендеген жоқ. Ғаламдық және дiни қауiпсiздiк саласындағы бiрқатар халықаралық саяси институттар дағдарысқа түскен кезде әлем мемлекеттерiнiң саяси және экономикалық мүдделерiн қамтамасыз ету үшiн оның рөлi арттырылуда.
      Әскери доктрина Қазақстан Республикасы Конституциясының, Қазақстан Республикасының Президентi жарлықтарының, Қазақстанның 2030 жылға дейiнгi даму стратегиясының, Ұлттық қауiпсiздiк стратегиясының, Қазақстан Республикасының заңнамалық және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнiң, сондай-ақ Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың ережелерiн ескере отырып әзiрлендi.
      Әскери доктринада Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерiн iске асыруға терiс әсер ететiн факторлар қарастырылады, ел қауiпсiздiгiне ықтимал қыр көрсетулер мен қатерлер жiктеледi, мемлекет қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi әскери-саяси мiндеттер қалыптасады, Қазақстан Республикасын қарулы қорғауды қамтамасыз ету, Қазақстанға және онымен достас мемлекеттерге қатер төндiретiн әскери жанжалдардың алдын алу жөнiндегi Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар қызметiнiң мақсаттарын, мiндеттерiн, қағидаттары мен бағыттары ашылады.
      Доктринаның қорғаныстың сипаты бар, бұл оның ережелерiнде бейбiтшiлiкке дәйектi бейiлдiлiк танытудың қолдаудың республиканың ұлттық мүдделерiн қорғаудың, әскери қауiпсiздiгiне кепiлдiк берудiң қатаң шешiмiмен мәндi үйлесуiн алдын ала айқындайды. Доктринада ассиметриялық қатерлерге: халықаралық терроризмге, дiни экстремизмге, есiрткi, қару трафигiне, жаппай қырып-жою қаруын таратуға, сондай-ақ заңсыз көшi-қонға қарсы күрестi ескере отырып, Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды дамыту шарттары мен жаңа бағыттары нақтыланады.
      Әскери доктринаның ережелерiн iске асыру әскери басқару жүйесiн одан әрi жетiлдiру, өзара байланысты саяси, дипломатиялық, экономикалық, әлеуметтiк, ақпараттық, құқықтық, әскери және Қазақстанның әскери қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге бағытталған басқа да шаралар есебiнен қамтамасыз етiлетiн болады.

1. Қазақстан Республикасы қауiпсiздiгiнiң әскери-саяси негiздерi    1.1. Әскери-саяси жағдайды дамыту болжамы

      Еуропа мен Азияның сауда және көлiк-коммуникациялық ағысының қиылысында тұрған Қазақстанның геосаяси жағдайы, елдiң бай табиғи ресурстары халықаралық және өңiрлiк ынтымақтастықты дамыту саласында елеулi басымдықтар бередi.
      Сонымен қатар табиғи ресурстарды бөлудiң әркелкiлiгi, дамыған және дамушы елдер арасындағы ұлғайып келе жатқан алшақтық, экономикалық экспансия, мемлекеттердiң әлеуметтiк-саяси құрылысына көзқарастағы айырмашылықтар және жаһанданудың басқа да терiс аспектiлерi оларды шешу кезiнде әскери және әлуеттi құралдардың пайдаланылуы ықтимал мемлекетаралық қайшылықтарды шиеленiстiруге ықпал етуi мүмкiн.
      Қазақстанның айналасындағы жағдай түбегейлi өзгердi. Өңiрдегi жағдайды тұрақсыздандыратын және ұлттық қауiпсiздiкке қатер туғызатын жаңа факторлар туындады.
      Жаппай қырып-жою қаруын таратудың өсiп келе жатқан қаупi, трансұлттық терроризм мен дiни экстремизм, қару-жарақ пен есiрткiнiң заңсыз айналымы, этникалық және демографиялық шиеленiстiң өсуi, жекелеген өңiрлерде және тұтастай әлемде экологиялық жағдайдың нашарлауы орта мерзiмдi перспективада Қазақстанның қауiпсiздiгiне, халықаралық және өңiрлiк тұрақтылыққа елеулi қатер төндiредi.
      Ядролық қаруы бар мемлекеттер және шектi елдер санының ұлғаюы қалыптасқан халықаралық қауiпсiздiк жүйесiн бұза отырып, әлемде күштердi орналастыруды түбегейлi өзгертедi. Ол ықтимал қатерлерге қарсы тұру үшiн жаңа көзқарастарды, оның iшiнде негiзгi ғаламдық күштер орталықтарымен бiрлескен iс-әрекеттердi пысықтауды талап етедi.
      Осы жағдайда маңызды экономикалық және әскери объектiлер, азаматтық халық, ұлттық рәмiздер әсер ету бағыттары болуы мүмкiн, ол тек жекелеген мемлекеттердегi ғана емес, сондай-ақ тұтастай өңiрдегi жағдайды тұрақсыздандыруға әкеп соқтырады.
      Осылайша, қазiргi заманғы геосаяси жағдай саяси тұрақсыздықпен, экономикалық, демографиялық және әлеуметтiк сипаттағы қайшылықтармен сипатталады және өзiмен бiрге жағдайды тұрақсыздандыру қатерiн әкеледi.
      Осы жағдайларда бейбiтшiлiктi, халықаралық және өңiрлiк қауiпсiздiктi, тұрақтылықты нығайту, ұжымдық негiзде мемлекет тәуелсiздiгiн, аумақтық тұтастығы мен егемендiгiн қорғау Қазақстанның әскери қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласындағы негiзгi мақсаттар болып табылады.
      Әскери-қорғаныстық құрауыштарға сұраныс сақталып отыр және тиiсiнше Әскери доктринаның жаңа жағдайларға бейiмделу проблемасы өзектi күйде қалады.
      Әскери-саяси жағдайды талдауды негiзге ала отырып, Қазақстан Республикасының әскери қауiпсiздiгiне төнетiн негiзгi қатерлер мыналар болуы мүмкiн:
      сыртқы:
      саяси тұрақсыздық, шекаралас елдердегi мемлекеттiк институттардың әлсiздiгi;
      Қазақстан Республикасына қатысты қарулы арандатулар, аумақтық кiнәраттар;
      шетел мемлекеттерi немесе ұйымдар тарапынан Қазақстан Республикасының iшкi iстерiне араласу;
      Қазақстан Республикасының әскери қауiпсiздiгiне залал келтiруге әскери-саяси ұйымдар мен одақтар әсерiнiң кеңеюi;
      Қазақстан шекарасының маңында қарулы жанжалдар ошақтарының болуы;
      жекелеген мемлекеттердiң жаппай қырып-жою қаруын және оны жеткiзу құралдарын жасау жөнiндегi бағдарламаларды жүзеге асыруы, оны шығару үшiн пайдаланылатын жабдықтарды, технологиялар мен құрауыштарды, сондай-ақ қос мақсаттағы технологияларды таратуы;
      әскери күш көрсету, Қазақстан мен оған достас мемлекеттер маңындағы қалыптасқан күштер теңгерiмiн бұзуға әкеп соқтыратын әскер топтарын өрiстету;
      халықаралық радикалды топтардың қызметi, Қазақстан шекарасы маңында дiни экстремизм ұстанымының күшеюi;
      iшкi:
      конституциялық құрылысты өзгертуге бағытталған күш көрсету iс-әрекеттерi;
      Қазақстан Республикасының бiрлiгi мен аумақтық тұтастығын, елдегi iшкi саяси тұрақтылықты бұза отырып, экстремистiк, ұлттық, дiни, сепаратистiк және террористiк қозғалыстардың құқыққа қарсы қызметi;
      мемлекеттiк билiктiң орталық органдарының жұмыс iстеуiне iрiткi салуға бағытталған iс-әрекеттердi жоспарлау, дайындау және жүзеге асыру, мемлекеттiк және басқа да өмiрлiк маңызы бар объектiлерге шабуыл жасау;
      заңсыз қарулы құралымдарды құру, жарақтандыру, дайындау және олардың жұмыс iстеуi;
      Қазақстан Республикасының аумағында диверсияларды, террористiк актiлердi, өзге де құқыққа қарсы iс-әрекеттердi жүзеге асыру үшiн пайдаланылуы мүмкiн қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттар мен басқа да құралдарды заңсыз тарату;
      Қазақстан Республикасындағы экономикалық және саяси тұрақтылыққа қатер төндiретiн ауқымдағы ұйымдасқан қылмыс, контрабандалық және өзге де құқыққа қарсы қызмет.

1.2. Әскери қауiпсiздiктi қамтамасыз ету саласындағы саясат

      Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң маңызды құрауыштарының бiрi тиiмдi әскери қауiпсiздiк болып табылады, оның басты мақсаты жеке тұлғаны, қоғам мен мемлекеттi әскери қатерлерден қорғау, агрессияны немесе әскери жанжалдардың туындауын болдырмау, елдiң саяси және экономикалық мүдделерiн iске асыру үшiн қолайлы жағдай жасауды қамтамасыз ету болып есептеледi. Бұл шаралар маңызды мақсат - Қазақстанның әлемдегi бәсекеге барынша қабiлеттi 50 елдiң қатарына кiруiне қол жеткiзу үшiн әскери қауiпсiздiктiң қажеттi деңгейiне кепiлдiк беретiн болады.
      Қазақстан өзiнiң әскери қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудi демократиялық, құқықтық мемлекеттi дамыту, әлеуметтiк-экономикалық және саяси реформаларды жүзеге асыру, тең құқылы әрiптестiк, өзара тиiмдi ынтымақтастық, халықаралық қатынастардағы тату көршiлестiк қағидаттарын бекiту, халықаралық қауiпсiздiктiң жан-жақты жүйесiн дәйектi түрде қалыптастыру, өңiрде бейбiтшiлiктi сақтау және нығайту контексiнде қарастырады.
      Қазақстан қауiпсiздiктi қамтамасыз етудiң әскери емес шараларына, бiрiншi кезекте, саяси-дипломатиялық, құқықтық, экономикалық, гуманитарлық, ақпараттық-насихаттау және өзге де шараларына басымдық бередi, оларға мыналар жатады:
      әскери саладағы, бiрiншi кезекте Орталық Азиядағы өзара тиiмдi ынтымақтастық, өзара түсiнiстiк, сенiм мен ашықтық шаралары негiзiнде достас мемлекеттермен байланыстарды және интеграциялық процестердi күшейту;
      әскери жанжалдарды болдырмаудың және агрессияларды шешудiң халықаралық тетiктерiн құру жөнiндегi қызметтi жандандыру;
      сенiм шараларын нығайту, мемлекетаралық қайшылықтарды шешу үшiн күш қолданудан бас тарту, халықаралық дауларды бейбiт жолмен реттеу;
      әлемнiң демократиялық және индустриялық дамыған мемлекеттерiмен экономикалық байланысты кеңейту және қарым-қатынасты тереңдету;
      халықаралық қоғамдастық тарапынан елдi қолдауды қамтамасыз ету үшiн халықаралық институттар мен форумдардың көмегi мен жәрдемiн пайдалану;
      жаппай қырып-жою қаруын таратпаудың және қару-жарақты бақылаудың халықаралық режимдерiн нығайтуға жан-жақты жәрдемдесу.
      Қазақстан бейбiтшiлiк тәртiбiн қалыптастыруға белсендi қатыса отырып және әскери жанжалдарды болдырмау мақсатында әрiптестiк және ынтымақтастық құралын, диалогты және басқа да мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен өзiнiң байланыстарын кеңiнен пайдаланады, ал олар туындаған жағдайда - олардың бастапқы даму сатысында жанжалдасу жағдайларын бәсеңдететiн болады.
      Әскери жанжалды реттеуге дәйектi көзқарас барлық сатыдағы саяси бақылауды мiндеттi жүзеге асыру кезiнде саяси және әскери шаралардың бүкiл диапазонын қоса алғанда, ден қоюдың тиiстi құралдары мен тәсiлдерiн таңдауды және үйлестiрудi көздеуге тиiс.
      Қазақстан Республикасы әскери жанжалды болдырмау, халықаралық құқық нормалары негiзiнде халықаралық қауiпсiздiк пен тұрақтылықты нығайту iсiнде мыналармен ынтымақтастық жасайды:
      Бiрiккен Ұлттар Ұйымына мүше барлық мемлекеттермен;
      Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығымен;
      Азиядағы өзара iс-қимыл және сенiм шаралары жөнiндегi кеңеске қатысушы елдермен;
      Ұжымдық қауiпсiздiк туралы шарт Ұйымымен;
      Шанхай ынтымақтастық ұйымымен;
      Іс-қимыл әрiптестiгiнiң жеке жоспары және "Бейбiтшiлiк жолындағы әрiптестiк" шеңберiнде HATО-мен;
      Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық жөнiндегi ұйымға қатысушы елдермен.
      Қазақстан Республикасы әскери күштiң мәнi барынша төмендетiлетiн және оның функциялары қарулы жанжалдарды тежеу мiндетiне жақындастырылған халықаралық қатынастар жүйесiн құруды дәйектi түрде қолдайды. Сонымен бiрге, бiрқатар объективтi мән-жайлардың және әлеуеттi әскери қатерлердiң болуына байланысты елдiң қорғаныс қабiлетiн нығайту мемлекеттiң өзектi мiндеттерiнiң бiрi болып қалады.
      Әлемдiк стандарттар бойынша қазiргi заманғы қару-жарақпен және техникамен жарақтандырылған жоғары кәсiби армия Қазақстан Республикасының өмiрлiк маңызы бар ұлттық мүдделерiн сенiмдi қорғау шарттарының бiрi болып табылады.
      Бейбiт уақытта әскери қауiпсiздiктi қамтамасыз етудiң негiзгi мiндеттерi:
      мемлекеттiң конституциялық құрылысын, аумағының тұтастығы мен қол сұғылмаушылығын қорғау;
      төтенше және соғыс жағдайларында жұмыс iстеуге мемлекеттiң экономикасын және әскери ұйымын дайындау;
      мемлекеттiң қорғаныс қабiлетiн барынша ықтимал әскери қатерлерге қарсы iс-қимыл жасауды қамтамасыз ететiн деңгейде ұстау;
      энергетикалық, ғылыми-техникалық, ғарыштық және басқа да салалардың стратегиялық объектiлерiн күшпен қорғауды қамтамасыз ету;
      қару-жарақтың, әскери және арнайы техниканың қазiргi заманғы үлгiлерiмен, оның iшiнде НАТО стандарттары бойынша Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды жарақтандыру;
      әлемнiң озық тәжiрибесiн ескере отырып, әскерлердi жасақтаудың келiсiм-шарт жүйесiн дамыту шарттарында Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар үшiн кадрлар даярлауды жетiлдiру;
      әскери қызметшiлерге және әскери қызметтен босатылған адамдарға әлеуметтiк кепiлдiктердi қамтамасыз ету, әскери жанжалдарды шешуге және төтенше жағдай салдарларын жоюға қатысқандарға мемлекеттiк қолдау көрсету;
      халықтың идеологиялық тәрбиелеуге, қазақстандық патриотизм мен елдiң әскери қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге деген саналы көзқарасын қалыптастыру;
      бейбiтшiлiк пен қауiпсiздiктi қолдау жөнiндегi халықаралық мiндеттемелердi орындау, оның iшiнде бiтiмгершiлiк қызметке, коалициялық әскери құрылысқа қатысу;
      ұжымдық және өңiрлiк қауiпсiздiктi нығайту үшiн екi жақты және көп жақты негiздерде әскери және әскери-техникалық ынтымақтастықты кеңейту;
      қару-жарақты шектеу, қысқарту, таратпау және жою саласындағы шарттарды өзара орындауды бақылау, сенiм шараларын нығайту.
      Қатерлi кезеңдегi және қарулы жанжал басталғандағы басты мiндеттер мыналар болып табылады:
      агрессияны болдырмау немесе агрессорды қарулы жанжалды бастапқы сатысында тоқтатуға мәжбүрлеу, бейбiтшiлiктi қалпына келтiру үшiн БҰҰ-ның, басқа да халықаралық ұйымдардың әлеуетiн пайдалану;
      қарулы, саяси, дипломатиялық, ақпараттық, экономикалық және басқа да күрес түрлерiн ұйымдастыру және үйлесiмдi жүргiзу;
      әскери iс-қимылдарды дайындау және жүргiзу жөнiнде шешiм қабылдау және оны iске асыру;
      ел экономикасын, оның жекелеген салаларын, сондай-ақ кәсiпорындары мен ұйымдарын, көлiгi мен коммуникацияларын соғыс жағдайы шарттарында жұмыс iстеуге ауыстыру;
      агрессияға тойтарыс беру мүддесiнде мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың қызметiн үйлестiру;
      аумақтық және азаматтық қорғаныс iс-шараларын ұйымдастыру және жүзеге асыру;
      әскери саладағы шарттар негiзiнде қарулы жанжалдарды оқшаулау және тоқтату үшiн достас мемлекеттердiң мүмкiндiктерiн пайдалану.
      Әскери қауiпсiздiктi қамтамасыз етудiң басым бағыттары мыналар болып табылады:
      мемлекеттiң әскери ұйымына басшылық жасауды оның қызметiн азаматтық бақылаумен үйлесiмдiкте орталықтандыру;
      әскери қатерлердi уақтылы ашу, бағалау және жiктеу, оларға барабар қарсы iс-әрекет жасауды қамтамасыз ету;
      мемлекеттiң әскери қауiпсiздiгiн кепiлдi қамтамасыз етуге қабiлеттi күштер мен құралдардың болуы, оларды ұтымды пайдалану және жан-жақты ресурстық қамтамасыз ету;
      мемлекеттiң әскери ұйымының әзiрлiк деңгейiн әскери қауiпсiздiкке төнетiн қазiргi және әлеуеттi қауiп-қатерлерге қарсы тиiмдi iс-әрекет жасауға келтiру;
      халықаралық әскери ынтымақтастықты тереңдету, халықаралық және өңiрлiк қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге белсендi қатысу.

1.3. Мемлекеттiң әскери ұйымы

      Қазiргi заманғы және тиiмдi әскери ұйым Қазақстан Республикасының әскери қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң маңызды құралы болып табылады.
      Мемлекеттiң әскери ұйымы әскери әдiстермен мiндеттердi орындау үшiн тағайындалған Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiн, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарын қамтиды.
      Мемлекет өз Қарулы Күштерiн, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарын дамыту және жан-жақты қамтамасыз ету жөнiндегi қажеттi шараларды қабылдайды.
      Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды дамытудың басты мақсаты олардың мемлекеттiң әскери қауiпсiздiгiне төнетiн қазiргi бар және әлеуеттi қатерлердi бейтараптандыруға әзiрлiгiн қамтамасыз ету болып табылады.
      Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiн, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарын дамытудың негiзгi қағидаттары мыналар болып табылады:
      ғылыми негiздiлiк;
      жоспарланған iс-шараларды ұйымдастыру мен өткiзуге орталықтандырылған басшылық жасау;
      белгiленген iс-шаралардың уақтылығы, жоспарлылығы мен жан-жақты қамтамасыз етiлуi;
      жалпы мемлекеттiк және ведомстволық iс-шаралардың кешендiлiгi мен келiсiлуi, оларды ұйымдастыру мен өткiзудi ұдайы бақылау;
      кадрларды оқыту және даярлау жүйесiнiң бiрiздiлiгi.
      Мемлекеттiң әскери ұйымын дамытудың негiзгi мiндеттерi:
      әскери ұйымның барлық құрауыштарын теңгерiмдi және үйлесiмдi дамыту;
      мемлекеттiң әскери ұйымын басқару органдарының қызметiн, Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды даярлаудың нысандары мен тәсiлдерiн, бiрлесiп жоспарлау, ведомствоаралық үйлестiру мен өзара iс-қимыл жасау сапасын жетiлдiру;
      Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қызметiн мемлекеттiк және азаматтық бақылаудың тиiмдiлiгiн арттыру;
      Қарулы Күштердi келiсiм-шарт негiзiнде жасақтау жүйесiн жаңа деңгейге шығару;
      Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар үшiн резервтер даярлау жүйесiн сапалы жетiлдiру;
      әскерлер құрылымын оңтайландыруды аяқтау, стратегиялық бағыттарда өзiне өзi жеткiлiктi әскерлер топтарын құру жолымен мемлекеттiң әскери қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мәселелерiнде өңiрлiк қолбасшылықтардың нақты дербестiгiне қол жеткiзу;
      жоғары дәлдiктi қаруды, радиоэлектрондық күрес құралдарын дамытуға, әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдарын, байланыс және басқару жүйелерiн жаңғыртуға баса назар аудара отырып, басқару органдарын, ұдайы жауынгерлiк әзiрлiктегi құрамалар мен бөлiмдердi қару-жарақ пен әскери техниканың қазiргi заманғы жаңа үлгiлерiмен жоспарлы түрде техникалық қайта жарақтандыру;
      қорғаныс мiндеттерiн шешу үшiн ғарыш құралдарын пайдалану;
      әскери бiлiм беру, әскери кадрларды даярлау және қайта даярлау жүйесiн әлемдiк стандарттарға сәйкес келтiру;
      Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды материалдық-техникалық қамтамасыз ету жүйесiнiң тиiмдiлiгiн арттыру және бiрiздендiру;
      әскери қызметтiң сапалық параметрлерiн жақсарту;
      Қазақстан Республикасының азаматтарын патриоттық тәрбиелеудiң мемлекеттiк бағдарламасы негiзiнде Қарулы Күштердегi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардағы идеологиялық жұмысты жандандыру;
      Ұлттық қорғаныс университетiнiң жетекшi рөлi жағдайында шетелдiк жетекшi ғылыми қызмет орталықтарымен және әскери оқу орындарымен өзара iс-қимыл жасай отырып әскери ғылымды дамыту;
      әскери саладағы ғылыми-техникалық прогрестi қамтамасыз ету, отандық қорғаныстық-өнеркәсiптiк кешендi бұдан әрi дамыту;
      аумақтық қорғаныс жүйесiн мемлекеттiң әскери қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң жалпы жүйесiне белсендi түрде ықпалдастыру;
      халықаралық және өңiрлiк қауiпсiздiк мүдделерiндегi халықаралық әскери ынтымақтастықты, армияны жаңғыртуды, әскери инфрақұрылымды қалыптастыруға практикалық көмектi, әскери кадрларды даярлауды кеңейту.
      Мемлекеттiң әскери ұйымының барлық құрауыштарын дамыту Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды жауынгерлiк қолдану мiндеттерi мен ерекшелiктерiн ескере отырып, олардың қызметiн регламенттейтiн нормативтiк құқықтық кесiмдерге сәйкес, үйлестiрiлген және келiсiлген бағдарламалар мен жоспарлар бойынша жүзеге асырылады.
      Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды жетiлдiру төмен және орта қарқынды жанжалдарда әскери қауiпсiздiк қатерлерiн бейтараптандыруға әскерлердiң әзiрлiгiн қамтамасыз етуге бағытталған әскери-саяси, әскери және әскери-техникалық сипаттағы өзара байланысты шаралар кешенiн өткiзудi көздейдi.
      Оны мемлекеттiң әскери қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсаттары мен мiндеттерiне сәйкес екi кезеңде жүзеге асыру жоспарлануда.
      Бiрiншi кезеңде (2006 - 2008 жылдар) негiзгi күш-жiгер стратегиялық бағыттарда мемлекеттiң әскери қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мiндеттерiн дербес шешуге қабiлеттi әскер топтарын құруды аяқтауға, әскери инфрақұрылымды дамытуға Мемлекеттiк шекараны, мемлекеттiк маңызы бар объектiлердi күзетудi қамтамасыз ететiн жауынгерлiк кезекшiлiк атқаратын бөлiмдер мен бөлiмшелердi қазiргi заманғы қару-жарақпен, әскери техникамен және арнайы құралдармен жарақтандыруға бағытталатын болады.
      Екiншi кезеңде (2009-2010 жылдар) негiзгi күш-жiгер әскерлердiң сапалық параметрлерiн арттыруға және оларды қару-жарақтың, әскери техниканың, арнайы құралдардың жаңа үлгiлерiмен кезең-кезеңмен техникалық қайта жарақтандыруға бағытталатын болады.
      Кейiннен негiзгi күш-жiгер Армияны техникалық қайта жарақтандыру жөнiндегi iс-шаралар кешенiн аяқтауға және оны ең жоғары халықаралық стандарттарға сәйкес келуiн қамтамасыз етуге бағытталатын болады.
      Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды дамытудың басым бағыттары:
      бiрiншi кезеңде:
      оларға жүктелген мiндеттердi шешуге, дербес және басқа мемлекеттердiң қарулы күштерiмен бiрлесе отырып стратегиялық бағыттарда Қазақстанның қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге, бiтiмгершiлiк, гуманитарлық және өзге де миссияларды орындауды қоса алғанда олар үшiн жауапты аймақтарда қызметтiк-жауынгерлiк мiндеттердi орындауға қабiлеттi өңiрлiк әскер топтарын құру;
      басқару органдарының, құрамалар мен бөлiмдердiң ұйымдық-штаттық құрылымын жетiлдiру, оларды бiрiздендiрудi қамтамасыз ету, әскери қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi функционалдық жүктеменi атқармайтын бөлiмдердi қысқарту;
      Каспий өңiрiндегi ұжымдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттердi шешуге Қазақстан Республикасы Әскери-теңiз күштерiнiң тең дәрежеде қатысуы;
      бiрқатар құрамалар мен бөлiмдердi қазiргi заманғы, оның iшiнде жоғары дәлдiктi қару-жарақпен және техникамен қайта жарақтандыру, қолда бар қару-жарақ және техника паркiн толық ауқымды жаңғырту үшiн жағдай жасау;
      әскери ғылымды дамыту;
      әскери-техникалық мамандарды, оның iшiнде НАТО стандарттары бойынша даярлау;
      әскери инфрақұрылымды жетiлдiру;
      әскерлер мен қаруды басқару жүйесiне ГАЖ-технологияларын, ғылыми-зерттеу және тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыс нәтижелерiн енгiзу;
      ведомствоаралық үйлестiрудi және әлуеттi құрылымдардың өзара iс-қимылын арттыру;
      әскерлердi келiсiм-шарт негiзiнде жасақтауға жоспарлы түрде көшудi қамтамасыз ету;
      әскери және арнаулы оқу орындарындағы оқу процесiн озық технологияларды және оқыту әдiстемелерiн енгiзумен үйлесiмдiлiкте оқыту әдiстемесiн жақсарту арқылы сапалы жаңа деңгейге шығару;
      әскери қызметтiң беделiн, маңыздылығы мен абыройын арттыру;
      екi жақты форматтағы сияқты көп жақты негiздегi халықаралық әскери ынтымақтастықты, оның iшiнде АӨСШК, ҰҚШҰ, ШЫҰ және басқалар сияқты ұйымдардың жұмысына белсендi қатысу арқылы, сондай-ақ халықаралық терроризмге, есiрткi құралдарының, қару мен оқ-дәрiлердiң трафигiне қарсы iс-қимыл жасау саласындағы халықаралық әскери ынтымақтастықты кеңейту;
      Мемлекеттiк шекараны күзетудiң әскери, жедел және инженерлiк-техникалық күштер мен құралдарын кешендi пайдаланудың қазiргi заманғы жүйесiн қалыптастыру;
      екiншi кезеңде:
      Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың құрамында жауынгерлiк әзiр, жеке құраммен, қару-жарақпен және техникамен жабдықталған құрамалар мен бөлiмдердiң санын ұлғайту;
      әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктердi жұмылдыру дайындығы мәселелерiндегi жергiлiктi әскери басқару органдарының рөлiн арттыру;
      бөлiмдер мен құрамаларды қару-жарақ пен техниканың қазiргi заманғы үлгiлерiмен кезең-кезеңмен қайта жарақтандыру, сондай-ақ жарақтандыруда тұрған қару-жарақ пен әскери техниканы сапалы жаңғырту;
      Қарулы Күштердiң жекелеген құрауыштарын НАТО стандарттарына көшiрудi аяқтау;
      аналогтық байланыс құралдарын қазiргi заманғы ауыспалы және стационарлық цифрлы жүйелерге ауыстыру, ұлттық спутниктiк жүйеге бейiмделген байланыс желiсiн құру;
      әскерге шақыру және жұмылдыру резервтерiн даярлау жүйесiн жетiлдiрумен үйлесiмдiлiкте жауынгерлiк әзiрлiктi айқындайтын лауазымдарды келiсiм-шарт бойынша әскери қызметшiлермен ауыстыру жолымен армияны кәсiбилендiру;
      әскери бiлiм беру жүйесiн әлемдiк стандарттарға жауап беретiн деңгейге шығару;
      Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар үшiн кәсiпқой сержанттарды даярлау жүйесiн құру;
      Бiрiккен Ұлттар Ұйымының аясында өткiзiлетiн бiтiмгершiлiк операцияларға Қазақстанның қатысуын жандандыру;
      кейiннен:
      стратегиялық бағыттарда күштер мен құралдарды жедел өрiстетудi жүзеге асыруға қабiлеттi, барынша қысқа мерзiмдерде көп нұсқалы iс-әрекеттерге әзiр өңiрлiк әскер топтарын жетiлдiру;
      қазiргi заманғы әскери-техникалық құралдармен жоспарлы түрде жарақтандыру;
      әскери басқару жүйесiнiң тиiмдiлiгiн арттыру.
      Қарулы Күштер түрлерi мен тектерiн дамытудың қорытындылары мыналар болуы тиiс:
      Құрлық әскерлерi үшiн:
      Құрлық әскерлерiнiң бiтiмгершiлiк, гуманитарлық және өзге де миссияларды орындауды қоса алғанда, оларға жүктелген ерекше мiндеттердi дербес немесе басқа да мемлекеттердiң қарулы күштерiмен бiрлесiп шешуге қабiлеттi әлемнiң озық Армияларының стандарттарына сәйкес келуiн қамтамасыз ету;
      стратегиялық бағыттарда туындайтын әскери қауiпсiздiк қатерлерiне уақтылы және икемдi ден қоюға қабiлеттi өңiрлiк қолбасшылықтардың әскер топтарын құру;
      Әуе қорғанысы күштерi үшiн:
      қазiргi заманғы қарулы күрестiң және Қарулы Күштер ұтқырлығының iргетасын айқындаушы элемент ретiнде әскери-әуе күштерiн топтастыруды және техникалық жарақтандыруды жетiлдiру;
      қару-жарақ пен әскери техниканың қазiргi заманғы үлгiлерiмен қайта қаруландыру есебiнен әуеден жасалатын шабуылдан Қазақстан аумағын әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерiмен кепiлдi бүркемелеудi және елдiң әуе кеңiстiгiн бұзуға жасалатын әрекеттердiң жолын кесудi қамтамасыз ету;
      әуе және техникалық барлаудың пилотсыз ұшу аппараттарын және басқа да құралдарын кеңiнен пайдалану;
      қазiргi заманғы тренажерлар мен оқыту құралдарын енгiзу;
      Әскери-теңiз күштерi үшiн:
      Каспий теңiзiнде Қазақстанның ұлттық мүдделерiн қорғау қабiлетiн қамтамасыз ету, Әскери-теңiз күштерiн қазiргi заманғы жауынгерлiк және қосалқы кемелермен жабдықтау;
      пирстарды, гидрографиялық және бағыттау жабдықтарын қоса алғанда, жаға инфрақұрылымын дамыту;
      Аэроұтқыр әскерлер үшiн - жеткiзудiң авиациялық және жер үстi құралдарымен, НАТО стандарттары бойынша қазiргi заманғы байланыс, керек-жарақ және қару-жарақ құралдарымен жарақтандырылған автономды бөлiмшелер құру.
      Ракета әскерлерi мен артиллерия үшiн - жоғары дәлдiктi қарудың үлгiлерiн сатып алу және жаңғырту есебiнен оқ ату қуатын арттыру.
      арнайы әскерлер үшiн:
      цифрлы стандартқа көшу жолымен байланыс жүйелерiн жаңғырту және ұлттық спутниктiк жүйеге бейiмделген Қарулы Күштердiң спутниктiк байланыс желiсiн құру, сондай-ақ әскерлердi басқарудың автоматтандырылған жүйесiн енгiзу;
      дербес әскер тектерiн құру мақсатымен радиотехникалық барлауды және радиоэлектрондық күрестi жүргiзудiң қазiргi заманғы құралдарымен жарақтандыру;
      Қарулы Күштердiң Тылы үшiн:
      шаруашылық қызметiн жоспарлау жүйесiн жетiлдiру;
      әскерлердi материалдық-техникалық құралдармен қамтамасыз етудiң бiрыңғай жүйесiн енгiзу;
      материалдық құралдардың жедел және стратегиялық қорларын жасау.

2. Қазақстан Республикасы қауiпсiздiгiнiң әскери-стратегиялық негiздерi     2.1. Қарулы жанжалдардың сипаты

      Халықаралық қатынастар жүйесiндегi объективтi орын алып келе жатқан үрдiстер Қазақстан Республикасын мемлекеттiң өмiрлiк маңызы бар мүдделерiн қорғау, сондай-ақ халықаралық шарттарға сәйкес мiндеттемелерiн орындау мақсатында әскери жанжалдарға қатысуға әзiрлiкте ұстауға мiндеттейдi.
      Әскери жанжал - әскери күштердi қолданумен мемлекеттер, халықтар, әлеуметтiк топтар арасындағы қақтығысу, қарсы күресу, қайшылықтарды шешу нысаны.
      Кез келген әскери жанжалға тараптардың саяси мақсаттарына, әскери iс-әрекеттердi жүргiзу ауқымына, олардың шиеленiсуiне, қолданылатын қарулы күрес құралдарына, әскерлер iс-әрекетiнiң тәсiлдерiне негiзделген әлеуметтiк-саяси, құқықтық және әскери-стратегиялық белгiлер тән, олар жиналып келгенде оның сипатын айқындайды.
      Қазiргi заманғы қарулы жанжалдар сипатының негiзгi белгiлерi:
      кеңiстiктiк етек алуы, жоғары белсендiлiк пен қарқындылық, асығыстық пен шектi шиеленiсу, авиацияны, жоғары дәлдiктi қаруды, РЭК құралдарын, ғарыштық құрауыштарды, барлау мен басқарудың автоматтандырылған жүйелерiн, ақпараттық және психологиялық күрес күштерi мен құралдарын кеңiнен пайдалану;
      тараптар мен қапталдардың айқын белгiленген түйiсу жолақтарының болмауы, әскерлердi жедел құруда үлкен аралық пен алшақтықтың болуы;
      кеңiнен маневр жасау, диверсиялық-барлау топтары мен құралымдарын белсендi қолдану үшiн жағдай жасайтын iс-әрекеттердiң байланыссыз және басқа да дәстүрлi емес нысандары мен тәсiлдерiн пайдалану;
      тiкелей емес стратегиялық iс-әрекеттердi, оның iшiнде саяси және психологиялық қысым жасауды, күш көрсетудi, экономикалық санкцияларды, ақпараттық күрестi қолдану;
      мемлекеттiк және әскери басқару жүйесiне iрiткi салу;
      қару-жарақ пен әскери техниканың қазiргi заманғы жүйелерiн кеңiнен қолдану;
      энергетика кәсiпорындарын, қауiптi өндiрiстердi, инфрақұрылымды, коммуникацияларды, тiршiлiктi қамтамасыз ету объектiлерiн iстен шығарудың апаттық салдарлары;
      қарулы жанжалдарға тұрақты емес қарулы құралымдардың қатысуы.
      Әскери жанжалдар қарулы жанжалдарды, қарулы арандатулар мен қарулы инциденттердi қамтиды.
      Қарулы жанжал - мемлекет соғыс жағдайына өтпей, қарулы күш көрсету құралдарын қолдана отырып, ұлттық, этникалық, дiни және басқа да қайшылықтарды шешудiң бiр нысаны.
      Қарулы жанжал қарулы инцидент, қарулы арандатушылық, басқа да ауқымы шектелген қарулы соқтығысулар нысанында туындауы және қарулы күрес құралдарының көмегiмен ұлттық, этникалық, дiни және өзге де қайшылықтарды шешу талпынысының салдары болуы мүмкiн.
      Қарулы жанжалдың ерекше нысаны шекаралық жанжал болып табылады.
      Қазақстан Республикасы тартылуы мүмкiн әскери жанжалдар ауқымы, ұзақтығы мен шиеленiсуi бойынша төмен, орта және жоғары қарқынды жанжалдарға бөлiнедi.
      Төмен қарқынды әскери жанжал - соғыс жағдайына өтпей, әр түрлi тектi қайшылықтарды қарулы күрес құралдарының көмегiмен шешуге әрекет жасау салдарынан туындаған қарулы жанжал.
      Ол әскерлер әрекет жасайтын аудандардағы әскери-саяси жағдайдың күрделiлiгiмен және тұрақсыздығымен, коммуникациялардың, сондай-ақ жергiлiктi тұрғындардың әлсiздiгiмен, тұрақты емес қарулы құралымдардың қатысуымен, диверсиялық және террористiк iс-әрекеттермен сипатталады.
      Әдеттегiдей, мұндай жанжалдар шекаралық қарулы инциденттер, ел iшiндегi заңсыз қарулы құралымдардың және террористiк ұйымдардың қызметi нәтижесiнде туындауы мүмкiн.
      Орта қарқынды қарулы жанжал - қуатты экономикалық және әскери әлеуетi жоқ елдер арасындағы соғыс. Ол қарсы күресетiн тараптардың шектелген күштерi мен құралдарын қолданумен, жоғары дәлдiктi қаруды, радиоэлектрондық күрес құралдарын және басқа да қару-жарақ пен әскери техниканың қазiргi заманғы түрлерiн белсендi пайдаланумен, жанжалдасатын мемлекеттердiң шекараларында әскери iс-әрекеттер жүргiзумен және олардың барлық аумағында әскерлердi, тыл, экономика және коммуникациялар объектiлерiн талқандаумен сипатталады.
      Орта қарқынды әскери жанжал басқа бағыттардан әскерлердi, күштер мен құралдарды ауыстыру және Қарулы Күштердi жартылай стратегиялық өрiстету есебiнен қажет болған кезде оларды күшейтумен жанжал ауданында өрiстетiлген әскер топтары жүргiзуi мүмкiн.
      Орта қарқынды жанжалда тараптар қарсы күресетiн мемлекеттердiң шекараларында әрекет жасайтын және шектелген әскери-саяси мақсаттарды ұстанатын болады.
      Жоғары қарқынды әскери жанжал - әскери және экономикалық жағынан қуатты мемлекеттер (мемлекеттер коалициялары) қатысатын соғыс. Ол қарсы күресетiн тараптардың түбегейлi әскери-саяси мақсаттарымен сипатталады, оларға қол жеткiзу қатысушы мемлекеттердiң материалдық және рухани ресурстарын толық жұмылдыруды талап етедi.
      Ядролық мемлекеттердiң қатысуымен болатын жанжалда ядролық қаруды қолдану қатерi ұдайы сақталады. Оны шектелген ядролық соққы бере отырып, ядролық соғысқа трансформациялау көп адам өлiмiне, экономикалық және мәдени орталықтардың қирауына, үлкен аумақтың зақымдануына әкеп соғуы мүмкiн, ол өңiрдiң көп елдерiнде экологиялық апаттарға әкеп соқтырады.

2.2. Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды қолдану негiздерi

      Қазақстан Республикасы оған қарсы агрессия туындаған жағдайда қарулы қорғауды, мемлекеттiң барлық әскери және әлеуметтiк әлеуетiн жұмылдыруды, азаматтық және аумақтық қорғаныс iс-шараларын, достас мемлекеттердiң қарулы күштерiмен бiрлескен iс-қимылдарды жүргiзудi жүзеге асырады.
      Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарының жауынгерлiк құрамы, жасақталуы және қамтамасыз етiлуi төмен және орта қарқынды жанжалдарда мемлекеттiң әскери қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мiндетiне жауап беруге тиiс.
      Қазақстан Республикасы және оның Қарулы Күштерi кенеттен болатын шабуылға жол бермеуге, қауiптi кезеңдi агрессияға тойтарыс беруге дайындау, Қарулы Күштер мен одақтас мемлекеттер әскерлерiнiң (күштерiнiң) коалициялық топтарын стратегиялық өрiстетудi жүзеге асыру үшiн жағдай жасау, елдiң экономикалық кешенiн бейбiт жағдайдан соғыс жағдайына ауыстыру, мемлекеттiк шекараны бүркемелеу, маңызды мемлекеттiк және әскери объектiлердi қорғауды күшейту, психологиялық күрес күштерi мен құралдарын кеңiнен қолдану, қарсыластың халыққа және әскерлердiң жеке құрамына ақпараттық-психологиялық әсер етуiне қарсы iс-қимыл жасау үшiн мақсатты түрде пайдалануға әзiр болуға тиiс.
      Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерi, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдары агрессияға тойтарыс беру, елдiң аумақтық тұтастығы мен егемендiгiн қарулы қорғау, мемлекеттiк және әскери объектiлердiң күзетi және қорғанысы, әуе кеңiстiгiн күзету үшiн, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес мiндеттердi орындау үшiн қолданылады.
      Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды қолдану Конституцияға, қолданыстағы заңнамаға және Қарулы Күштердi қолдану жоспарына, Қазақстан Республикасы Президентiнiң әскери қауiпсiздiк мәселелерi жөнiндегi жарлықтарына, басқа да нормативтiк құқықтық актiлерге, жоспарларға және директивалық құжаттарға сәйкес жүзеге асырылады.
      Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерi, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдары төмен қарқынды әскери жанжалдарда, әдетте, оларды бейбiт құралдармен реттеу үшiн жағдай жасау мақсатында әскери iс-әрекеттердiң шиеленiсу ошақтарын неғұрлым ерте сатыда оқшаулау және тоқтату үшiн қолданылатын болады.
      Осы мiндеттердi орындау үшiн Қарулы Күштердiң ұдайы жауынгерлiк әзiрлiктегi құрамалары мен бөлiмдерi тартылады. Қажет болған кезде олар Қазақстан Республикасының басқа да әскерлерiмен және әскери құралымдарымен күшейтiлетiн болады. Мұндай жағдайда әскер топтарына басшылық жасауды бiр (жалпы әскери) қолбасшылық жүзеге асырады.
      Шекара маңындағы жанжалды, әдетте, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң құрамаларымен және бөлiмдерiмен өзара iс-қимыл жасай отырып, Ұлттық қауiпсiздiк комитетi Шекара қызметiнiң күштерi мен құралдары шешетiн болады.
      Сыртқы күштермен арандатылған iшкi қарулы жанжалдар туындаған кезде Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды қолдану заңсыз қарулы құралымдарды жою, жағдайды тұрақтандыру, заңдылық пен құқық тәртiбiн қалпына келтiру, қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету, халыққа қажеттi көмек көрсету мақсатында Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңнамасына қатаң сәйкестiкте жүзеге асырылады.
      Қазақстан Республикасына қарсы орта қарқынды әскери жанжал экономикалық және қорғаныс әлеуетiн бұзу, белгiлi аумақтарды басып алу және оларды бақылауды белгiлеу немесе мемлекеттi елеулi саяси, аумақтық, экономикалық және басқа да шегiнiстерге мәжбүрлеу мақсатында туындауы мүмкін.
      Орта қарқынды жанжалға қатысу Қазақстан Республикасының барлық аумағында және оның жекелеген облыстарында соғыс жағдайын енгiзудi немесе жартылай немесе жалпы жұмылдыруды жариялауды, мемлекеттiң қорғаныс және әскери-экономикалық әлеуетiнiң барлығын немесе елеулi бөлiгiн пайдалануды талап етедi.
      Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерi, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдары орта қарқынды әскери жанжалдарда жауынгерлiк iс-қимыл аудандарын оқшаулау және агрессияның шешiмдi түрде жолын кесу, оның iшiнде одақтас мемлекеттердiң қарулы күштерiмен бiрлесiп қолданылатын болады.
      Қазақстан Республикасына қарсы орта қарқынды әскери жанжал мынадай түбегейлi әскери-саяси мақсаттармен туындауы мүмкiн: елде саяси билiктiң ауысуы, мемлекеттiк және әскери басқару жүйесiне iрiткi салу, аумақтың бiршама бөлiгiн иелiктен шығару, мемлекеттiң қорғаныс әлеуетiн толық жою.
      Қазақстан Республикасының мақсаты оған қарсы жоғары қарқынды жанжалдың туындауын болдырмаудың саяси-құқықтық, ұйымдық-техникалық және өзге де халықаралық кепiлдiктерiнiң тиiмдi жүйесiн белсендi iздестiру және құру болып табылады.
      Көршi мемлекеттермен достық қарым-қатынас құру жөнiндегi сенiмдi сыртқы саясатты жүргiзуге байланысты және орта мерзiмдi болашақта тiкелей әскери агрессия қаупiнiң жоқтығына қарай оған Қазақстан Республикасын тартумен осындай жанжалдың туындау мүмкiндiгi төмен.
      Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың негiзгi мiндеттерi:
      бейбiт уақытта:
      оқшаулауды қамтамасыз ететiн деңгейде бейбiт уақыттың штатында жауынгерлiк әлеуеттi, басқару органдары мен әскерлердiң жауынгерлiк және жұмылдыру әзiрлiгiн және дайындығын қолдау және төмен қарқынды әскери жанжалдардың, мемлекеттiк шекарадағы немесе Қазақстан Республикасы аумағының шегiнде кез келген заңсыз қарулы күш көрсетулердiң жолын кесу;
      әуе кеңiстiгiн күзету, сондай-ақ жедел-стратегиялық тұрғыдан мемлекеттiк шекараның маңызды учаскелерiн бүркемелеу;
      аумақтық теңiзде, континентальды қайраңдарда және Қазақстан Республикасының экономикалық аймағында Қазақстанның ұлттық мүдделерiн қорғау;
      маңызды әскери және мемлекеттiк объектiлердi күзету;
      елдiң кез келген ауданында жағдайды тұрақтандыру жөнiндегi шешушi iс-қимылдарға әзiрлiктi көрсету;
      орта немесе жоғары қарқынды жанжал туындаған жағдайда Қарулы Күштердi стратегиялық өрiстетуге әзiрлiктi қамтамасыз ету;
      диверсиялар мен террористiк актiлердi болдырмау және жолын кесу;
      Қазақстан Республикасының халықаралық мiндеттемелерiне сәйкес бiтiмгершiлiк және өзге де операцияларға қатысу;
      экологиялық апаттардың және басқа да төтенше жағдайлардың алдын алуға қатысу, олардың салдарын жою.
      Осы мiндеттердi шешу басқа да әскерлермен және әскери құралымдармен Қарулы Күштердiң тығыз өзара iс-қимыл жасауымен жүзеге асырылады. Бұл ретте Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Шекара қызметiне құрлықта, теңiзде, көлдер мен өзге де су айдындарында мемлекеттiк шекараны күзету мен қорғау, сондай-ақ терроризмге, қару мен есiрткi контрабандасына қарсы күреске қатысу, Iшкi iстер министрлiгiнiң Iшкi әскерлерiне - маңызды мемлекеттiк объектiлердi күзету және аса қауiптi құқық бұзушылықтар мен террористiк актiлердiң жолын кесу, заңсыз қарулы құралымдарға қарсы күрес жүктеледi.
      Iшкi қарулы жанжалдардың жолын кесу кезiнде:
      жанжал орын алған аудандарды оқшаулау және қоршау;
      қоғамдық тәртiптi қорғауды қамтамасыз ету және төтенше жағдайдың құқықтық режимiн қолдау;
      заңсыз қарулы құралымдарды қарусыздандыру және жою, халықтан заңсыз сақтаудағы қаруды алу;
      аумақтық және азаматтық қорғаныс жоспарларына сәйкес жанжал ауданына жақын жатқан аудандарда қоғамдық тәртiп пен қауiпсiздiктi күзетудi күшейту;
      заңдылық пен құқық тәртiбiн қалпына келтiру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да мiндеттердi шешу.
      Iшкi қарулы жанжалдардың жолын кесу жөнiндегi мiндеттер Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың құрылатын бiрiктiрiлген топтарына жүктеледi.
      Қазақстан Республикасына және оның одақтастарына қарсы агрессия жағдайында:
      шекара маңы жанжалдарын оқшаулау және бейтараптау;
      соққы беру және орта және жоғары қарқынды жанжалдарда одақтас мемлекеттердiң қарулы күштерiмен бiрлесiп қарсыластың әскер топтарын талқандау;
      резервтер құру аудандарын бүркемелеу арнайы операциялар жүргiзетiн күштерге және тұрақты емес құралымдарға қарсы күрес;
      халықты, экономика объектiлерiн, инфрақұрылымды қарсыластың зақымдау құралдарының әсерiнен қорғау;
      соғыс (төтенше) жағдай режимiн қолдау.
      Әскери iс-әрекеттер ауқымына, жағдайдың шарттарына және күштердiң арақатынасына байланысты мiндеттердiң түрi өзгертiлуi мүмкiн, бiрақ кез келген жағдайда түпкi мақсат Қазақстан Республикасының аумағынан агрессорды қуу және агрессияға дейiн болған жағдайды қалпына келтiру болып табылады.
      Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерi, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдары авариялар, апаттар және зiлзала салдарларын жою кезiнде халыққа көмек көрсету үшiн Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен тартылуы мүмкiн.

2.3. Әскери қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге басшылық жасау

      Мемлекеттiң әскери ұйымын құруға, дайындауға және қолдануға, мемлекеттiң әскери қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге басшылық жасауды Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң Жоғарғы Бас қолбасшысы болып табылатын Қазақстан Республикасының Президентi жүзеге асырады.
      Қазақстан Республикасының Парламентi мемлекеттiң әскери қауiпсiздiгi мен қорғанысы мәселелерi бойынша заңдар қабылдайды, соғыс және бейбiтшiлiк мәселелерiн шешедi, бейбiтшiлiк пен қауiпсiздiктi қолдау жөнiндегi халықаралық мiндеттемелердi орындау үшiн Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды пайдалану туралы шешiм қабылдайды, қорғаныс және әскери ынтымақтастық мәселелерi жөнiндегi халықаралық шарттарды ратификациялайды және күшiн жояды.
      Қазақстан Республикасының Үкiметi Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды қару-жарақпен, әскери және арнайы техникамен жарақтандыруды, оларды қаржылық және материалдық қамтамасыз етудi, елдiң аумағын қорғаныс мүддесiнде жедел жабдықтауды ұйымдастырады; физикалық қорғауға жататын стратегиялық объектiлердiң тiзбесiн айқындайды; азаматтық және аумақтық қорғанысты ұйымдастырады.
      Басқа мемлекеттiк органдар, жергiлiктi өкiлеттi және атқарушы органдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген құқықтары, мiндеттерi мен  өкiлеттiктерi шегiнде әскери қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiнде оларға жүктелген мiндеттердi орындауды ұйымдастырады және ол үшiн толық жауапты болады.
      Бейбiт уақытта Қарулы Күштерге басшылық жасауды Қорғаныс министрлiгi Штабтар бастықтары комитетi арқылы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгi жүзеге асырады.
      Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгi елдiң әскери қауiпсiздiгi мен қорғанысын қамтамасыз етуге байланысты мiндеттердi шешедi, Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды дамыту тұжырымдамасын әзiрлеудi үйлестiредi; Қарулы Күштер әскерлерi түрлерiнiң, тектерiнiң құрылымын, штат санын белгiлейдi; мемлекетте бiрыңғай әскери-техникалық саясат жүргiзедi; халықаралық әскери ынтымақтастықты жүзеге асырады; Қарулы Күштерде заңдылық пен құқық тәртiбiнiң сақталуына бақылауды жүзеге асырады және әскери қызметшiлерге, олардың отбасы мүшелерi мен азаматтық персоналға әлеуметтiк және құқықтық кепiлдiктердi қамтамасыз етедi. 
      Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгi Штабтар бастықтары комитетi бейбiт уақытта мемлекеттiң Қарулы Күштерiн басқарудың бас органы және соғыс уақытында Жоғарғы Бас қолбасшылық Ставкасының жұмыс органы бола отырып, Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың құрылысының және дамуының, олардың жедел, жауынгерлiк және жұмылдыру дайындығының жоспарларын әзiрлеудi үйлестiредi, Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды, сондай-ақ аумақтық қорғаныс мiндеттерiн орындауға қатысатын күштердi қолдануды және олардың өзара iс-қимыл жасауын жедел-стратегиялық жоспарлауды ұйымдастырады және жүзеге асырады, қорғаныс мүддесiнде ел аумағын жедел жабдықтау жоспарын әзiрлейдi.
      Штабтар бастықтары комитетi қызметiнiң негiзгi мақсаты әлемдегi және өңiрдегi әскери-саяси жағдай деректерiн жинау және талдау; Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарының мүмкiндiктерiн бағалау, оларды мемлекеттiң әскери қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн даярлау және қолдану жөнiндегi ұсыныстарды әзiрлеу, жауынгерлiк және жұмылдыру әзiрлiгiн бақылауды жүзеге асыру болып табылады.
      Мемлекеттiк органдардың әскери қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мәселелерiндегi қызметiн үйлестiру Әскери-консультативтiк кеңес арқылы жүзеге асырылады.
      Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерi түрлерiнiң бас қолбасшыларының, әскер тектерi қолбасшыларының, Тылы бастығының басқармалары Қарулы Күштер түрлерiн, әскер тектерiн, Тылы дамыту және қолдану оларды жедел және жұмылдыра даярлау, техникалық жарақтандыру, кадрларды даярлау жоспарларын әзiрлеудi және iске асыруды жүзеге асырады, әскерлердi басқаруды және олардың күнделiктi қызметiн қамтамасыз етедi.
      Өңiрлiк қолбасшылықтар әскерлерi қолбасшыларының басқармалары бағынысындағы әскерлер топтамаларын басқаруды, сондай-ақ белгiленген жауапкершiлiк шекараларында әскери қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге басқа да әскерлермен және әскери құралымдармен бiрлескен даярлығы жөнiндегi iс-шараларды жоспарлауды және ұйымдастыруды жүзеге асырады.
      Бейбiт уақытта басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға тiкелей басшылық жасауды және басқаруды тиiстi мемлекеттiк органда жүзеге асырады.
      Қауiп төнген кезеңде және соғыс уақытында мемлекеттiң әскери қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге басшылық жасау Қазақстан Республикасының тиiстi нормативтiк құқықтық актiлерiмен регламенттеледi.

3. Қазақстан Республикасының қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң әскери-экономикалық және әскери-техникалық негiздерi       3.1. Әскери-экономикалық және әскери-техникалық қамтамасыз етудiң мақсаттары, қағидаттары, мiндеттерi мен бағыттары

      Әскери-экономикалық және әскери-техникалық қамтамасыз етудiң басты мақсаты Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қаржы қаражатына және әскери мүлiкке деген мұқтаждарын Қазақстан Республикасының әскери қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мiндеттерiн шешу үшiн қажеттi көлемде қанағаттандыру болып табылады.
      Қазақстанның Қарулы Күштерi қазiргi заманғы әскери-техникалық құралдармен қамтамасыз етiлуге тиiс, олар Қазақстан мен жаңа халықаралық жағдайға тән қауiптерге сәйкес жоғары қорғаныс технологияларына дәлелдi түрде сенедi.
      Әскери-экономикалық және әскери-техникалық қамтамасыз етудiң негiзгi қағидаттары:
      Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды дамыту бюджеттерiн кезең-кезеңмен ұлғайту;
      Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiн бағдарламалық- мақсаттық қаржыландыру мәселелерiн жетiлдiру, елдiң жалпы iшкi өнiмiнiң кемiнде бiр пайызын құрайтын және секвестрлеуге жатпайтын қорғанысқа арналған шығыстарды қаржылық қамтамасыз ету;
      әскери қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мiндеттерiн шешу кезiнде қаржылық, материалдық-техникалық, зияткерлiк ресурстарды тиiмдi пайдалану;
      қару-жарақты, әскери және арнайы техника өндiрiсi, айналымы және сату саласындағы мемлекеттiк реттеу.
      Әскери-экономикалық және әскери-техникалық қамтамасыз етудiң басым мiндеттерi мыналар болып табылады:
      Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды дамыту iс-шараларын уақтылы қаржыландыруды қамтамасыз ету, басқару органдары мен әскерлердiң күнделiктi қызметiн теңгерiмдi қаржылық қамтамасыз ету;
      әскери қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мүддесiнде мемлекеттiң әскери-экономикалық қызметiн жетiлдiру;
      отандық қорғаныстық-өнеркәсiптiк кешендi, халықаралық әскери- техникалық интеграцияны дамыту жөнiндегi шаралардың үндестiкпен үйлесуiне, сондай-ақ қолда бар қару-жарақпен және әскери техникамен үйлесiмдiлiгiн ескере отырып, шетелден қазiргi заманғы техниканы жеткiзуге негiзделген қазiргi заманғы бiрыңғай және үйлестiрiлген мемлекеттiк әскери-техникалық саясатты қалыптастыру;
      отандық қорғаныстық-өнеркәсiптiк кешен кәсiпорындарының қару-жарақтың, әскери және арнайы техниканың, оқ-дәрiлердiң әскерлердi жарақтандыруда тұрған үлгiлерiн жөндеудi және жаңғыртуды, сондай-ақ қазiргi заманғы түрлерiн шығаруды игеру үшiн жағдай жасау;
      өзара тиiмдi халықаралық әскери және әскери-техникалық ынтымақтастықты жүзеге асыру.
      Қазақстан Республикасының әскери қауiпсiздiгiн әскери-экономикалық және әскери-техникалық қамтамасыз етудiң негiзгi бағыттары:
      Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қаржылық, материалдық-техникалық, зияткерлiк және өзге де ресурстарға мұқтаждықтарын қанағаттандыруға бағытталған экономикалық саясатты жүзеге асыру;
      Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарының қару-жарағы мен әскери техникасын сатып алу, жаңғырту, жөндеу, кәдеге жарату 2015 жылға дейiн әскери мақсаттағы өнiмдердi шығаратын кәсiпорындарды дамытудың мемлекеттiк бағдарламасы және басқа да дамыту бағдарламалары негiзiнде бiрыңғай мемлекеттiк әскери-техникалық саясатты жүргiзу және мемлекеттiк қорғаныс тапсырысын қалыптастыру;
      терроризмге қарсы операцияларды жүргiзу, табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою, ұйымдасқан қылмысқа, қару, оқ-дәрi және есiрткi құралдарының трафигiне қарсы күресу үшiн қару-жарақтың, әскери және арнайы техниканың жаңа үлгiлерiмен қамтамасыз ету;
      мемлекеттiк қорғаныс тапсырысын жыл сайын қалыптастыруды және орындауды қамтамасыз ететiн қаржы-экономикалық реттеуiштер мен механизмдер жүйесiн жетiлдiру;
      республикалық бюджеттен бөлiнген қаржы және Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған басқа да көздер есебiнен қару-жарақ, әскери техника мен басқа да әскери мүлiк паркiн жаңғыртуды, техникалық қайта жарақтандыруды, жаңартуды жүргiзу;
      әскери-қорғаныс жүйесiнiң жекелеген құрауыштарын HATO-ның озық әлемдiк ұқсас нұсқаларына және стандарттарына сәйкес келетiн қару-жарақ пен әскери техниканың жоғары технологиялық үлгiлерiне кезең-кезеңмен көшiру;
      дамудың басым бағыттарын айқындау және отандық қорғаныс-өнеркәсiп кешеннiң бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыру, сондай-ақ қос мақсаттағы өнiмдердi шығару;
      қорғаныс-өнеркәсiп кешенi үшiн бiлiктi кадрларды даярлау;
      мемлекеттiң қорғаныс қабiлетiнiң қажеттi деңгейiн қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттердi шешу үшiн әскери өнiмдi, әскери мақсаттағы жұмыстар мен қызметтердiң жаңа түрлерiн өндiру мақсатында стратегиялық инвесторларды тарту;
      қорғаныс мұқтажы үшiн өндiрiлетiн (сатып алынатын) өнiмдердi мемлекеттiк сынауды және сертификаттауды жүргiзу;
      өндiрiлетiн өнiмдi әскери қабылдау институттарын дамыту;
      экспорттық әскери өнiмдердi өткiзу нарығын кеңейту, олардың номенклатуралары мен көлемдерiн арттыру жолымен отандық әскери-өндiрiстiк компаниялар мен кәсiпорындардың экспорттық әлеуетiн дамыту;
      отандық қорғаныс өнеркәсiбiн нығайту, дамыту және қайта бейiмдеу, елдiң әскери-экономикалық әлеуетiн арттыру мақсатында әлемдiк тәжiрибенi және халықаралық әскери-техникалық ынтымақтастықты кеңiнен пайдалану.

   3.2. Қазақстан Республикасының жұмылдыру дайындығы және резервтер жүйесi

      Мемлекеттiң резервтер жүйесiнiң негiзгi мақсаты Қазақстан Республикасының қорғанысын кепiлдi қамтамасыз ету және төтенше жағдайларды жою үшiн қаржылық, материалдық-техникалық және өзге де ресурстарды бөлу болып табылады.
      Резервтер жүйесiнде материалдық-техникалық құралдар мен әскери мүлiктi өндiру және олардың қорларын жинақтау үшiн мемлекеттiк органдарға Жұмылдыру жоспарына сәйкес Қазақстан Республикасындағы жұмылдыру дайындығы және жұмылдыру мiндеттерiн iске асыру шеңберiнде жұмылдыру тапсырмалары белгiленедi.
      Резервтер жүйесi қару-жарақтың, оқ-дәрiлер мен материалдық- техникалық құралдардың стратегиялық, жедел және әскери қорларын, сондай-ақ жұмылдыру резервтерiн қамтиды.
      Материалдық-техникалық құралдардың стратегиялық қорларын жинақтауды және ұстауды Қазақстан Республикасының Yкiметi ұйымдастырады.
      Қару-жарақтың, оқ-дәрiлер мен материалдық-техникалық құралдардың жедел қорларын жинақтауды және ұстауды Қорғаныс министрлiгi, ал әскери қорларды Қазақстан Республикасының тиiстi мемлекеттiк органдары жүзеге асырады.
      Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар, аумақтық және азаматтық қорғаныс үшiн жұмылдыру резервтерiн дайындау және жинақтау Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгi Штабтар бастықтары комитетiнiң жалпы басшылығымен жүзеге асырылады.
      Резервтер жүйесiнiң негiзгi мiндеттерi мыналар болып табылады:
      резервтер жүйесiнiң материалдық-техникалық базасын дамыту, оны қазiргi заманғы өрт және күзет дабылымен жарақтандыру;
      жұмылдыру тапсырмаларын орындауда әр түрлi нысандағы кәсiпорындар мен ұйымдардың экономикалық мүдделiлiгi жүйесiн жетiлдiру;
      мемлекеттiк материалдық резервтегi материалдық құралдар қорлары қажеттi көлемде жинақтау және ұстау.
      Жұмылдыру дайындығының негiзгi бағыттары:
      жұмылдыру дайындығының және экономиканы бейбiт жағдайдан соғыс жағдайына ауыстырудың нормативтiк құқықтық базасын жетiлдiру;
      ел экономикасының жұмылдыру әзiрлiгiнiң және халықтың жұмылдыру дайындығының тиiмдi жүйелерiн құру;
      соғыс жағдайы шарттарында және соғыс уақытында экономиканы басқару жүйесiн орнықты жұмыс iстеуге дайындау;
      жұмылдыру тапсырмалары бар мемлекеттiк органдардың, ұйымдар мен кәсiпорындардың жұмылдыру дайындығы жүйесiнiң тиiмдiлiгiн арттыру;
      материалдық ресурстар қорларын жұмылдыру және мемлекеттiк резервтерде жинақтау және сақтау;
      жұмылдыру дайындығы және жұмылдыру саласындағы халықаралық шарттарды iс жүзiнде iске асыру;
      соғыс уақыты үшiн конструкторлық және технологиялық құжаттаманың сақтандыру қорын құру және сақтау.
      Стратегиялық материалдық резервтердi есепке алуды және сақтауды атқару және бақылау функцияларын, сондай-ақ мемлекеттiк резерв жүйесiне басшылық жасауды жүзеге асыратын орган жүзеге асырады.
      Адами және көлiктiк жұмылдыру резервтерiн есепке алуды Қазақстан Республикасы облыстарының (қалаларының, аудандарының) қорғаныс iстерi жөнiндегi департаменттерi (басқармалары, бөлiмдерi) жүзеге асырады.

4. Қазақстан Республикасының халықаралық әскери ынтымақтастығы 4.1. Халықаралық әскери және әскери-техникалық ынтымақтастық

      Қазақстан Республикасының халықаралық әскери және әскери- техникалық ынтымақтастығы Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасына және халықаралық шарттарына сәйкес сыртқы саяси және экономикалық орындылықты негiзге ала отырып, әскери қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мiндеттерiн теңгерiмдi шешу, Қазақстанның оның әлеуетiне барабар жаңа халықаралық деңгейге шығу, өңiрлiк көшбасшы ұстанымын нығайту мақсатында жүзеге асырылады.
      Осы мақсатқа қол жеткiзу көпұлттық негiзде сенiм және әрiптестiк шараларын кеңейтумен және нығайтумен үйлесiмдiкте ұжымдық қауiпсiздiк жүйесi қалыптастыруды болжайды.
      Қазақстан Республикасы халықаралық әскери және әскери-техникалық ынтымақтастықты халықаралық тұрақтылық, ұлттық, дiни және жаһандық қауiпсiздiк мүддесiнде тең құқықтық, өзара тиiмдiлiк және бейбiт көршiлiк қағидаттары негiзiнде жүзеге асырады.
      Қазақстан Республикасының қару-жарақ, әскери мақсаттағы өнiмдердi, тауарлар мен қосарлы қолдану технологиясын экспорттауды бақылау саласындағы халықаралық мiндеттемелердi сақтау.
      Қазақстан Республикасы халықаралық әскери ынтымақтастықта мыналарды басым бағыттар деп санайды:
      бiрыңғай қорғаныс кеңiстiгiн құру және ұжымдық әскери қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi күш-жiгердi бiрiктiру қажеттiгiн негiзге ала отырып, Ұжымдық қауiпсiздiк туралы шарт Ұйымына мүше мемлекеттермен әскери және әскери-техникалық ынтымақтастықты жандандыру;
      өңiрдегi жалпы әскери-саяси мүдделер негiзiнде Ресей Федерациясымен, Қытай Халық Республикасымен стратегиялық әрiптестiктi тереңдету;
      Қарулы Күштердi техникалық жаңғырту, әскери технология трансфертi, кадрларды даярлау және өңiрдегi әскери қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мүддесiнде әскери инфрақұрылымды дамыту мәселелерi бойынша Америка Құрама Штаттарымен ынтымақтастықты нығайту;
      Орталық Азия мемлекеттерiмен және басқа да елдермен әскери және әскери-техникалық салаларда ынтымақтастықты кеңейту;
      НАТО-ның басшылығымен терроризмге қарсы операцияларды және бейбiтшiлiктi қолдау жөнiндегi операцияларды жоспарлауда, өткiзуде және жан-жақты қамтамасыз етуде бiрлескен оқу-жаттығуларға қатысу және тәжiрибе алмасу;
      "Бейбiтшiлiк жолындағы әрiптестiк" және верификатор-офицерлердi даярлау жөнiндегi өңiрлiк орталықтарды құру;
      әскери құрылымдардың БҰҰ аясында бейбiтшiлiктi қолдау жөнiндегi операцияларға қатысуы.

4.2. Қазақстан Республикасының коалициялық әскери құрылысқа қатысуы

      Қазақстан ұлттық қауiпсiздiктiң тиiмдi және қазiргi заманғы жүйесiн құра отырып, өңiрлiк және жаһандық қауiпсiздiк жүйелерiне ықпалдасады.
      Қазақстан Республикасы бiрлескен қауiпсiздiктi және ұжымдық қорғанысты қамтамасыз ету мүддесiнде жүзеге асырылатын коалициялық әскери құрылыс шеңберiнде Ұжымдық қауiпсiздiк туралы шарт Ұйымына қатысушы мемлекеттермен ынтымақтастықты нығайтатын болады.
      Коалициялық әскери құрылыстың негiзгi мiндеттерi мыналар болып табылады:
      ҰҚШҰ шеңберiнде әскери салада ынтымақтастықты кеңейту;
      әскери саладағы нормативтiк құқықтық базаны келiсу;
      ҰҚШҰ-ға қатысушы мемлекеттердi әскери қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттердi орындауға даярлау;
      Қазақстан Республикасы коалициялық әскери құрылыста басым бағыттар деп мыналарды санайды:
      ҰҚШҰ-ға қатысушы мемлекеттердiң ұжымдық әскери қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi iс-шараларды жоспарлау мен жүзеге асыруды;
      әскерлердiң (күштердiң) коалициялық (өңiрлiк) топтарын және оларды басқару органдарын құру және даярлау, оларды жауынгерлiк әзiрлiктiң қажеттi деңгейiнде ұстауды;
      ҰҚШҰ-ға қатысушы мемлекеттердiң қарулы күштерiн бiрлескен қауiпсiздiк және ұжымдық қорғаныс мүддесiнде қолдануды жоспарлау;
      ұжымдық қауiпсiздiк жүйесi күштерi мен құралдарының өзара iс-қимыл жасау мәселелерiн жетiлдiрудi, бiрлескен iс-қимылдардың мазмұнын, нысандары мен тәсiлдерiн айқындауды;
      келiсiлген бағдарламалар мен жоспарлар бойынша бiрлескен қауiпсiздiк пен ұжымдық қорғанысты қамтамасыз ету мүддесiнде әскерлердi мiндеттерiн тағайындалуы бойынша орындауға даярлауды қамтамасыз етудi;
      халықаралық терроризммен, дiни экстремизммен, сепаратизммен, есiрткi бизнесiмен күресте бiрлескен күш-жiгердi жандандыруды және жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау процесiне қатысуды;
      1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауiпсiздiк туралы шарт Ұйымына қатысушы мемлекеттер арасындағы Әскери-техникалық ынтымақтастықтың негiзгi қағидаттары туралы келiсiм шеңберiнде өзара тиiмдi әскери-техникалық ынтымақтастықты;
      әскери ғылымды дамытуды, әскери кадрларды даярлауды.

4.3. Бiтiмгершiлiк қызмет

        Қазақстан Республикасы бiтiмгершiлiк қызметтi ұжымдық және ұлттық қауiпсiздiктi нығайту жөнiндегi өз саясатының маңызды құрамдас бөлiгi ретiнде қарайды, оны саяси құралдармен пiсiп келе жатқан әскери-саяси дағдарыстар мен әскери жанжалдардың ертерек анықтау және уақтылы тоқтатудың негiзгi құралдарының бiрi деп санайды.
      Бiтiмгершiлiк қызметтiң мақсаты қарулы жанжалды тоқтату және оны саяси реттеуге ықпал ететiн жағдай жасау.
      Бiтiмгершiлiктiң халықаралық iстерде Қазақстанның әскери-саяси ұстанымының iлгерiлеуi мен мүддесi үшiн маңызды мәнi бар, сондай-ақ халықаралық аренадағы елдiң беделiн елеулi дәрежеде көтередi.
      Осы мақсатта Қазақстан Республикасы берiлген мандат негiзiнде БҰҰ аясында бiтiмгершiлiк операцияларға белсендi қатысатын болады.
      Қазақстанның бiтiмгершiлiк қызметiнiң негiзiне БҰҰ Қауiпсiздiк Кеңесiнiң шешiмiне және жалпы танылған халықаралық құқық нормаларына сәйкес ұжымдық күштермен өңiрлiк және халықаралық қауiпсiздiктi қамтамасыз етудегi мемлекеттiң қағидаттық бағыты қаланған.
      Бейбiтшiлiктi қолдау және қалпына келтiру жөнiндегi операцияларда тапсырмаларды орындау Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарының халықаралық стандарттар бойынша арнайы дайындалған бөлiмшелерiне жүктеледi.
      Олардың бiтiмгершiлiк операцияларына қатысуы Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңнамасына және ратификацияланған халықаралық шарттарына сәйкес қабылданатын Қазақстан Республикасы Парламентiнiң шешiмi негiзiнде жүзеге асырылады.
      Бөлiнген контингенттi жеке құраммен жасақтау ерiктi негiзде жүргiзiледi.
      Бөлiнген әскери контингент бiтiмгершiлiк операциясы барысында мынадай мiндеттердi орындауы мүмкiн:
      халықаралық қоғамдастық қабылдаған санкцияларды орындауды қамтамасыз ету мақсатында жанжал ауданын қоршау;
      жанжалдасушы тараптардың қарулы топтарын ажырату және оларды қарусыздандыру;
      атысты тоқтату, бейбiтшiлiктi орнату режимiн қамтамасыз ету және қайта жанданған әскери iс-қимылдарды болдырмау;
      жергiлiктi жердi минадан тазарту, фортификациялық құрылыстар мен жаппай қырып-жоятын қаруды қолдану салдарын жою;
      жауынгерлiк техниканы, қаруды, оқ-дәрiлер мен жарылғыш заттарды тасымалдауды бақылау, заңсыз әкелудiң және әкетудiң жолын кесу;
      жергiлiктi жердi және бөлу аймағындағы халықтың iс-қимылын бақылау, тәртiпсiздiктерге қарсы iс-қимыл жасау;
      жергiлiктi билiк органдарына (құқық қорғау органдарына) құқықтық тәртiптi сақтауға жәрдем ету, бұрын тұрған жерiне қайтып оралғандардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету;
      iзгiлiк көмек көрсету жүктерiн күзету және iлесiп жүру;
      жанжалды реттеу жөнiндегi келiссөздер үшiн ресми кездесулердiң қауiпсiздiгiн және бiтiмгершiлiк миссиялары персоналының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету.
      Бiтiмгершiлiк әлеуетiн тиiмдi дамыту мақсатында Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар негiзiнде күшейтiлген инженерлiк-саперлiк және медициналық құрамы бар өңiрлiк бiтiмгершiлiк орталығын құру қажет.

Қорытынды

      Қазақстан Республикасының әскери доктринасы елдiң әскери қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi қызметiнiң қорғаныс бағытын айқындайды, кез келген мемлекетаралық қайшылықтар мен жанжалдарды шешудiң әскери емес шараларына Қазақстанның қағидаттық бейiмдiлiгiн растайды.
      Әскери доктринаның ережелерi әлемдегi және өңiрдегi әскери-саяси жағдайдың өзгеруiн, соғыс қаупiнiң сипаты мен мазмұнын, мемлекеттiң әскери ұйымының даму бағыттарын ескере отырып нақтыланатын және толықтырылатын, Қазақстан Республикасы Президентiнiң жыл сайынғы жолдауларында, әскери қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мәселелерi жөнiндегi заңнамалық және өзге де нормативтiк құқықтық құжаттарда, Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды дамытудың бағдарламалық құжаттарында нақтыланатын болады.
      Қазақстан Республикасы өзiнiң халықаралық қауiпсiздiктi және жалпыға ортақ бейбiтшiлiктi қолдау, әскери жанжалдарды болдырмау мақсаттарына бейiлдiлiгiн растайды және Әскери доктринаның барлық негiзгi ережелерiн дәйектiлiкпен орындайтын, БҰҰ Жарғысын, халықаралық құқық нормалары мен қағидаттарын қатаң және бұлжытпай сақтайтын болады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады