Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 23 желтоқсандағы N 1262 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. 2006 жылғы 15 маусымда Шанхай қаласында жасалған Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі
      

  Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері,
      өзара сыйластық пен тең құқықтық негізінде Шанхай ынтымақтастық ұйымына (бұдан әрі - ШЫҰ) мүше мемлекеттердің халықтары арасында достық қарым-қатынастар мен ынтымақтастықты дамытуға және күшейтуге ниет білдіре отырып,
      ШЫҰ Хартиясының мақсаттары мен қағидаттарын жақтайтынын білдіре отырып,
      ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасында білім беру саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға зор мән бере отырып,
      білім беру саласындағы дәстүрлі тығыз және жемісті байланыстарды ескере отырып,
      Тараптардың білім беру жүйелерінің тең құқықтық, дербестік және тұтастық қағидаттарымен өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту мен дамытуға ұмтыла отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

  1-бап

      Тараптар әрбір Тараптың Ұлттық заңнамасына сәйкес білім беру саласындағы ынтымақтастықты жүзеге асырады, сондай-ақ Тараптардың мемлекеттерінде білім беру саласында жүргізілетін реформалар мәселелері жөніндегі тәжірибемен және ақпаратпен алмасады.

  2-бап

      Тараптар білім беру саласындағы интеграциялық процестерді дамытуды және осы мақсатта қажеттілігіне қарай ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің білім беру саласындағы саясаты мәселелері жөніндегі бірлескен ақпараттық және нормативтік құқықтық база құруды қолдайды.

  3-бап

      Тараптар мемлекеттерінің білім беру мекемелері мен ұйымдарының оқушыларымен, студенттерімен, аспиранттарымен, докторанттарымен және ғылыми-педагогикалық қызметкерлерімен өзара алмасуға жәрдемдеседі.
      Сандық көрсеткіштерді, алмасудың қаржылық және басқа да шарттарын Тараптар жыл сайын дипломатиялық арналар арқылы белгілейді.

  4-бап

      Тараптар ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің білім беру саласындағы заңнамасы, олардың білім беру жүйелерінің құрылымы, мазмұны мен ұйымдастыру мәселелері жөнінде ақпаратпен және материалдармен алмасуына ықпал етеді.

  5-бап

      Тараптар білім беру саласындағы көп жақты ынтымақтастықтың өзекті бағыттары бойынша ғылыми-практикалық конференцияларды, симпозиумдарды, семинарлар мен "дөңгелек үстелдерді" бірлесіп өткізуді көтермелейді.

  6-бап

      Тараптар ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің білім беру мекемелері мен ұйымдары арасында тікелей байланыстар орнатуға жәрдемдеседі.

  7-бап

      Тараптар ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің білім беру мекемелері мен ұйымдары білім алушыларының өткізілетін халықаралық олимпиадаларға, конкурстарға, фестивальдарға, бірлескен экологиялық, туристік, спорттық және тағы басқа да іс-шараларға өзара қатысуларын көтермелейді.

  8-бап

      Тараптар білім беру сапасын арттыру, оқу орындарын және білім беру бағдарламаларын лицензиялаудың, аттестаттау және аккредиттеу өлшемі мен рәсімдері бойынша ақпарат алмасу саласында ынтымақтасады.

  9-бап

      Тараптар ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің оқу орындары мен уәкілетті мемлекеттік органдары беретін мемлекеттік үлгідегі білім туралы құжаттардың баламалылығын тану және белгілеу тетіктерін құруға ықпал етеді.

  10-бап

      Тараптардың әрқайсысы өздерінде бар мүмкіндіктерге сәйкес өздерінің білім беру мекемелері мен ұйымдарында ШЫҰ-ға мүше басқа мемлекеттердің тілдерін, тарихын, мәдениеті мен әдебиетін сол Тарап неғұрлым қолайлы деп санаған нысандарда оқытуды көтермелейді.

  11-бап

      Тараптар келісім бойынша білім беру процесінде қолдану мақсатында өз елдерінің тарихы, географиясы, қоғамдық-саяси дамуы жөніндегі материалдармен және мұрағаттық құжаттармен алмасады.

  12-бап

      Тараптар өз мемлекеттерінің білім алушы азаматтарының қоғамдық бірлестіктері арасындағы ынтымақтастыққа ықпал етеді.

  13-бап

      Осы Келісімді іске асырудың қаржылық шарттарын Тараптар мынадай түрде айқындайды:
      осы Келісімде көзделген алмасу бағдарламаларына қатысушы тұлғалардың көліктік шығыстары жіберілетін адамның немесе іссапарға жіберуші ұйымдар мен мекемелердің өз қаражаты есебінен жүзеге асырылады;
      қабылдаушы Тарап ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің алмасу бағдарламалары бойынша оқуға қабылданған азаматтарын оқу, кітапханалар мен оқу-зертханалық жабдықтарды пайдаланғаны үшін ақы төлеуден босатады, сондай-ақ ұлттық заңнамаға сәйкес оларға стипендия мен жатақхана береді;
      қабылдаушы Тарап денсаулық сақтау саласындағы ұлттық заңнама шеңберінде алмасу бағдарламаларының қатысушыларына медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді, жіберуші Тарап оларда медициналық сақтандыру полисінің болуын қамтамасыз етеді;
      Тараптар білім алушы отбасы мүшелерінің елге келуіне байланысты шығыстарды өтемейді, сондай-ақ олардың тұруы мен жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етпейді;
      Оқушылармен, студенттермен, аспиранттармен, докторанттармен және ғылыми-педагог қызметкерлермен алмасу шарттары осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын Тараптар арасындағы жеке хаттамаларда нақтыланады.

  14-бап

      Тараптар осы Келісімді іске асыру жөніндегі бірлескен іс-әрекеттерді үйлестіру, білім беру саласындағы ынтымақтастықтың нақты іс-шараларын келісу және орындау мақсатында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің білім беру саласындағы ынтымақтастық жөніндегі тұрақты жұмыс істейтін сараптамалық жұмыс тобын (бұдан әрі - сараптамалық жұмыс тобы) құрады.
      Сараптамалық жұмыс тобы жылына кемінде бір рет немесе қажетіне қарай екі не одан да көп Тараптың сұрауы бойынша қорытынды жасау және осы Келісімді одан әрі орындау жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу үшін жиналады.

  15-бап

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын жеке хаттамалармен ресімделетін және осы Келісімнің 22-бабына сәйкес күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

  16-бап

      Осы Келісімді қолдану немесе талқылау жөнінде Тараптар арасында туындайтын даулар Тараптар арасындағы келіссөздер мен консультациялар жолымен шешіледі.

  17-бап

      Осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастықты жүзеге асыру кезінде Тараптар жұмыс тілі ретінде орыс және қытай тілдерін қолданады.

  18-бап

      Осы Келісім ШЫҰ Хартиясының 13-бабына сәйкес ШЫҰ мүшелігіне кірген кез келген мемлекеттің қосылуы үшін ашық.
      Қосылушы мемлекет үшін осы Келісім қосылу туралы құжат депозитарийге сақтауға берілген күнінен бастап отызыншы күні күшіне енеді.

  19-бап

      Осы Келісім олар қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттерін қозғамайды.

  20-бап

      Осы Келісімнің қолданылу мерзімі тоқтаған жағдайда оның ережелері іске асыру кезеңіндегі жобалар мен бағдарламаларға қатысты күшінде қалады.

  21-бап

      Шанхай ынтымақтастық ұйымының Хатшылығы осы Келісімнің депозитариі болып табылады, ол осы Келісімге қол қойылған күннен бастап 30 күн ішінде Тараптарға оның расталған көшірмелерін жібереді.

  22-бап

      Осы Келісім белгісіз мерзімге жасалады және Депозитарий әрбір Тараптың осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алған күнінен бастап күшіне енеді.
      Әрбір Тарап болжамды шығу күніне дейін кемінде үш ай бұрын депозитарийге бұл   туралы жазбаша хабарлама жібере отырып, осы Келісімнен шыға алады. Депозитарий шығу туралы хабарлама алған күннен бастап 30 күн ішінде осы ниет туралы басқа Тараптарды хабардар етеді.

      2006 жылы "__" "___________" Шанхай қаласында орыс және қытай тілдерінде, бір данада жасалды, әрі екі мәтіннің күші бірдей.

Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін
 
Қытай Халық Республикасының Үкіметі үшін
 
Қырғызстан Республикасының Үкіметі үшін
 
Ресей Федерациясының Үкіметі үшін
 
Тәжікстан Республикасының Үкіметі үшін
 
Өзбекстан Республикасының Үкіметі үшін

       (РҚАО-ның ескертуі. Осы Келісімнің қытай тіліндегі мәтінін қағаз нұсқасынан қараңыз).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады